Қазақстандағы үстемдік пен бағыныштылық жүйесі

"Астана ЭКСПО-2017" көрмесіне дайындық бойынша президент пен бизнесмендердің кездесуі. Астана, 3 шілде 2014 жыл

Қазақстан саясатында қалыптасқан ойын ережесі бойынша, бизнес биліктің бұйрығын орындайтын бағынышты рөл атқарады. Мүның себептері неде?

БИЛІКТІҢ ТАПСЫРҒАНЫН БИЗНЕС ҚҰПТАДЫ

Қазақстанның оңтүстік облысындағы жаңа облыс орталығы – Түркістанның іскерлік және әкімшілік бөлігін салуды билік ірі бизнеске "тапсырды".

Осы айдың басында президент Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлердің өздеріне қолдау жасаған мемлекетті дамытуға үлес қосуы керектігін айтып, олардың әрқайсына Түркістанда "бір-бір нысаннан салуды" тапсырды.

ENRC тау-кен металлургиялық алыбының негізін қалаушылардың бірі, Бельгияда тұратын миллиардер Патох Шодиевке музей салу міндетін жүктеді; мұнай және сауда кәсіпорындардың қожайыны Данияр Әбілғазин су спорттық кешенін тұрғызуы керек; "Базис-А" құрылыс компаниясының басшысы Александр Белович – театр салады; тағы бір құрылыс компаниясы BI Group басшысы Айдын Рақымбаев – қазақ хандары, билері мен батырларына арналған орталық ашады, Astana Motors иегері Нұрлан Смағұлов – автосалон ашуы керек.

Ұлттық компаниялар да "тапсырма" алды. Олар стадион, Жастар сарайы мен басқа да нысандарды салуы керек.

Бизнес өкілдері көпшілік алдында қарсылық танытпады. Ресми агенттіктердің мәлімдеуінше, Түркістан облысының басшыларымен кездескен кәсіпкерлер нысандарды салуға әзір екенін айтқан. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін қанша ақша кететіні, қаржының қайдан алынатыны туралы дерек жоқ. Құрылыс ақтала ма, жоқ па - ол жағы да белгісіз.

Түркістан қаласындағы көшелердің бірі. 2 маусым 2018 жыл

Биліктің тапсырғанын бизнес құптап отыр. Қазақстанда қарым-қатынастың мұндай түрі ірі бизнесмендер мен жоғарғы билік арасында ғана қалыптаспаған тәрізді. Аймақта да жергілікті билік демеушілік жасау үшін орта бизнеске жүгінеді. Бюджет қаржыландырмайтын түрлі мәдени-бұқаралық шараны өткізер кезде бизнесмендерден көмек сұрайды.

ҚЫСПАҚҚА АЛЫП, МӘЖБҮРЛЕУ

2000 жылдардың басында Назарбаев топ-бизнесмендерге "Мен сендерге қамқорлық көрсеттім... Енді менің саясатымды қолдайсыңдар деп сенемін..." деген болатын. Сол кездері кәсіпкерлермен болған бір жиналыста президент отырғандардың кез келгенін қолынан жетектеп, сотқа апара алатынын айтқан еді. Сонда кәсіпкерлердің ешқайсысы үндеген жоқ.

- Залда отырғандар арасында "Кешіріңіз, президент мырза, бұл сөздің маған қатысы жоқ. Мен бизнесімді адал жолмен дамыттым, өз еңбегіммен таптым" дейтін ешкім табылмаған. Тәуелсіз мемлекеттің дамуы даму тұрғысынан алғанда бұл көңілді тұнжырататын негатив жағдай, - дейді бұрын зейнетақы жинақтау қоры қауымдастығын басқарған қаржы сарапшысы Айдар Әлібаев.

Айдар Әлібаев

2017 жылы Назарбаев үкіметтен бизнесмендерді "қыспаққа алып, ақшаларын шетелге шығармай, елде ұстауға мәжбүрлейтін" заң әзірлеуді сұрағанда да ешкім ештеңе жоқ.

2015 жылы президент капитал мен дүние-мүлікті заңдастыруға қатысуға шақырған кезде де кәсіпкерлер үнсіз қалды. Ол кезде президент "Мемлекет баюына мүмкіндік берген адамдарды саусақпен шұқып тұрып көрсете аламын, олардың қалай байығанын білемін. Қазақстандағы кез келген дәулетті адамды танимын!" деп мәлімдеді.

Кейде бизнес өкілдері "ләппай, тақсыр" деп биліктің айтқандарын орындауға дайын екенін көпшілік алдында да көрсетіп отырады. EXPO-ның (2016 жылы Астанада өтті) құрылыс нысандарын салуға қатысқан бизнесмен Нұрлан Смағұлов көрмеге дайындық кеңесінде жаңа сауда орталығын "Нұр-Плаза" деп атауды ұсынды. Қазақстан президентінің атындағы бірінші буында кездесетін "нұр" сөзі қоғамдық-саяси ұйымдар, әлеуметтік бағдарламалар мен бизнес-нысандар атауында жиі қолданылады.

Сол кезде президент одан "Осылай жағынуды қайдан үйрендің?" деп сұрады. Залдағылар күлді, Смағұлов болса "Өмір үйретті" деп жауап берді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ «Өмір үйреткен» жағымпаздық

Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының бас директоры Толғанай Үмбетәлиеваның пайымдауынша, Қазақстанда қалыптасқан ойын жүйесінің ережесі бизнеске бағынышты рөлін берген.

- Бизнес-элитаның мойын сұнып, бағынудан басқа амалы жоқ, себебі "жазалау немесе рақымшылық жасау" президенттің қолында. Сондықтан ең дұрысы – үнсіз қалу, - дейді Толғанай Үмбетәлиева.

Толғанай Үмбеталиева

Президенттің кәсіпкерлермен сөйлескенде даусын көтеріп, бұйрық бере сөйлеуі – саяси ойынның бір элементі және бизнес қана емес, айналасына да өз күшін көрсету.

CRONY CAPITALISM

Айдар Әлібаевтың айтуынша, "саяси жүйесі экономикасын басып тастаған" елде экономикалық даму мен бизнестің гүлденуі мүмкін емес. "Қазір елдегі бизнесті түрлі салықтар мен бақылаушы органдар, қымбатшылық пен жоғары несие мөлшерлемесі жан-жағынан қыспаққа алып отыр" дейді.

— Тіпті шағын және орта бизнес жойылып бара жатыр. Қызмет көрсету нарығы ақсап тұр. Шаштараздар, клубтар мен салондар, шағын дүкендер әзер тіршілік етіп жатыр. Өңдеу кәсіпорындары мүлдем жоқ. Шикізат өндіру және мұнай-газ секторы мемлекеттік монополия мен квазимемлекеттік сектордың және билікке жақын ірі бизнес иелерінің қолында. Сондықтан да Еуропадағыдай бизнес мемлекеттің тірегі және дамудың қозғаушы күші деуге келмейді, - дейді Айдар Алибаев.

Батыс Қазақстан облысының орта деңгейлі кәсіпкері Барлық Меңдіғазиев жергілікті билікпен текетірестен соң мұнай-сервис кәсіпорнын қызметкерлеріне беріп, аты көпке жайылды. Оның пікірінше, Қазақстанда өз бетімен өмір сүріп жатқан ірі бизнес жоқ.

– Шағын және орта бизнеспен айналысатын азаматтар бәрібір жергілікті деңгейдегі шенеуніктердің ықпалында болады. Ірі бизнесті толықтай олигархтар басқарады. Ондайларды мен мемлекеттік кәсіпкерлер деп атаймын. Ондай "үлкен бизнесті" кез келген аспаз жүргізе алады, - дейді Меңдіғазиев.

Барлық Меңдіғазиев

Бизнесмен Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары кәсіпкерлердің жоспары көп, үміті зор болғанын, бірақ кейін "біреулердің қамалып, біреулердің атылып, енді біреулердің елден кеткенін" айтады. Осылайша, жылдар бойы елде "клептократиялық жүйе" қалыптасты дейді.

Колумбия университетінің зерттеушісі, америкалық сарапшы Александр Кули мен ұлыбританиялық Эксетер университетінің профессоры Джон Хезершоу 2017 жылы бірлесіп жазған "Шекарасыз диктаторлар. Орталық Азиядағы билік пен ақша" (Dictators without borders, Power and money in Central Asia) атты еңбектерінде аймақтағы crony capitalism – тамыр-таныстық, туыстық капитализмнің қалыптасуы авторитарлық үрдістің күшеюімен тұспа-түс келді дейді.

Қазақстанда бұл мұнай мен газдың мол қорын өндіру және қолайлы баға конъюнктурасы тудырған экономикалық өсіммен байланысты болды. "Мол кен байлық" баюға мүмкіндік берді, оны әсіресе элита барынша пайдаланды. "Режимге қарсы шығып, қаржылық қылмысы үшін айыпталмағандар байлыққа белшесінен батты" дейді зерттеушілер.

Нұрсұлтан Назарбаев ара-тұра ауқатты бизнесмендерге мемлекеттің оларға баюына мүмкіндік бергенін айтып, Қазақстанға қаржы салуын талап етеді.

Алайда түрлі дерек бойынша, соңғы он жылда елден кеткен капитал көлемі ондаған миллиард долларға жеткен. 2015 жылы Ұлттық банк 10 жылдың ішінде Қазақстаннан 100 миллард доллар "кеткенін" мәлімдеді. Бұл деректі 2016 жылы бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко да растаған.