Қытай инвестициясы: жұрт үрейі һәм билік мүддесі

Қытайдың Қазақстандағы жобаларына қарсылық білдіріп жиналған адамдар. Нұр-Сұлтан. 4 қыркүйек, 2019 жыл.

Қыркүйектің басында Жаңаөзенде "Қазақстандағы Қытай жобаларына" қарсы наразылық шарасы өтті. Кейін елдің бірнеше қаласында да жаңаөзендіктерді қолдап "Қытайдың 55 зауытына қарсы" акция болды. Қазақстанда Қытайға қарсы наразылық неден тұтанды? Жұрттың алаңдауында негіз бар ма? Азаттық тілшісі сарапшылардан жұрт қарсы болған Қытай инвестициясының Қазақстан экономикасындағы орны жайлы пікір сұрады.

Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылардың бірі «Қытай инвестициясынан аса қауіп жоқ» десе, енді бірі "билік ашық саясат жүргізбегендіктен, халық Қытаймен қарым-қатынасқа карсы шықты" дейді.

Петр Своик

Петр Своик, экономист, техникалық ғылымдарының кандидаты

Қазақстан үшін шетелдік инвестицияның шешуші рөл атқарады. Экономикадағы барлық инвестиция көлемінің басым бөлігі шетелден. Елге инвестиция жетпейді. Жалпы ішкі өнімге шаққанда инвестицияның үлесі шамамен 17 пайызды қүрайды. Ол 25-30 пайыз болуы тиіс. Қазақстанда, Еуропа елдерімен салыстырғанда, Қытай инвестициясы аз. Иә, Қытай инвестициясы жылдам көбейіп келеді. Әр жыл сайын шамамен үш есеге өсіп жатыр. Бірақ көлемі жағынан аса үлкен емес. Қазақстан-Қытай қатынасының нәтижесі де бар. Мәселен, соңғы жылдары Алматыдан Таразға немесе Шымкентке көлікпен барсаңыз, жолдың сапасы жақсарғанын аңғарасыз. Қызылорда мен Ақтөбе арасында бұрын болмаған жол салынды. Қазір Қытай шекарасынан бүкіл Қазақстан арқылы өтетін өте сапалы жол бар. Бұл – Қытайдың инвестициясы емес, кредиті. Дегенмен Қытай ақшасы болмаса, мұндай жол салынбас еді.

Досым Сатпаев

Досым Сәтпаев, саясаттанушы

"Қытайға қарсы көңіл күй" туралы сөз болғанда ең маңызды жайтты атап өткім келеді, Қазақстан – Орталық Азиядағы "Қытайға қарсы көңіл күйі" бұрыннан бар жалғыз мемлекет. Ондай көзқарас жылдар бойы сақталып келген. Соңғы уақыттары Қырғызстанда да сондай көңіл күй байқалады. Ал 2000 жылдардың басында-ақ Қазақстанда осы мазмұндағы мәлімдемелер жиі айтылып, тіпті оппозиция Қытаймен тығыз байланыста болуға қарсылық білдірген. Қытайдың Қазақстан мұнай-газ секторындағы белсенділігіне қатысты да мәселе қанша рет көтерілді. Қытай Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу лагерьлерін ашу арқылы өзі де осындай көңіл күйге себепші болып отыр. Шыңжаңдағы лагерьлерге қазақтардың қамалуы Қазақстандағы қарсылықты күшейтті. Бұған қоса, тарихи жады деген де бар. Қазақтар үшін Қытай ғасырлар бойы серіктес емес қарсылас болғанын естен шығармайық. Мұның барлығына соңғы кездері қауіпті тренд – халықтың билік пен шенеуніктерге деген сенімсіздігін қосыңыз. Халық "билік Қытаймен келісімге келгенде Қазақстанның мүддесін ескермейді" деп қауіптенеді. Сондықтан бұл жобаларға қатысты келісім шарттың мән-жайын, ашып көрсетуді талап етіп жатыр. Себебі біз Тәжікстан мен Қырғызстанның жағдайын көріп отырмыз. Екі мемлекет те Қытайдан ең көп қарыз алған. Соңғы кездері Қытай Тәжікстанда өте қауіпті әдісті қолданып жатыр. "Егер қарызды қайтара алмасаң, кен орындарын бер, я электр станцияларын бер" деп, қарыз орнына активтерді алып жатыр.

Арман Бейсембаев, экономист

Арман Бейсембаев, экономист

Қазақстанда Қытайға қарсы наразылықтың не үшін пайда болғанын түсінбеймін. Инвестиция кімнен келгені қаншалықты маңызды? Ол Қытайдан, Ресейден, я Еуропадан болуы мүмкін. Не үшін Қытайға келгенде шулайтынын түсінбедім. Мемлекет кәсіпорын я зауыт салғысы келсе, өзі ақша жұмсамайды, шетелден инвестиция тартады. Әлемдік парадигма солай қалыптасқан. Сондықтан бізге шетелдік инвестиция қажет. Қазір Қытайдың ақшасы өзгелерге қарағанда көп, өте белсенді және олар Қазақстанда кәсіпорын салуға дайын. Онда тұрған не бар? Менің білуімше, наразылар Қытай экспансиясы туралы айтып жатыр. Жарайды, егер бұл Қытай емес Ресей экспансиясы болса ше? Біздің көңіліміз жай таба ма? Қазір бізде Ресей инвестициясы да жеткілікті. Мәселен, "Альфа банк" – Ресейдікі, "Сбербанк" – ресейлік банктің еншілесі. Инвестициядан тиетін пайда – зауыттар біздің территорияда болады. Ал өндірістің зияны, ондағы қазақстандық жұмысшылардың саны мен оларға жасалынатын жағдай – бұл мемлекеттің бақылауына болатын шаруа. Егер бақылау болмаса, Қытайдың зауытында тек қытайлар ғана жұмыс істейтін болады. Келісім шартқа "штаттағы қызметкерлердің 50 пайызы қазақстандық болу керек" деп жазайық және бұл мәселені қадағалау керек.

ҚЫТАЙ ЖОБАЛАРЫНА НАРАЗЫЛЫҚ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Қыркүйектің 2-сі күні Жаңаөзенде жүзге жуық адам қала әкімдігінің алдына келіп, Қытайдың Қазақстандағы жобаларына қарсылық білдірді. Олар президент Қасым-Жомарт Тоқаевты 11-12 қыркүйекте Пекинге жоспарлаған ресми сапарынан бас тартуға шақырды. Қыркүйектің 3-і күні екі жүзге жуық адам Жаңаөзендегі орталық алаңға жиналып, наразылық акциясын жалғастырды. Олар "Қытай Қазақстанда 55 зауыт салмасын" деген талап қойды. Наразылармен кездескен Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Тұрымов оларды сабырға шақырды. Осы күні Нұр-Сұлтан, Шымкент және Ақтөбеде белсенділер жаңаөзендіктерді қолдап, акция өткізді.

Қазақстандағы Қытай жобаларына қарсы шыққандар. Ақтөбе, 3 қыркүйек 2019 жыл.

4-5 қыркүйекте Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Семей мен Шымкентте жаңаөзендіктерді қолдау акциясы болды. Наразылар Қазақстандағы "Қытай зауыттарының салынуына, Қытай экспансиясына" қарсылық білдірді.

ҚАЗАҚСТАН БИЛІГІ НЕ ДЕЙДІ?

Қыркүйектің 5-і күні Нұр-Сұлтандағы баспасөз мәслихатында Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек "Қытаймен 55 жобаның ішінде 3,9 миллиард долларға бағаланған 15 жоба іске қосылғанын" айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қытаймен қатынаста екі жақтың да мүддесін жақсы білу керек"

"Осы 15 жоба аясында жаңадан ашылған 4 мыңға жуық жұмыс орнына тұрғандардың 95 пайызы – қазақстандық. Олардың көбі жоғары технологиялық кәсіпорындар. Жалпы осы жобалар бойынша біз 20 мыңға дейін жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Тағы да қайталаймын, [Қазақстанға] басқа бір елден ешқандай ескі зауыт әкелінбейді. Қазақстанға Қытайдың ескі 55 зауыты әкелінеді-мыс деп әлеуметтік желіде тарап жатқан сөздің бәрі жалған" деп мәлімдеді вице-премьер.

Осы күні ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мемлекеттік арнаға берген сұхбатында "Менің ойымша, әдейі жасалып жатқан арандатудың куәгері болып отырмыз. Мессенджерлер мен әлеуметтік желіде әдейі өтірік ақпарат таратып жатыр. "Қазақстанға сырттан көп миграция келіп жатыр, Қазақстанның миллиондаған гектар жері сатылыпты" деген ақпараттар тарап кетті. Бұл фейк ақпараттан біреулер пайда көріп отыр. Өкінішке орай, бұл қазақстандықтарға оңай манипулация жасап, ксенофобия, русофобия, американофобияны таратуға болатынын көрсетті" деді.

Ал қыркүйектің 6-сы күні Ұлттық сенім кеңесінің алғашқы жиынында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Қытайдың 55 зауыты салынады" деген ақпаратты "елдің тыныштығын бұзғысы келетіндердің манипулациясы" деп атады.

Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев пен Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов "Қытай Қазақстанға ескі зауыттарын әкеледі" деген ақпаратты жоққа шығарып, 55 жоба бойынша "жоғары технологиялық кәсіпорындар" салу жоспарланып отырғанын хабарлаған.

ҚЫТАЙ ЕЛШІСІНІҢ УӘЖІ

Қыркүйектің 4-і күні Қазақстандағы оқу орындарына қытай тілі оқулықтарын тапсыру шарасы кезінде Қытайдың Нұр-Сұлтандағы елшісі Чжан Сяо Қазақстан президентінің Қытайға сапары қарсаңында "қытай жобаларына қарсылық" шерулерінің тұтануы кездейсоқ емес деген пікір білдірді.

"Олар (шерулер) қазір екі ел дайындалып жатқан маңызды сапар алдында болып отыр. Сондықтан мұндай әрекеттер екіжақты қарым-қатынастағы дәл осы маңызды оқиғаға қарсы бағытталған деп айта аламын. Бұл шерулердің артында жұртты Қытайға және екіжақты қарым-қатынасымыздың дамуына қарсы қойып, жағдайды ушықтырғысы келетін, сондайға итермелейтін күштер тұрғаны жайлы болжам бар" деген Чжан Сяо.

Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында отыр. 22 сәуір 2019 жыл.

Қытай диломаты Қазақстанда қытай компанияларынан басқа шетелдік ірі компаниялардың да жұмыс істеп жатқанын меңзеді.

"Мына бір жайтқа назарыңызды аударғым келеді: ресми ақпарат бойынша, Қытай Қазақстан экономикасына инвестиция салу көрсеткіші бойынша алғашқы үштіктің қатарына да кірмейді. Ендеше "Қытай Қазақстанды жауап алады", "мұнда халқын шоғырландырғысы келеді" деген және басқа тұжырымдарды неге сүйеніп айтқан? Бұл бос сөз" деген елші.

"ҚЫТАЙДЫҢ 55 ЗАУЫТЫ" ТУРАЛЫ СӨЗ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

2019 жылы сәуірде Пекинде өткен "Бір белдеу – бір жол" форумына қатысқан Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Қытайдың Қазақстандағы 55 ірі жобасының 15-і жұмысын бастағанын, 11 нысан биыл пайдалануға берілетінін" айтқан.

Форумнан кейін қытайлық журналистерге берген сұхбатында Назарбаев "Қытай ешкімге шарт қоймайды. Біз секілді өмір сүріңдер деп ешқашан айтпайды. Батыс елдері "сендерге көмектесеміз, сендер біз сияқты болыңдар" дейді. Қытай олай жасамайды. Қытайдың осы саясаты ұнайды" деген.

AzattyqLive: Жаңаөзенде басталған митинг. Қытайға қарсылық неден тұтанды?

Your browser doesn’t support HTML5

Жаңаөзенде басталған митинг. Қытайға қарсылық неден тұтанды?

Елде Қытай-Қазақстан қатынасына қарсылық күшейген тұста Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пекинге ресми сапармен барғалы отыр. 11-12 қыркүйекке жоспарланған сапар барысында Тоқаев пен Қытай басшысы Си Цзиньпин екі ел арасындағы қарым-қатынасты талқылайды деп хабарланды.

Қытай – Қазақстанға ең көп инвестиция құятын - төртінші, ең көп қарыз беретін үшінші ел. Қазақстанға инвестиция салу бойынша алғашқы үштікте Нидерланд, АҚШ пен Швейцария бар.