ДИПЛОМАТТАРДЫҢ ТӨРТІНШІ САПАРЫ
Reuters агенттігінің жазуынша, желтоқсан айынан бері Қытай шетел дипломаттарының кемінде үш тобын шақырып, Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу лагерьлерін" көрсеткен. Қытай билігі оларды "кәсіптік үйрену орталығы" ретінде көрсетуге тырысса, адам құқығын қорғаушылар мен лагерьде болған азаматтар олардың "түрмеге ұқсас" екенін айтады.
Ақпанның 21-і күні агенттік дипломаттардың төртінші сапары келесі аптаға жоспарланғанын жазды.
Қытайдың сыртқы істер министрі өткен сенбіде Женевадағы Пәкістан, Венесуэла, Куба, Египет, Камбоджа, Ресей, Сенегал, Беларусь елдері елшілік өкілдерінің Шыңжаңға сапары осы сейсенбіде аяқталғанын хабарлады.
Елшіліктердегі алты ақпарат көзіне сүйенген Reuters агенттігі төртінші сапарда Шыңжаңға Қытайдағы Сауд Арабиясы, Алжир, Морокко, Ливан, Египет, Сингапур, Вьетнам, Лаос, Мьянма, Камбоджа, Бангладеш, Ресей, Түркіменстан, Грузия, Венгрия, Грекия елдерінің елшілік өкілдері баратынын хабарлады.
Екі ақпарат көзі сапардың келесі аптаға жоспарланғанын айтқан.
Шыңжаңға шақырылған елдердің дипломаттары ресми түрде агенттікке түсініктеме бермеген. Камбоджаның ресми тұлғалары Шыңжаң сапарынан хабарсыз екенін айтқан.
Қытайдың сыртқы істер министрі Reuters-ге жолдаған ресми жауабында елшілердің келетінін растағанмен қосымша детальдарын айтпаған.
"Бұл сапар Шыңжаң туралы олардың түсінігі мен білімін арттыруға көмектеседі деп сенеміз. Шыңжаң ашық [аймақ] және үстірт пікірден аулақ кез келген адам Шыңжаңның дамып жатқанына объективті түрде көз жеткізе алады деп санаймыз" деп жазылған министрлік жауабында.
Желтоқсан айында Шыңжаңға барған дипломаттар арасында Қазақстанның Қытайдағы елшілік өкілі де болған. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Азаттық тілшісіне елшілік өкілінің сұхбат бере алмайтынын айтқан еді. Кейінірек Қытайдың мемлекеттік ақпарат құралдары Қазақстан елшілігі өкілінің сұхбатын жариялаған.
Қарай отырыңыз: "Қытай өз азаматтарының қамын ойлайды" (10 қаңтар 2019 жыл)
ҚЫТАЙ НЕГЕ АЛАҢДАЙДЫ?
Қытайдағы аты-жөндерін атамаған дипломаттардың сөзіне сүйенген Reuters агенттігі Қытай өзге елдердің лагерьлер туралы "теріс пікіріне", әсіресе АҚШ санкциясына көбірек алаңдай бастаған, көптің пікірін "жағымды жаққа қарай өзгертуге" күш салып отыр деп жазды.
"Олар өте алаңдаулы" дейді Қытай шенеуніктерімен Шыңжаң мәселесін талқылаған аты-жөнін атамаған дипломаттардың бірі.
Reuters агенттігі мұсылман мемлекеттерінің Шыңжаңдағы жағдайға байланысты үнсіз қалғанын айта келе "бірақ ақпан айында Түркия Қытай билігін лагерьлерді жабуға шақырды" деп Анкараның жақында жасаған мәлімдемесін еске салады.
"Қытай бірде-бір мұсылман елінің Түркияға қосылып, лагерьлерді сынағанын қаламайды" деген Reuters агенттігіне Пекиндегі дипломаттардың бірі.
Reuters агенттігіне сұхбат берген дипломаттардың барлығы "ақпарат құралдарына сұхбат беруге рұқсаты жоқтығын" айтып, аты-жөнін атамауды өтінген.
Ал Қытайдың сыртқы істер министрі Reuters агенттігіне жолдаған жазбаша жауабында елдің Шыңжаңдағы саясаты аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға зор үлес қосып отыр деп жазған.
"Қытайдың арнайы шараларын көп ислам мемлекеттері түсініп, қолдау білдірді. Терроризм - адамзаттың ортақ жауы" деген Қытайдың сыртқы істер министрі жауапта.
Бұған дейін Қытай бір топ шетел журналистерін Шыңжаңға апарып, ондағы ахуалды таныстырған.
Қарай отырыңыз: Лагерьдегі "бақытты өмір және халал тамақ" (Қаңтар айы, 2019 жыл)
БҰҰ ОТЫРЫСЫ
Дипломаттар сөзіне сүйенген Reuters агенттігі Қытайдың алдағы екі жиын барысында халықаралық қауымдастық тарабынан сынға ұшырамау амалдарын іздестіріп отыр деп жазған.
Олардың біреуі - дүйсенбі, ақпанның 25-і күні Женевада өтетін БҰҰ Адам құқығы кеңесінің отырысы. Ал екіншісі - сәуір айына белгіленген Пекинде өтетін "Бір белдеу - бір жол" саммиті. Соңғысына мұсылман елдерінің өкілдері де шақырылған.
Ақпан айында құқық қорғаушылар Еуропа мен мұсылман елдерін Шыңжаңдағы лагерьлерге байланысты БҰҰ-нан зерттеу жүргізуін өтінуге кеңес берген. Қаңтар айында БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесі шығарған Әмбебап периодикалық шолуда Қытайдың Шыңжаңға қатысты саясатын Швейцария, Германия, Ұлыбритания мен АҚШ көбірек сынаған.
Қытай солтүстігіндегі Ланьчжоу университетінің Орталық Азия бойынша зерттеулер инситутының жетекшісі Йань Чуй Reuters агенттігіне шетелдіктерді Шыңжаңға апарып, көрсету маңызды болғанын, бірақ "оның әсері аса қатты білінбейді" деп айтқан.
"Қытаймен қарым-қатынасы жақсы және сондай мәселелері бар елдердің Қытаймен Шыңжаң мәселесінде ортақ мәмілеге келуі оңай. Ал басқа елдерге мұндай "түсіндірме жұмыстарының" (Шыңжаңға дипломаттар сапары - ред.) пайдасы бола қоймайды. АҚШ пен өзге елдер Шыңжаңдағы мәселеге қатысты Қытайды ұзақ уақыттан бері сынап келеді және "түсіндіру жұмыстары" олардың пікірін өзгерткен жоқ. Бірақ жалпы бұл мүлде істемей қойғаннан гөрі жақсы" деген Йань Чуй.
Қытай лагерьлер пайда болғалы бері яғни, екі жылдан бері аймақта ешқандай террористік шабуыл болмағанын атап өтеді. Өткен аптада мемлекеттік People's Daily басылымы "қызыл тілді фактілер жеңді" деп Түркия сынына қатысты реакция білдірген.
Өткен жылы қараша айында Пекиндегі бір топ батыс дипломаты Шыңжаңдағы жағдайды талқылау үшін Қытай билігімен кездесудің жолын іздеп, коммунистік партия өкілдеріне хат жазған. Бірақ оған жауап болмаған. "Бұл хатқа бірде-бір мұсылман елі қол қоймады" дейді Пекиндегі дипломаттар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шыңжаңдағы қысым елшілерді де алаңдаттыReuters жазуынша, бірақ Түркияның жуырда жасаған Шыңжаңға қатысты мәлімдемесінен кейін өзге де ислам мемлекеттері оған қосылады деген үміт пайда болған. "Алайда Пекиндегі дипломаттар олардың өз елінде адам құқығы мәселесі болғандықтан бұлай бола қоюы неғайбыл деп күмәнданады" деп жазды агенттік.
БҰҰ-ның дерегінше, Қытайдың батысындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде шоғырланған саяси тәрбиелеу лагерьлерінде миллионға дейін мұсылман отыруы мүмкін. Соңғы дерек бойынша, Қытайда қамалған мұсылмандар арасында ұйғыр, татар, қазақ, қырғыз, өзбек бар.
Қытайда тұратын этникалық қазақтардың туыстары бұған дейін Қазақстанның ірі қалаларында баспасөз конференциясын өткізіп, Астана мен Пекиннен көмек сұраған. Кейбір азаматтар Қазақстандағы Германия, АҚШ елшіліктеріне барып, мәселеге араласуын өтінген.
Бұған дейін Қытайдың батысындағы жағдайға байланысты Еуроодақ, Human Rights Watch ұйымы алаңдаушылық білдірген.
(Reuters агенттігінің ақпараты негізінде жазылған).