"Наразылардың сынын естігісі келмейді". Билік белсенділерді неге қамады?

Oyan Qazaqstan қозғалысы өкілдері бірнеше күн бұрын қайтыс болған ақын, диссидент, саяси тұтқын Арон Атабекті еске алу акциясын өткізіп тұр. Алматы, 28 қараша 2021 ж.

Қазақстанда 20 шақты белсенді биылғы тәуелсіздік мерекесін әкімшілік қамауда отырып қарсы алады. Билік оларды "митинг заңын бұзғаны" үшін жазалады. Құқық қорғаушылар мұны өзіне сын айтқанды жақтырмайтын үкіметтің наразылық акциясына жол бермеуді көздеп жасаған тірлігі дейді.

АРОН АТАБЕКТІ ЕСКЕ АЛУ ШАРАСЫНА ҚАТЫСҚАН СОҢ ЖАЗАЛАНДЫ

"Белсенділер экстремист емес" тобының мәліметінше, осы айдың басынан бері елдің бес қаласында билік 18 азаматтық белсендіні әкімшілік жауапқа тартқан. Соның ішінде "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" 14 адам 10-20 күн аралығында әкімшілік қамауға алынған, өзгелеріне айыппұл салынған.

Белсенділердің кейбірі диссидент, ақын, саяси тұтқын Арон Атабекті еске алу шарасына, енді біреулері бірнеше ай бұрын "заңсыз митингіге" қатысқаны үшін жауапқа тартылды.

Белсенділер Сәуле Аймұхаметова (сол жақта) мен Сақып Жаңабаева осыдан бірнеше күн бұрын бақилық болған диссидент, ақын, саяси тұтқын Арон Атабекті еске алу акциясында тұр. Алматы, 28 қараша 2021 ж.

28 қарашада Алматыдағы Абай ескерткіші алдында Арон Атабекті еске алу акциясына қатысқан алматылық белсенді Сәуле Аймұхаметова 8 желтоқсанда 15 күнге әкімшілік қамауға алынды.

Сот белсендіні "заңсыз пикетке қатысқаны" үшін айыпты деп таныды. 51 жастағы Сәуле Аймұхаметова шарада сөз сөйлемеген, тек марқұм диссиденттің фотосуретін ұстап тұрған.

Арон Атабекті еске алу акциясы. Алматы, 28 қараша 2021 ж.

Your browser doesn’t support HTML5

"Түрмеде азап көрген, нақақ құрбан..."

Ал Алматы облысында тұратын белсенді Асылбек Қараевты Арон Атабектің жаназа асында сөйлеген сөзі үшін жазалады. 26 қарашада Алматыда мейрамханада өткен аста Қараев:

– Қылмыстық билік осы Арон Атабектің түбіне жеткен болса, олардың істерін не деп сипаттаймыз? Қылмыс па? Қылмыс! Қылмыс болса неғып отырмыз? – деп, жұртшылыққа 16 желтоқсанда боздақтарды бірге еске алуды ұсынған.

– "Мен – Аронмын!" деп алаңға шығатын кез келді бауырлар! "Қылмыстық билік кетсін!" деген талапты тігінен қоямыз. Осы жерде қоғам белсенділері, партиялар, ұйымдар, жеке тұлғалар, үлкен кісілер отыр ма? Барлығын Арон Атабектың қазасы басын бір дастарханның басына біріктірді ме? Енді алаңда бірігетін уақыт келді. Диктаторлық режим кетсін! – деген белсенді.

Азаматтық белсенді Асылбек Қараев саяси тұтқын, диссидент, ақын Арон Атабектің жаназа асында сөйлеп тұр. Алматы, 26 қараша 2021 ж.

5 желтоқсанда Алматы әкімшілік соты Асылбек Қараевты "заңсыз митингіге шақырғаны" үшін айыпты деп танып, 15 күнге әкімшілік қамауға шешім шығарды. Белсенді сотта өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді.

2006 жылы болған Шаңырақ оқиғасына байланысты 18 жылға сотталып, оның 15 жылдан астам уақытын түрмеде өткізген 68 жастағы Атабекті билік 1 қазанда қамаудан босатқан. Өзіне тағылған айыпты мойындамаған диссидент ақын өзін толық ақтауды және көп жыл бойы жапа шеккені үшін өтемақы төлеуді үкіметтен талап етті. Түрмеден құр сүлдері шыққан саяси тұтқын 24 қарашада Алматыда ауруханада қайтыс болды.

Құқық қорғаушылардың есебінше, биыл жиырма шақты белсенді биылғы Тәуелсіздік мерекесін абақтыда қарсы алады.

  • 5 желтоқсанда Алматыда белсенді Айдар Мүбәраков 27 қарашадағы наразылыққа қатысқаны үшін "бейбіт митинг өткізу заңын бұзды" деген айыппен 15 күнге қамалды. Оның изоляторда аштық жариялағаны хабарланды.
  • 7 желтоқсанда Алматы әкімшілік соты белсенді Ерлан Файзуллаевты да 15 күнге қамады. Ол да 27 қарашада наразылыққа шыққаны үшін жазаланды. Құқық қорғаушылардың хабарлауынша, Файзуллаев та қамауда қарсылық ретінде аштық жариялаған.
  • 10 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда белсенді Болатбек Біләлов та "бейбіт митинг өткізу заңын бұзды" деп 15 күнге қамалды.
  • 13 желтоқсанда Нұр-Сұлтанның әкімшілік соты белсенді Сәуле Сейдахметованы да "заңсыз митингіге қатысты" деген айыппен 10 тәулікке қамады. Краншылар мәселесін көтеріп жүрген 55 жастағы Сейдахметова шілде айында өткен шараға қатысқаны үшін жазаланды. Ол кейінгі бір жылда осымен үшінші рет 10 күнге абақтыға жабылды.

16 желтоқсан қарсаңында белсенділер қамалып жатыр

Your browser doesn’t support HTML5

16 желтоқсан қарсаңында белсенділер қамалып жатыр

Құқық қорғаушылар биліктің белсенділерді Қазақстанның жаңа тарихындағы ерекше күн – 16 желтоқсанның қарсаңында түрлі желеумен қамауға алып, оқшаулағанына назар аударады.

  • 10 жыл бұрын: 2011 жылғы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында бірнеше ай бойы еңбек шартын жақсартуды талап етіп, бейбіт наразылық акциясында тұрған мұнайшыларға полиция оқ атқан. Ресми мәлімет бойынша, Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғалар салдарынан 17 адам қаза тапқан. Құқық қорғаушылар опат болғандар саны бұдан көп, бейбіт адамдарға оқ атуға бұйрық бергендер жауапқа тартылмады дейді.
  • 30 жыл бұрын: 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан бұрынғы одақтас республикалардың ішінде ең соңы болып тәуелсіздігін жариялаған. Кейін бұл күн ұлттық мейрам – Қазақстан тәуелсіздігі күні болып белгіленді.
  • 35 жыл бұрын: 1986 жылғы 16 желтоқсанда Совет одағы компартиясы орталық комитеті Қазақстанға жаңа басшы тағайындады. Бұл "қайта құру" және "жариялылық" ұранын көтерген СССР-дегі алғашқы жаппай наразылық акцияларының біріне түрткі болды. Алматының орталық алаңына жиналған қазақ жастары Мәскеудің шешіміне келіспейтінін мәлімдеп, республика халқының пікірін ескеруді талап етті. Совет билігі бейбіт наразылық шеруіне шыққандарға күш қолданып, қатыгездікпен басып-жаншыды.

Алматы мен тағы бірнеше қалада азаматтық белсенділер биыл 16 желтоқсанды арнайы шара өткізуді жоспарлаған еді. Qaharman құқық қорғау тобының хабарлауынша, жергілікті билік орындары азаматтық белсенділердің 2021 жылғы 16 желтоқсанда бейбіт жиын өткізуіне келісім беруден бес рет бас тартқан (2 рет Алматыда – мұнда карантинді алға тартқан, үш рет Оралда – әкімдік басқа шара өтетінін хабарлаған).

Митинг кезінде ұсталған азаматтарды отырғызатын полиция көлігі. Алматы, 22 ақпан 2020 ж. Көрнекі сурет.

Былтыр "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылдаған Қазақстанда жергілікті билік келісім бермеген көпшілік шара заңсыз деп танылып, оған қатысқандар мен ұйымдастырушылар әкімшілік жауапқа тартылады.

Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған, ал Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының шетелде тұратын лидері Мұхтар Әблязов 16 желтоқсанда жұртты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Қазақстан қауіпсіздік кеңесін басқаратын елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен үкіметтің отставкаға кетуін, елдегі барлық саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, жаппай қарсылық акциясына шығуға үндеген.

"Қазақстанның демократиялық партиясын" құрғысы келетін бастамашыл топ жетекшісі Жанболат Мамай Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы құрбандары ескерткіші алдына боздақтарды еске алуға баратынын хабарлаған.

"МИТИНГ – ДИАЛОГТЫҢ БІР ТҮРІ"

Асылбек Қараевты сотта қорғаған адвокат Ғалым Нұрпейісов апелляцияға шағым берген. Бірақ оның нәтижесі қазірден белгілі ғой дейді кейінгі үш жылда азаматтық белсенділерді сотта қорғап жүрген заңгер.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов. Алматы, 10 маусым 2021 ж.

– Билік азаматтарды қоғамнан оқшаулап, қамау секілді превентивті жаза қолдану арқылы өзін күшті етіп көрсеткісі келгенімен, іс жүзінде керісінше, әлсіздігін көрсетті деп санаймын. Бұл президент Тоқаевтың "еститін мемлекет" ұстанымына қайшы, [мемлекет] мүлде естімейді. Дәл қазір өзгеше ойлайтындарды басып-жаншып отыр. Кез-келген митинг – диалогтың бір түрі. Бірақ соны билік әлі түсіне алмай келеді. Кез-келген адам басына күн түскендіктен, амалсыз жария түрде наразылық білдіреді, – дейді адвокат.

Нұрпейісов азаматтарды абақтыға тыққаннан проблема шешілмейтінін, керісінше ұлғая беретінін айтады. Адвокаттың сөзінше, жыл басында әкімшілік заңға енгізілген өзгеріс биліктің белсенділерді қамауына мүмкіндігін кеңейткен.

– Биылғы жылдың басына дейін әкімшілік кодексте азаматтарды жауапкершілікке тарту мерзімі 2 ай деп нақты көрсетілген еді. Жыл басында енген өзгерістерге сәйкес, енді [әкімшілік құқық бұзғаннан кейін] бір жылға дейін мерзім ішінде жауапқа тартуға болады. Бұл өзгеріс қоғамдық қауіпсіздікке қатысты барлық баптарға қатысты, соның ішінде жауыр болған 488-бап (митинг өткізу тәртібін бұзу) та бар. Яғни күш құрылымдары әлеуметтік желіні ақтарып отырып я өтіп кеткен бір оқиғаны еске түсіріп, әкімшілік іс қозғай алады, – дейді адвокат.

Наразылық акциясы өтіп жатқан жерде тұрған полиция жасағы. Алматы, 6 шілде 2021 ж.

Нұрпейісов сот қамауға алған азаматтық белсенділердің барлығының ісінде заң бұзу фактісі жоқтың қасы дейді.

– Адамның өз пікірін, ұстанымы мен көзқарасын айтуға хақы бар. Ол үшін оны соттауға, айыптауға болмайды. Ал қоғамдық тәртіпті бұзу, өзгелерге қауіп-қатер төндіретін бұзақылық секілді заңға қайшы іс-әрекет жасағандарды жауапқа тарту керек, - дейді заңгер Нұрпейісов.

"БИЛІК НАРАЗЫЛАРДЫҢ СЫН СӨЗІН ЕСТІГІСІ КЕЛМЕЙДІ"

"Ар.Рух.Хақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 15 желтоқсанда Азаттық тілшісіне елде кейінгі бірнеше аптада қамауға алынғандар саны 17-ге жеткенін, алдағы күндері ұсталғандар мен қамалғандар саны тағы артауы мүмкін екенін айтты.

Қазақстанда билік орындары бейбіт жиын өткізуге еш себепсіз рұқсат бермей, азаматтарды заңсыз шеруге шығуға өзі мәжбүрлеп отыр дейді құқық қорғаушы.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина. Алматы, 31 қазан 2020 ж.

– Биліктің өзіне наразылардың сынын естігісі, елегісі келмейтіні жылдан жылға жалғасып отыр. Сондықтан "мереке шырқын бұзбасын" деген желеумен адамдарды күнібұрын ұстап, қамауды әдетке айналдырған. Мұнысы адамның ой-пікірін білдіру еркіндігін өрескел бұзуға жатады. Тіпті митинг те емес, адамдар жай ғана гүл қойғысы келеді, олар еркін жүріп-тұру, ой-пікірін айту бостандығы бұзылып, дискриминацияға тап болады. Өйткені ертең әкімдікті қолпаштайтын топ та келеді, оларға барлық жағдай жасалады, тіпті жанында күзеті бірге жүреді. Ал өз ой-пікірін білдіріп, бұл күнді тәуелсіздік күні емес, еске алу күні ретінде атап өткісі келетіндерге түрлі кедергі жасалып, ұстап, қамап, аузын жабуға тырысады, – дейді Бақытжан Төреғожина.

Полиция қызметкерлері митинг өтіп жатқан жерде ұстаған адамды көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 28 ақпан 2021 ж.

Құқық қорғаушы қоғам өз дегеніне жетудің бейбіт жолы таусылғанда өзге жол іздеуге мәжбүр екенін айтады.

– "Эволюция жолымен жүру мүмкін болмаса, орнына революция келеді" деген сөз бар. Сондықтан әлі де кеш болмай тұрғанда билік ойлануы керек, – дейді Төреғожина.

Еуропарламент биыл ақпанда қабылдаған "Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі" қарарында Қазақстанда азаматтардың еркін жиналып, өз пікірін бейбіт түрде білдіруіне мүмкіндік берілмейтінін сынаған. "Қазақстан билігі үкіметтің саясатын сынайтын бейбіт наразылықтарды үнемі басып тастайды" делінген қарарда.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 16 қарашада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында "Демократия деген желеумен қоғамға іріткі салатын әрекетке жол берілмейді. Мұны естен шығармаған жөн. "Плюрализмге ашық, радикализмнен қашық болуымыз керек". Біздің саясатымыздың басты ұстанымы – осы" деп мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Құрғақ уәде емес, нақты іс керек". Еуропарламентте Қазақстанды тағы да сынады"Назарбаевты сынағанды сотқа сүйрейді". Билікті қорғайтын қоғамдық қордың белсенділерді қудалауы"Тұңғыш президенттің саясатын сынаған". "Экстремистік" баппен сотқа тартылған белсендіге тағылған айып"Бір кірпіш" жобасы құқығы тапталғандарға БҰҰ-ға шағымдануға көмектеспекБиліктің "ұртоқпағына" айналған 405-бап