"Екі түп алма ағашын да табысқа қосты". Қазақстандағы атаулы әлеуметтік көмек алудың машақаты

Мақаладағы көпбалалы кейіпкерлердің бірінің отбасында.

Қазақстанда мемлекеттен көмек алатын адамдар – "жатыпішер" деген пікір қалыптасқан. Human Rights Watch ұйымы сарапшылары әлеуметтік қорғау жүйесіне мемлекет жауапты, үкімет өз міндетін дұрыс атқарып отырған жоқ деп есептейді. Құқық қорғау ұйымы Қазақстандағы жағдай туралы көлемді есеп жариялады. Халықаралық кедейлікке қарсы күрес күні Азаттық Human Rights Watch зерттеуін талдап, атаулы әлеуметтік көмек алатын немесе мемлекеттік жәрдемақыға қол жеткізе алмай жүрген әйелдердің хикаясын жариялап отыр.

2019 жылы Астананың іргесінде болған өрттен бір үйдің бес қызы бірдей қаза тапқаннан кейін елде жаппай наразылық басталды. Үкіметке қарсылық шарасының негізгі қозғаушы күші көпбалалы, жалғызбасты әйелдер мен мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар болды. Наразы әйелдер мемлекеттен азаматтардың әл-ауқатын көтеруді талап етті.

Одан бері үш жыл өтті. Халықаралық Human Rights Watch ұйымы Қазақстандағы әлжуаз топтар өзінің базалық әлеуметтік және экономикалық құқықтарын қамтамасыз ете алмай отыр деген қорытындыға келген.

Қазақстан "жеткілікті бай мемлекет" ретінде мұқтаж азаматтардың бәрін әлеуметтік қорғау шараларымен қамтамасыз етуге қауқарлы. Іс жүзінде халық стигма мен бюрократиялық кедергілерге тап болып, шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдар назардан тыс қалады.

Ұйым дерегінше, Қазақстанда мемлекет қолдауына мұқтаж топтарға қатаң талаптар қойылған. Бұл азаматтарға мемлекеттен тиісті қолдау көрсетуге мүмкіндік бермейді. Мәселен, мұндай көмек түрінен қағылған адамдар автоматты түрде аз қамтылған отбасы санатынан шығып, басқа жәрдемақы алу құқығынан айырылады.

Барлық кедергіні жеңіп, жәрдемақыға ілінген азаматтардың өзі мемлекеттен түсетін қаржыны күнкөріске жеткізе алмайды.

"АРТЫҚ 2500 ТЕҢГЕ"

Жансәуле Жарқынбек, 26 жаста, Түркістан облысы

Жансәуле университетке түскеннен кейін екі айдан соң тұрмысқа шыққан. Оны алғашқы кездесуде-ақ танымайтын жігіт алып қашқан. Бойжеткен тағдырына мойынсұнып, бір-ақ рет көрген адаммен отау құрған. Бірақ Жансәуле бұл шешіміне өкінбейтінін, күйеуі жақсы адам болғанын айтады. Тұрмысқа шыққаннан кейін үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысқан келіншек оқуын жалғастыра алмаған. Жыл басында күйеуі аттан құлап қаза болғанда Жансәуле үш баласымен жалғыз қалған. Асыраушысынан айырылған келіншек жан бағу үшін мектепке еден жуушы болып жұмысқа тұрған.

Жансәуле Жарқынбек.

Қазір Жансәуле Қайнарбұлақ ауылында жалға алған үйде тұрады. Мектептегі жұмысынан 61 мың теңге жалақы, балаларына асыраушысынан айырылғаны үшін 69 мың теңге жәрдемақы алады. Үш балалы отбасы айына 130 мың теңгеге күнелтеді. Оның отыз мың теңгесін – үйге, он мың теңгесін балабақшаға төлейді. Одан бөлек, коммуналдық төлем, азық-түлік пен киім-кешекке жұмсайды.

– Ай сайын дүкенге жиырма-отыз мың теңге қарыз болып қаламыз. Ет көп жемейміз. Негізінен ұн, май, макарон, картоп, пияз сияқты аса қажет деген өнімдерді ғана аламын. Соның өзіне ақша жетпейді. Бәрі қымбат қой. Бұрын нан 100 теңге еді, қазір ол да 150 теңге болып кетті. Ай сайын ақшамды күтіп отырамын да, қарызыма таратамын. Арасында жаны ашыған адамдар, қайырымдылық қорлары азық-түлік әкеліп тұрады, – дейді ол.

Үйдің іші суық. Жансәуле қысқа отын-көмір түсіре алмаған. Жер салқын болғандықтан, анасы үш баласын қойнына алып, бәрі бір төсектің үстінде ұйықтайды.

– Қоқыс теріп жағып көріп едім, үйдің іші жылымады. Суықтан балаларым жөтеліп жүр, кенже қызымның көзі қызарып, қабынып кетті.

Жансәуле суық үйде үш баласын қойнына алып, осы кереуетте ұйықтайды.

Балаларға ақпан айынан бері арнаулы әлеуметтік көмек төленген. Мұндай жәрдемақы алатын отбасы үш ай сайын табысы күнкөріс шегінен төмен екенін растап отыруы керек. Жансәуле мектепке жұмысқа тұрған соң, жалақысы мен асыраушысынан айырылғаны үшін берілетін жәрдемақы көлемі (121 мың теңге) жан басына шаққанда мемлекет белгілеген мөлшерден асып кетіп, балалар мемлекеттік көмектен қағылған. Қазір атаулы әлеуметтік көмекке құжат қабылдау жүріп жатыр, бірақ Жансәуле бұл жолы да жәрдемақы алатынына сенбейді.

– Одан бері балалардың ақшасына тоғыз мың теңге қосылды. 121 мың теңгені көпсінгенде, 130 мың теңгемен атаулы әлеуметтік көмектен мүлде үміт жоқ шығар. Жалпы табыс отбасындағы әр адамға шаққанда, 28-30 мың теңгеден аспауы керек екен. Бізде 32500 теңгеден шығып тұр. 2500 теңге артық болғаны үшін АӘК ала алмай отырмыз.

Жансәуле Жарқынбек қызымен бірге дастархан басында отыр.

Жансәуле күніне 11 сағат жұмыс істейді, сенбі-жексенбіде ғана демалады. Демалыс күндері қосымша жұмысқа шығайын десе, балаларын жалғыз қалдыруға қорқады.

– Түсте келіп, балалардың тамағын беріп кетемін. Оқуымды жалғастырғым келеді. Дипломым болса, еден жуып жүрмес едім. Мұғалімдердің жалақысы жақсырақ қой.

Қазақстандағы атаулы әлеуметтік көмек

HRW есебінде көрсетілген ресми дерек бойынша, атаулы әлеуметтік көмек көлемі мен ондай жәрдем түрін алатын азаматтар саны жыл сайын құбылып отырады. Бұған жәрдемақыға лайықты топтарды анықтайтын критерийлердің жиі өзгеруі себеп.

  • 2018 жылы 600 мың адамға айына 4834 теңгеден көмек берілген.
  • 2019 жылғы жаппай наразылықтардан кейін атаулы әлеуметтік көмек алушы саны екі миллионнан асып, жәрдемақы көлемі 12188 теңгеге дейін өскен.
  • Кейінгі екі жылда АӘК беру талаптары қатаңдап, бұл көрсеткіш екі есе қысқарды. Қазір елде миллионға жуық адам атаулы әлеуметтік көмек алады. Оның көлемі айына 6500 теңгені құрайды.

"БАҒА ДА, БАЛАЛАР ДА ЖЫЛДАМ ӨСІП ЖАТЫР"

Надежда Амирова, 29 жаста, Ақтөбе қаласы

Алты баланың анасы Надежда Амирова Ақтөбенің "Угольник" деген бейресми атауы бар кедей ауданында үй жалдап тұрады.

11 жастағы Максим мектептен келген бойда бірден тоңазытқышты ашты. Жүрекжалғар ештеңе таба алмаған соң, қайта жапты. Максим мектеп киімін шешіп, тоңазытқышты тағы ашқанда Надежда шыдай алмай, "Сен оны қайта-қайта аша бергеннен ішінде бірдеңе пайда болады деймісің" деп ұрысты.

29 жастағы Надежда Амирова төрт баласымен бірге осы үйде тұрып жатыр. Ақтөбе, 11 қазан 2022 жыл.

Надежда тұңғышын 16 жасында босанған. Ол күйеуі Владиславтың "ақымақтық жасап, түрмеге түскені болмаса", қажет кезде сантехник те, слесарь де бола алатын, шаруаға икемді жігіт екенін айтады. Владислав 2020 жылдың жазында ұрлық жасап, үш жарым жылға сотталып кеткен. Содан бері Надежда үлкені – 13 жасар, кішісі – 8 айлық алты баласын жалғыз өзі асырап келеді.

Балалардың үлкені Диана мен Максим мектепте оқиды. Қалған төрт бала үйде отырады. Оларды балабақшаға беруге анасының жағдайы жетпейді.

– "Күніңді әзер көріп жүріп неге бала таба бересің?" дейтіндер бар. Ондайларға ешқашан ренжіген емеспін. Иә, мен көпбалалы әйелмін. Бірақ қол қусырып қарап отырған кезім жоқ. Подьезд жуу, біреудің үйін тазалау керек болса, одан қысылмаймын да, қашпаймын да. Бәрі балаларым үшін, – дейді ол.

Надежда ай сайын мемлекеттен бала күтіміне байланысты 28302 теңге алады. Одан бөлек, көпбалалы отбасына 76479 теңге жәрдемақы қарастырылған. Әкімдік есебі бойынша, "отбасының табысы кедейлік шегінен төмен". Сондықтан 90156 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Отбасының ай сайынғы табысы – 200 мың теңге.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Надежда Амирова.

– Жәрдемақы алған күні 45 мың теңгесін пәтерге төлеймін. Қалғаны тамақ пен балалардың киіміне кетеді. Жәрдемақыдан өзге тұрақты табысым жоқ. Былай қарасаңыз, кейінгі жылдары мемлекет беретін жәрдемақы өскен сияқты. Бірақ жәрдемақымен жағаласып азық-түлік, киім-кешек бағасы да күн сайын өсіп жатыр. Мемлекет қолдауын сезініп үлгере алмай жатқанымыз содан. Күнкөріс қиындап барады. Балаларға бүгін алған киім сәлден соң тар болып қалады. Баға да, бала да жылдам өсіп жатыр.

Қазақстандағы күнкөріс шегі

Қазақстан табысы орташадан жоғары мемлекетке жатады. Ресми дерек бойынша, халықтың алты пайызға жуығы күнкөріс шегінен (37389 теңге немесе 80 доллар) аз ақшаға өмір сүреді. Бұл Дүниежүзілік банктің Қазақстан сияқты елдерге белгілеген ең төменгі табыс мөлшерінен (165 доллар) екі есе төмен.
Күнкөріс шегінен аз ақшаға өмір сүретін халықтың 86 пайызы – көпбалалы отбасылар. HRW мәліметінше, бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. 2021 жылғы зерттеуге сәйкес, Қазақстандағы төрт немесе одан көп баласы бар отбасылардың төрттен бірінің негізгі қажетін өтейтін ресурс жоқ.

"БАНКТЕГІ ШОТТАРЫМ БҰҒАТТАЛҒАН"

Арай Сәрсенбаева, 33 жаста, Орал

Арай аспаз мамандығы бойынша білім алған. Бірақ отбасындағы қиындықтарға байланысты оқуын тастап кеткен: жасөспірім шағында өгей әкесі ұрып, үйден қашуға мәжбүр болған. Әр жерде жалданып жұмыс істеген, ерте тұрмысқа шыққан. Арайдың бірінші және екінші күйеуі ішкілікке салынып кеткен. Олардан үш бала туған. Төртінші баласының әкесі ресми некеге тұрмай жатып көз жұмған.

Орал қаласында тұратын Арай Сәрсенбаева.

Қазір Арай екі қызы мен екі ұлын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Отбасы пәтер типтес жатақхананың бір бөлмесін жалға алып тұрып жатыр. Баспанаға айына 50 мың теңге төлейді. Бұған Арайдың табысының жартысы кетеді. Ол жалғызбасты ана болғаны үшін 50 мың теңге жәрдемақы және 53 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек алады.

– Қазір жұмыс істемеймін, үйде бала бағып отырмын. Оқу жылы қарсаңында үш баланы мектепке дайындау қиын болды. Әкімдікке бардым. Олар демеуші тауып берді. Демеушінің қаржысына балаларыма мектеп киімін, спорт киімі мен оқу құралдарын сатып алдық.

Арай қарызға кіріп, ақшадан қысылған кезде балалары үшін қайыр сұрауға да шыққан.

Арай Сәрсенбаеваның балалары телевизор көріп отыр. Орал, 12 қазан 2022 жыл.

– Үлкен қызымды емдетуге несие алдым. Басына жара шығып, дәрі-дәрмек қажет болды. Кейде пәтерақысын төлеуге ақша жетпей қалатын. Ондай кезде қарыз алатынмын. Қазір банктегі шоттарым бұғатталған. Жәрдемақы түсетін шотым ғана бар, оны бұғаттай алмайды.

Арай банкке қанша қарыз екенін білмейді. Несиесін төлеуге ақшасы жоқ.

– Арасында подъезд жуып, біреулерге көмектесіп, үйін тазалап 500, 1000 теңге табамын, – дейді ол.

Арай мемлекеттік қолдау механизмін түсінбейді.

Арай Сәрсенбаева.

– Қазанда жәрдемақы алуға құжат тапсырғанымда бұл тоқсанда 85 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатынымды естідім. Неге екенін айтпады. АӘК-пен бірге арасында азық-түлік те береді. Былтыр бірінші рет берді. Биыл алған жоқпыз.

АӘК беру тәртібінің өзгеруі

2019 жылдың аяғында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атаулы әлеуметтік көмек беру механизмін өзгертуді ұсынды. Ол "мемлекеттік көмек адамды жалқаулыққа емес, еңбек етуге баулуы керек" деді.
Осыдан кейін атаулы әлеуметтік көмек талаптары қатаңдап, бұл жәрдемақы түрін алатындар саны қысқарды. Енді өтініш берушінің заңды жұмысы болуы керек.

"КӨП ОТБАСЫ АЗ ҚАМТЫЛҒАН ТОПТАР ҚАТАРЫНАН ШЫҒЫП ҚАЛДЫ"

Ольга Чуманова, 44 жаста, Алматы

Бұл отбасында еңбекке жарамды адам жоқ. Ольганың екі баласы мектепте оқиды, анасы – зейнеткер. Өзі – екінші топ мүгедегі. Онкологиялық аурумен күресіп жүр. Отбасы пешпен жылитын ескі үйде тұрады.

Алматылық Ольга Чуманова.

– Мүгедектігім үшін 57206 теңге жәрдемақы аламын. Еңбекке жарамайтыным үшін қосымша 6 мың теңге төлейді. Анамның зейнетақысы –84 мың теңге. Биыл тамызда атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш бердім. Жәрдемақым мен анамның зейнетақысын қосқанда, АӘК алуға табысымыз жоғары болып шықты. Бізде отбасындағы әр адамға шаққандағы табыс көлемі 37 мың теңге деген анықтама келді. АӘК ескі жүйе бойынша есептеледі екен (ортақ табысты отбасындағы әр адамға бөлгенде күнкөріс шегінің 70 пайызынан аспауы керек). Алматыда бұл көрсеткіш – 31 мың теңге.

Аз қамтылған отбасы санатына жатпайтыны себепті Ольганың балаларына оқу құралдары мен басқа да көмек түрлері берілмейді.

– 2019 жылға дейін 18 жасқа толмаған балаларға азын-аулақ жәрдемақы алатынбыз. Бір АЕК (ол кезде 2525 теңге – ред.) болатын. Көп анықтама сұрайды. Жоғары немесе орта кәсіптік оқу орнында оқитын балаларға 23 жасқа дейін жәрдемақы төленетін. Кейін мұның бәрін алып тастады. Заң өзгеріп кетті, жалпы табысты есептей бастады, біз аз қамтылған отбасыға жатпайтын болдық. Көп отбасы аз қамтылған отбасы қатарынан шығып қалды, – дейді Ольга.

АӘК алушыға теріс көзқарас

HRW Қазақстан қоғамында атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтарға деген теріс көзқарас қалыптасқанын, адам қолда барға қанағат етуі керек деген пікір барын жазады. Қоғам мемлекеттен жәрдем сұрайтын азаматтарды "жұмыс істегісі келмейді", "мемлекетке тәуелді", "талаптарға сай келу үшін өз жағдайын әдейі нашарлатып отыр" деп кінәлайды.
"Шын мәнінде өтініш беруші көп құжат жинап, іріктеуден өтіп, әлеуметтік қызметкерлерден ар-намысына тиетін сөздер естиді" деп жазады HRW.
Ұйым өкілдерінің сөзінше, негативті көңіл-күйге биліктің атаулы әлеуметтік көмек алушылар туралы жағымсыз пікірі де әсер етеді.

"ТАБЫСЫМ 60 МЫҢ ТЕҢГЕДЕН СӘЛ АСЫП КЕТТІ"

Меруерт Аймұратова, 36 жаста, Семей

Семейдегі Восточный саяжайы. Бір жағына қисайған үй. Аулада жүрмейтін көлік тұр. Үй іші салқын, едені тастай суық. Ас үйде балалар сабақ оқып отыр. Әңгіме барысында төбеден тықырлаған дыбыс естілді. Меруерт төбеде тышқан барын, кейде олардың үйге түсіп кететінін айтады.

Семей қаласының тұрғыны Меруерт Аймұратова.

– Көпбалалы болсам да, атаулы әлеуметтік көмек алмаймын. Ол үшін мемлекет ұсынған жұмысты істеуіміз керек. Атаулы әлеуметтік көмек үшін олай жұмыс істегім келмейді. 100 мың теңге төлесе, жол-тамақ шығынын алып тастағанда, қолыма 50-60 мың ғана тиеді. Атаулы әлеуметтік көмектен өзім бас тарттым.

2019 жылы Қазақстанда әйелдер жаппай наразылыққа шыққан соң билік заңды қайта қарап, атаулы әлеуметтік көмек параметрін өзгерткен. Меруертке айына 110 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған.

– Бірде ақша түспей қалды. Ол кезде сауда орталығында істейтінмін. Табысым 60 мың теңге болуы керек еді. Бірақ 60 мыңнан сәл асып кетті. Сол артық тиын-тебен үшін көмек бермей қойды. Содан кейін атаулы әлеуметтік көмек алмайтын болдым. "Қағаз беріңдер, бас тартамын деп жазып беремін" дедім. Оларға дәлелдеуден шаршадым. Аяқ-қолым сау, одан да өзім жұмыс істегенім артық.

Қазір Мерует үй ақтап, саяжайды қысқа дайындап, қолға ілінген жұмысты істейді. Күйеуі де арасында азын-аулақ ақша табады.

Меруерт Аймұратованың балалары сабақ қарап отыр.

– Кеше және бүгін саяжайда төрт адамның бау-бақшасын тазалап, 20 мың теңге таптым. Жұмыс ауыр. Бұрын жүк тасып, шөп артатынмын. Бір апта орнымнан тұра алмай қалдым. Кіндік тұсымда ісік бар, белімде де ісік бар екен деп қорқып кеттім. Ауруханаға барғым келді, бірақ жатқызып қойса, балаларға кім қарайды деп уайымдадым. Күйеуім жұмыста. Бір апта ауырсынуды басатын дәрі ішіп, аяққа тұрып кеттім.

Меруерт аса қажет тауардың өзіне ақша жеткізе алмайды. Азық-түлік те күн санап қымбаттап жатыр. Бірақ жалданып істейтін жұмыс ақысы өспейді.

– Көпбалалы отбасы болғанымыз үшін 63500 теңге жәрдемақы аламыз, оның бәрі азық-түлікке кетеді. Қазір бес литр майдың өзі бес мың теңге тұрады. Қанттың бір килограмы – 650 теңге. Балаларға бір келі қант бір күнге ғана жетеді. Олардың аузын қалай бітеп қоясың? Етті жылына екі рет – Жаңа жыл мен Құрбан айтта ғана жейміз. Кейде үйде нан болмай қалады. Күнде болмаса да, арасында ондай кездер де болады.

Меруерт Аймұратова.

Меруерттің айтуынша, үлкен ұлы ата-анасына "Бізді неге тудыңдар?" деп ренжиді екен.

– Мансұр псориазбен ауырады. Спираль салғызсам да, бала көтеріп қойдым. Құдайдың бергені шығар. "Тумау керек еді" дегенді естігенде қапаланамын. Әкімдікте отырған әйел де солай дейді. Үнемі ұрсып, айқайлайды. Олардан ештеңе сұрағым келмейді. Күйеуім "әкімдікке бар, көмір сұра, көпбалалы анасың ғой" дейді. "Кешір, айналайын, өзің барып сұра. Одан да өзім жұмыс істеп, сатып алғаным артық" дедім.

Тіркеу жайлы талап және кірісті есептеу

HRW әлеуметтік қорғау механизмдеріне қол жеткізуді қиындататын кедергілерге табысты есептеу әдісін де жатқызады. Өйткені табысқа басқа да әлеуметтік көмек түрлері мен отбасымен бірге тұрмайтын алыс туыстардың кірісі де қоса есептеледі.
Ұйым өкілдері отбасы мүшелерін түгел тіркеуге тұрғызу талабын да көмек алуға кедергі деп бағалайды. Әсіресе, өз үйі жоқ көпбалалы отбасыларға бұл талапты орындау қиынға соғады. Нәтижесінде көмекке мұқтаж көп отбасы атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмайды.
HRW 2017 жылы Oxford Policy Management консалтинг компаниясы жүргізген зерттеуді мысалға келтіреді. Ондағы бағалау бойынша, Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берушілерді іріктеу кезіндегі қателесу ықтималдығы 80 пайызға жуықтайды.

"ҚОЛЫМДЫ БІР-АҚ СІЛТЕДІМ"

Кәмшат Қашақова, 36 жаста, Алматы облысы

Кәмшат Қашақованың бес баласы бар, оның төртеуі мектепте оқиды. Қазір отбасы өз үйінде тұрады. Бірақ үй әлі толық салынып бітпеген. Кәмшат бұрын балаларымен бірге пәтер жалдап тұрған. Сол кезде Кәмшат атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берген.

– 2020 жылы атаулы әлеуметтік көмекке өтініші тапсырдым. Ол кезде тұрақты тіркеу жоқтығынан өтпей қалдым.

Кәмшат алты айдан кейін әкімдікке хабарласып, уақытша тіркеу жарамайтынын білген. Үй иесіне барып, тұрақты тіркеуге тұрғызуды өтінген. Ол бұл үшін 100 мың теңге сұраған. Бірақ үй иесіне берген ақша да, жиналған анықтамалар да атаулы әлеуметтік көмек алуға септігін тигізе алмаған.

– Құжат тапсырған соң күзде Қарасай ауданы Жандосов ауылының әкімшілігінен комиссия келіп тексерді. Есік алдындағы солып тұрған екі алма ағашын да табыс деп есептеп кетті. Бүкіл үйді, жаңа жиһаз бар-жоғын қарады. Үйде жаңа жиһаз болмаған. "Бір айдан кейін кел" деп шақырды, барғанымда, "өтпей қалдың, табысың асып кетті" деді. Сол уақытта бір жасқа дейінгі баламның жәрдемақысы бар еді, көпбалалы отбасы ретінде мемлекеттен 63 мың теңге алатынбыз, одан бөлек, күйеуімнің 110 мың теңге жалақысы бар. Соның бәрін есептегенде, атаулы әлеуметтік көмек алуға қажетті күнкөріс шегінен екі мың теңге асып тұр екен. Сол үшін ала алмай қалдық.

Кәмшат балаларды мектепке дайындайтын кезде мемлекеттен қолдау болар деп үміттенген. Бірақ әкімдіктен келген комиссия отбасын тұрмысы төмен топқа жатқызбаған.

– Мектеп директорына барып, ең болмаса балаларды тегін тамақтанатын тізімге қоссаңыз дедім. Сол уақытта да атаулы әлеуметтік көмек алмайтыным кедергі болды. Директор "атаулы әлеуметтік көмек алмайсың" деп балаларымды тегін тамақтанатын тізімге қоспады.

2021 жылы Кәмшат атаулы әлеуметтік көмек ала алмай қалған кезде мемлекеттен күдер үзген.

– Үкіметтен ешқандай көмек жоқ екенін түсініп, өз ісімді бастадым. Үйде көрпеге тапсырыс алып, көрпе тігіп сатамын. Бірақ көрпе тігуге мата, мақта, керек-жарақ сатып алу керек, сонда бір тапсырыстан асып кетсе 40 мың теңге табамын.

Әлеуметтік қолдау – мемлекет міндеті

HRW есебінде әлеуметтік қорғау жүйесін дұрыс ұйымдастыру – Қазақстанның міндеті деп көрсетілген.
Баяндамада "Қазақстан қол қойған экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіде әлеуметтік қамсыздандыру құқығына кепілдік берілгені" айтылады.
Құқық қорғаушылар Қазақстан билігін "халықаралық міндеттемелерін орындап", атаулы әлеуметтік көмекке өтініш беру процесін жеңілдетуге, тіркеу туралы талапты өзгертуге немесе алып тастауға, табысты есептеу жүйесін қайта қарауға шақырады. HRW үкімет 2021-2022 жылдар аралығында инфляция 14,5 пайыз болғанын ескеріп, кедейлік шегін көтеруі керек деп есептейді.

2022 жылы мамырда Қазақстан үкіметі атаулы әлеуметтік көмек, ең төменгі күнкөріс деңгейі мен кедейлік шегін көтеруге қатысты позициясын білдірді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі бұл көрсеткіштер қайта қаралмайтынын, адамдар жалқаулыққа салынып, жатыпішерге айналуы мүмкін екенін айтқан. Ол осыған дейінгі атаулы әлеуметтік көмек көлемін арттыру тәжірибесі сол себептен "сәтсіз" аяқталды деп бағалаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Инфляция қарапайым жұрттың өмірін қалай өзгертті?