COVID-19 көрсеткіші бойынша әлемде 29-орында тұрған Қазақстанда, ресми мәлімет бойынша, 70 мың адамға коронавирус жұғып, 464 адам қайтыс болған. 43 мыңнан астам адам жазылған. Ал коронавирус жұқтырғаны анықталған кемінде жүз адамды билік "өліміне өзге ауру себеп болған" деп, COVID-19 статистикасына кіргізбей отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жыл басынан 15 шілдеге дейін елде 234 мыңнан астам адам пневмонияға шалдығып, 3327 адам дерттен көз жұмған. Оның 1555-і шілденің бірінші жартысында қайтыс болған.
Үкімет анализінен коронавирус табылмаған, бірақ клиникалық белгісі коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандарды да тамыздан бастап COVID-19 статистикасына қосып есептейтінін мәлімдеді. Көп адамның ажалына себеп болған вирустық пневмонияны бірге есептеуді осыншама уақыт созып келген билік сынға қалды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Цойдың сөзінен шыққан дерек. Елде шілдеде 135 мың пневмония тіркеліп, 1555 адам көз жұмдыАзаттыққа берген сұхбатында Алматыдағы орталық клиникалық аурухананың нейрохирургия бөлімі меңгерушісі, жоғары санатты нейрохирург Мыңжылқы Сайлауұлы Бердіқожаев күн сайын кеңес сұрап, онлайн режимде хабарласатындар көп екенін айтты. Маман елде коронавирус жұқтырғандардың нақты саны, денсаулық сақтау жүйесінің індетке дайын болмауының себебі және алда не күтіп тұрғаны жайлы сұрақтарға жауап берді.
"ДӘРІГЕРЛЕРДІ АЛАЛАМАЙ, БӘРІНЕ ҮСТЕМАҚЫ ТӨЛЕНУІ КЕРЕК"
Азаттық: Мыңжылқы мырза, маманнан онлайн кеңес алғысы келетіндер көп екені аурудың өршіп тұрғанын білдіре ме? Басқа себебі бар ма?
Мыңжылқы Бердіқожаев: Өткендегі сұхбаттардан кейін Instagram парағыма адамдар көп сұрақ қойып жатыр. Олардың шамамен үштен екісі емханаға хабарластық, бірақ ондағы дәрігерлер ауырып жатыр дегенді айтады. Оның барлығы тексеруді қажет етеді. Емханадағы дәрігерлер де коронавирусты жиі жұқтыра бастады ма деген қауіп бар.
Азаттық: Бірақ, бір қызығы, Қазақстанда емханада істейтін медицина қызметкерлері үкімет вирус жұқтыру қаупі бар және үстемақы берілетін деп белгілеген үш топқа да кірмейді. Демек, жалақысына үстемақы алмайды. Қазіргі жағдайды ескере отырып, бұл мәселе қалай шешілуі керек деп ойлайсыз?
Мыңжылқы Бердіқожаев: Меніңше, 1, 2, 3-топ дегенді тоқтату керек. Стационарда ғана емделу керек деген әңгіме де тоқтады ғой. Оның үстіне халық жаппай ауырып жатыр. Дәрігерлер – соның бір бөлігі. Оларды мынау жақсы, мынау жаман жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз.
Қазір инфекциялық немесе провизорлық стационарда жұмыста жүргендер бәрі бірдей дерлік, обадан қорғайтын костюм дейміз, соны киіп жұмыс істеп жүр. Денеге ауа жібермейтін киіммен бірнеше сағат бойы жүру – ауыр жүк, бұған қоса инфекция жұқтыру қаупі де өте жоғары. Дәрігер еңбегін дұрыс бағалау керек. Коронавирустың жеңіл, орташа түрін, пневмониямен келген науқастарды емдеуге атсалысып жатқандарға инфекциялық стационарда істемейсің деп, жалақысын төмендетіп қоюға болмайды. Төленуі керек.
Вирус жұқтырғандар қандай ауруханада жатыр? Нұр-Сұлтан, 25 шілде 2020 ж.
Your browser doesn’t support HTML5
МАМАН ТАПШЫЛЫҒЫ
Азаттық: Денсаулық сақтау министрлігі осыған дейін ДДСҰ келісімінсіз науқастарды симптомы бар-жоқ деп те бөлді. Неге министрлік пневмония статистикасын да жеке жарияламады? Бұл қазіргі жағдайды айқын көрсетуге қажет еді ғой?
Мыңжылқы Бердіқожаев: Мен басқа жағынан қарастырайын. Қазіргі таңда маған статистика 100 мың, 500 мың, тіпті 1 миллион болды ма, ол қызықтырмайды. Мені толғандыратыны – адамдардың денсаулығына көңіл бөлуі, сақтану шарасын бұлжытпай орындауы. Жұртқа қазір теледидардан айтып жатқан нәрселер қызық емес. Оларға жеке кеңес беретін маман жоқ.
Халықты басқа нәрсе емес, ауырып қалсам, мемлекет мені жазып шығара ма деген сауал мазалайды.
Маңыздысы – дәрі-дәрмек пен ауруханада төсек-орын жеткілікті болуы, қайтыс болған адамнан өзгелерге вирус жұқпауы керек. Жұмыссыз қалған қарапайым халықты басқа нәрсе емес, ауырып қалсам, мемлекет мені жазып шығара ма деген сауал мазалайды. Министрлікке ұсынысымызды айттық. Әрине, статистика дұрыс болса, жоспарлау дұрыс болады. Жоспар дұрыс болса, ауруханаға түскен науқастың 90 пайызын аман алып қалуға тырысамыз. Статистика осындай есеп-қисап үшін маңызды.
Азаттық: Денсаулық сақтау министрлігі жақында 1400 дәрігер мен 1700 медицина қызметкері тапшы екенін хабарлады. Бірақ нақты қандай мамандық иесі қажет екені айтылмады. Елде вирусолог, инфекционист, пульмонологтар қаншалықты жетіспей жатыр?
Мыңжылқы Бердіқожаев: Олар жетіспейді, әрине. Күнделікті өмірде пульмонолог деген маманды табу қиын. Олардың санын стационарлардан қысқартқан. Бұған министрлікте кейінгі жылдары болып жатқан реформалар әсер етті. Облыстық ауруханаларда терапиялық төсек-орын азайған. Өйткені көп аурулар шетелдегідей үйінде емделуі керек.
Ал коронавирус жұқтырғандар күрт көбейгенде бір мезетте сонша маман даярлап, оларды ауруханаға тарта алмайтынымызға көзіміз жетіп отыр. Маман тапшы. Карантин вирус жұқтыруды азайтуға септігін тигізеді. Егер халық дұрыс сақтанбаса, 2-3 айдан кейін инфекция қайта өршіп кетуі мүмкін. Денсаулық сақтау жүйесі дәл соған дайын болуы керек.
Қазан айында 100 мың адам бір мезетте ауырып қалуы мүмкін деген болжам жасауымыз қажет.
Қазан айында 100 мың адам бір мезетте ауырып қалуы мүмкін деген болжам жасауымыз қажет. Соған байланысты керек маманды есептейміз. Енді қазанға дейін қанша терапевт, инфекционист, пульмонолог дайындау қажет, соны анықтаймыз. Инфекционист дайындау үшін 1-2 ай уақыт қажет. Ол операция жасамайды. Оның үстіне бұл жалғыз инфекция.
Анестезиолог-реаниматолог дайындауға 3 ай кетеді. Биыл мемлекеттік тапсырысты ұлғайтып, интернатураны бітіріп жатқан мамандарды даярлап шығуға болады. Олар 7 жыл оқыған дәрігер әрі жас.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Науқас көп, тізе бүгетін уақыт жоқ". Вируспен күрестің алғы шебіндегі студент дәрігерлер"КЕМІНДЕ 500 МЫҢ АДАМ ЖҰҚТЫРҒАН"
Азаттық: Алдағы 2-3 ай көлеміндегі ахуалға болжамыңыз қандай?
Ресми 150-200 мың деген санды сенімді түрде үшке көбейте беруге болады. Күзде бірнеше миллионға баруы мүмкін.
Мыңжылқы Бердіқожаев: Қазір коронавирус, пневмония бәрін қосқанда шамамен 500 мыңдай адам [вирус] жұқтырды. Ауырып жатыр, ауырып шыққаны бар. Үйден емделдім, емделіп жатырмын дегенді көп естиміз. Дәріні жаппай сатып алды. Ресми 150-200 мың деген санды сенімді түрде үшке көбейте беруге болады. Күзде бірнеше миллионға баруы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі инфекциялық стационардағы өкпені желдететін бір мың аппаратты алты есе көбейтуді жоспарлап отыр. Егер бір мезетте 100 мың адам ауырса, соның алты мыңы жасанды тыныс алу аппаратына мұқтаж болады. "Соғыс жағдайына" дайын болуымыз керек.
Азаттық: Сіз ПТР (полимеразды тізбекті реакция) тестілеуден өту маңызды емес деген пікірдесіз. Неге олай ойлайсыз? Симптомы жоқтардан да ауру жұғады емес пе?
Мыңжылқы Бердіқожаев: Симптомы жоқтардан жұғуы мүмкін. Ауруы жеңіл күйде басталып, тез жазылған адамдарды немесе симптомын тестілеуден өткенде айтпағандарды да симптомсызға жатқызады. Ондай болуы мүмкін. Жалпы пневмониямен ауырғандар арасында коронавирус анықталғандар 20 пайыз ғана. Осы 20 пайыз адамды анықтау үшін бүкіл жұртты ПТР тексеруінен өткізу керек пе? Меніңше қажет емес. Оның үстіне алыс аудан, ауылдарда зертхана жоқ. Қазір COVID-19 бойынша екі диагноз бар: коронавирус анықталған пневмония және коронавирусқа ұқсайтын, ПТР тест анықтамаған пневмония. Екеуін бірдей емдеп жатыр. Сондықтан науқасты клиникалық симптомдарына қарап емдеу қажет деп санаймын.
Егер бір мезетте 100 мың адам ауырса, соның алты мыңы жасанды тыныс алу аппаратына мұқтаж болады.
Азаттық: Денсаулық сақтау министрлігінің жарнама роликтер үшін 600 миллион теңге бөлгені хабарланды. Жарнама үшін аз ақша емес. Солай бола тұра халықтың көбі әу бастан коронавирусқа сенбеді. Төтенше жағдай кезінде үйде отырған жұрт "бұл саясат" деп шулай бастады. Министрлік сонша қаржы бөліп отырып, коронавирустың қаупін халыққа түсіндіре алмады. Бізде медицина мекемесінде фото, видеоға түсіруге тыйым салды. Керісінше наурыз, сәуір айларынан бастап емханада науқастардың қандай ауыр халде жатқанын этиканы бұзбай отырып халыққа көрсету қажет пе еді?
Мыңжылқы Бердіқожаев: Адамдарды сендіру үшін егер науқас түсірілімге келісім берсе, журналистерді кіргізіп, көрсету керек деген ұсыныс айтқанмын. Біз көрдік сондай видеоларды. Бірақ өте кеш жасалды. Тағы бір жағы бар. Әр адамның психологиясы әртүрлі, кейбірі шыдамайды. Сосын бір ескеретін нәрсе: ауру жұқтырсаң міндетті түрде өлесің деген сөз емес. Жағдайы аса ауыр науқастар да емделіп, жазылып шығады. Соны түсіну керек.
Азаттық: Оқырмандарымыздан түскен бір-екі сауалды оқиын. Коронавирус кесірінен ер адам белсіздікке ұшырауы мүмкін деген ақпарат тараған, бұл рас па деп сұрайды.
Мыңжылқы Бердіқожаев: Егер коронавирус өте ауыр өтсе, тамырлардың ішінде тромб түзілуі мүмкін. Ол тромб ер адамның жыныс безін бітеп қалса, салдарынан кейін белсіздік пайда болуы ықтимал. Бірақ коронавирус кезінде жыныс безі вирустан міндетті түрде зақымдалады деген сөз емес бұл. Тамыр ішінде түзілген тромб бітесе ғана ер немесе әйел адам болашақта белсіз, бедеу болуы мүмкін. Айта кетерлігі, 50 жасқа дейінгілер арасында коронавирустың ауыр түрі көп кездеспейді. Сондықтан оқырмандарыңызға қорықпаңыздар деймін.
Азаттық: Тағы бір оқырман иіс, дәм сезбеу – аурудың ең жеңіл түрі ме деп сұрайды?
Мыңжылқы Бердіқожаев: Иә, ол аурудың жеңіл түрі болуы мүмкін. Ал әрі қарай қызуы 39-ға жетіп, бес күн бойы түспей қойса, онда ол – аурудың симптомы. Яғни, бірнеше симптомның бірі ғана болуы мүмкін. Әрдайым дәрігермен кеңескен жөн.
Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.