Пандемиямен күрес. Қазақстан әуе қатынасын азайтып, көпшілік шараға тыйым салды

Алматы халықаралық әуежайына келген жолаушылардың дене қызуын алыстан өлшеп тұрған адам. 21 қаңтар 2020 жыл.

Әлемнің 114 еліне тараған, 126 мыңнан астам адамға жұғып, 4,5 мыңнан астам жанның ажалына себеп болған Covid-19 коронавирусын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия деп жариялады. Қазақстан билігі мектеп оқушыларын демалысқа ерте шығарып, мерекелік іс-шара мен ұшақ қатынасына шектеу енгізілетінін хабарлады.

МЕКТЕПТЕГІ ЕРТЕ ДЕМАЛЫС, МЕРЕКЕ МЕН ТОЙ-ТОМАЛАҚТЫ ШЕКТЕУ

Наурыздың 12-і күні Нұр-Сұлтанда өткен брифингте Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов коронавирустың алдын алу шараларына байланысты биыл елдегі мектептерде көктемгі демалыс бір апта ерте басталатынын хабарлады.

- Орта білім беру мекемелері наурыздың 16-сы мен сәуірдің 5-і аралығында демалысқа шығады. Наурыздың 16-сынан бастап кәсіптік-техникалық білім беру мекемелері мен жоғары оқу орындары мүмкіндігінше қашықтан оқуға көшеді, ал балабақшалар жұмысын жалғастыра береді, - деді Ералы Тоғжанов.

Бұған дейін Қазақстан мектептерінде оқушылар наурыздың 21-і мен сәуірдің 2-і аралығында көктемгі каникул шығады деп жоспарланған еді. Енді одан ерте басталатын демалыс кезінде оқушылардың экскурсияға шығуына да тыйым салынады.

Ақжайық ауылында коронавирусқа байланысты карантиндік блоктың ашылуы мәселесі талқыланған кездесуге қатысып отырған тұрғындар. Батыс Қазақстан облысы, 11 наурыз 2020 жыл.

Қазақстан білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов наурыздың соңына жоспарланған көктемгі ұлттық бірыңғай тест сынағы кейінге қалғанын айтты. Оның сөзінше, егер мектеп оқушыларының демалысы аяқталғанға дейін коронавирусқа байланысты жағдай оңалмаса, онда мектеп қашықтан оқытуға көшеді. Тоғжановтың сөзінше, қазақстандық оқу орындарының қашықтан оқыту тәжірибесі бар. Canvas, Platonus, google classroom тәрізді онлайн оқу жүйелерін қолданатын кей оқу орындары жартылай онлайн оқытуға да көшкен дейді шенеунік.

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов наурыздың 13-інен бастап елде мерекелік шаралар, мәдени-көпшілік жиындар, спорт жарыстары мен конференция, семинар, көрме өткізуге шектеу салынатынын хабарлады.

- Денсаулық сақтау, білім мекемелері, көпшілік баратын орындар – тұрғындарға қызмет көрсету орталықтары, коммуналдық шаруашылық, тағам өнеркәсібі кәсіпорындары мен базар, сауда орталықтарында, дәмхана, вокзал, әуежай мен қонақ үйлерде санитарлық режим күшейтіледі, - деді ол.

Қазақстандықтар коронавирустан қалай сақтанып жүр?

Your browser doesn’t support HTML5

"Қазақтың сорпасын, сүтіп ішіп..." Жұрт коронавирустан қалай сақтанып жүр?

Бұған қоса Тоғжанов тұрғындарға той-томалақты мүмкіндігінше азайтуға кеңес берді.

- Қазір сондай кезең. Әр отбасының тойы маңызды екені түсінікті. Жұрт сыйлап шақырғаннан кейін міндетті түрде барып, құттықтағысы келеді. Бірақ қазіргі жағдай басқа. Той иесі той-томалақ өткізбес бұрын жақсылап ойлануы керек. Мұндай шараларды кейінге қалдырса тіпті жақсы болар еді, - деді Тоғжанов.

Жергілікті басылымдар Алматыда коронавирусқа байланысты наурыздың 12-інен бастап театрлар мен кинотеатрлар жабылатынын хабарлады.

Қазақстан билігі коронавирустан сақтық шараларын күшейткен тұста Алматыдағы сауда орындарында жұрт жаппай азық-түлік сатып алып жатқаны туралы ақпарат тарады. Наурыздың 12-і күні сауда орталығына барған Азаттық тілшісі ондағы жұрттың азық-түлік пен күнделікті тұтынатын заттарды жаппай алып жатқанын байқады.

Алматыдағы азық-түлік сататын гипермаркеттердің бірінде кезекте тұрған жұрт. 12 наурыз 2020 жыл.

Әлеуметтік желілерде азық-түлікті көптеп сатып алған адамдардың сауда орталықтарында ұзын-сонар кезекте тұрғаны туралы видеолар тарап жатыр.

"Қазақстан азық-түзік тапшылығына тап болуы мүмкін бе?" деген журналистің сауалына Ералы Тоғжанов елде жарты жылға жететін қор бар деп жауап берді.

- Бізде әлеуметтік маңызды азық-түліктің 19 түрі бар. Қазақстан жарты жыл өзін-өзі қамтамасыз ете алады. Азық-түлік қауіпсіздігі – бірінші орында тұрған мәселе. Оны бақылауда ұстап отырмыз. Шеттен қант пен құс еті әкелінеді. Болашақта осы екеуін жеткізуге тура келеді, бірақ қазір ол мәселені де бақылауда ұстап отырмыз, - деді вице-премьер.

Видео: Коронавирустан сақтаныңыз. Қолды қалай жуу керек?

Your browser doesn’t support HTML5

Қолды қалай жуу керек?

ӘУЕ РЕЙСТЕРІ АЗАЯДЫ

Ералы Тоғжанов бейсенбіден бастап Қазақстаннан Қытай, Иран, Оңтүстік Корея, Италия, Франция, Германия, Испания, Швейцария, Ұлыбритания, Нидерланд, АҚШ, Бельгия, Норвегия, Үндістан, Ирак, Швеция мен Филиппинге халықаралық жолаушы қатынасына шектеу енгізілетінін хабарлады.

"Осы елдерде өтетін халықаралық спорт, мәдени шараларға және туристік сапармен баруға тыйым салынады" деді премьер-министрдің орынбасары.

Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Берік Қамалиев көп бағыт бойынша, соның ішінде негізінен Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктеріне ұшатын рейс саны қысқаратынын, ал Ресейге әуе тасымалы бұрынғысынша қалатынын хабарлады.

- Belavia (Беларусь әуе компаниясы – ред.) ұшақтары Нұр-Сұлтан – Минск бағыты бойынша аптасына алты рет ұшатын, енді бір рет ұшатын болады. Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Астрахань, Екатеринбург және басқа қалаларына қатынайтын 160-тан астам рейс бар, олар ұша береді, сондықтан Еуразия экономикалық одағы елдерінің азаматтарыне ешқандай шектеу жоқ, - деді ол.

Видео: Covid-19 вирусы қалай жұғады?

Your browser doesn’t support HTML5

Covid-19 вирусы қалай жұғады?

ҚАЗАҚСТАН КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ ТҰРУҒА ДАЙЫН БА?

Бейсенбіде Нұр-Сұлтандағы брифингте "елде коронавирусты анықтай алатын зертхана бар ма?" деген журналистің сұрағына тура жауап бермеген Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қытай мен Ресейден алынған тест жүйелері қолданылатыны, кей жағдайда сынаманы тексеру үшін шетелге жіберілетінін айтты.

Министрдің сөзінше, алдағы уақытта елге қосымша 60 мың тест жүйесі әкелінбек. "Бір адамға екі-үшеуі қолданылады деп есептелген" деп түсіндірді ол.

Алматыдағы дәріханалардың біріндегі медициналық маска жоқ екені жайлы хабарландыру. 8 наурыз 2020 жыл.

Денсаулық сақтау министрі елде қабылданған арнайы қаулыға сәйкес, жолаушы тасымалдайтын әуе көлігі әр рейстен оралған сайын тиісті санитарлық шаралар жүргізілетінін айтты. Министр Қазақстан билігі медициналық маска өндірісін күнделікті бақылауда ұстап отыр деп мәлімдеді.

- Біздің маска шығаратын өз өндірісіміз бар. Біз өнім алып келген кей елдердің биыл маска мен өзге де шикізат экспортына шектеу енгізуі ішкі нарық пен өндіріске әсер етті. Қазір біз бұл мәселені шештік. Әрине, жұрт жаппай сатып алып жатқан соң сұраныс та өте жоғары. Маска экспортына тыйым салдық, - деді ол.

Бұған дейін кей қалаларда тұрғындар медициналық маска тапшы екенін айтқан болатын.

Видео. Қазақстанда медициналық маска тапшы. 4 наурыз 2020 жыл.

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстанда медициналық маска тапшы

Біртанов Қазақстанда осы кезге дейін коронавирус тіркелмегенін айтты. Ол түрлі дақпырт пен алып-қашпа сөздерге ермей, ресми мәліметке ғана сенуге шақырды.

- Қазірге дейін елімізде өз азаматтарымыздан да, осында тұрып жатқан шетелдіктерден де коронавирус табылған жоқ. Күн сайын тест алынады, қазір де жалғасып жатыр. Тек ресми ақпаратқа ғана сену керек, денсаулық сақтау министрлігінің арналарында барлық ақпарат бар, арнайы бөлінген байланыс орталығы жұмыс істейді, содан толық ақпарат алуға болады. Және де жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылатынын ұмытпаңыздар. Жеке бастың тазалығымен бірге ақпараттық гигиенасын да сақтаңыздар, - деді министр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Құрандағы кірпік, сарымсақ пен су. Коронавирус жайлы жалған ақпарат

Сейсенбіде Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин ел аумағында алғашқы коронавирус "11-16 аралығында анықталуы мүмкін" деп мәлімдеген еді.​

Наурыздың 12-і күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа байланысты бірқатар мемлекеттік орган басшыларымен кеңес өткізді.

"Президент үкіметке вирустың елімізге енуіне және таралуына жол бермеу шараларын қатаңдату жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Атап айтқанда, жаппай мәдени және спорттық шаралар, конференциялар мен көрмелер өткізуге уақытша тыйым салынады" деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Тоқаев қауіпті вирусқа байланысты елде қоғамдық іс-шаралар уақытша тоқтатылатынын Twitter әлеуметтік желісіндегі парағына да жазды:

Бейсенбі күнгі Нұр-Сұлтандағы брифингте журналистер премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа коронавирус кесірінен келген экономикалық шығын туралы да сауал қойған еді. Ол коронавирус пен мұнай бағасының құлдырауынан келген шығын қоса есептелетінін айтты.

- Анықталған кезде тиісті ақпаратты аласыздар, - деді ол.

Наурыздың 12-і күні Алматы мен Нұр-Сұлтандағы ақша айырбастау орындарында теңге бағамы тағы да төмендеді: 1 АҚШ доллары 400-402 теңгеден сатылды. Қазақстан ұлттық валютасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты пандемия деп жариялап, әлемдік нарықта мұнай бағасы күрт құлдыраған тұста құнсызданып барады.

ДСҰ: COVID-19 – ПАНДЕМИЯ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Covid-19 коронавирусын пандемия деп жариялау туралы шешімін наурыздың 11-і күні халықаралық ұйымның жетекшісі Тедрос Аданом Гебрейесус мәлімдеді.

"COVID-19 дертіне пандемия деп баға беруге болады деген қорытындыға келдік" деді ол.

Пандемия – бір мезетте әлемнің көп еліне тарайтын індет.

Тедрос әлем елдерін коронавирусқа қарсы "жедел әрі батыл шара қолдануға" шақырды. Ол бұған дейін "бірнеше елдің вирусты тоқтатып, бақылап ұстауға болатынын көрсеткенін" айтты.

"Азаматтарды қорғап, әр істі дұрыс атқару үшін бәріміз бірігіп жұмыс істеп жатырмыз. Бұл қолымыздан келеді" деді Тедрос Аданом Гебрейесус.

Қазақстан пандемияға қаншалықты дайын?

ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНДЕГІ ЖАҒДАЙ

Наурыздың 11-і күні АҚШ президенті Дональд Трамп коронавирусқа байланысты Еуропа елдерімен (Ұлыбританиядан өзге) теңіз және әуе жолымен жолаушы және жүк тасымалын уақытша шектейтін "қатаң, бірақ қажетті шара" енгізілетінін мәлімдеді. 30 күндік шектеу шарасы жұма, наурыздың 13-і түнде күшіне енеді. АҚШ-та коронавирус жұқтырған адам саны 1200-ден асқан.

Коронавирусты "шетелдік вирус" деп атаған президент Трамп Еуропа елдерінің билігін қауіпті дерттің таралуына қарсы тиісті дәрежеде күреспеді деп сынады. Ол АҚШ-тағы бірнеше тұрғынға "Еуропадан келгендерден вирус жұққан" деп мәлімдеді.

Трамп федералды биліктің вирус тарап жатқан қалалар мен елді мекендерге көмектесуге әзір екенін айтты. Сонымен бірге ол конгреске экономиканы қолдау үшін америкалықтарға салық жеңілдігін жасауды ұсынатынын да айтты. Ал өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси АҚШ-та коронавируске тегін тест өткізу және карантин кесірінен жұмыстан қалуға мәжбүр болған азаматтарға жәрдемақы төлеу қаржы бөлу туралы жоспар ұсынды.

Трамптың мәлімдемесінен кейін бірнеше минуттан соң Австралияда жүрген Голливуд жұлдыздарының бірі Том Хэнкс пен әйеліне коронавирус жұққаны белгілі болды.

АҚШ ұлттық баскетбол ассоциациясы (NBA) Utah Jazz командасының мүшесі коронавирусқа шалдыққаны туралы хабардан кейін ойын маусымындағы жарыстарды тоқтата тұру туралы шешім қабылдады.

Фотогалерея. Маска таққан әлем

Маскадағы әлем

ДДСҰ дерегінше, наурыздың 11-і күні кешке Еуропа елдерінде коронавирус жұқтырғандар саны 22,7 мың адамнан асқан, 944 адам көз жұмған (оның 829-ы Италияда).

Қазақстанмен көрші Ресейде 28 адамға вирус жұққан. Ресей билігі наурыздың 13-інен бастап Италия, Германия, Франция мен Испанияға ұшатын әуе рейстерінің саны қысқаратынын хабарлады.

Соңғы дерек бойынша, әлемнің 114 еліне тараған коронавирус 126 мыңнан астам адамға жұғып, 4,6 мыңнан астам жанның ажалына себеп болған. 68 мыңға жуық адам дерттен сауыққан.