"Үйіміз – осы жер". Қазақстанға жер аударылған поляктардың ұрпағы ата-баба тарихы мен дінін қастер тұтады

Қазақстанға жер аударылған поляктардың ұрпағы тұратын Озёрное ауылындағы католик шіркеуі. 20 шілде, 2024 жыл.

Қазақстанның солтүстігіндегі шағын ауыл католиктер тағзым ететін және депортация құрбандарын еске алатын мекенге айналған.

Петропавл мен Көкшетау қалаларының арасында орналасқан Озёрное ауылы 90 жыл бұрын Қазақстанға Украинадан жер аударылған поляктар келіп қоныстанған кезде құрылған. Поляктарды жаппай жер аударудың бірінші толқыны 1936 жылы СССР-де "сталиндік" Конституция қабылданған кезде басталды. Конституцияда демократиялық еркіндік жайлы айтылғанымен, іс жүзінде саяси террор, жаппай қуғын-сүргін мен тұтас халықтарды жер аудару саясаты жүргізілді.

Бұрын колхоз кезінде салынған ғимараттар қазір қаңырап тұр. Солтүстік Қазақстан облысы Озёрное ауылы. 20 шілде, 2024 жыл.

1936 жылғы 28 сәуірде Совет үкіметінің қаулысымен Украинаның Винница, Житомир, Киев және Кировоград облыстарында тұратын 35 820 поляк күштеп жер аударылды. Олардың бәрі Қазақстанның солтүстігіне көшірілген. Депортацияның 1940-1941 жылдардағы екінші толқыны кезінде Қазақстанның солтүстігі мен шығысына Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қызыл армия басып алған аудандардан 60 мыңнан астам поляк жер аударылды. Кейін ол аумақтар Совет одағы құрамындағы Беларусь пен Украинаның батыс облыстарына айналды.

Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгерлерге қойылған ескерткіш. Солтүстік Қазақстан облысы Озёрное ауылы, 20 шілде, 2024 жыл.

Совет билігі тұсында Озёрное ауылында бидай өсіретін "Авангард" совхозы құрылды. Совет одағы тарағаннан кейін совхоздың да жұмысы тоқтады. Жұмыссыз қалған халық жан-жаққа көше бастады. Жақында осы ауылдағы жалғыз төрт жылдық мектеп жабылған. Озёрное ауылында тұратын оқушылар көрші Келлеровка ауылындағы мектепке қатынап оқиды. Қазір Озёрное ауылында 200 адам тұрады.

Қазақстанға жер аударылған поляктардың ұрпағы тұратын Озёрное ауылында велосипед теуіп жүрген балалар. 20 шілде, 2024 жыл.

Бірақ, жойылып кетуге шақ тұрған ауыл болғанымен, мұнда қайнаған тіршілік байқалады. Өйткені Озёрное ауылы Қазақстан мен Польшада тұратын католиктер тәуап етіп келетін орынға айналған.

ТАҢҒАЖАЙЫП КӨЛ, АЛТАРЬ, ҚҰЛШЫЛЫҚ

Ауылдағы аңыз бойынша, 1941 жылы жер аударылған поляктар аштан қырылып жатқанда, ауыл іргесінде бұлақтан түзілген көл пайда болған. Аш халық осы көлден балық аулап жеп аман қалған. Бірнеше жылдан кейін көл тартылып, жойылып кеткен. Құдайға сенетіндер бұл оқиғаны ғажайыпқа балап, халықты қасиетті Мария ана құтқарды деп есептейді.

Мариямкөл жағасына Құдай ана мүсіні қойылған. Солтүстік Қазақстан облысы Озёрное ауылы, 20 шілде, 2024 жыл.

1997 жылы осы аумақтағы бағзы заманнан бар Мариямкөл деп аталатын су айдыны жағасына қолына балық толы ау ұстаған Құдай ананың мүсіні қойылған. Ауыл халқы осылай аштық жылдары болған таңғажайып оқиғаны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізгісі келген. Қазақстанға жібермес бұрын мүсінді ұлты поляк Рим папасы екінші Иоанн Павел қасиетті сумен аластап, дұға оқыған.

Мариямкөл жағасына қойылған Құдай ана мүсіні. Солтүстік Қазақстан облысы Озёрное ауылы, 20 шілде, 2024 жыл.

Озёрное ауылындағы алғашқы католик шіркеуі 1990-жылдардың басында ашылған. Бірнеше жылдан кейін ауыл іргесінде үлкен ғибадатхана салынды. Онда христиан мерекелері атап өтіледі.

Озёрное ауылындағы католик шіркеуі. Солтүстік Қазақстан облысы, 20 шілде, 2024 жыл.

2013 жылы ғибадатханаға "Қазақстан жұлдызы" деп аталатын алтарь қойылған. Ол басқа христиан құлшылық орындарына ұқсамайтын ерекше футуристік дизайнда жасалған. Бұл – әлем бойынша қойылған 12 алтарьдің бірі. Оны поляк суретшісі Мариуш Драпиковский жасаған. Қазақстанға жеткізілмес бұрын алтарьды Рим папасы Бенедикт XVI дұға оқып аластаған.

Озёрное ауылындағы католик ғибадатханасындағы "Қазақстан жұлдызы" деп аталатын алтарь. 21 шілде, 2024 жыл.

Алтарьда Мария ана бейнесі мен Киелі кітаптан (Көне өсиет) алынған бірнеше суреттен бөлек, қазақша ою бар. Ол – католиктер мен Қазақстанды байланыстыратын элемент. 2011 жылы Озёрное ауылындағы католиктер қоғамы ресми түрде "Әлем патшайымы, Қазақстанның қорғаны Құдай ананың ұлттық киелі орны" деп аталды.

Балалар лагеріне келгендер тақуа әйелге ілесіп кетіп барады. Озёрное ауылы, 20 шілде, 2024 жыл.

Жыл сайын Озёрное ауылына мыңдаған адам келеді. Бұл шағын ауылдың өмірін жандандырып, жер аударылған поляктардың ұрпағына тарихи отанын жадынан шығармауға көмектеседі. Бірнеше жыл бұрын Озёрное ауылында үш қабатты қонақ үй ашылған. Кейде онда бос орын болмайды.

Жексенбі күні Озёрное ауылындағы католик шіркеуінде құдайға құлшылық жасап тұрған қарт адам. Солтүстік Қазақстан облысы, 21 шілде, 2024 жыл.

Биыл поляк еріктілер келіп, зиратты қаулап өсіп кеткен арамшөптен тазартып, қалпына келтірген.

Қазақстанға жер аударылған поляктардың зиратын арамшөптен тазартып жүрген польшалық ерікті. 20 шілде, 2024 жыл.

Зираттың күтімі жақсы, бірақ Қазақстанның бұл өңірінде шөп тез өседі, сондықтан жергілікті халық зиратты арамшөптен тазартып үлгермейді.

Озёрное ауылындағы зират. Солтүстік Қазақстан облысы, 20 шілде, 2024 жыл.

Шөптен тазарған зират тіпті мұңды көрінеді: марқұмдардың аты-жөні өшіп кеткен тақтайша, қисайған крест, балалар моласы. Бұлардың көбі 80 жыл бұрын, Қазақстанның қытымыр қысына шыдай алмаған поляктар арасында өлім-жітім, әсіресе бала өлімі күрт көбейген кезде пайда болған.

Үйінің ауласында жүрген Озёрное ауылының тұрғыны. Солтүстік Қазақстан облысы, 20 шілде, 2024 жыл.

"ПОЛЯК ЕКЕНІМІЗДІ ҰМЫТПАЙМЫЗ"

Жергілікті қариялар сол бір ауыр кезең туралы ата-aнасының әңгімесінен ғана естіген. Бірақ өздері танымайтын кісімен депортация жылдары жайлы сөйлесуді қош көрмейді. "Одан да саған кәді беріп сый-құрмет көрсетейін, қолымда басқа ештеңе жоқ", – деді қарт кісі депортация туралы қойған сұрақтарымды елемей.

Жексенбі күні католик шіркеуіне құлшылық қылуға бара жатқан Озёрное ауылы тұрғындары. Солтүстік Қазақстан облысы, 21 шілде, 2024 жыл.

Жер аударылған поляктарға арналған арнайы қоныс режимі совет диктаторы Сталин қайтыс болғаннан кейін ғана жойылды. 1956 жылы Совет үкіметі "1936 жылы Украина СССР-інің Польшамен шекаралас аудандарынан күштеп көшірілген поляк азаматтарын арнайы қоныстандыру бойынша шектеулерді жою туралы" қаулы қабылдады.

Құжатта депортациядан зардап шеккен азаматтарға өтемақы төлеу, күштеп көшіру кезінде тәркіленген мүлкін қайтару қарастырылмаған. Оларға туған жеріне оралуға рұқсат бермеді. Ақтау процесі Совет одағы құлардан сәл бұрын ғана басталды. 1990 жылы СССР президентінің "20 және 50-жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының құқықтарын қайта қалпына келтіру туралы" жарлығы шықты. 1991 жылы "Қуғын-сүргінге ұшыраған халықтарды ақтау туралы" заң қабылданды.

Озёрное ауылының шетінде жайылып жүрген жылқы. 20 шілде, 2024 жыл.

Қазақстанға нақты қанша поляк азаматы жер аударылғаны белгісіз: тарихшылар 100 мыңнан 250 мың адамға дейін болған деген әртүрлі дерек келтіреді. 1959 жылғы халық санағының дерегі бойынша, сол кезде Қазақстанда 53 мың поляк болған. Қазір елде 32 мыңға жуық поляк тұрады, олардың көбі Қазақстанның солтүстік өңіріне қоныстанған.

Кешкілік Озёрное ауылындағы қонақ үй алдында осы маңда тұратын екі зейнеткер фотоаппаратыма назар аударды. Олар қасыма келіп, өздерін таныстырды.

– Атым Иван, 80 жастамын, – деді аласа бойлы, жас көрінетін, сұр түсті тор көз жейде киген қарт кісі. – Полякпын, бірақ жер аударылған жоқпын, мұнда Украинадан комсомол жолдамасымен келдім. Солай Қазақстанда қалып қойдым. Ауылымыз жойылып барады, бірақ мұнда әлі күнге көп поляк тұрады.

– Тарихи отаныңыз Польшаға көшкіңіз келмей ме?

– Польшада істейтін ештеңе жоқ. Білмейтіндер кетеді. Әйелім балаларыммен 3-4 рет барып келді. Туыстарымыз сонда тұрады, бірақ ұнамады.

Поляк ұлтының өкілдері Иван (сол жақта) және пан Карчинский. Солтүстік Қазақстан облысы Озёрное ауылы, 20шілде, 2024 жыл.

– Ал сіз Польшада болдыңыз ба? – деймін өзін Карчинский деп таныстырған қарияға бұрылып.

– Бір рет бардым.

– Ұнады ма?

– Қонаққа барған жақсы, бірақ өз үйіңе жетпейді. Бірнеше күн болған соң, Қазақстанды сағындым. Бірақ поляк екенімізді ұмытпаймыз, үйде әжеммен тек полякша сөйлесеміз. Поляк туыстарымызбен араласып тұрамыз.

Озёрное ауылындағы католик шіркеуінде жексенбілік құлшылыққа қатысып тұрған адамдар. Солтүстік Қазақстан облысы, 21 шілде, 2024 жыл.

Жексенбі күні Озёрное ауылындағы шіркеуде адам лық толы болды. Олардың көбі – поляк еріктілер мен көрші ауылдардан жазғы католик лагеріне келген мектеп оқушылары. Жергілікті халықтан тек зейнеткерлер ғана келген.

Діни құлшылық өткеннен кейін Карчинский мен әйелін көріп қалдым: аласа бойлы қарт кісілер таяққа сүйеніп, ақырын аяңдап бара жатты. Шіркеудің шыға берісінде еріктілер шоколад таратып тұр. Олар Карчинскийлерді құшақтап, полякша сөйлесе бастады.

Жексенбі күні католик шіркеуінде Құдайға құлшылық жасағаннан кейін сыртқа шығып келе жатқан ерлі-зайыпты Карчинскийлер. Солтүстік Қазақстан облысы Озёрное ауылы, 21 шілде, 2024 жыл.

– Күйлі-қуаттысыз ба? Шаршаған жоқсыздар ма? – дедім мен.

– Құдаймен сөйлесуден шаршауға бола ма? – деді Карчинский шіркеу қақпасына беттеп бара жатып.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақтың жапан даласына депортацияланған поляктар