31 қаңтарда түстен кейін Қазақстанның бірнеше қаласында бір мезгілде наразылық шарасы өтті. Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Шымкент, Орал және Петропавл қаласында ондаған - кейбір жерде жүзден астам жүргізуші биліктен көліктерді тіркеу шартын жеңілдетуді сұрады.
Бұған дейін ішкі істер министрлігі шетелден көлік алғандардан барлық төлемді, утилизация алымын және баж салығын өтеп, автомашиналарын тіркеуді талап еткен еді. Бұл төлемді өтеуге шамасы жетпейтінін айтқан жүргізушілер қаңтар айының ортасынан бері төлемдерді азайтуды сұрап келеді.
ЖҮРГІЗУШІЛЕР ТАЛАБЫ
Бірнеше қалада наразылық өткізген жүргізушілердің басты талабы - көлікті жеңілдікпен тіркеу. Заң бойынша, Еуразия экономикалық одағы елдерінен көлік әкелгендер кедендік баж салығы, бастапқы тіркеу және утилизация алымын төлеуі тиіс. Шетелдік көлік иелерінің ауырсынып отырғаны - соңғы екеу. Қазақстанның Экология кодекс талаптарына сай, мәселен утилизация алымы 2,5-3 миллион теңгеден бастап, өсе береді.
- Утилизация алымы тым қымбат. Кез келген өркениетті елде утилизация алымының құны біздегідей қымбат болмайды. Алым көлемін не үшін солай бекіткенін ешкім дұрыс түсіндірмейді. Бұл қаржы қайда кетеді? Жергілікті телеарналардың бірінің хабарлауынша, бұл жеке компаниялардың қалтасына кетеді, - деді Алматыдағы наразылыққа келгендердің бірі.
- Көлікті бастапқыда тіркеу үшін 1 млн 325 мың теңге төлеуім керек. Утилизация алымын айтпай-ақ қояйын. Бұл автодилердің мүддесін ашық түрде қорғау, - деді Дәукен Санатов есімді Алматы тұрғыны.
Билікке жазған мәлімдемесінде алматылық жүргізушілер шетелдік көліктерді амнистиямен тұрақты түрде тіркеуге алуды, көлікті тіркеу кезде төлейтін төлемді қайта есептеуді талап еткен. Олар бұған дейін мұндай көліктерді сары нөмірмен уақытша тіркеу туралы айтқан биліктің ұсынысынан бас тартатынын айтқан. "Сары нөмір алмаймыз!" деді наразылыққа келген жүргізушілердің бірі.
Олар баж салығы мен утилизация алымын төлеуге қарсы еместігін, тек халықтың жағдайын ескеріп, оларды арзандату қажеттігін айтты.
- 2019 жылы Армениядан 3,5 миллион теңгеге Toyota көлігін сатып алдым. Мен оны әдемілік үшін емес, отбасымды асырайын деп алдым. Енді міне, оны тіркету үшін бірнеше миллион теңге төле деп талап етіп отыр. Мен ол ақшаны қайдан аламын? Билік заңға (2014 жылы қабылданған "Жол ережелері" туралы заң - ред.) сілтеме жасайды. Ал заң не үшін қабылданады? Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін қабылданады. Ендеше заңды өзгертсін, - деді Алматы облысынан келген Дамир Оңғарбек есімді жүргізуші.
Азаттық тілшілері оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратты:
- Билік 170 мың отбасының мүддесіне зиян келтіріп отырған заңды алып тастап, халық мүддесіна сай шешім қабылдасын, халық үнін естісін, - деді ақтөбелік жүргізуші Мақсат Балғазин наразылық кезінде.
БИЛІК НЕ ДЕЙДІ?
Әр қалада наразылық алаңда немесе әкімдік ғимараты маңында өтті. Кейбір жерде жүргізушілер әкімнің шығуын талап еткенмен қала басшылары шыққан жоқ.
Алматы, Нұр-Сұлтан және Ақтөбеде кеден саласы және әкімдік өкілдері жүргізушілерді сабырға шақырып, олардың сұрақтарына жауап беруге тырысты.
Алматыда өзін мемлекеттік кіріс департаментінің кедендік рәсімдеу басқармасының жетекшісі ретінде таныстырған Қайрат Бокишев жүргізушілердің "заңды дұрыс түсінбегендіктен" наразылық жасап отырғанын айтты. Оның айтуынша, Армения мен Қырғызстанда тіркелген көліктерді Қазақстан шекарасынан өткізген кезде жүргізушілер ешқандай кедендік баж салығын төлемеген.
- Ол жаққа барып, көлікті сатып алардан бұрын заңды оқып алу керек еді. Барлық ақпарат ресми органдардың сайтында тұр, - деді ол наразы азаматтарға.
Оның айтуынша, Армения немесе одаққа мүше өзге елдерден әкелінген көліктерге сол елдерде салық төленіп қойған. Қазақстанда кедендік баж салығын төлер кезде сол мөлшер есептеледі. "Кейбір кезде бұл - 500, 800 доллар" деді кеден өкілдері.
- Кез келген кеден бекетіне барып, сұраңыздар. Бәрін есептеп шығарып, түсіндіріп береді, - деді Қайрат Бокишев.
Дегенмен ол утилизация алымы мен бастапқы тіркеу туралы сұрақтарға жауап бере алмайтынын айтты.
Ақтөбеде облыс әкімінің орынбасары Рахат Сыдықов "бұл мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселе, сондықтан шешімін күтейік" деп көпті сабырға шақырды.
Нұр-Сұлтанда жүргізушілер қала әкімінің шығуын талап еткенмен әкім шықпады. Кейінірек әкімдік өкілдерімен мәселені талқылау үшін әкімдік ғимаратының ішіне кіріп кетті. Ол жаққа Азаттық тілшілерін кіргізген жоқ.
Шымкентте әкімдік өкілдері наразы жүргізушілермен Отырар кітапханасында кездесу ұйымдастыруға тырысты. Бұл кездесудің немен аяқталғаны әзірге белгісіз.
МИТИНГ НЕМЕН АЯҚТАЛДЫ?
31 қаңтар күнгі жүргізушілердің митингісі кемінде 1,5-2 сағатқа созылды. Алматыда митинг соңында бірнеше адам жүргізушілердің талаптары жазылған мәлімдемені билікке тапсыру үшін әкімдікке кіріп кетті. Қалғаны тарады. Нұр-Сұлтан мен Шымкентте кешкі 17:00 шамасында әкімдік пен жүргізушілер кездесіп жатты.
Биыл қаңтардың 14-і күні ішкі істер министрлігі "Қазақстан аумағына кірген Армения, Қырғызстан, Ресей нөмірі бар көліктерді заңға сай тіркеу керегін" мәлімдеген еді. Министрлік шетелден көлік алғандарға барлық төлемді, утилизация алымын және баж салығын өтеп, автомашиналарын тіркеуді ұсынған.
Бұдан кейін Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жаңаөзен, Орал, Петропавл және Семей қалаларында жүргізушілер жиналып, көлікті тіркеудің шығыны тым көп екенін айтып, үкіметтен автомашиналарын жеңілдікпен әрі арзан жолмен тіркеуге мүмкіндік беруді талап еткен.
24 қаңтарда үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік нөмірі бар көліктердің мәселесін шешу үшін оларды 2021 жылдың 1 наурызына дейін уақытша тіркеуді тапсырған.
Президент мұндай көлігі бар адамдар 2021 жылдың 1 наурызына дейін кедендік баж салығы мен утилизация алымын төлеп, көлікті тұрақты тіркеуден өткізуі қажет немесе көлікті Қазақстан аумағынан шығаруы тиіс немесе заңмен тыйым салынбаған басқа әрекетті жүзеге асыруы тиіс деген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шетелден алған көлікті тіркеу дауы ушықты. Жүргізушілер неге наразы?