ҚАЗИЕВ ІСІ
53 жастағы Еркін Қазиев ісі Алматы облысы Қарасай аудандық сотында қаралды. Судья Амангелді Махамбетов шығарған шешім бойынша, Еркін Қазиевке берілген жаза мерзімінің ішіне оның биыл 2 мамырдан бері үйқамақта отырған уақыты енгізілді. Сонымен қатар, оған 100 сағат мәжбүрлі түрде қоғамдық жұмыс істеу міндеттелді. Еркін Қазиев жаза мерзімін өтеу барысында полиция бақылауында, яғни пробацияда болады. Судья сот кезінде Қазиевтің айыбы толық дәлелденгенін мәлімдеді. Қазиев сот шешімімен келіспейді. Ол апелляциялық шағым түсіретінін айтты.
- Егер тәуелсіз болса, жоғары жаққа бағынбаса, ақталып шығатын едім. [Шешіммен] жүз пайыз келіспеймін. Заң бұзған жоқпын, заңға шектеулер қойып, мені кінәлі деп тапты, - деді Қазиев.
Бес айға созылған Қазиевтің сотына тұрақты түрде қатысып келген Қайрат Қылыш та сот шешімін құптамайды. Оның сөзінше, "Қазиевті айыптау ретінде ұсынылған дәйектердің ешқайсысы дәлелденбеген. Аудиолар мен мәтіндерге сараптама жасаған сарапшы ресми тіркелген заңды тұлға болмаған".
Айыптау актісіне сай, Қазиев 2018 жылы 29 қыркүйекте ұялы телефоны арқылы елде экстремистік деп танылған ҚТД қозғалысының Telegram чатына "Батыр", "АКМ" логиндерімен тіркеліп, ҚДТ жетекшісі Мұхтар Әблязовтың идеяларын үгіттеп, ақпарат тарату арқылы қолдау білдірген.
Сот отырыстарында Қазиев ҚДТ қозғалысының жақтаушысы екенін жасырмады. "Бар-жоғы ҚДТ бағдарламасын қолдаушымын" деген ол процестердің бірінде.
Бұған дейін сот отырысында прокурор Еркін Қазиевті екі жыл бас бостандығын шектеп, қоғамдық жұмысқа тартуды сұраған. Қазиев сот процестері кезінде өзіне тағылған айыпты мойындамаған.
Қазиевке "экстремизмге қатысы бар ұйым жұмысына араласты" деген айып бойынша қылмыстық іс биыл наурызда қозғалған. Мамырда Қарасай аудандық соты Қазиевті үйқамаққа алу туралы шешім шығарған. Сот шешімі бойынша, Қазиевті ұстау кезінде тәркіленген діни кітаптар, аудиофайлдар және ақша түгелімен өзіне қайтарылатын болды.
ЖАХИН ІСІ
Нұр-Сұлтандағы Сарыарқа аудандық №2 соты "ҚДТ қозғалысының материалдарын Facebook желісінде тұрақты түрде бөлісті" деп айыпталған астаналық Серік Жахиннің бір жыл бас бостандығынан шектеді. Шешімге сай, 60 жастағы айыпталушы осы аралықта пробациялық бақылауда болуы тиіс.
14 қазанда өткен жарыссөз кезінде прокурор соттан Жахинге 1,5 жыл бас бостандығын шектеуді және пробациялық бақылау белгілеуді сұраған.
Жахин айыптармен келіспейді. Ол бұған дейін өткен сот отырыстарында "Кімнің постымен бөліскім келсе де өз еркім. Мен өз пікірімді ғана білдірдім. Біреудің тыйымына бола өз принципімнен танбаймын. Сондықтан менің ешқандай кінәм жоқ" деген еді.
Сотталушының адвокаты Аманжол Мұхамедияров сотта Жахиннің айыптары толық дәлелденбегенін айтады. Оның ойынша, айыптау тарабы белгісіз біреудің жасаған скриншотын дәйек еткен.
БАС БОСТАНДЫҒЫН ШЕКТЕУ ЖЫЛЫМЫҚ ПА?
Құқық қорғаушы Ринат Рафхат Қазақстан соты бұған дейін "ҚДТ қозғалысын қолдады" деп айыпталғандарды бірнеше жылға соттап немесе ұзақ жылға бас бостандығын шектегенін, бірақ соңғы кездері жауапқа тартылғандарға бір-бір жарым жыл көлемінде шартты жаза тағайындалып жатқанына назар аударады.
- Шартты жаза тағайындаудың ар жағында қоғамдағы халықтың үні мен халықаралық ұйымдардың Ақордаға қарата жасаған түрлі мәлімдемелері әсер етуі мүмкін. Әлеуметтік желідегі жазбалары не репостары үшін азаматтарды жауапқа тарту тәсілдерін амалсыз жеңілдеткен болар. Себебі адам құқығы бұзылып жатқан елдерге дамыған елдерден ешқандай инвестиция да келмейді ғой. Әрі түрмеге қамау Қазақстанның имиджіне де теріс әсер етеді, - дейді ол.
Құқық қорғаушы азаматтардың бас бостандығын бір жылға шектеудің де әділ жаза емес екенін айтады. Ринат Рафхат "айыпталғандардың еркін жүріп-тұруына тыйым салудың өзі – адам құқығын бұзу" деп есептейді.
БҰРЫН ІСТІ БОЛҒАНДАР
Қазақстанда "ҚДТ жұмысына араласты я қолдады" деген айыппен бұған дейін де бірнеше адам жауапқа тартылған.
- 2018 жылы наурыздың 13-і күні Астананың Есіл аудандық соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында оның іс-әрекетіне тыйым салған кезде Алматыда графикалық дизайнер болып істейтін Ақмарал Тобылова ұсталды. Екі күннен соң оны "қылмыстық топтың іс-әрекетін қаржыландырған" деген күдікпен үйқамаққа алды (Қылмыстық кодекстің 266-ы бабы). Бір айдан соң кепілге босатты. Жүкті әйелді қылмыстық қудалауға халықаралық ұйымдар араласты. Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Тобылованы "ар-ұждан тұтқыны" деп атады. Бауыры Нұртайдың Азаттыққа хабарлауынша, Ақмарал Тобылованың үстінен қозғалған іс "қылмыс құрамының болмауы" себепті тамыз айында тоқтатылған.
- 2018 жылы маусымда Қазақстан билігінің талабымен 41 жастағы блогер Мұратбек Тұңғышбаевты Қырғызстаннан экстрадициялады. ҚДТ-ға қатысы бар деп айыпталған Тұңғышбаевты қарауылмен Бішкектен Алматыға жеткізді. Әуелгіде блогер өзін қудалаудың саяси астары бар екенін айтқан еді. 2018 жылы қарашада билікке тәуелді бірнеше сайт Мұратбек Тұңғышбаевтың "өкінгені" туралы мақала жариялады. Кейін оның Алматыдағы тергеу абақтысынан шыққаны белгілі болды.
- Қыркүйектің 26-сы күні Орал қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты 58 жастағы белсенді Бакиза Халелованың бостандығын шектеді. Сот ҚДТ іс-әрекетіне қатысқаны үшін айыпталған зейнеткерге әлеуметтік желілерді қолдануға тыйым салды.
- Қазанның 2-сі күні Алматы соты 30 жастағы Әсет Нұржаубайды шартты түрде төрт жылға соттады. Оны алаяқтық жасады, Әблязовқа жақтас болды және ҚДТ қызметіне қатысты деп айыптады. Сотта өзіне тағылған айыптарды мойындамаған Нұржаубай соңғы сөзінде өкінетінін айтып, Әблязовті айыптады. Жарты жылға жуық қамауда болған Әсет Нұржаубай осы сөзінен кейін еркіндікке шықты.
- Қазанның 24-і күні Семей соты 52 жастағы Фарит Ишмұхаметовке үкім шығарды. Әлеуметтік желіде жариялаған ҚДТ қозғалысына "қатысы бар" жазбалары үшін белсендінің бас бостандығын бір жылға шектеп, қоғамдық жұмыс атқаруды міндеттеді.
- Қарашаның 2-сі күні сот үкімімен Ақмола облысының 44 жастағы тұрғыны Мұратбек Арғынбековке әлеуметтік желіде ҚДТ қозғалысына "қатысы бар" жазбалар жариялағаны үшін бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
- Қарашаның 30-ы күні Алматы тұрғыны Әсет Әбішев ҚДТ іс-әрекетіне қатысқан деген айыппен төрт жылға бас бостандығынан айырылды.
- Ақтаудың 38 жастағы тұрғыны Айгүл Ақбердіге қатысты сот ісі шиеленісті өтті. Ақбердінің жұбайы, 44 жастағы Абловас Жұмаев 2018 жылы қыркүйектің 20-сы күні Telegram-чаттағы "алауыздықты өршітетін" және "билікті күшпен басып алуға шақырған" жазбалары үшін үш жылға сотталған еді. 2019 жылы ақпанның 6-сы күні сот "билікті басып алуға шақырды" деп айыпталған Айгүл Ақбердіні ақтады. 2019 жылы шілдеде сот Жұмаевтың түрме жазасын шартты жазаға ауыстырып, қамаудан босатқан.
Қазір елде "ҚДТ қозғалысын қолдады" деп айыпталған бірнеше адамның соты әлі жалғасып жатыр. Олардың арасында ІІМ отставкадағы майоры талдықорғандық Болатхан Жүнісов, Нұр-Сұлтан тұрғындары Ақмарал Керімбаева мен Гүлмира Халықова, Алматы тұрғындары Оксана Шевчук, Гүлзипа Жәукерова, Әнуар Әшіралиев және Жазира Демеуова бар. Айыпталғандардың көбі изоляторда я үйқамақта отыр.
Әблязов "Қазақстанда демократиялық және конституциялық реформаны" жүзеге асыруды мақсат тұтатын ҚДТ қозғалысының құрылғанын 2017 жылы сәуірде жариялаған еді. Әблязов ҚДТ-ның бейбіт, құқықтық мемлекет құруды көздейтінін айтып, оны "экстремистік ұйым" деп таныған сот шешімімен келіспейді.