Екінші президент тұсында парламентті екінші рет сайлау

Алматы қаласындағы №254 сайлау учаскесінде дауыс беріп жатқан сайлаушы. 19 наурыз, 2023 жыл.

Алматы қаласындағы №254 сайлау учаскесінде дауыс беріп жатқан сайлаушы. 19 наурыз, 2023 жыл.

Қазақстан азаматтары парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлап жатыр. Азаттық телеграм-каналында сайлаудың барысынан тікелей трансляция ұйымдастырды.

АРАЛАС ЖҮЙЕМЕН ӨТЕТІН САЙЛАУ

Кезектен тыс сайлау пропорционал және мажоритар жүйе арқылы өтіп жатыр. Мәжілістің 69 депутаты (70 пайызы) партиялық тізіммен, ал 29 (30 пайызы) депутат бірмандатты округтер бойынша өзін-өзі ұсыну жолымен сайланады.

Облыстық, астаналық және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары да аралас жүйемен: жартысы партиялық тізіммен, қалған жартысы бірмандатты округтерден, ал аудандық және облыстық маңызы бар қала мәслихаттары тек бірмандатты округтер арқылы сайланады.

Астана қаласындағы №111 сайлау учаскесіндегі алғашқы дауыс берушілер. 19 наурыз, 2023 жыл.

Астана қаласындағы №111 сайлау учаскесіндегі алғашқы дауыс берушілер. 19 наурыз, 2023 жыл.

Бұған дейін мәжіліс пен мәслихат депутаттары тек партиялық тізім бойынша ғана сайланып келген. Былтыр қоғамда билікке әлеуметтік және саяси талаптар қоюмен басталған жаппай наразылық елдің жаңа тарихындағы ең ірі қантөгіспен аяқталғаннан кейін, Қазақстанның Конституциясы мен сайлау туралы заңына өзгертулер енгізілген. Ақорда ол өзгертулерді билік жүйесін жаңарту, саяси бәсекеге жол ашу ретінде көрсетуге тырысты.

Алайда билікті сынаушылар бұл өзгертулер билікке өзіне ыңғайлы парламент жасақтауға кедергі келтірмейтінін айтып жүр. Сайлауға Қазақстанда ресми тіркелген жеті партия қатысып жатыр. Оның екеуі биыл жаңадан құрылған. Ешбірі президент пен оның командасын сынамайтын осы жеті партиядан сайлауға барлығы 281 кандидат түсті. Елде бұл жетеуінен өзге бірнеше жылдан бері партия ретінде тіркеле алмай жүрген бірнеше оппозициялық топ бар. Олар өздеріне билік кедергі келтіретінін, саяси бәсекеге жол бермей, түрлі жасанды бөгет ойлап табатынын айтады.

Мәжілістегі 29 орынға бірмандатты округтерден саяси бәсекеге түскен жүздеген кандидат таласып жатыр. Арасында әлгі жеті партия ұсынғаны да, өзін-өзі ұсынғаны да бар. Сарапшылар көп жылдан бері сайлау тәртібі өзгеріп, тәуелсіз кандидаттар өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік алғанымен, дауыс беру қорытындысын шығару бұрынғыдай атқарушы билікке тәуелді бюджет мекемелері қызметкерлерінен жасақталатын сайлау комиссияларының қолында екенін айтып отыр. Билік депутаттыққа өзін-өзі ұсынып, сайлауға түсіп жатқандар арасында алуан түрлі кандидаттардың болуын саяси бәсекенің жарқын көрінісі ретінде көрсетіп қалуға тырысады дейді саяси талдаушылар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Димаш Әлжанов: Тоқаевты сынаушыларды саяси қабілетсіз етіп көрсетуге талпыныс

ТАҒЫ ДА КЕЗЕКТЕН ТЫС САЙЛАУ

Биыл қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде 19 наурызда парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлау туралы жарлық шығарған. Тоқаев мұндай шешімді былтыр 20 қарашада кезектен тыс өткен президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша қайтадан осы қызметке сайланғаннан кейін тура екі айдан соң шығарған.

Президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша, Тоқаевты сайлаушылардың 81 пайыздан көбі қолдаған. Саясаттанушылар Тоқаев кезектен тыс президент сайлауын өзіне дейін 30 жылға жуық ел басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың шылауынан шығып, билікке толық ие болуды көздеп өткізді деген пікір айтып жүр. Назарбаев 2019 жылы президенттіктен кеткен кезде өз орнына сол кезде сенат төрағасы болған Тоқаевты қойып кеткен еді. Президент қызметінен кеткенімен, Назарбаев Қаңтар оқиғасына дейін мемлекеттік аппаратқа ықпалын жүргізе берді.

Ірі қантөгіске әкелген Қаңтар оқиғасын "биліктегі элита ішіндегі тартыс" деп есептейтіндер аз емес. Қанды Қаңтардан кейін Назарбаевтың басынан бағы тайды: өзі билікте отырған кезде заңға енгізіп бекітіп алған "елбасы" мәртебесінен, билікке ықпалы күші Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметінен айырылды. Оның туыстарына да тықыр таянды, кейбірі істі болып, жауапқа тартылды.

Тоқаевтың билігін нығайтқан былтырғы 20 қарашадағы сайлауды Батыс бақылаушылары "саяси бәсеке болған жоқ" деп сынады. Биылғы парламент сайлауы қарсаңында Ақорда саяси бәсеке болады деп уәде берген. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылаушылары наурыздың басында жариялаған аралық есебінде сайлауалды науқан "жанданған болып көрінетінін", негізінен, "әлеуметтік және экономикалық мәселелерге" назар бұрған кандидаттардың бағдарламасы мен сөзінде ешбір тақырыпқа басымдық берілмегенін атап өткен.

Саясаттанушылар Ақорда "жаңа Қазақстан" құруға уәде еткеніне қарамастан, сайлау науқаны ескі әдіс-тәсілмен өтіп жатыр дейді. Кандидат болуға өзін-өзі ұсынған ондаған адам түрлі уәжбен, көбісі "сайлау декларациясындағы мәліметтер дұрыс емес" деген уәжбен сайлаудан шеттетілді, арасында белсенділер, блогерлер, ғалымдар бар.

Сайлаудан шығарылған кандидаттар оның саяси астары бар деп мәлімдеді. Билік ондай сөздерді терістеді.

Қазақстанда мәжіліс депутаттығына өзін-өзі ұсыну институты 2007 жылы жойылған. Сол кезден бері мәжілісті сайлау тек пропорционал жүйе бойынша өтіп келді. 2018 жылы жергілікті өзін-өзі басқару органы – мәслихатқа сайлау да тек партиялық тізім бойынша өтті.

Азаттық Телеграм-каналында сайлаудан тікелей трансляция жүргізіп жатыр:

19 наурызда елдің көп бөлігіндегі сайлау учаскелерінде дауыс беру Астана уақытымен таңертең сағат 7.00-де басталды. Уақыт айырмашылығына байланысты Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында дауыс беру Астана уақыты бойынша сағат 8.00-де басталды. Дауыс беру сағат 20.00-ге дейін жалғасады.

Елде барлығы 10 мыңнан астам, шетелде (77 мемлекетте) 66 сайлау учаскесі құрылған.

Сайлаушы тізімінде 12 миллионнан астам азамат бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ескі әдіс". Тәуелсіз кандидаттарды сайлаудан шеттетудің астарында не жатыр?

Қазақстандағы биылғы кезектен тыс сайлау геосаяси жағдай шиеленісіп, Украинада соғыс болып жатқан тұста өтіп жатыр. Ресейдің одақтасы саналатын Астана Мәскеудің "денацификациялау" деген желеумен Украинаға қарсы басқыншылығын қолдаған да, айыптаған да жоқ. Қазақстан Украинаның жерінің тұтастығын құрметтейтінін мәлімдеген, Мәскеу басып алған Украина жерлерін Ресей федерациясының бөлігі деп таныған жоқ. Ресми Астана Батыс елдерімен де, Қытаймен де байланысын жалғастырып, көпвекторлық саясат ұстануға тырысып жүр.

Батыс елдері Ресейге салған санкциялар солтүстіктегі көршісіне экономикалық тұрғыдан тәуелді Қазақстанға да соққи болып тиді. Ресми статистикаға сүйенсек, былтыр инфляция деңгейі 20 пайыздан артып, азық-түлік бағасы 25 пайыз қымбаттады. Инфляцияның жоғары болуы, халықтың табысының кемуі Қазақстан экономикасының негізгі проблемаларының бірі болып отыр. Еуропа нарығына көмірсутекті Ресей жері арқылы шығаратын Қазақстанның экономикасына сыртқы конъюнктура, экспортқа шығарылатын шикізат бағасы мен Мәскеудің көңіл-күйі қатты әсер етеді.

БҰҒАН ДЕЙІНГІ САЙЛАУЛАР

Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздігін жарияланғаннан бері осымен тоғызыншы рет парламент сайлап жатыр. Алғашқысы 1994 жылы өткен. Жоғарғы кеңес деп аталған заң шығарушы орган үкімет саясатын сынап, бірнеше рет сенімсіздік білдірген. Бір жылдан кейін ол таратылды.

Ал 1995 жылғы 30 тамызда Қазақстан екінші рет Конституция қабылдады (біріншісін 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылдаған). Құқыққорғаушылар мен саясаттанушылардың көбі осы құжат авторитар басқару моделін нығайтып, президенттің өкілетін күшейтіп, биліктің заң шығарушы тармағын әлсіретті деп есептейді. Елде екі палаталы парламент пайда болды. Былтыр Конституцияға кезекті рет өзгертулер енгізілді. Енді жоғарғы палата – сенат 50 депутаттан тұрады. Оның 40-ы – 17 аймақтан, астана мен республикалық маңызы бар екі қаладан сайланады. 10 депутатты президент жарлығымен тағайындайды, оның бесеуін президент жанындағы консультативтік-кеңесу органы – Қазақстан халқы ассамблеясы ұсынады. Бұрын ҚХА парламенттің төменгі палатасы – Мәжіліске тоғыз депутат ұсынатын.

Қазақстанда мәжіліс сайлауы 1995, 1999, 2004, 2007, 2012, 2016 және 2021 жылдары өтті.

1995 жылы елде мажоритар сайлау жүйесі, 1999 және 2004 жылдары — аралас мажоритар-пропорциялық сайлау жүйесі қолданыста болды.

2007 жылдан бастап Мәжіліс тек партиялық тізім бойынша сайланатын тәртіп енгізілді. 2007 жылғы сайлаудан кейін елде құрамы президент Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясынан ғана тұратын бір партиялы Мәжіліс пайда болды. Қаңтар оқиғасынан кейін партия атауын "Аманат" етіп өзгертті. Оның төрағасы болып Тоқаев сайланды. Бірақ көп отырған жоқ, бірнеше айдан соң партиядан шығып, басшылығынан кетті. Ол кезде Конституцияға президент ешбір партияға мүше бола алмайды деген өзгерту енгізілген еді.

2012, 2016, 2021 жылдары өткен сайлаудың қорытындысы бойынша, мәжіліске Назарбаевтың партиясынан басқа билікшіл тағы екі партия – Коммунистік халық партиясы (қазір Қазақстан халық партиясы деп аталады) мен "Ақ жол" партиясы өтті. Екеуі де өзін "парламенттегі оппозициямыз" деп атайды.

2021 жылы парламентті сайлаған кезде Тоқаев президент қызметінде отырғанымен, сайлау науқаны мен қорытындысы Назарбаевтың сызбасымен өтті деп есептейді сарапшылардың көбі. Ол кезде Қазақстандағы "қос билік" туралы жиі айтылатын.

Ал биылғы сайлауға "Аманат", Қазақстан халық партиясы және "Ақ жолға" қоса Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, "Ауыл", Respublica және "Байтақ" партиялары түсіп жатыр.

Парламентке өту үшін партия еңсеруі тиіс меже былтыр жеті пайыздан бес пайызға төмендетілген.

Сайлау бюллетенінде "Бәріне қарсымын" деген графа да бар. 2011 жылы сайлау заңынан алып тастаған осы графаны қайтадан қолданысқа енгізуді Тоқаев пен оның командасы елді демократияландыруға бағытталған саяси реформалардың бір бөлігі ретінде көрсеткен. Бірақ билікті сынайтындар Тоқаев реформасын авторитар билік жүйесіне еш әсер етпейтін, сырттай сылап-сипау деп сипаттайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Евгений Жовтис: Тоқаевтың дара билігін бекіткен шара болды