Шығыс Қазақстан облысында бір тәулік ішінде бір айлық нормалы жаңбыр жауып, 30 шақты жеке тұрғын үй мен 150-ге жуық ауланы су алғаны хабарланды. Наурыздың 11-інде облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің (ТЖД) баспасөз қызметі тасқын судан облыс орталығы Өскемен қаласы, Аягөз, Ұлан, Глубокое және Үржар аудандары зардап шеккенін мәлімдеді. ТЖД таратқан ақпаратта: "Құрбан болғандар жоқ" деп жазылған.
Жергілікті БАҚ Аягөз ауданында төтенше жағдай жарияланғанын, тасқын су басқан аудандардан ондаған адам көшірілгенін жазып жатыр. Ұлан ауданындағы Мамай батыр ауылында тасқын судың көпірден асқаны туралы ақпар жарияланды.
Ресми мәлімет бойынша, ТЖД-ға өткен тәулік ішінде мыңнан астам тұрғын жәрдем сұрап, өтініш түсіркен. Шұғыл құрылған құтқару тобының мыңға тарта мүшесі бұл аудандарға 300-дей көлікпен барған.
Апта соңында жауын-шашын молайып, тұман басып тұрған Шығыс Қазақстан облысының кейбір жолдарында "көктайғақ мұз бен көшкін жүру қаупіне" байланысты көлік қозғалысына шектеу енгізілген. Ауа райын болжау мамандарының сөзінше, сенбі жауған жауын-шашын мөлшері айлық нормадан асып кеткен.
Ұлан ауданында Өскемен-Алматы автокөлік жолының бірнеше участогын су алған. ТЖД жергілікті жол жөндеу кәсіпорындарының су асып ағып жатқан жолдарды нығайту жұмыстарына кіріскенін мәлім етті.
Әлеуметтік желі қолданушылары ШҚО-ның бірнеше ауданындағы су басқан елдімекендерді көрсететін түрлі видео жариялап жатыр.
Аймақта көктем шыға мұндай төтенше жағдай жыл сайын дерлік туып отырады. Былтыр сәуірде Шығыс Қазақстан облысында қар суы еріген соң өзендер тасып, бірнеше жолдың жабылғаны, Глубокое ауданында адамдарды қауіпсіз аймаққа көшіру қажет болғаны хабарланған.
Оқи отырыңыз: Мамандар су тасқынының түрлі себептерін айтады