Қазақстанда тағам қалдығы көп жағдайда қоқысқа төгіледі, одан әрі полигонға жол тартады. Мұндай қалдық дұрыс шірімесе, метан бөледі. Осылайша ғаламдық жылыну процесін жылдамдатуға ықпал етеді.
Тағам қалдығын полигонға жіберу екі есе тиімсіз: біріншіден, олар суды, топырақты, ауаны ластайды. Екіншіден, бұл – ысырап.
Кей ғалымдар тағам қалдығы мәселесін шешу үшін "Қара сарбаз" шыбынын қолдануды ұсынады. Ғылымда оның Hermetia illucens деген аты бар. Мұндай шыбындар тағам қалдығын жоюға қалай көмектесуі мүмкін? Қарапайым тілмен түсіндіргенде, олардың дернәсілдеріне, яғни личинкаларына тамақ қалдығын береді. Дернәсілдер олардан тыңайтқыш өндіріп шығарады. Ғалымдар олар өндіретін тыңайтқыштың құрамы микроэлементтерге бай келетінін айтады. Бұған қоса, дернәсілдерін малға азық ретінде қолдануға да болады.
“Қара сарбаздың” отаны – Латын Америкасы. Жылы жерде тіршілік ететін “қара сарбазды” Қазақстанда өсіретіндер оны арнайы жылы орында ұстайды.
EcoKundelik-тің алғашқы эпизодында біз сондай шыбынды өсіріп жүрген алматылық ғалым Серікхан Айдарханұлы және қызылордалық кәсіпкер Дидар Әбілдәұлымен сөйлесіп көрген едік. Қара сарбаз шынымен де тағам қалдығы мәселесін шеше ала ма? Оны қалай өсіреді? Үй жағдайында өсіруге бола ма? Адамға қауіпті емес пе? Осы және өзге сұрақтарға жауап ізделеді.