"Президентке адалдығын дәлелдегендер". Тоқаев неліктен ескі кадрларды жаңа қызметке тағайындады?

Парламентте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауын тыңдап отырған үкімет мүшелері. Астана, 1 қыркүйек, 2023 жыл.

Қазақстандағы жаңа саяси маусым президент әкімшілігін қайта құрылымдау мен кадрлық ауыс-түйістен басталды. Жаңа қызметке тағайындалғандардың барлығы – Тоқаев төңірегінде бұрыннан жүрген ескі кадрлар. Президент неліктен тек ескі кадрларға сүйенеді?

ҚАЙТА ОРАЛҒАН БОЗЫМБАЕВ ПЕН ЖАҚЫПОВА

− Мен сені естідім. Тыңда! Адам бар ма сіздердің араларыңызда?! Тыңда, ёпт!

Бұл − 2022 жылғы 5 қаңтарда сол кездегі Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың облыс әкімдігінің алдына жиналған наразылардың алдына шыққанда айтқаны. Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттағанына наразылық Қазақстанның өзге өңірлеріне жайылған кез. Өзін тыңдата алмаған әкімнің бейпіл сөз айтып балағаттағаны наразылықты одан сайын күшейтіп жіберді. Әкімді жан-жақтан қаумалаған ашулы халық "Кет!" деп айғайға басты.

Талдықорғандағы наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласып, наразы топ облыс әкімдігі алдындағы алаңда тұрған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін мәшинемен тартып құлатты. Қақ ортасынан бөлінген ескерткіштің жоғарғы бөлігін, әкімдік ғимараты алдында "дарға" асып қойды.

Бұрынғы президент Нұсұлтан Назарбаевтың демонстранттар тұғырынан құлатқан ескерткіші. Талдықорған, 5 қаңтар, 2022 жыл. Фото авторы - Сандуғаш Дүйсенова.

Қаңтарда халық алдына шыққан Бозымбаевтың видеосы тараған соң төрт ай өткенде ол қызметінен босатылды. Ақорда сайтындағы жарлықта "басқа жұмысқа ауысуына байланысты" деп айтылса да, Бозымбаев содан бері саяси алаңда мүлде көрінбеді. Бір жылдан астам уақыт көзден таса болған Бозымбаевты Тоқаев осы аптада президент әкімшілігіне қайтарып, өзіне кеңесші етіп тағайындады.

Сарапшылар 2019 жылы билік транзиті басталғанда Бозымбаевты Тоқаевқа жақын кадр қатарына жатқызған. Бозымбаев Тоқаев билігі тұсында, 2019 жылдың желтоқсаны мен 2021 жылдың қарашасы аралығында президенттің көмекшісі болып істеді. Бозымбаев бұған дейін энергетика министрі, Павлодар мен Жамбыл облыстарының әкімі қызметін атқарған.

"Бозымбаевтың қызметке оралуы Назарбаев кезеңіндегідей Тоқаев дәуірінде де туыстық қарым-қатынас пен жылдар бойы өзінің адалдығын дәлелдеген азаматтарға жол ашық дегенді көрсетеді" дейді саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов.

Қанат Бозымбаев

Бозымбаев – жария саяси алаңнан уақытша жоғалып кетіп, жоғары қызметке оралған жалғыз шенеунік емес. Тоқаев сондай-ақ 2019 жылы даулы мәлімдемесімен есте қалған Светлана Жақыпованы үкіметке қайтарып, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымына тағайындады. Жақыпова 2019 жылдың ақпанында Астана түбінде көмірмен жылитын жер үйде өрт шығып, бір отбасының бес баласы қаза тапқанда еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары қызметін атқарған. Өрт шыққан түні балалардың ата-анасы жұмыста болған. Қайғылы оқиға қоғамда резонанс туғызып, әлеуметтік проблемаларды шешуді талап еткен аналардың жаппай наразылығына ұласты.

Журналистер қайғылы оқиғадан соң сол кездегі еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыповадан "балалардың ата-анасы неге түнде жұмыс істеуге мәжбүр болды?" деп сұраған. Жақыпова журналистер сауалына "бұл – олардың таңдауы" деп жауап берген. Вице-министрдің бұл сөзі желіде сынға қалды. Жеті айдан кейін Жақыпова қызметтен кетіп, саяси алаңда көптен бері көрінбеген.

Your browser doesn’t support HTML5

Ескі де жаңа министрлер. Тоқаев үкімет құрамын өзгертіп жатыр

ҰЛТТЫҚ БАНК ТІЗГІНІН ҰСТАҒАН СҮЛЕЙМЕНОВ, АҚПАРАТ САЛАСЫНА ҚАЙТЫП КЕЛГЕН БАЛАЕВА

Жаңа саяси маусым басталған күздің алғашқы күні Тоқаев президент әкімшілігінің құрылымын өзгертті. Президент әкімшілігі жетекшісінің алты орынбасарының қызметі жойылып, төрт бөлім қысқартылды. Бірақ қызметі қысқартылған басшылар жұмыссыз қалған жоқ.

Президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары, 45 жастағы Тимур Сүлейменов қызметінен босатылды, бірақ жұмыссыздар қатарында ұзақ отырып қалмады. Ұлттық банк төрағасы қызметіне барды.

Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болған 49 жастағы Аида Балаева мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды. Бұл министрлік мәдениет саласын қосып алып, қайта құрылымдалды.

Бұл − Балаеваның ақпарат саласы басшылығына екінші мәрте келуі. Президент әкімшілігіндегі қызметіне дейін Балаева 2020 жылдың мамырынан 2022 жылдың қаңтарына дейін ақпарат және қоғамдық даму министрі болған.

Аида Балаева

Балаева министр болған кезде журналистердің жұмысына кедергі келтірген оқиғалар жиі болып тұрды. 2021 жылы полиция Азаттық тілшілеріне бірнеше рет кедергі келтіріп, телефонын тартып алған, парламент сайлауы кезінде сайлау учаскесінен күштеп шығарып жіберген. Министр бұл оқиғаларға реакция білдірмеді. Бірақ Алматының Алатау ауданы әкімдігінің күзетшісі мемлекеттік "Хабар 24" журналисін мекеме ғимаратынан күштеп шығарып жіберген оқиғаға Балаева әлеуметтік желіде бірден реакция танытып, тілшіге күш қолдануды заңға қайшы әрекет деп бағалаған. Тәуелсіз журналистер ақпарат министрлігі тек мемлекеттік журналистерге араша түсіп, тілшілерді алалай ма деп Балаеваны сынға алды. Кейін Балаева "Азаттық тілшілеріне әкімдік я мемлекеттік орган ғимаратында күш қолданған жағдай есімде жоқ" деді, бірақ журналистерді "саяси көзқарасы мен ұстанымына қарамастан қорғауға дайын екенін" айтты.

ЭКС-БАНКИР − ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ, ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚҚА ТАП БОЛҒАН ӨҢІРДІҢ ЭКС-ӘКІМІ – СУ РЕСУСТАРЫ МИНИСТРІ

Бірнеше күнге созылған тағайындаулар нәтижесінде қызметінен алынған екі экс-министр облыс басқаруға жіберілді. Өмір бойы күштік құрылымдарда істеп, аймақ басқарып көрмеген 58 жастағы бұрынғы ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Ақмола облысының әкімі болып тағайындалды. Ол Қаңтар оқиғасынан кейін, 2022 жылдың ақпанынан бері ішкі істер министрлігін басқарып келген.

Марат Ахметжановтың ішкі істер министрі кезіндегі суреті.

Марат Ахметжановтың орнын оның орынбасары болған Ержан Сәденов басты. 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде Сәденов Маңғыстау облысы ішкі істер департаменті басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған. 2011 жылғы 16 желтоқсанда полиция Жаңаөзен мұнайшыларының ереуілін күшпен басып, халыққа оқ атты. Ресми дерек бойынша, 17 адам қаза тауып, жүзден астам азамат жараланды.

Жаңаөзен оқиғасынан кейін ұсталғандар уақытша қамау абақтысында азапталғанын айтып шағымданған. Жаңаөзен қаласы ішкі істер басқармасының тергеу абақтысындағы азаптаудан соң Қызылсай ауылының 50 жастағы тұрғыны Базарбай Кенжебаев қаза тапты. "Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен сотқа тартылған ондаған адам, оның ішінде мұнайшылар ереуілінің белсенділері сотта полицейлер өзін тергеу кезінде азаптап, айыпты күшпен мойындатқанын айтқан еді. Азаптау туралы шағым Маңғыстау облысының прокуратурасына берілді, алайда прокурорлар азаптау фактісі дәлелденбегенін мәлімдеді. Қазақстанда түрмедегі азаптау негізінен жазаланбай қалып жатады.

Ербол Қарашөкеев

Ауыл шаруашылығы министрі қызметін екі жыл атқарған 46 жастағы Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысына әкім болып барды. Қарашөкеев ауыл шаруашылығы министрі қызметіне 2021 жылдың қыркүйегінде, Маңғыстау қуаңшылықтан зардап шегіп жатқан тұста келген. 2021 жылы қуаңшылыққа байланысты Маңғыстау мен тағы бірқатар өңірде жаппай мал қырылған. Сол жылы желтоқсанда тілшілер сұрағына жауап берген Қарашөкеев Маңғыстауда қуаңшылық болса да, болмаса да жыл сайын 3,5-4 мың мал басы қырылатынын айтқан.

Қарашөкеев былтыр жазда қант тапшылығы туындаған тұста сол кездегі сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановпен бірге мәселені реттей алмағаны үшін Тоқаевтан сөгіс алған. Президент ауыл шаруашылығы министрлігін биыл көктемде азық-түлік инфляциясы үшін сынаған. Қарашөкеев енді құрғақшылықтан зардап шегіп, 7,8 мың гектар қант қызылшасы қурап жатқан облысты басқармақ.

Ал су тапшылығынан қатты зардап шегіп жатқан Жамбыл облысын басқарған 56 жастағы Нұржан Нұржігітов су ресурстары және ирригация министрі болып тағайындалды. Нұржігітов басқарған облыстың бірнеше ауданында егістік суының тапшылығына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Жамбыл облысына Қырғызстаннан келетін су он есе азайып, егістің жартысы шықпай қалған. Облыстағы су мәселесін шешпеген Нұржігітов енді елдегі су ресурстарына жауапты болмақ.

Тоқаевтың жарлығымен қайта құрылымданған өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің басына негізінен банк саласында топ-менеджер қызметін атқарған, "Ситибанк Россия" банкінің Ресей, Украина мен Қазақстан бойынша қаржы директоры және банктің вице-президенті болған 42 жастағы Қанат Шарлапаев келді. Шарлапаевтың құрылыс пен өнеркәсіп саласында тәжірибесі жоқ, есеп және аудит, қаржы мен басқару мамандығы бойынша оқыған.

Шарлапаев Қаңтар оқиғасынан кейін, 2022 жылдың ақпанында "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің" басқарма төрағасы болып тағайындалған. Сол тұста "Бәйтерек" холдингінің сайтында оның Ресей мен Ұлыбритания азаматы екені жазылған-ды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бұл мәліметті растаған. Ақпарат құралдарының жазуынша, Шарлапаев Қазақстан азаматтығын былтыр қарашада алған.

Кез келген автократия режимінде автократ басшының айналасындағы адамдардың адалдығы бірінші орында тұрады. Жабық жүйеде тек адалдығын дәлелдегендердің тасы өрге домалайды

Сарапшы Шалқар Нұрсейітов автократ режимде қарым-қабілет пен тәжірибе маңызды емес, тағайындалған адамның президент көңілінен шығып, тапсырмасын бұлжытпай орындағандардың қызметі өседі дейді. "Тағайындалған адамдар ойын ережесін жақсы біледі, оны қабылдайды және президент тапсырмасын мүлт етпей орындауға тырысады".

Тоқаев сапырыстырып, орнын ауыстырған, саяси алаңға қайта әкелген тұлғалардың бәрі – ескі кадрлар. Шалқар Нұрсейтовтің пайымдауынша, Тоқаевтың ескі кадрларды жаңа қызметке тағайындауы авторитар режим табиғаты өзгермегенінің көрсеткіші.

"Кез келген автократия режимінде автократ басшының айналасындағы адамдардың адалдығы бірінші орында тұрады. Жабық жүйеде тек адалдығын дәлелдегендердің тасы өрге домалайды", − дейді ол.

Қайта құрылымдау мен кадрлық ауыс-түйістен кейін бірнеше шенеунік қызметсіз қалды. Экология және табиғи ресурстар министрлігін небәрі сегіз ай басқарған Зүлфия Сүлейменова, спорт және мәдениет министрі болған Асхат Оралов пен Қаңтар оқиғасынан бері Ұлттық банкті басқарып келген Ғалымжан Пірматов әзірге ешқандай қызметке тағайындалмады.

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың ойынша, патрон-клиент жүйесі бойынша кадр тағайындау жүйесі жалғасып жатыр. Шенеуніктерді жазықты болғаны үшін емес, қандай да бір нәрсені бүлдіріп, оның арты Тоқаевтың беделіне нұқсан келтіретін төтенше жағдайға ұласса ғана қызметінен кетіреді.

"Министрлер, әкімдер мен басқа жоғары шенді шенеуніктерді қандай да бір жауапкершілікті арқалаған кезде кетсін деп емес, керісінше, сол қызметте барынша ұзақ отырсын деп тағайындайтынын көреміз, өйткені олар осы элита ішіндегі тепе-теңдік жүйесінің бөлшегі. Министрер мен әкімдер қандай да бір кемшілік жіберген жағдайда жауапкершілік принципі іске аспайды, өйткені бұл номенклатураның жазылмаған ережесіне қайшы", − дейді Сәтпаев.

Сарапшы Нұрсейітов жаңа тағайындаулар қазақстандықтардың өмір сапасына әсер етпейді дейді. Себебі бұл шенеуніктер өзін тағайындаған президент немесе премьер-министрге ғана есеп береді.

"Бұлар еш уақытта азаматтарға есеп беруді маңызды деп санамайды, өйткені олардың қызметке келіп-кетуіне сайлаушылар еш әсер ете алмайды. Сондықтан бұл үкіметтің құрамы жүз пайыз жаңарса да, бұл кадрлық ауыс-түйістің елдегі шынайы саяси-экономикалық, әлеуметтік оң өзгерістерге алып келуі екіталай", − дейді Нұрсейітов.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

“Әдемі бастама көп, бірақ жүзеге асыру механизмі жоқ”. Тоқаевтың жолдауы туралы сарапшымен сұхбатҚураған егіс, қуарған дала. Жамбыл облысының шаруалары шығынға баттыТоқаевтың табелі. Ішкі саясатта не болып жатыр?"Жаңа Қазақстандағы" ескі басшылар. Сайлауды желеу етіп, әкімді қайта тағайындау"Билікке сенімсіздік және ауыл қазандығы дәрежесіндегі талқылау". АЭС туралы сұрақтарға жауап бар ма?