Қытайда "қысыммен түсік жасатқан" әйел

Your browser doesn’t support HTML5

Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің Алтай аймағында туылған Гүлзира Мөгдін: "Түсік тастауға мәжбүр болдым"

Қазақстандыққа күйеуге шыққан Қытай қазағы Азаттыққа былтыр қазан айының соңында Шыңжаңдағы туған жері – Бурылтоғайға төркіндеп барған кезінде "саяси лагерьге қамалу қаупі туып, жергілікті биліктің қысымымен жасанды түсік жасатқанын", "өкпе дертіне шалдыққанын" айтты.

Шыңжаңда екі баламен жесір қалған соң Қазақстанға қоныс аударып, қайта тұрмыс құрып, көңілі бүтінділе бастаған келіншектің өмірі төркініне соңғы сапары кезінде астаң-кестең болды.

Гүлзира Мөгдін – Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің Алтай аймағы Бурылтоғай ауданының Көкағаш ауылында туып өскен этникалық қазақ, Қытай азаматы.

2017 жылы шілде айында Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Қарақыстақ ауылына қоныс аударып, Аман Аңсаған есімді қазақстандық азаматпен тұрмыс құрған. 37 жастағы Гүлзираның қайтыс болған бірінші күйеуінен екі баласы бар. Өзінің айтуынша, қазақстандық азаматқа тұрмысқа шыққан кезде Шыңжаңдағы Бурылтоғай аудандық полиция бөлімі "екі айдан соң Қытайға қайтадан келіп, құжаттарға қол қойып кету керектігі" туралы ескерткен.

- Оқушылардың күзгі демалысы кезінде екі баламды алып Қытайға бардым. Ауылға (Көкағаш – ред.) барысымен екі баламның және менің құжатымды жергілікті сақшылар (полиция – ред.) жинап алды. Онымен қоса телефонымды да алып кетті. Кейін оны 24 сағат өткен соң қайтарып берді. Басында маған "Қазақстанға қайтар кезде құжаттарыңызды аласыз" деген болатын. Кейін сұрап барғанымда [полиция]: "Сіз ешқайда кетпейсіз. Осында біраз бола тұрасыз деді", - дейді ол.

Гүлзира Мөгдін

Гүлзираның баяндауынша, жергілікті полиция бөлімі оған: "Телефоныңызда "WhatsApp" бағдарламасы бар екен. Соған байланысты шекарадан шықпайсыз" деп түсіндірген. Қазақстанда оқитын екі баланы жергілікті мектепке орналастырған.

- "Телефоныңызда шетелдің программасы бар. Балаңыз орнатты ма? Ол жақта кіммен араласасыз? Мешітке барасыз ба?" деп барлығын сұрады. Мен ешкіммен араласпайтынымды, "WhatsApp" желісінде тек күйеуіммен және екі баламның сыныбының группасы ғана бар екенін, ол жаққа жаңа ғана барғанымды айттым, - дейді ол.

Шыңжаңда бастан өткерген зобалаң туралы Гүлзираның көрген-білгенін жергілікті билік өкілдері арқылы растау мүмкін емес. 2017 жылғы сәуір айынан бастап Қытай ұйғырлары мен қазақтарының қысым көріп, Шыңжаңдағы саяси үйрену орталықтарына мыңдап қамалып жатқандары туралы ақпарат тарай бастаған. Бұл туралы халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз жиі жазып келеді. Қытайдың Қазақстандағы елшілігі бұл шағымдарға қатысты ресми мәлімдеме таратпай отыр.

Қарай отырыңыз: "Туыстарымыз қамалды" деген Қытай қазақтары БҰҰ-нан көмек сұрады:

"ЖАСАНДЫ ТҮСІК ЖАСАТУ"

Гүлзира Қытайға барғаннан кейін Бурылтоғайдағы жергілікті ауруханада қаралып, аз уақыт емделгенде аяғы ауыр екенін білгенін айтады. Бірақ жергілікті билік өкілдері "Қытайдың жоспарлы туу" заңына байланысты үш балалы болуға болмайтынын, сол себепті міндетті түрде жасанды түсік жасату керек екендігін ескерткен.

Қытай билігінің бұл талабы туралы естіген Аман Аңсаған әйеліне "іштегі баланың Қазақстан азаматына тиесілі екенін, Қытай заңына қатысы жоқтығын" түсіндірген. Гүлзира "қазақстандық күйеуінің рұқсатынсыз түсік жасата алмайтынын және өзінің Қазақстанда босанатынын" айтып, түсік жасатудан бас тартқан.

- [Полиция] екі күнде бір келіп, мені үгіттей берді. Мен көнбегеннен кейін сондағы жалғыз ағамды шақыртты. Олар күндіз емес, түнгі он екіден кейін жұмыс істейді. Бір күні түнгі он екіден кейін келіп, мені машинамен кеңселеріне алып барды. Барсам, менен бұрын ағамды алып келіпті. Менің көзімше ағама: "Сенің қарындасың біздің айтқанымызға бой ұсынбаса, барлық жауапкершілігін сен көтересің" деп қысым жасады. Ағам сол жерде: "Қарындасым айтқандарыңызды істейді. Істемесе, мен жауапты боламын" деп қағаз жазып берді. Содан кейін үйге әкелді де, жеке басымды анықтайтын куәлігімді алып кетті. Ол куәліксіз дүкенге де шыға алмайсыз. Еріксіз олардың айтқанына көндім, - дейді ол.

Гүлзира Мөгдін

Гүлзираның сөзінше, жергілікті билік бойына біткен екі жарым айлық пінәсін қаңтардың бесі күні жергілікті ауруханаға апарып алдыртқан. Ол полиция бөлімінің жиі шақыртуынан кейін көршілері де, тіпті туыстары да араласудан қорыққанын, өзі түскен ағасының үйіне ешкімнің бас сұқпайтын болғанын еске алады. Гүлзира жасанды түсік жасатқаннан кейін бір апта өткенде есінен танып құлап, ауруханаға түскен.

- Сол жерде (Бурылтоғай ауруханасында – ред.) емделіп бір апта жаттым. "Тұмау екен. Әлсіреп қалғансыз, ештеңе етпейді" деп уколдарын салып, дәрілерін берді. Бірақ ауруханадан шыққаннан кейін бірнеше күн өткенде: "Сен анадай ауру екенсің (туберкулез - ред)" деп артымнан келді. Мен: "Ауруханада жатқанда ондай екенімді неге айтпадыңдар? Бір апта емделдім ғой" деп көнбедім. Сосын мені тағы бір үлкен емханаға апарып өздері ақшасын төлеп, еріп жүріп тексертті. Қағаздарын әкеліп сол жерде отырған бір қазақ дәрігеріне көрсетіп еді: "Бұл – ондай ауыр түрі емес, жай өкпе қабынған ғой" деді. Бірақ олар мені қайтадан үйге әкелді де: "Сен ауылдың ауруханасына жатасың" деді, - деп баяндайды ол.

Көп ұзамай Гүлзираның көрген қиындығы Қытайдағы туыстарының басына түскен. Қаңтардың 27-сі күні Бурылтоғай аудандық полициясы Қытайда тұратын жалғыз ағасын ұстап, саяси үйрену орталығына апарған. Өзі ауруханаға жатуға бас тартқан кезде жергілікті медициналық мекемеде қызмет істейтін немере сіңілісін қысымға алған.

- Сіңілімнің де аяғы ауыр еді. Оны қысымға алғаннан кейін жылап-еңіреді. Сосын барып [ауруханаға] жаттым. Бірақ мені оқшауланған жерге жатқызды. Жаныма балаларымды да кіргізбеді. Үш уақыт тамақты өздері әкеліп береді. Есіктің сыртына камера орнатып қойды. Кіріп-шыққан адамдарды қарап отыру үшін. Осылайша он күн жатқызды. Сол жерде туберкулездің дәрісін берді. Осылайша мені қолдан туберкулез жасады. Ондағы ойлары егер Қазақстандағы күйеуім түсік жасатқаны үшін шағым жасаса, ақталуға керек болды ғой деп ойлаймын, - деп тұспалдайды Гүлзира.

ЕЛГЕ ОРАЛУ

Гүлзира Мөгдін Бурылтоғай ауруханасынан шыққан соң Көкағашта бұрын өзі тұрған мекенде алты ай үйқамақта болып, 2018 жылдың мамыр айында Қазақстанға оралған. Өзінің айтуынша, үйқамақта отырған кезінде рұқсатсыз еш жерге шыға алмаған тек арнайы адамдардың көлігімен ғана жүріп-тұрған.

Алты ай бойы "бес адам кезекпен үйге келіп" бақылап отырған. Бұл уақытта қызы – мектеп-интернатта, ұлы – бұрынғы күйеуінің әке-шешесінің қолында болған.

Гүлзираның жұбайы Аман Аңсаған Азаттыққа Қазақстанның Қытайдағы елшілігіне, Қазақстан президенті мен Сыртқы істер министрлігіне және халықаралық ұйымдарға хат жазып, бұл іске араласуын өтінгенін айтты.

- Қытай билігі әйелімді қолдан туберкулез жасады. Тек менің арызымнан кейін Қазақстан билігі араласып, [Гүлзираны] кері қайтарды, - дейді Аман.

Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қытайда қамалған Қазақстан азаматтары мен этникалық қазақтарды босату туралы Астана мен Пекиннің арасында келіссөз жүріп жатқанын, тиісті нота жолданғанын бірнеше рет мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Туыстарымның қай лагерьде отырғанын білмеймін"

Гүлзира Мөгдін қазір Алматы облысы Жамбыл аудандық орталық ауруханасында "туберкулез" диогнозы бойынша тіркеуде тұр. Өзін "Мәриямхан Елебаева" деп таныстырған емдеуші дәрігер Азаттыққа Гүлзира Мөгдіннің туберкулездің жеңіл түрі бойынша тіркеуге тұрғанын, қазір емделіп жүргенін растады. Дәрігер Гүлзираға Қытайда мәжбүрлі түрде жасанды түсік операциясы жасалғанын растау қиын екенін, өйткені түсіктің болған-болмағанын арада біраз уақыт өткен соң анықтау мүмкін емес екенін айтты. Азаттық тілшісі Гүлзираның емдеу кітапшасын көре алмады. Дәрігер кітапшаның пациентке берілгенін, ал Гүлзира ондай құжаттың қолына тимегенін айтты.

Қытай билігі "саяси тәрбиелеу орталықтарындағы" азаптаулар мен қудалау туралы соңғы екі жылда жиі айтылатын шағым мен сынды терістеп келеді. Қытайдың адам құқығы бюросының өкілі Ли Сяоцзюнь қыркүйектің 13-і күні Reuters агенттігіне берген сұхбатында: "Орталықта ешқандай қысым жасау жоқ. Кәсіби біліктіліктерін шыңдап, тренингтерден өтеді. Кейін жақсы жұмыс тауып, негізгі заңдарымызды үйреніп шығады" деген. Сонымен бірге Қытайдың Ұлыбританиядағы елшісі Лю Сяомин Шыңжаңда этникалық топ өкілдерінің қудаланатынын терістеген.

​Қыркүйектің 10-ы күні Human Rights Watch (HRW) халықаралық ұйымы арнайы есебін жариялап, Қытайдағы лагерьлер мен түрмелердегі адам төзгісіз жағдайды сипаттаған. Ұйым Қытай билігінің іс-әрекетін сынап, Пекиннен лагерьлерді қамалғандарды босатуды талап еткен.

HRW "Астана Қытайдан баспана іздеп келген азаматтарды кері қайтармай, көшіп келген этникалық қазақтарға азаматтық беру мәселесін кешіктірмеу керек" деп кеңес берген. "Шыңжаңдағы саяси үйрену орталығында жұмыс істегенін" айтқан, Сайрагүл Сауытбай есімді күйеуі қазақстандық, этникалық қазақ әйел Қазақстанға заңсыз өтіп, оны Қытай билігінің сұрауымен биыл мамырда Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұстап, сотқа тартқан. Алматы облысының Жаркент аудандық соты тамызда Сайрагүл Сауытбайды Қытайға экстрадицияламай, "шекараны заңсыз кесіп өткені үшін" алты ай шартты жаза кесу туралы шешім шығарып, сот залынан босатып жіберген.

Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде болған терроризмге қарсы шара кезінде қару асынған солдаттарға қарап тұрған ұйғыр азамат. Мамыр айы, 2014 жыл

Ал Гүлзира Мөгдін Бурылтоғай полициясы өзін Шыңжаңдағы саяси оқыту орталықтарының біріне апарып қамауды көздеді, "бірақ жүктілігім оған кедергі болды" деп санайды. Оның қазіргі басты уайымы – Бурылтоғайда қалған ағасының ендігі тағдыры.