Accessibility links

Қытай қазағы әйелінің Түркияда ұсталғанын хабарлады


Қытайда туған, сол елде қамауда болып шыққан этникалық қазақ Өмірбек Бекалы Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу лагерінде" отырған туыстарының суреттерін көрсетіп тұр. Алматы, 31 наурыз 2018 жыл.
Қытайда туған, сол елде қамауда болып шыққан этникалық қазақ Өмірбек Бекалы Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу лагерінде" отырған туыстарының суреттерін көрсетіп тұр. Алматы, 31 наурыз 2018 жыл.

Шыңжаңда қамауда болып, былтыр Қазақстанға оралған, Қытайда туған этникалық қазақ Өмірбек Бекалы әйелі, Қытай азаматы Раушангүл Ташмағамбетке депортация қаупі төніп тұр дейді.

Қытай түрмесінде сегіз ай қамауда отырып, 2017 жылдың қараша айында босап шыққан соң Қазақстанға келіп, кейін жеке қауіпсіздігі үшін Түркияға барған Өмірбек Бекалының басына түскен сергелдең мұнымен бітпеген сияқты. Азаттыққа ол өзінің соңынан Түркияға келмек болған әйелі Раушангүл Ташмағамбеттің қазір Стамбулдағы Ататүрік әуежайында уақытша қамауда отырғанын хабарлады.

Қытайда туған этникалық қазақ, өзін "Қазақстан азаматымын" деп таныстырған Өмірбек Бекалының айтуынша, қыркүйектің 16-сы күні Алматыдан Стамбул қаласына ұшып келген азаматтық некедегі әйелі Раушангүл Ташмағамбет пен ұлы Мұхаммед Өмірбекұлын "Ататүрік" әуежайында жергілікті полиция ұстап, сыртқа шығармай отыр.

Өмірбек Бекалы әйелі мен баласы Қазақстаннан заңды түрде виза алып Түркияға ұшқанын айтады.

Ол – (Раушангүл Ташмағамбет – ред.) әлі Қытай азаматы. Әлі [Қазақстан] азаматтығын алмады. Мен – Қазақстан азаматымын. Сол себепті екеуміз [заңды] некеге тұрмадық. Кішкентай баламыз бар. Алты айдан бері олар Қазақстанда, мен Түркияда тұрып жатқанмын. Менің басыма туған күн олардың басына да туа ма, жоғалып кете ме деп қорқып, Түркияға шақыртқан едім, - деді Өмірбек Азаттыққа телефон арқылы.

Өмірбек Бекалының айтуынша, Қазақстан Раушангүл Ташмағамбет мен баласына бес күннің ішінде Алматыдан шығып кетуіне рұқсат берген.

Раушангүл Ташмағамбеттің Түркияда ұсталғаны туралы The Financial Times газетінің Пекиндегі тілшісі Эмили Фенг Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында: "Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу орталықтарындағы жағдай туралы ашық айтқан Өмірбек Бекәлінің әйелі мен ұлын Түркия елге кіргізбей отыр. Оларға Қытайға депортация жасау және сотқа тарту қаупі төніп тұр" деп жазды.

Өмірбек Бекалы жеке басының қауіпсіздігі үшін Түркияға қашып кеткенін, алты айдан бері Стамбулда тұрып жатқанын айтады. Ол әйелі мен баласының ұсталуына Қытай билігінің қатысы бар деп күдіктенеді және Түркия оларды Қытайға бере сала ма деп қауіптенеді.

- Түркия құқық қорғау органы "[әйелімнің] құжаттарында мәселе бар" деп отыр. Қазір мәселені шешу жолын іздеп жатырмын. Әйелімнің қолындағы құжаттары - заңды. Сондықтан Қытай тарапынан бір араласу болып отыр ма деп ойлаймын, - дейді ол.

Азаттық Раушангүл Ташмағамбет пен ұлы Мұхаммед Өмірбекұлының мәселесіне байланысты Түркия сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне де хабарласқан. Министрлік өкілі "ресми хат жіберу керек екенін, телефон арқылы қандай да бір жауап бере алмайтындарын" айтты. Азаттық Түркияның сыртқы істер министрлігіне ресми хат жолдады. Осы мақала сайтқа жарияланғанға дейін Түркия тарапынан жауап келген жоқ.

Өмірбек Бекалы 2017 жылы наурызда Шыңжаңдағы Тұрфан қаласы тұратын әке-шешесіне қыдырып барып, сол жерде қамауға алынғанын айтқан. Өзінің сөзінше, сегіз ай түрмеде отырған, желтоқсанда саяси тәрбиелеу орталығынан шыққан соң Қазақстанға келген. Бекалы Қазақстанда жүргенде Қытайдағы қайта тәрбиелеу орталықтарындағы жағдайды бірнеше рет ашық айтқан.

2017 жылғы сәуір айынан бастап Қытай қазақтарының қысым көріп, Шыңжаңдағы саяси үйрену орталықтарына қамалып жатқандары туралы айтыла бастаған. Олардың арасында Қазақстан азаматтары да болған. Қытайдағы саяси үйрену орталығында болдық деген бірнеше қазақстандық бұған дейін Азаттыққа сұхбат беріп, басынан кешкендерін баяндап берген болатын. Олардың арасында Өмірбек Бекалы да бар.

Қытайдағы этникалық азшылық өкілдерінің "саяси лагерьлерге" жаппай қамалуы жайлы халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз жиі жазып келеді.

Қыркүйектің 10-ы күні Human Rights Watch (HRW) халықаралық ұйымы арнайы есебін жариялап, Қытайдағы лагерьлер мен түрмелердегі адам төзгісіз жағдайды сипаттаған. Ұйым Қытай билігінің іс-әрекетін сынап, Пекиннен лагерьлерді қамалғандарды босатуды талап еткен.

HRW "Астана Қытайдан баспана іздеп келген азаматтарды кері қайтармай, көшіп келген этникалық қазақтарға азаматтық беру мәселесін кешіктірмеу керек" деп кеңес берген.

Тамызда The Financial Times газеті Қытайдан Қазақстанға қашып өткен этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың хикаясын баяндап, Шыңжаңдағы қуғын-сүргін туралы мақала жариялаған. Қытайдың Ұлыбританиядағы елшісі Лю Сяомин мақалаға жауап хатында басылым дерегін "жұртты шатастыратын ақпарат" деп, Шыңжаңда этникалық топ өкілдерінің қудаланатынын терістеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG