Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылы ТМД елдері арасында алғаш болып қол жеткізген Еуропа Одағымен сауда-саттық келісімінің Қазақстанда ратификацияланғанына наурызда екі жыл толмақ. Ол аралықта 2015 жылы ел Дүниежүзілік сауда ұйымына кіріп үлгерді, сонымен бірге Еуразия экономика одағының ішінде интеграция процестері күшейді.
«Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы» ЕО-мен келісімде саудаға қатысты техникалық кедергілерді жою, азық-түлік қауіпсіздігі, қызмет түрлері, капитал қозғалысы, шикізат өнімдері, энергетикалық ресурстар және зияткерлік меншікті қорғау туралы шарттар туралы айтылған.
КӘСІПКЕРЛЕР НЕ ПАЙДА КӨРДІ?
Келісім мақсаттарының бірі – ЕО кәсіпкерлеріне Қазақстанда, қазақстандық кәсіпкерлерге Еуропада бірдей жағдай жасау еді. Астана мен Брюссель арасындағы сауда-саттықтың өсіп келе жатқанын алға тартқанымен Ақорда екі тарапқа бірдей немесе ыңғайлы «бизнес климатқа» әлі жете алмады.
Ұлттық экономика министрлігі халықаралық серіктестік департаментінің директоры Қайрат Төребаев Қазақстанды «ЕО-ның Орталық Азия елдері арасында нөмір бірінші серіктесі» деп сипаттайды. Бірақ ол келісім жасалғаннан бері ел кәсіпкерлеріне ЕО-да жасалған көп жеңілдікті айта алмады.
- ЕО-да дамушы елдерге арналған жеңілдіктердің бас жүйесі бар. Онда Қазақстаннан импортталатын тауарлардың тарифтерін төмендету не мүлде алып тастау қаралған. Біздің кәсіпкерлер осы мүмкіндікті пайдалана алады. Еуропаның бұл тізімінде 400 тауар түрі бар. Тауар түрлері жаңарып тұрады. Онда азық-түлік жоқ. Бірақ тігін өнімі бар, - дейді Қайрат Төребаев.
Министрлік өкілі айтып отырған ЕО-тың тарифтік жеңілдігі дамушы елдерге, олардың ішінде Ресей кәсіпкерлеріне де жүреді. Қазақстанда ЕО кәсіпкерлері ЕАЭО-ға мүше емес өзге елдердің кәсіпкерлерімен тең дәрежеде жұмыс істейді. Ал ЕАЭО мүшелері үшін ішкі сауда кеденсіз, салықсыз жүреді.
«ШИКІЗАТ ҚАНА САТПАСА ЕКЕН»
ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Петер Буриан Астана-Брюссель серіктестігі алға басып жатыр деп санайды. Ақпанның 22-23 күндері Астанадағы ЕО мен Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынастың 25 жылдығына арналған халықаралық конференцияда Азаттыққа сұхбат берген Буриан Қазақстанның «сауда-саттық жобаларына айқындық пен қалыпты орта қажет» екенін айтады.
- Елдің тарифтік бөгеттері бар, көптеген заңдарын халықаралық стандарттарға, оның ішінде ДСҰ нормаларына сай келтіру керек. Меніңше, Еуропа үшін Қазақстан нарығына қарағанда 70 миллион халқы бар тұтас Орталық Азия нарығы қызықтырақ. Бұл – келешектің мәселесі. Қазақстандағы «Бір белдеу – бір жол» сияқты үлкен жобаларға айқындық пен үйлесімді орта қажет, - дейді Петер Буриан.
«Бір белдеу – бір жол» - Пекиннің Ақорда қатысатын Қытай тауарларын Еуропаға құрлық арқылы жеткізетін жобасы. Брюссель өкілі ЕО-ның Қазақстанмен сауда-саттығының сипаты өзгерсе екен дейді.
- Сауданың құрылымы өзгеріп, кеңейсе екен дейміз. Экспорттың басым бөлігі энергия мен мұнай болғаннан гөрі Қазақстаннан келетін тауардың түрі көп болса екен. Оған Қазақстанның мұнайға тәуелді экономикасы мен өнеркәсібінің құрылымы кедергі. Бұл салада оңды өзгерістерді, энергетика саласындағы экономиканы алуантүрлі ету талабын байқаймыз. Жаңа қуат көздеріне, жасыл экономикаға иек арту бар. Бұған қатысты тәжірибеміз бен технологиямызды ұсына аламыз. «Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы» келісімге сәйкес кедергілер жойылып, ыңғайлы орта жасалады. Қазақстан тауарларының сапасын күшейтіп, түрлерін көбейту керек. Еуропа Одағының нарығы таза азық-түлікке зәру. Бұл жағдайда Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдері қызығушылық тудырады. Осы бағытты пайдаланып, ақша табуға болар, - дейді Петер Буриан.
2017 жылы Қазақстан Еуропаға құны 24,3 миллиард АҚШ долларына тең тауар экспорттаған. Оның 84 пайызы – шикі мұнай, табиғи газ, күміс, фероқоспалар және тағы басқа шикізат.
Бірақ Ұлттық экономика министрлігінің өкілі Қазақстанның мұнайдан өзге дайын зат шығаратын кәсіпкерлері Еуропа нарығына қызықпай отыр деген пікірде. Оған бірнеше себеп бар.
- Өнеркәсіпке көп көңіл бөлуіміз керек. Индустриализация қатты қарқын алды. Өнеркәсіп өнімдері дегенде ең әуелі Ресей, Қытай және Орталық Азия елдеріне қараймыз. ЕО үлкен нарық болғанымен көрші елдермен саудаласуымыз көбірек тиімді. ЕО-да бәсеке мықты. Оның үстіне Еуропа алыс. Тауар жету үшін бірнеше елдің шекарасынан өтуі керек. Онда компаниялар мен тауарға деген талап күшті, - дейді Қайрат Төребаев.
Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, былтыр Қазақстанға келген инвестициялардың 47 пайызы, ал сыртқы тауар айналымның 38 пайызы Еуропа Одағына тиесілі болған. 2017 жылы Қазақстан Еуропаға құны 24,3 миллиард АҚШ долларына тең тауар экспорттаған. Оның 84 пайызы – шикі мұнай, табиғи газ, күміс, фероқоспалар және тағы басқа шикізат. Ауылшаруашылығынан тек астық және зығыр дәні сатылған. Ал ЕО-дан Қазақстанға құны 5,7 миллиард АҚШ долларына тең бөлшек саудаға дайын дәрі-дәрмек, күрделі құбыр арматурасы мен көлік шанағы сияқты тауарлар келген.