"Қоғам өзгерді". Сайлау жайлы сарапшылар пікірі

Президент сайлауы күні полиция қызметкерлері билікке қарсы шеруге қатысушыны ұстап жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Қазақстанда алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз президент сайлауы өтті. Ел тарихындағы алтыншы президент сайлауы, саяси сарапшылардың пікірінше, қоғамда өзгерістерді қалайтын көңіл-күй өскенін және қазіргі саяси биліктің ескіргенін көрсетті.

Қазақстанда маусымның 9-ы күні өткен кезектен тыс президент сайлауы кезінде алдыңғы бес президент сайлауына қарағанда бірінші рет сайлауға қарсы рұқсат етілмеген митингілер өтті. Алматы мен Нұр-Сұлтанда наразылық акциясы күшпен басылып, жүздеген адам ұсталды (ІІМ мәліметінше, полиция бөлімшелеріне 500-ге жуық азамат жеткізілген). Ұсталғандар арасында наразылық шарасынан ақпарат таратқан бірнеше журналист пен Азаттық тілшілері де болды. Билік митингілерді елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының (Қазақстан билігін сынап жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов негізін қалаған) "радикалды көзқарастағы өкілдері" ұйымдастырған деп мәлімдеді.

Қазақстанда наразылық көңіл-күй бұдан бұрын да байқалған. Әлеуметтік мәселелерді шешуді талап еткен көп балалы аналар мен сот шешіміне наразы азаматтардың наразылық акциялары, мамыр айының басында өткен билікке қарсы митингілер (халықты наразылыққа Мұхтар Әблязов шақырған), қоғамды "оянуға" және өзгеруге шақырған жастар флешмобтары сайлау жарияланғанға дейін басталып, саяси науқан кезінде де жалғасты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан жастарының "оянуы" және элитаға төнген қауіп

Биыл наурыз айында Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілетін тоқтатқан соң президент қызметіне кіріскен дипломат, көп жылдан бері Назарбаевтың маңайында жүрген, жоғары лауазымды қызмет атқарған шенеунік Қасым-Жомарт Тоқаев билеуші партия атынан сайлауға ұсынылған. Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау күні елдегі наразылық пен "Тоқаев менің президентім емес!" деген ұрандардан хабардар екенін айтты. Сайлау учаскесінде өткен брифингте Азаттық тілшісінің сұрағына жауап беріп тұрып, Тоқаев мұндай ұран көтеру "наразы топтың таңдауы" деген пікір білдірді. Орталық сайлау комиссиясының рұқсатымен сайлау учаскелерінде сауалнама жүргізген екі ұйым жариялаған экзит-полл нәтижелеріне сәйкес, Тоқаев 70 пайызға жуық дауыс жинаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау учаскесінде дауыс бергеннен кейін журналистер сұрағына жауап беріп тұр. Нұр-Сұлтан, 9 маусым 2019 жыл.

Сайлауға "Ұлт тағдыры" қозғалысының атынан қатысқан, мемлекеттік қызметтен 20 жыл бұрын кеткен үкіметтің бұрынғы баспасөз хатшысы Әміржан Қосановты экзитпулл нәтижесі бойынша сайлаушылардың 15 пайызы қолдаған. Қосанов сайлаудың ресми нәтижесі жарияланбай тұрып, Тоқаевты жеңісімен құттықтады. Маусымның 10-ына қараған түні ол "шетелдік жалған оппозиционер ұйымдастырған митинг пен сайлауға бойкот жариялау заңсыз болды" деген пікір білдірді. "Халықты мұндайға итермелеу <…> - нағыз саяси провокация мен сатқындық" деген Қосанов бұған "құзыретті органдар тиісті шаралар" қолданғанын айтты.

Әміржан Қосанов сайлау учаскесі алдында БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп тұр. Нұр-Сұлтан, 9 маусым 2019 жыл.

Желіде сайлау күні және учаскелер жабылған соң, бюллетеньдерді топтап салу, бір сайлаушыға бірнеше бюллетень беру, учаскелік сайлау комиссиясы хаттамаларын мазмұнын өзгертіп қайта жазу, "карусель" сияқты заңбұзушылықтар болғаны жөнінде ақпарат тарады. Заңбұзушылықтардың бірқатарын сайлауға ерікті түрде бақылаушы боп қатысқан азаматтар анықтады. Маусымның 9-ы күні кешке Бас прокуратура заңбұзушылықтар болғанын растады. Прокуратура дерегінше, 19 заңбұзушылық фактісі тіркелген. Билік хаттамаларды қайта жазу жайлы пікір білдірмеді.

САЙЛАУ НЕНІ КӨРСЕТТІ?

Сайлау учаскелерінде бақылаушылар жұмысын ұйымдастырған "Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының" жетекшісі Зәуреш Батталова биліктің әдеттегідей әкімшілік ресурсты қолданғанын, бірақ бірқатар жаңалық енгізуге тырысқанын айтады. Мәселен, Батталованың пікірінше, биылғы сайлауда бюллетеньдерді топтап салуға бұрынғыдай мемлекеттік қызметкерлер емес, қарапайым азаматтар тартылған. Нәтижесінде бұл адамдар өздерін сенімсіз ұстап, қолдарындағы бюллетеньдермен бақылаушылар назарына түсіп қалған.

- Бұл сайлау билік пен халық қана емес, әртүрлі саяси күштердің бағыты да түрлі екенін көрсетті. Сондықтан бұл сайлаудан кейін ештеңе өзгермейді: билік бұрынғыдай өз байлығы мен мансабын сақтау үшін халықтың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуді тағы да кейінге ысырады, - дейді Зәуреш Батталова.

"Ұлттық зерттеулер институты" үкіметтік емес ұйымының директоры Бөріхан Нұрмұхамедов бұл сайлаудағы жаңашылдық жылдар бойы жиналған наразылық пен билік өкілдеріне сенімсіздіктің айқын көрінуінен байқалды деп есептейді. Соған қарамастан, Нұрмұхамедовтың пікірінше, соңғы жағдайлар қоғам бірлігін көрсете алмаған.

- Сайлау қоғамның жіктерге бөлініп кеткенін, олардың қажет кезде өзара келісімге келе алмайтынын көрсетті. Біздің қоғам әлі де демократия мектебінің бастауыш сыныбында отыр. Қоғамдық келісімге дейін әлі ұзақ.

​Саясаттанушы Айдос Сарым сайлаудан кейін "қазіргі саяси жүйенің бастапқы қалыптасқан формасы мен қоғамда үлкен өзгерістер бар" деген қорытынды жасауға болатынын айтады.

- Қоғам өзгерді. Бұрынғыдан ашық бола түсті. Билікті құнды, қасиетті деп бағалау жоғалды. Ақорда таңғажайып құбылыстан қарапайым менеджмент субъектісіне айналды. Саяси аренаға 1990 жылдардың басында қоғамдық байланыстар құруға қатыспаған жастардың жаңа толқыны келіп жатыр. Оларға бұл келісімшарттар мен олардың мазмұны ұнамайды. Біз 1990-жылдардың соңы - 2000-жылдардың басында құрылған партиялық-саяси жүйенің әбден тозғанына куә болдық. Елге түбегейлі реформалар керек. Бірінші кезекте, партия, сайлау, БАҚ және митингілер туралы заңдарды өзгерту қажет. Сонда елде дұрыс саяси мәдениет пен жаңа саяси шынайылық қалыптасады, қоғам даусы биліктің барлық деңгейіне жететін болады, - дейді Айдос Сарым.

Сарым алдағы парламент және мәслихат сайлаулары алдында заңнамаларды қайта қарау аса қажет екенін айтады. Саясаттанушы сайлауды бақылауға қатысқан жастардың наразы топтарын мен саяси алаңда бірнеше жылдан бері жүрген басқа күштер үлкен саясатқа жолдаманы тек реформалар арқылы ғана алады деп есептейді.

Журналист және құқық қорғаушы, Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның қызметкері Сергей Дуванов биылғы сайлауда даалдыңғы президент сайлауларындағыдай таңдау болмағанын айтады.

- Таңдауға қатысты жаңа ештеңе байқамадым. Саяси науқанды кей саяси күштер өз мүддесіне пайдалануға тырысқанын сайлаудағы жаңашылдық деп атауға болады. Мен бұл жерде Қазақстанда [экстремистік ұйым деп танылып] қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязовтың жалпыхалықтық митингілер ұйымдастыруға талпынысын меңзеп отырмын, - дейді Сергей Дуванов.

Оның сөзінше, сайлауды өз мақсатына пайдаланғысы келген екінші саяси күшке Әміржан Қосанов өкілдік ететін оппозиция жатады. Журналист пікірінше, билік Қосановқа саяси үлес бөлуге уәде беріп, оны өз билігін заңдастыруға пайдаланған болуы мүмкін.

Сергей Дувановтың айтуынша, Тоқаев президенттікке сайланғаннан кейін елде ештеңе өзгермейді. Журналист бұлай боларына көп адам күмәнсіз сенетінін айтады.

- Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасындағы негізгі сөз – сабақтастық. Осы сөзді үлкен әріптермен жазып қарағанда, елдің ендігі ішкі және сыртқы саясаты осы сөздің аясында жүретінін түсінуге болады, - дейді Сергей Дуванов.

Сайлаудан бұрын қазақстандық белсенділер саяси науқанды "әділетсіз өтеді, бәсеке болмайды, сайлау нәтижесі алдын-ала шешілген" деп болжаған. Бірқатар белсенділер халықты сайлауға бойкот жариялауға шақырған.

Қазақстанда бірінші президент өкілеті тоқтағаннан кейін болған саяси жағдайлар мен сайлауды сырттай бақылаған бірқатар әлемдік БАҚ елді 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев отставкасы тек сөз жүзінде ғана іске асқанын айтады. Қазақстанның экс-президенті заң бойынша кез келген қудалау түрінен қорғалып, оған бірқатар өмірлік атақ-лауазым берілген. Назарбаев президенттік өкілетін доғарған соң оның қызы Дариға Назарбаева мемлекеттік билік иерархиясында екінші орынға жайғасып, сенат спикері қызметіне тағайындалды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтың "гибридтік" моделі және "жылтыр ғимараттармен өлшенетін мұра"

P.S. Маусымның 10-ы күні Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың алдын ала қорытындысын жариялады. Ресми мәліметке сәйкес, Тоқаевқа сайлаушылардың 70,76 пайызы, Қосановқа – 16,02 пайызы дауыс берген.