НАРАЗЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҰСТАУЛАР
New York Times басылымы "Қазақстанда ер адам өзін полицияның ұстайтынын-ұстамайтынын білгісі келіп, ақ плакат ұстап тұрды. Оны ұстады" атты мақалада 22 жастағы Орал тұрғыны Аслан Сагутдиновтың акциясына тоқталады. Мамырдың 6-сы күні ол қала орталығындағы алаңға барып, қолында ақ плакат ұстап тұрған. Оны полиция ұстап, сұрақ-жауап алу үшін бөлімшеге жеткізеді. Кейіннек босатып жібереді.
Оралдағы акция (6 мамыр 2019 жыл).
"Елде ақымақтық шегіне жеткені соншалықты [плакатта] жазу не ұран болмаса да, бірдеңе деп айқайлап, айтпасам да полиция мені ұстады. Мен осы жағдайды көрсеткім келді" дейді кейінірек Аслан Сагутдинов Youtube-те жариялаған видеороликте.
New York Times видеороликтің тәуелсіз ақпарат көздері арқылы түпнұсқа видео екеніне көзін жеткізе алмағанын, бірақ жергілікті басылымдар мен әлеуметтік желіде жылдам таралғанын атап өтеді. Қазақстандық "Уральская неделя" басылымы Орал қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Болатбек Белдібековтің оқиғаға байланысты айтқан түсініктемесін жариялады. Онда Белдібеков Сагутдиновті ақ плакат үшін емес, "Қазақстанда демократия мен адам құқығы жоқ" деген саяси мәлімдемесі үшін ұстағанын айтқан.
New York Times-дің пікірінше, дәл осы жағдай "құқық қорғаушылар үшін Қазақстандағы сөз еркіндігінің шектелетінін" дәлелдейтін "ерекше айқын мысал" бола алады. Басылым сонымен бірге Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының Орталық Азия мәселелері бойынша зерттеушісі Мира Ритманның да пікірін келтіреді. Зерттеуші өткен айда билікке қарсы ешқандай ұран көтермесе де, көп алдында пікірін айтқаны үшін кемінде төрт адамның ұсталғанын айтады. Ритман жол бойына Конституциядан үзінді жазылған плакат іліп, "ұсақ бұзақылық" бойынша айыпталған суретші [Роман Захаров] мен ресми түрде жауап келгенге дейін Facebook-та акция өткізетінін жазып, 15 күнге қамалған тағы бір белсендінің [Болатбек Біләлов] жағдайын мысалға келтіреді.
Мира Ритманға сілтеме жасаған New York Times Оралдағы оқиға - "Қазақстан билігінің бейбіт жиын өткізу құқығын қаншалықты таптайтынын" бейнелейтін "барып тұрған сорақы мысал" деп жазады.
"ҚАРСЫЛЫҚ КӨҢІЛ-КҮЙДІҢ АРТУЫ"
Ағылшынтілді Eurasianet.org сайты мамырдың 9-ы күні Жеңіс күнін атап өту кезінде полицияның азаматтарды қалай ұстағанын жазады. Вебсайттың хабарлауынша, кейбір жағдайда құқық қорғау орган өкілдері азаматтарды үйлерінің сыртынан торуылдап, сыртқа шығармаған. Сайт бұл күні ел аумағында бірқатар әлеуметтік желі мен сайттардың ашылмай қалғанын да атап өтеді.
"Қазақстанда қарсылық көңіл-күй Нұрсұлтан Назарбаевтың кенеттен отставкаға кетіп, наурыз айында оның орнын Қасым-Жомарт Тоқаев басқаннан кейін күшейді. Қазақстанда бақылаушылар ашық әрі әділ деп бағалаған сайлау болып көрген емес; мамырдың 9-ы күнгі дауыс беру де басқаша өтеді деп үміттенуге ешқандай негіз жоқ" деп жазды Eurasianet.org. Сайт Қазақстандағы билік транзитінің "мұқият ойластырылғанын" да атап өтеді.
Қарай отырыңыз: Полиция азаматтарды қалай ұстады? (9 мамыр 2019 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
Мақала авторының топшылуынша, мамырдың 9-ы күнгі акцияны "Еуропада көптен бері тұрып жатқан режим оппоненті" қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов ұйымдастырған-мыс. Алайда сайт халықтың наразылыққа нақты соның шақыруымен келгенін-келмегенін дөп басып айту қиын деп тұжырымдайды.
"Наразылыққа шыққан көп азаматтардың айтуынша, олар [биліктің президент сайлауы сияқты] маңызды ұлттық мәселелер бойынша халықпен санаспайтынына наразы" деп жазды Eurasianet.org.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Биліктің қорқынышы" һәм "ұнамайтын сайттардың жолын жабу"Басылымның жазуынша, "қазақстандық БАҚ-тың басым бөлігі наразылық акциялары сияқты билікті сынайтын оқиғалар жайлы хабарламағанды жөн көреді". Мақала авторы елдегі ақпараттық ресурстардың бірінің бас редакторы атынан жазылды делінген бұйрықтың скриншотын көргенін жазады. Онда "Алдағы төрт күн сайтта мерекені атап өтуге кедергі келтіретін кез келген шеру, қамау туралы ақпарат болмасын" деп жазылған.
Алайда Eurasianet.org сайты "әлеуметтік желілер билік транзиті мен келіспейтіндерді жазалау" туралы талқылауларға толы екеніне де назар аударады.
БАНКТЕР МЕН ЭЛИТАНЫҢ "ШАРЫҚТАУЫ МЕН ҚҰЛДИЛАУЫ"
Редакциясы Вашингтонда шоғырланған Diplomat интернет басылымы Қазақстандағы банк секторындағы жағдайға тоқталып, алдағы уақытта елде тағы да банктердің бірігуі мүмкін екенін жазады. Diplomat-тың пікірінше, "Орталық Азиядағы ең белсенді қаржы нарығындағы өзгерістерді қадағалап отыру маңызды. Кейбір банктердің шарықтауы мен құлдилауы оларды басқаратын элитаның тағдырынан да хабар беруі мүмкін".
Мамырдың 2-сі Қазақстанның қаржы биржасы Tengri Bank, AsiaCredit Bank және Capital Bank атынан жазылған ортақ мәлімдемені жариялады. Оған сәйкес, бұл үш қаржы институты мамырдың 31-і күні өтетін акционерлер жиынында бірігу шарттарын бекітпек. Осылайша интернет-басылым "елде жаңа қаржы ойыншысы" пайда болуы мүмкін деп болжайды.
Diplomat сонымен бірге өткен айдың соңында елдегі ірі қаржы институттарының бірі "Цеснабанктің" банк атауын өзгертіп, First Heartland Jusan Bank (FHJB) деп жаңаша атала бастағанын жазды. Оның негізгі акционерлері өздеріне тиесілі акция пакеттерінің бір бөлігін сатқан. Интернет-басылым бұл оқиғаны елдің банк секторындағы тағы бір "ірі өзгеріс" ретінде сипаттайды.
Tengri Bank бұрын PNB Kazakhstan деп аталған және Үндістанның Punjab National Bank ұйымының еншілес компаниясы болған. 2015 жылдың ортасында PNB акцияларының бір бөлігін сатып, қазір оған шамамен 41 пайызы ғана тиесілі. 2017 жылдан бері Tengri Bank пен Capital арасында бірігу жайлы келіссөздер болған. Бірақ бұл жоспар жүзеге аспай қалған.
Diplomat-тың тұжырымдауынша, сарапшылар Tengri Bank-ті Қазақстандағы ең бай 50 азаматтың қатарына кірген Қуанышевтер отбасының банкі деп атайды. "Ол туралы қаржы қылмыстарын зерттейтін британдық таблоид басылымдар мен ақпарат құралдары" жиі жазады. Басылым дерегінше, бизнесмен Тимур Қуанышевтің әйелі Әлфия "Tengri Bank-тің тоғыз пайызына әлі де иелік етеді", ал бұрын Делиде болған оның ағасы Дулат "қазір Израиль елшілігінде қызметте".
Diplomat жазуынша, AsiaCredit және Capital Қазақстандағы ең бай бизнесмендердің бірі Нұрбол Сұлтан мен Орифжан Шадиевтің мүдделері үшін жұмыс істеген. Бұл екі бизнесмен 2018 жылғы Forbes-тің Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлер тізімінде 42-ші және 31-ші орын алған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жақсыбековті ығыстырып, Дариғаның шарықтауыFHJB (бұрынғы "Цеснабанк") "небәрі бірнеше айдың ішінде қазақстандық банктер арасында екінші орыннан тоғызыншы орынға түсіп қалды" деп жазады Diplomat. Жақсыбековтер отбасы (2018 жылдың қыркүйек айына дейін президент аппаратын басқарған, кейіннен зейнетке жіберілген Әділбек Жақсыбеков - ред.) "өткен жылдың қыркүйек айында банкті басқарудан бас тартқан".
Мамыр айының ортасында First Heartland Bank және FHJB "бірігіп, осылайша олардың аты мен иелеріне қатысты бұлыңғырлыққа нүкте қойылады" деп жазды басылым.
Diplomat жазуынша, Қазақстандағы ірі банктердің бірі, қаржы нарығының 35 пайызын бақылайтын Халық банк басшылығында да өзгерістер болуы ықтимал. Оның акциясының басым бөлігіне ие ALMEX Holding бұған дейін банктің қаржылық жағдайын жақсарту үшін акцияларды сатуға әзір екенін мәлімдеген.
"ALMEX иелері Тимур Құлыбаев және Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара - Қазақстандағы ең бай отбасы" деп жазды Diplomat.
ҚАРЖЫЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕР
Бизнес жаңалықтарын тарататын Берлинде орналасқан Intellinews.com сайты да Қазақстанның банк секторындағы жағдайды талдайды.
"Маусым айында өтетін кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында күшейіп отырған саяси тәуекелдер, қарызға белшесінен батқан банк секторы, жуырдағы валютаның құнсыздануы және қаржы секторын әлі де тұралатып отырған өтелуі қиын несиелердің көп берілуі [сияқты факторлар] Қазақстандағы банк секторында жаңа дағдарыс туындауы мүмкін деген болжамды күшейтіп жіберді. Бірақ соған қарамастан сарапшылар елде ірі дағдарыс болмайды деп есептейді, соңғы қысым салдарынан тек [банктер] кезекті рет бірігеді және жойылады" деп жазды Intellinews.com.
Журнал сонымен бірге "көпті алаңдататын" бірқатар негізгі көрсеткіштерге де оқырманның назарын аудартады: 1 қаңтардан бастап банк активтері 2,6 пайызға - 24,6 триллион теңгеге (64,56 миллиард доллар) қысқарған, несие портфелі 5,3 пайызға - 13,04 триллион теңгеге (34,2 миллиард доллар) азайған, есесіне төленбеген несиелер 2,5 пайызға - 2,24 триллион теңгеге (5,36 миллиард доллар) ұлғайған. Депозиттердің жалпы сомасы жылдың алғашқы екі айында 5,2 пайызға қысқарып, 17,6 триллион теңгені құраған (46,2 миллиард доллар), оның ішінде шетел валютасында депозит салу 14,6 пайызға қысқарған.
Қазақстанның ұлттық банкі де 2019 жылдың алғашқы төрт айында таза валюталық қорының 13 пайызын (27 миллиард доллар) жоғалтқан. Ресурстың жазуынша, "бұл еурооблигацияларды бір реттік мемлекеттік сатып алумен байланысты болса да, мұндай күрт құлдилау - ұлттық банктің теңгені алдағы айларда айырбастау курстарының ауытқуынан сақтау бойынша мүмкіндігін шектейді. Ал бұл өз кезегінде шетелдік валютамен алған қарызы өте көп банктерге үлкен қысым жасауы мүмкін".
"Көптеген бақылаушылар маусымның 9-ы күнгі президент сайлауына дейін салмақты мәлімдемелер немесе жаңа оқиғалар бола қояды дегенге сенбейді. Себебі билік бұл оқиғаға дайындықтың онсыз да шиеленіскен кезеңінде әлеуметтік тұрақтылықты сақтағысы келеді. Алайда кейбірі саяси транзит аяқталған соң оның салдары жаңа экономикалық мәселелер тудыруы мүмкін деп алаңдайды" деп жазды Intellinews.com.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Наразылыққа шыққандарды қалай жауапқа тартты?