Сенбі күні болғанына қарамастан Астана қалалық әкімшілік соттың күту залы мамырдың 1-індегі бейбіт шеруге қатысушыларды қолдау үшін келген азаматтарға толы болды. Олардың көбі жастар. Бұл күні бірнеше сот процесі қатар жүріп жатты. Оларға жауапкер ретінде Нұр-Сұлтан тұрғындары Расул Досқараев, Кәмила Бағжанова, Жанар Аманғалиева, Асхат Смағұлов, Серік Асқаров және Әлімжан Ізбасаров қатысты.
ДОСҚАРАЕВ СОТЫ
4 мамырда әкімшілік жазаға тартылғандар арасында 1 мамыр күні "полиция резеңке таяқпен ұрды" деген азаматтардың бірі Расул Досқараев та болды. Судья Досжанова "Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталған 44 жастағы Расул Досқараевты он тәулікке қамау туралы шешім шығарды. Оның әйелінің айтуынша, сот отырысының жартысы адвокатсыз өтіп, күйеуі оған қатысудан бас тартқан.
- Адвокат күйеуімнің соты басталған уақытта тағы бір сотталушы Әлімжан Ізбасаровты қорғауға тиіс болғандықтан сотқа қатыса алмады. Сот біздің істі кейін қалдыру туралы өтінішімізді қабылдамады. Процеске Расул қатысудан бас тартты. Бірақ сонда да әкімшілік іс қаралып, оны он тәулікке қамау туралы шешім шықты,- дейді оның жұбайы.
Бұған дейін Расул Досқараев Азаттық тілшісімен әңгімеде өзінің 1 мамыр күні наразылық шарасына кездейсоқ тап болғанын, полицияның басынан екі рет резеңке таяқпен ұрғанын айтқан еді.
Ол мамырдың 3-інде "әлдебір қылмыстық іске куә болуына" байланысты сотқа шақырту қағазын алған. Үш баланың әкесі өзін тергеу кезінде полицияның жеке басына қатысты сауалдардан басқа жылжымайтын мүлкі, көлігі туралы және "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қатысы бары туралы сұрағанын айтқан еді.
20 АЕК (50 500 теңге) көлемінде айыппұл алған екі баланың анасы Кәмила Бағжанова мамырдың 2-сі күні алған шақыру қағазы бойынша сотқа ертесінде барғанын, бірақ ешқандай сот болмаған соң кетіп қалғанын айтады. Бірақ кейін оған "сот отырысына келмегендіктен, күштеп әкелу туралы" сот қаулысы шығып, сотқа полициямен жеткізіліпті. Оған да Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 488-тармағының 1-бөлімі бойынша айып тағылды.
Мамырдың 4-і күні шерудің тағы бір қатысушысы Жанар Аманғалиева да он тәулікке қамалды. Оның туысының Азаттыққа айтуынша, сотта дәлел ретінде көрсетілген видеода Жанар Аманғалиева шеруге қатысушылармен бірге полиция ұстап алып кеткен адамдарды босатуды талап етіп, қатты айқайлап тұрған.
- Ол ешкімді балағаттамаған, заң бұзбаған. Оны он тәулікке қамады. Оған қоса оның балабақшада жұмыс істейтін 19 жастағы қызына да қысым жасала бастады, - дейді есімін айтпаған туысы.
Бұл күні әкімшілік жауапқа тартылған Асхат Смағұлов пен Серік Асқаров та он тәулікке қамалды.
ӘЛІМЖАН ІЗБАСАРОВҚА ТАҒЫЛҒАН ЕКІНШІ АЙЫП
Мамырдың 4-і күні бұған дейін "құқық қорғау орган өкіліне бағынбады" деп айыпталып, мамырдын 1-інде бес тәулікке қамалған Әлімжан Ізбасаровқа тағы бір баппен айып тағылғаны белгілі болды. Әлімжан Ізбасаровтың анасы Гаухар бұл туралы оның адвокаты Бауыржан Азановтың басқа қалаға ісспарға кетуіне байланысты апелляциялық шағымды қарауды кейінге қалдыру туралы сотқа өтініш тапсыруға келгенде аяқ астынан білген.
Сенбі күні Әлімжан Ізбасаровтың соты түстен кейін сағат 14.30-да басталып, түнгі 11-ге дейін созылды. Оның ісін судья Әсия Архабаева қарады.
Сот қызметкерлері сот ғимаратына сотқа келген азаматтарды, Азаттық тілшісін де кіргізбеді. Бұған наразы болған Ізбасаровтың жақтастары полиция қызметкерлерінің "бақылау шебін" бұзып-жарып кіріп, екінші қабатқа көтерілді.
"Бұл - ашық процесс, біз кіргізуді талап етеміз! Масқара!" деп айқайлаған наразы топқа әкімшілік сот төрағасы Уәлихан Рахметуллаев келіп, оларды сабырға шақырды. Ол залдың өте кішкентай екенін түсіндіріп, оларды сол себепті кіргізбегенін жеткізді. Сотқа келушілер наразылығынан соң сот процесі басқа залға ауыстырылды.
Жауапкер Әлімжан Ізбасаров сотта процесті өзі сенім білдірген адвокаты Бауыржан Азановтың жоғына байланысты мамырдың 6-ысына шегеруді сұрады.
"Оның бұл талабын қанағаттандыруға негіз жоқ, себебі адвокат сот процесі болатынын біле тұра кетті және өзінің кетіп бара жатқаны туралы хабарлама бермеді" деген сот пен прокурор уәжіне наразылық білдірген ол өзінің аштық жариялайтынын мәлімдеп, жерге отырып алды.
- Мен судья ханымға да, прокурор ханымға да, маған беріліп отырған мемлекеттік адвокатқа да сенімсіздік білдіремін және мұнымды тоқтаусыз қайталап айта беремін. Сіз менің өтінішімді елемей отырсыз, ендеше мен де сіздің ескертуіңізді елемеймін. Мен саясаттанушымын. Бәлкім қазір тәжірибем жоқ шығар. Бірақ менің өз пікірімді айтуға құқым бар. Егер біз бірігіп заңсыздықтарға тыйым салмасақ, ертең бұл Қазақстан емес, Нұрсұлтан болады. Ал Нұрсұлтан Назарбаев хан болады, сіздер оның бағынушылары боласыздар, - деді ол.
ВИДЕО: Әлімжан Ізбасаровтың соты. (Нұр-Сұлтан, 4 мамыр 2019 жыл).
Кейін сот процесіне келген адвокат Асхат Оразаев өзінің оны қорғауға келгенін айтты. Сотта үзіліс жарияланып, Әлімжан Ізбасаров онымен жеке сөйлескен соң сот процесі қайта жалғасты.
Сотта "Әлімжан Ізбасаровты заңсыз шеруге қатысты" деп айыптау хаттамасын толтырып, видео айғақ келтірген учаскелік полиция Абзал Әбділдаев куәлік етті. "Видео жазылған CD дискілердің түпнұсқа екендігіне және видеолардың қандай жағдайда кімнен алынғаны түсініксіз екендігін" айтқан адвокат Асхат Оразаев "оны анықтауға мүмкіндік бермеді" деп сотқа сенімсіздік жариялады. Әкімшілік сот төрағасы Уәлихан Рахметуллаев оны қанағаттандыруға негіз жоқ деп қорғау тарабының "судьяны ауыстыру туралы" өтінішін екінші рет қанағаттандырмады.
- Сот та, прокуратура да әділ шешім шығарса, өздерін қудалай ма деп қорқады. Мен оны түсінемін. Тек бір ғана судья Кенжалиев (Ақтау қалалық сотының бұрынғы төрағасы - ред.) Айгүл Ақбердіні қорықпай ақтай алды. 1-мамыр бұл тек басы ғана. Сіздер халықтан кешірім сұрайтын күн алыс емес. Бірақ менен кешірім сұрамасаңыздар да болады, мен сіздердің маған жасаған қоқан-лоқыларыңызды да, екіжүзділіктеріңізді де бәрін кешірдім. Ешнәрсе жазасыз қалмайды, - деді ол сотта сөйлеген соңғы сөзінде.
Адвокат Асхат Оразаев Ізбасаровтың "айыпты мойындамайтыны" туралы тұжырымын толық қолдайтынын мәлімдеп, оның әлі жастығы мен тәжірибесіздігін ескеріп, әділ шешім шығаруды сұрады.
- Ол елдің көкейінде жүрген нәрсені айтты. Ол әлі тым жас, албырттығы басым. Бірақ оның көңілі таза. Ол әлі лайланбаған тұнық су тәрізді. Иә, ол митингке барды, халықты қолдады. Оны ар-ұжданыңызбен соттаңыз, мен қатты өтініп сұраймын, - деді Асхат Оразаев.
"ЖАСТАР МИТИНГКЕ ЕМЕС, ОЛИМПИАДАҒА ҚАТЫССА"
Прокурор Айгүл Құсайынова Әлімжан Ізбасаровтың кінәсі толық дәлелденгенін, оны видеодан да көруге болатынын айтты. "Бірақ митингке келген прокурордың тарауды талап еткеніне қарамастан ол кетпеген" деді прокурор.
- Осындай әкімшілік құқықбұзушылықтарды ескеріп оны үш тәулікке қамауды сұраймын. Мен жастар мұндай заңсыз митингке қатыспаса екен, мұндай жастарға қатысты істі қарамасақ екен деймін. Олар одан да олимпиадаларға қатысып, елдің назарына іліксе, - деген прокурор сөзіне залдағылар ду күлді.
- Біз оларды осындай шаралардың, олимпиадалардың қатысушысы ретінде құрметтер едік. Жастардың мұндай митингке қатысқаны біз үшін өте ауыр. Бұл менің пікірім, - деп сөзін аяқтады прокурор.
Бірақ прокурор кейінірек пікірін өзгертіп Ізбасаровты он тәулікке қамауды сұрады.
Судья Әсия Архабаева Әлімжан Ізбасаровты кінәлі деп тауып, он тәулікке қамау туралы шешім шығарды. "Қамау мерзімі 4-мамыр cағат 14.30-дан бастап есептеледі" деді ол.
Әлімжан Ізбасаровты бірден сот залынан алып кетті. "Масқара! Масқара" деп айқайлаған қатысушылар прокурорды сот залынан шығармай ұстап қалды. Олар прокурордан "не себепті үш тәулікті он тәулікке өзгерткені туралы" сұрап еді, "мен олай дегенім жоқ, мен он тәулік деп айттым" деді де шығып кетті.
Сот кешкі 11-ге таман аяқталды. Әлімжан Ізбасаровтың туыстары мен адвокаты бұл шешімге де арызданатындарын айтты.
23 жастағы Әлімжан Ізбасаров Facebook әлеуметтік желісін белсенді қолданатын жастардың бірі. Ол 1-мамырдағы шеру кезінде әлеуметтік желіде тікелей эфир жүргізіп, "полиция резеңке таяқпен адамдарды ұрған" кезде пікірін айтып, шеру кезінде ұсталғандарды босатуды талап еткен, шеруге байланысты өткір пікір айтқан.
1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.
Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда жалпы қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек жоқ. 2 мамырдан бері наразылыққа шыққан азаматтар әкімшілік жазаға тартылып жатыр.
Әзірге белгілі болған дерекке сай 1 мамыр күні Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы наразылық кезінде ұсталып, әкімшілік жазаға тартылғандар:
Тұрсынкүл Жоланова (Алматы) - 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
Құрбанбек Шоланұлы (Алматы) - 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
Жазира Демеуова (Алматы) - 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
Ермекбол Тілеухан (Нұр-Сұлтан) – 10 тәулікке қамалды;
Бибігүл Тұяқова (Нұр-Сұлтан) – 40 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
Алтынбек Орынтайұлы (Нұр-Сұлтан) – 5 тәулікке қамалды;
Әлімжан Ізбасаров (Нұр-Сұлтан) – 15 тәулікке қамалды;
Құдайғашүкір Абдуллаев (Алматы) – 10 тәулікке қамалды;
Исламжан Темірғали (Алматы) – 10 тәулікке қамалды.
Талғат Данияров (Нұр-Сұлтан) - 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
Әнуар Әшіралиев (Алматы ) - 15 тәулікке қамалды.
Расул Досқараев (Нұр -Сұлтан) – 10 тәулікке қамалды.
Жанар Аманғалиева (Нұр -Сұлтан) – 10 тәулікке қамалды.
Асхат Смағұлов (Нұр -Сұлтан) – 10 тәулікке қамалды.
Серік Асқаров (Нұр -Сұлтан) – 15 тәулікке қамалды.
Талғат Ауылбаев (Нұр -Сұлтан) – 10 тәулікке қамалды.
Дидар Айжақұлов(Нұр -Сұлтан) – 10 тәулікке қамалды.
Раиса Әмірханова (Нұр-Сұлтан) - 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
Кәмила Бағжанова (Нұр-Сұлтан) - 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
Олжас (тегі белгісіз) (Нұр -Сұлтан) – 10 тәулікке қамалды.
Әкімшілік жауапқа тартылғандар саны бұдан да көп болуы ықтимал.
ПІКІРЛЕР