Accessibility links

Наразылықтан кейін қанша адам жазаланды?


Митингіден кейін жазаланғандар.
Митингіден кейін жазаланғандар.

Мамырдың 1-і күнгі наразылық шарасы кезінде ұсталғандардың бірнешеуі жазаға тартылды. Ұсталғандардың үстінен қозғалған әкімшілік іс әлі жалғасып жатыр. Азаттық тілшілері қазірге дейін 10 адамның жазаланғанын анықтады.

НҰР-СҰЛТАНДА ЖАЗАЛАНҒАНДАР

Мамырдың 3-і күні Нұр-Сұлтандағы Астана қалалық соты митингіде ұсталған Ермекбол Тілеуханды "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы, 1-бөлімі) деп айыптап, он тәулікке қамады.

- Бет перде киіп алғандар бізді ұрады. Оларға ешкім шара қолданбайды. Ал бізді, қарапайым халықты, 10-15 тәулікке қамайды. Қалай ашуланбайсың? Он тәулікке жауып тастады, енді бала-шағамды кім асырайды? – дейді ол соттан шыққан соң.

Он күнге қамалған Ермекбол Тілеухан. Нұр-Сұлтан, 3 мамыр 2019 жыл.
Он күнге қамалған Ермекбол Тілеухан. Нұр-Сұлтан, 3 мамыр 2019 жыл.

Тілеухан бұған дейін Азаттық тілшісіне берген сұхбатында "наразылық кезінде полиция қызметкерлерінің қарапайым тұрғындарға күш қолданғанын көріп, араша түспек болғанын, арнайы жасақ өкілдерінің өзін резеңке таяқпен ұрғанын" айтқан еді.

Астана қалалық әкімшілік соты митингіде ұсталған тағы бір тұрғын Талғат Данияровқа 20 АЕК (50500 теңге) айыппұл салды. Бірақ сот Данияровтың бес баласы бар екенін ескеріп, айыппұл көлемін 35 мың теңге деп белгіледі. Нұр-Сұлтан тұрғыны 35 мың теңгені төлейтін жағдайы жоқ екенін айтты.

Талғат Данияров.
Талғат Данияров.

Мамырдың 3-і күні Астана қалалық әкімшілік соты митингіге қатысқан Бибігүл Тұяқоваға 40 АЕК (101 000 теңге) көлемінде айыппұл салды. Оның адвокаты Бауыржан Азановтың айтуынша, сот Тұяқованы "құқық қорғау орган өкіліне бағынбады" және "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыптаған.

"Сот Тұяқованы Әкімшілік кодекстің екі бабы бойынша кінәлі деп тауып, әрқайсысына 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды. Жалпы айыппұл көлемі – 40 айлық есептік көрсеткіш" деді Азанов Азаттық тілшісіне.

Мамырдың 2-сі күні Нұр-Сұлтандағы Астана қалалық соты Әлімжан Ізбасаров "бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды" деп, Алтынбек Орынтайұлын "полицияға бағынбады" деп бес күнге қамау туралы шешім шығарды.

- Мен және бірнеше адам, осындағы жігіттер митинг кезінде алдыңғы қатарда жүрдік. Сол үшін қамаған сияқты, - деді Алтынбек Орынтайұлы соттан кейін.

АЛМАТЫДА ЖАЗАЛАНҒАНДАР

Алматы қалалық ауданаралық мамандандырылған әкімшілік соты Құдайғашүкір Абдуллаев пен Исламжан Темірғалиді он күнге қамады. Ал Тұрсынкүл Жоланова, пен Құрбанбек Шоланұлына 20 АЕК (50 500 теңге) көлемінде айыппұл салды. Сот оларды "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыптады.

Сотта Тұрсынкүл Жоланова "Жалғыз басты анамын, бір баламды жалғыз асырап отырмын. Кейде жейтін тамағымыз болмай қалады. Үкіметке наразылығымды айтқым келді. Президентімді өзім қалап сайлағым келеді. 30 жылдың ішінде сайлауға барып Назарбаевқа дауыс берген емеспін" деді.

Жоланованың адвокаты Гүлнар Жуаспаева сот шешімін апелляцияға беретінін айтты.

Сот тағы бір алматылық Жазира Демеуоваға да "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп 20 АЕК (50 500 теңге) көлемінде айыппұл салды.

- "Балаңыз болғандықтан он күнге қамамадық" деп ескертті. Сот шешімімен келіспеймін. Бүгінгі күн мен үшін, балаларым үшін сынақ болды. Бірдеме бүлдірдім деп ойламаймын. Тек шындықты айттым. Шындықты айтуға құқығым бар деп ойлаймын, - дейді ол.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

БИЛІК НЕ ДЕДІ?

Ішкі істер министрлігі мамырдың 1-і күні Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы митинг кезінде 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Министрлік ұсталғандарға "заңға сай құқықтық баға берілетінін" айтқан.

"Бас прокуратураның ескертуіне қарамастан Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей, Қарағанды, Ақтөбеде рұқсат етілмеген митинг өтті. Шараға қатысушыларға әлеуметтік және басқа да мәселелер жайлы ойларын ашық айтуға мүмкіндік берілді. Бірақ Нұр-Сұлтан мен Алматыда бірнеше адам өздерін дөрекі ұстап, елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының ұрандарын айтты" деп жазылған ІІМ мәлімдемесінде.

Мамырдың 3-і күні Азаттық тілшісі "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтан митинг туралы сұрады.

- Қайталап айтам, [шерулер] Қазақстан заңдарының аясында өтуі тиіс. Егер [заңды] сақтамасақ елде деструктивті тенденция күшейеді және жағымсыз үрдіс көбейеді. Бұл ешкімге де керек емес, - деді Мәулен Әшімбаев.

Полиция наразылық шарасына келгендердің бірін ұстап жатыр. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.
Полиция наразылық шарасына келгендердің бірін ұстап жатыр. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.

Ал сенат депутаты Нұрлан Бекназаров "әркім өзінің ойындағысын жасап, көшеге шыға беретін болса, не болады? Заңды рұқсатыңды ал да, өткізе бер. Рұқсат алсаң, полиция сені қорғап тұрады" дейді.

Тағы бір сенат депутаты Рашит Әкімов "ұсталғандарды соттап жатқанын естімеген, бірақ елде заң сақталуы тиіс".

Мамырдың 2-сі күні Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев "Хабар" арнасының эфиріндегі "Открытый диалог" бағдарламасында Қазақстандағы наразылық шаралары жайлы пікір білдіріп, билік конструктивті келіссөз жүргізуге дайын екенін айтты.

"Наразылардың ұсталғанын мойындаймыз. Бірнеше адам өздерін дөрекі ұстаған соң оларды ұстады. Ұстамас бұрын ескерту жасалды" деді ол.

Абаевтың сөзінше, бүгінгі күні Қазақстанда азаматтарға наразылық шараларын заңға сай өткізу үшін өтініш беруге ешкім кедергі келтірмейді.

Сенат депутаттары митинг туралы не деді?

"Митингіге рұқсат алсаң, полиция сені қорғап тұрады"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:14 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG