"Назарбаевтың Лондондағы зәулім сарайы" һәм Әблязовтың "көсемшілдігі"

Лондондағы "миллиардерлер көшесі" атанған Бишопс-авенюдағы үйлердің бірі. Көрнекі сурет.

Осы аптада Батыс басылымдары Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі делінген Лондондағы ең қымбат зәулім үй туралы, Қазақстан билігін сынаушы шетелде тұратын Мұхтар Әблязовтың елдегі жаңа ұйымдарды “биліктің жобасы” деп айыптағаны жайлы жазды.

"НАЗАРБАЕВТЫҢ ЛОНДОНДАҒЫ ЗӘУЛІМ САРАЙЫ"

Ұлыбританияның Business Insider басылымы осы аптада Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа (биыл наурызда президенттіктен кеткен, бірақ елдегі биліктің бір тармағын ұстап отыр) тиесілі Лондонның "миллиардерлер көшесі" - Бишопс-авенюдағы "Топрак" зәулім сарайы туралы жазды.

Басылымның жазуынша, түрік бизнесмені Халис Топрактың бұл үйі 75 милллион долларға сатылып, Лондонның жылжымайтын мүлік нарығында рекорд орнатқан.

"Үйді сатқан агент Тревор Абрахамшонның айтуынша, Топрак бұл үйде екі күн тұрған, тіпті бассейніне де түспеген. Ол Түркия билігі ұстап ала ма деп қауіптеніп, қашпақ болды. Үйді сатар алдында ол 700 адам шақырып, үлкен той жасады. Тойға Совет одағын басқарған Михаил Горбачев та келді. Горбачев тойға жеке ұшағымен жеткен" деп жазды басылым.

Business Insider бұл үйді кім алғаны біраз уақытқа дейін құпия болып келгенін, тек 2008 жылы қаңтарда "Топрак" зәулім үйін қазақстандық миллионер Хорелма Перамам сатып алғаны белгілі болғанын жазады.

"2008 жылы қаңтарда Қазақстан ҰҚК бұрынғы басшысы Әлнұр Мұсаев (қазір шетелде тұрады. Қазақстан билігі оны "адам ұрлады", "төңкеріс жасамақ болды" деп айыптап, іздеу жариялаған – ред.) The London Times басылымына “Топрак” үйін негізінен Нұрсұлтан Назарбаев сатып алғанын, ал Перамамды тек сауданы жасырушы деп айтқан. Ал Перамамның ұлы Хосейн Гандехари бұл сөзді жоққа шығарған, бірақ Назарбаев отбасымен араласатынын айтқан" деп жазды басылым.

Business Insider мақаласында қазір бұл үйдің кімнің атында екенін жазбаған, бірақ зәулім үй қазір британдық Виргин аралдары мен Оңтүстік Африка республикасындағы Velocity Investment Holdings Limited компаниясына жазылғанын хабарлады. Ағылшын басылымдары бұл үйдің бұрын британдық Виргин аралдарындағы Hartwood Resources компаниясында тіркелгенін де еске салды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтар әулеті ас та төк өмірін тағы да паш етті

ӘБЛЯЗОВТЫҢ РИТОРИКАСЫ

Eurasianet сайтының Алматыдағы тілшісі Крис Риклтон "Қазақстан: Режимнен тепкі көрген қарсылас елдегі оппозицияның бәрін айыптайды" деген мақаласын жариялады. Мақала авторы Ақорданың басты оппоненті шетелге қашқан экс-банкир Мұхтар Әблязовтың Қазақстандағы биліктен реформа талап етіп жүрген топтарды "сатқын" деп айыптап жатқанын көрсеткен.

"Қазақстан билігінің ең танымал жауы Мұхтар Әблязов командалық ойыншы емес. Францияда тұратын қуғындағы банкир үшін Нұр-Сұлтан режимі авторитарлы клептократия саналады. Бұл түсінікті де. Бір қызығы, ол Қазақстанда реформа талап ететін жаңа ұйымдар туралы жақсы сөз айтпайды. Әблязов оларды биліктің жобасы, билікке жұмыс істейді деп айыптайды. Ол Қазақстанда емес, сондықтан өзінің қауіпсіздігіне алаңдамай кесек-кесек сөйлейді" деп жазды автор.

Ақорда оппоненті, қазір Францияда тұрып жатқан бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов.

Eurasianet тілшісінің ойынша, бір-бірін айыптау, керісу "бөліп ал да билей бер" деген стратегиямен оппозицияны тұншықтырып келген Қазақстан билігіне бұл майдай жағады.

Қазақстан билігі Мұхтар Әблязовтың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік деп таныған. Нұр-Сұлтан ҚДТ қозғалысы ұйымдастырған шаралардың бәрін заңсыз деп танып, қатысушыларын ұстап, жауапқа тартады.

Крис Риклтон мақаласында "Қазақстан билігі жастардан құрылған Oyan, Qazaqstan қозғалысына, "Қазақстанның демократиялық партиясын" құрғысы келетін Жанболат Мамайдың қолдаушыларына да жылы шырай танытқан жоқ. Сондықтан болар Әблязов желіде "Алматының орталық көшесінде олар шерулетіп келе жатады, бірақ полиция ешкімді ұстамайды" деп, оларды "үкіметтің жобасы" деп айыптайды. Бірақ екі ұйым да Әблязовтың айтқанын жоққа шығарады" деп жазды.

Риклтонға сұхбат берген Мамай "егер Әблязов оппозицияның алдына шыққысы келсе, Париждегі Қазақстан елшілігінің немесе Эйфель мұнарасының алдында наразылық шарасын өткізсін" деген. Ал Oyan, Qazaqstan өкілі Димаш Әлжанов "ҚДТ қозғалысының жақтастарын жаппай ұстап жатқанда өздеріне шабуыл үдеп кеткенін" айтқан.

Oyan, Qazaqstan белсендісі Димаш Әлжанов қозғалыстың Алматыдағы митингісі кезінде сөйлеп тұр. 9 қараша 2019 жыл.

Әлжанов Eurasianet тілшісіне Әблязовтың "биліктің жобасы" деп айыптауына не түрткі болғанын білмейтінін, айыптауға қарамастан жұмыстарын жалғастырып, биліктен реформа талап ете беретіндерін жеткізген.

Крис Риклтон мақаласын Оралда шығатын "Уральская неделя" басылымының редакторы Лұқпан Ахмедьяровтың Facebook желісіндегі постымен аяқтаған.

"Ахмедьяров постында Әблязовтың "көсемшілдігі" мен басқа топтарды айыптау арқылы Қазақстандағы белсенділерді тұқыртқысы келетінін жазды. Журналист жазбасында Әблязовтан қоғамның пайдасы үшін қай топтармен бірігуге дайын екенін сұрады. Әблязов ұзақ дауласты, бірақ нақты жауабын сол күйі бермеді" деп тәмамдаған автор мақаласын.

ИНВЕСТОРЛАРҒА ЖЕҢІЛДІК ЖАСАУ БАҒДАРЛАМАСЫ

International Investment сайты “Қазақстан инвесторларға арналған виза бағдарламасын ашпақ” деген мақаласында “Нұр-Сұлтанның шетел инвесторлары мен олардың отбасыларына мульти-виза беріп, салықтан жеңілдік жасағысы келетінін” жазған.

Сайт Қазақстан "Астана халықаралық қаржы орталығына" құнды қағаз салған шетелдіктерді де инвесторлар қатарына қосуды жоспарлайтынын атап өткен.

“Бұған қоса, Қазақстан бұл бағдарламаға қатысушыларды салық төлеушісі ретінде тіркеп, шетелдегі қаржы көзінен тапқан табыстарынан салық төлеуден босатуды ойластырып отыр. Бағдарлама жүзеге асса, инвесторлар Қазақстанда жыл сайын бекітілген салықты төлеп тұрады” деп жазады басылым.

International Investment сайтына сұхбат берген "Астана қаржы орталығының" менеджмент директоры Тимур Онжанов “Біз Қазақстанда және аймақта жұмыс істегісі келетін адамдарға кіріп-шығу жағынан, салықтан жеңілдік жасап, қақпа болғымыз келеді” деген.

Қазір бұл жоба парламенттің қарауында жатыр.

Сайт мақаласында Қазақстанның шетелден инвесторлар тарту үшін түрлі жобалар мен жол картасын дайындап жатқанын атап өткен.

“Былтыр шілдеде құрылған Астана халықаралық қаржы орталығы – көлемі жағынан әлемдегі тоғызыншы елдің инвестиция тартудағы негізгі орны. Бұл орталықта қазірдің өзінде 30 елден 300-дей компания тіркелген. Олардың арасында Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Ресейдің компаниялары бар” деп жазады басылым.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қытайға қарсы наразылықтың түп-тамыры және "дефолт қаупі"