Қайықтағы өрт, "Жеңіс күніне" билеу, секс дауы және "қазақ байларының" яхтадағы хикаялары

Дариға Назарбаеваның яхтадағы көңіл көтеруінен түсірілген видеоның скриншоты.

Батыс басылымдары осы аптада Жерорта теңізіндегі өртке оранған яхтадан аман қалған қазақстандықтар туралы жазды. Ақпарат құралдары өрт кезінде қымбат яхтада кімнің болғанын анықтауға тырысты. Британ басылымында Қазақстанда металл өндірумен айналысатын Александр Машкевичтің яхтасы туралы да ақпарат шықты. Машкевич теңізде демаламын деп БАҚ бетіне осыған дейін де шыққан. Яхтадағы демалысымен көзге түскен өзге де адамдар бар.

LADY MM ЖӘНЕ "ҚАЗАҚСТАННАН КЕЛГЕН СЕГІЗ ТУРИСТ". ОЛАР КІМДЕР?

Осы аптада Италия жағалауындағы қардай аппақ Lady MM яхтасынан өрт шыққаны туралы жаңалық бірқатар әлемдік ақпарат құралының басты тақырыбына айналды. Euronews.com Италияның жағалау күзетінің қызметкерлері 25 тамызда апатқа ұшыраған кемеден 17 адамды құтқарғанын хабарлады. Құтқару операциясына екі катер мен тікұшақ қатысқан.

Италиялық ANSA ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, яхта Каприден Сардинияға бет алған. Бортта "Қазақстаннан келген сегіз турист" және экипаждың тоғыз мүшесі болған. Олар құтқарушылар келмей тұрып шағын қайыққа ауысқан.

Яхталар әлеміндегі жаңалықтар туралы жазатын superyachttimes.com сайты Lady MM яхтасын "ISA Yachts компаниясы құрастырған 2003 жылғы 47,5-метрлік кеме" деп сипаттады. Яхтаның сыртын әрлеумен Luxury Projects студиясынан Уолтер Франчини айналысқан. Ал интерьерге белгілі дизайнер Джанет Леройдың студиясы жауапты болған. Яхтадағы бес каютаға он қонақ сыяды. Яхталарды жалға беруге арналған perfectyachtcharter.com сайтында Lady MM яхтасының сипаттамасы мен суреттері жарияланған. Мұндай яхталарды бір аптаға жалға алу құны 200 мың еуродан асады.

Яхтаға Кайман аралдарының туы ілінген. Ағылшынтілді eurasianet.org. сайтының жазуынша, яхта Кайман аралдарында тіркелсе, оның иесін табу қиындау болмақ. Бірақ осыған қарамастан кейбір басылымдар яхта иесін анықтауға тырысып көрді. Бірақ олардың деректері сенімді болмауы ықтимал.

Қазақстандық ҚазТАГ агенттігі "Новая газета — Казахстан" газетіне сілтей отырып яхтаны металлургиялық магнат Қанат Асаубаевтың отбасы пайдаланған деген ақпарат таратты. ҚазТАГ хабарламасында мақалаға сілтеме берілмеген. Бұл жаңалықты газеттің сайтынан табу мүмкін болмады.

Ашық дереккөздерден алынған мәліметтерге қарағанда, аталған яхта бұрын Citigroup банкінің бұрынғы бас директоры Сэнфорд Уайлға тиесілі болған. Ол 2006 жылы 17,5 миллион еуроға (20,8 миллион доллар) сатылған. Көп ұзамай яхтаның аты өзгерген. Интернет-зерттеушілер яхтаның жаңа атауы "құпияның кілті" деп есептейді. Кейбіреулер яхта атауындағы "MM" Қанат Асаубаевтың 2015 жылы тамызда Цюрихта қайтыс болған әйелі Маруся Мараловнаның аты-жөніндегі бас әріптерді білдіретінін айтады. Eurasianet.org басылымының жазуынша, яхталарды жалға беруге арналған сайттан Lady MM туралы ақпараттың табылуы кеменің жиі жалға беріліп келгенін көрсетеді.

Асаубаев отбасының бірнеше мүшесі Global GP Co Limited компаниясы арқылы Кайман аралдарымен байланысы бар. Paradise Papers дерегіне қарағанда, 2014 жылы Қанат Асаубаев, оның марқұм әйелі мен үш ұлы аталған компанияның директоры болған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Офшорда «дәулеті бар» шенеуніктердің жауапкершілігі қандай?

"Жорамал бойынша, Асаубаевтар отбасының капиталы қазір акциялары Лондон биржасында сатылатын Altyn plc тау-кен өндіру компаниясында шоғырланған. Компания активтеріне Өскемен қаласына жақын жердегі Терең-Сай кен орнының жанында орналасқан Секисовское алтын-мыс кен орны кіреді", деп жазады Eurasianet.org.

Бір кездері елдегі ең ірі алтын өндіруші саналған KazakhGold компаниясы бұрын Асаубаевтар отбасына тиесілі болған. 2009 жылы KazakhGold капиталына ресейлік "Полюс Золото" компаниясы қосылғаннан кейін акционерлер арасында кикілжіңдер туған. Ресейліктер Асаубаевтарды офшорлық компаниялар арқылы активтерді елден шығарды деп айыптап, Лондондағы жоғары сотқа арыз берген. Асаубаевтар бұл айыптауды жоққа шығарған. Кейінірек тараптар шағымдарынан бас тартқан. "Олар KazakhGold компаниясының үлескер компаниясы "Қазақалтынның" Қазақстан, Румыния және Қырғызстандағы бөлімшелерін шамамен жарты миллиард долларға сатып алғаннан кейін кикілжің шешілді" деп жазады Eurasianet.org.

Ашық деректерге қарағанда, 2017 жылы "Қазақалтын" толықтай Financial Services B.V. компаниясының көшкен. Ал "Қазақалтынның" директорлар кеңесіне Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды кірген. Kaspi bank-тің қосалқы иесі Сатыбалды бұрын Астана қаласы әкімінің орынбасары, ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары шенді қызметкері және ағасы басқаратын "Нұр Отан" партиясының хатшысы болған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ «Нұр Отанның» хатшысы 60 адамды қажылыққа жіберді

2018 жылы тамызда қазақстандық Forbes журналы Асаубаевтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына құнды қағаздарын сатқан компанияның борышкерлер тізімінде болғанын жазған.

2012 жылы Асаубаевтар отбасы қазақстандық Forbes журналының нұсқасы бойынша Қазақстанның ең бай адамдарының рейтингіне кірген. Асаубаевтар банк саласында да бизнеспен айналысқан. 2010 жылы олар "Кредит Алтын Банк" банкін ашқан. Бірақ 2012 жылы қаржылық бақылау агенттігі акционерлердің жеке капиталды арттыру туралы мемлекет талабын орындамағаны үшін банктің лицензиясын қайтарып алған.

Асаубаевтар отбасы Lady MM яхтасында болғаны не болмағаны туралы мәлімдеме жасамады.

"БАЙ ҚАЗАҚҚА" ТИЕСІЛІ LADY LARA ЯХТАСЫ ЖӘНЕ "САВАРОНАДА" БОЛҒАН ДАУ

Британдық Daily Mail таблоидында Эгей теңізіндегі грек демалыс орнында болған шолушы Кейти Хиндтің жазбасы жарияланды.

Демалыс орны орналасқан Миконос аралы атақты және бай адамдардың демалатын жер ретінде танымал. Кейти Хинд өзімен бір уақытта демалыс орнында бірнеше танымал футболист болғанын айтады. Автордың сөзінше, "Эгей теңізінің маржаны саналатын арал арсыздықтың орталығына айналып бара жатыр: бұрын Миконосты орыс миллиардерлері басып алса, енді олардың қатарына ішіп алып, төбелес шығаратын футболистер қосылған".

Материалда арал "өте бай адамдардың талғамына сай келетін жер" ретінде сипатталады. "Миконоста қолма-қол ақша өте көп — олардың көп бөлігі аралды жаңа ойын алаңы көретін орыс олигархтарына тиесілі. Олардың ішінде ұзындығы 450 фут, құны 230 миллион фунт стерлинг болатын Ocean Victory яхтасының бортында жүзген темірдей мықты миллиардер Виктор Рашников бар. Аралдың басқа қонақтарының арасында Рашниковтың яхтасынан кішірек, ұзындығы 300 фут болатын Lady Lara кемесі бар қазақтың бай кәсіпкері Александр Машкевич те кездеседі", — деп жазады Кейти Хинд.

Эгей теңізінде орналасқан Миконос аралының жағасындағы кеме.

Монакода орналасқан, әлемдегі ең әдемі яхталардың рейтингін жариялайтын Yacht Harbour компаниясының сайтында Қазақстанда металл өндірумен айналысатын ENRC компаниясы мен Еуразиялық банктің негізін қалаушылардың бірі Машкевичтің кемесі 2016 жылы миллиардерлерге тиесілі ең қымбат 25 яхтаның тізіміне кіргені жазылған.

Сайтта "Ұзындығы 91 метр болатын, қазақ миллиардері Александр Машкевичке тиесілі супер яхта шілдеде бірінші теңіз сынағын бастады. Машкевичтің биыл 35 миллион долларға сатылымға шығарылған бұрынғы яхтасы әлі де өзіне тиесілі сияқты" делінген.

Lady Lara яхтасындағы VIP-каюталар жиналатын балкондармен жабдықталған. Бортта үлкен жағажай клубы, жаттығу залы, джакузи, бассейн және тікұшақ қонатын алаң бар.

Александр Машкевич, ENRC металл компаниясының негізін қалаушылардың бірі.

2019 жылы америкалық Forbes Машкевичтің байлығын 2,4 миллиард доллар деп бағалаған.

Ақпарат құралдарындағы яхтамен байланысты материалдарда Машкевичтің аты бірінші рет аталып отырған жоқ. 2010 жылы адам саудасы мен жезөкшелер үйі қызметін ұйымдастыру қылмысының жолын кесу мақсатында өткен арнаулы операциядан кейін Машкевич түрік ақпарат құралдарына шықты. Түрік басылымдары Бодрум курортына жақын жердегі Машкевич жалдаған яхтада Қазақстан мен Ресейден келіп, эскорт қызметін көрсететін қыздармен (олардың ішінде кәмелеттік жасқа толмаған қыздар да бар) демалып жатқан кәсіпкерлер мен шенеуніктер ұсталғанын жарыса жазды.

"Хурриет" газеті арнаулы операция кезінде ұсталған Машкевичтің полициядағы тергеуден кейін босатылғанын хабарлады. Секс дауына қатысты іс Түркияда үлкен резонанс туғызды. Өйткені оқиға бұрын заманауи түрік мемлекетінің негізін қалаған Ататүріктің иелігінде болған "Саварона" яхтасында тіркелген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстандағы "қос биліктің жартысы" және Лондондағы "Машкевич ісі"

66 жастағы Машкевич Патох Шодиев және Алиджан Ибрагимовпен бірге Eurasian Natural Resources Corp компаниясының артында тұрған "еуразиялық үштікке" кіреді. 2013 жылы нарықтағы жағдайға және компанияға қатысты жүргізілген даулы зерттеулерге байланысты акция құны төмендеген тұста ENRC компаниясының құнды қағаздары Лондон биржасында делистингке ұшырады.

ENRC компаниясына қарсы істердің бірі Лондонда қозғалды. Компания мен оның Dechert адвокаттық фирмасындағы бұрынғы заңгерлері бір-біріне қарсы арыз берді. Британдық Financial Times газеті осы аптада белгілі заңгер Нейл Джерардтың зейнетке шыққаны туралы жазды. Жеті жыл бойы ірі көлемдегі алаяқтық жөніндегі агенттіктің (Serious Fraud Office — SFO) тергеуінде болған ENRC тау-кен өндіру компаниясы заңгердің үстінен арыз жазған. "Компания 10 жыл бұрын, делистингке дейін тау-металлургия саласындағы алып компанияға жемқорлық және алаяқтық айыптары тағылған тұста Джерардтың қызметін пайдаланған" деп жазады Financial Times. Кейінірек компания Джерардты құпия құжаттарды SFO агенттігіне берді деп айыптаған. Джерард пен Dechert барлық айыпты жоққа шығарып, бұған жауап ретінде ENRC компаниясының Қазақстандағы және Африкадағы қызметі "үлкен қылмыстарға толы" екенін мәлімдеген.

ҚОҒАМДЫҚ ТАЛҚЫЛАУҒА ТҮСКЕН ЯХТАДАҒЫ ТАҒЫ БІР КЕШ

2020 жылы маусымда интернетте Қазақстанның бұрынғы президентінің қызы Дариға Назарбаеваның қатысуымен яхтада өкен кештен видео тарады. Дариға Назарбаева осы видео жарияланардан бір ай бұрын әкесі өз орнына президент етіп қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен парламент сенаты спикерінің қызметінен кеткен.

Әлеуметтік желінің қазақстандық сегментінде көп адам бөліскен видеода Дариға Назарбаева мен оған жақын адамдар (олардың қатарында "Первый канал Евразия" телеарнасының бас директоры Сергей Киселев, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы директорлар кеңесінің мүшесі Бектас Мұхамеджанов және басқа тұлғалар да болған) "Жеңіс күні" әніне айнала билеп жүр. Әлеуметтік желі қолданушылары видеоға қатысты негативті пікірлер қалдырды. Көп қолданушы Қазақстаннан майданға аттанған жүздеген мың адам қаза тапқан Екінші Дүниежүзілік соғыс туралы әнге билеу құрметсіздік деп жазды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Лондондағы кір жуатын орын", Назарбаевтардың зәулім үйі және "семіз мысықтар"

Кей қолданушы Назарбаева сенат төрағасы қызметінен кетіп, "отставкадан кейінгі өміріне осылай қуанып жүр" деген пікір айтты. Бірақ Дариға Назарбаева жалдаған Лондондағы қоғамдық байланыс саласында жұмыс істейтін Tancredi компаниясы маусымның соңында Азаттыққа видеоның бес жыл бұрын түсірілгені туралы хат жіберді. 2015 жылы қыркүйекке дейін сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы мәжілістің вице-спикері болған, кейін вице-премьер қызметіне тағайындалды, ал 2016 жылы әкесінің жарлығымен сенат депутаты атанды. Парламенттің жоғарғы палатасынан кеткеннен кейін Дариға Назарбаева қоғам алдына шықпайтын болды.