"ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БАСШЫЛАРЫ УКРАИНАДАН КЕЙІН КЕЗЕК ОСЫ АЙМАҚҚА ЖЕТЕДІ ДЕП ҚАУІПТЕНЕДІ"
АҚШ-тың Washington Post басылымы Орталық Азия елдері Мәскеуге экономикалық жағынан тәуелді болғанымен, Ресей президенті Владимир Путиннің Украинаға қарсы соғысын ешқайсысы қолдамағанына назар аударады.
Мақала авторы, Питтсбург университеті қоғамдық және халықаралық қарым-қатынастар жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры Дженнифер Брик Муртазашвили Орталық Азия елдерінің Ресейге экономикалық жағынан қатты тәуелді екенін ескерсек, Мәскеуге қолдаудың болмауы таңғаларлық дейді. Автордың ойынша, Орталық Азия басшылары Украинадан кейін кезек осы аймаққа жетеді деп қауіптенеді. "Орталық Азия басшылары тамырын жайып жатқан Ресей экспансионизміне сақтықпен қарап отыр".
Путин өткен аптада Украина мемлекеті болмағанын айтты. Басылым Ресей президенті 2014 жылы Қазақстанға қарата осыған ұқсас мәлімдеме жасағанын еске салады. Ресей басшысы сол тұстағы президент Нұрсұлтан Назарбаевты "еш уақытта мемлекет болмаған аумақта мемлекет құрғаны" үшін мақтап, қазақ халқын "үлкен орыс әлемінде қала беруге" шақырған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ «Қазақта мемлекет болмағанын» Путин де айттыМуртазашвили Батыс Мәскеуге қарсы санкцияны күшейткен сайын Ресеймен интеграцияны жолға қойған Орталық Азия елдері оның зардабын тартып жатыр дейді. Ресей рублінің құлдырау Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстан валюталарын шайқалтып жіберді.
Қаңтар айындағы оқиғалардан соң инвесторлардың сенімін қайтарып, экономиканы қалпына келтіруге тырысып жатқан Қазақстанның экономикасына Ресейге салынған санкциялар ауыр соққы болды. "Елдің Ресеймен бір [экономикалық] одақта екенін ескерсек, Қазақстанға шетелдік инвесторлар табу қиынға соғады".
"Орталық Азия елдері Ресейге тәуелді болудың салдарын жақсы түсінеді. Себебі 2014 жылы Қырым аннексиясынан кейін Ресейге қарсы санкциялардың зардабын тартқан".
Өткен аптада Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев әлемде қауіп артып барады, сондықтан экономика мен қорғанысты күшейту керек деп мәлімдеген. Мирзияев экономикалық күш-қуатты арттырып, өзге державаларға тәуелділіктен арылуды меңзеді.
Экономиканы әртараптандыруға талпыныс Орталық Азия елдерін Ресейге бағытталған санкциялардан қорғай алмайды дейді автор. Аймақта инфляция, жұмыссыздық өсуі мүмкін, оның арты әлеуметтік толқуға ұласуы ықтимал. "Аймақ ұзақ уақыт Ресейдің Украинадағы әскери авантюрасының зардабын тартуы мүмкін".
"АЙМАҚТАҒЫ ЕЛДЕР МӘСКЕУГЕ САҚТЫҚПЕН ҚАРАП ОТЫР"
АҚШ-тағы Америка дауысы радиосы да Ресейдің Украинаға басқыншылығы Орталық Азия елдеріне саяси және экономикалық тұрғыдан қалай әсер ететінін талдайды.
Орталық Азия елдері басшылары ұстараның жүзінде тұр, ал Ресей бастаған соғысты билік өкілдерінен гөрі халқы көбірек сынға алды дейді радиоға пікір білдірген сарапшылар.
Қазақстандық саясаттанушы Данияр Қосназаровтың айтуынша, қазақ үкіметі қазір қауіп-қатерді кесіп-пішіп есептеп отыр. Қазақстан үкіметі күн тәртібіндегі мәселелерге мән беріп, саяси және экономикалық реформаларды іске асыруы керек деп есептейді сарапшы.
"Бұл конфликт реформалардың сапасы мен іске асуына сөзсіз әсер етеді, ал қоғам өмір сапасын арттыруды бұрынғысынша талап ете береді" дейді ол.
Ресейде жұмыс істейтін еңбек мигранттарының еліне жіберетін ақшасы да бұл елдерді Ресейге тәуелді етеді. Ресейде Өзбекстанның 3 миллион, Тәжікстанның 1,6 миллион, ал Қырғызстанның 620 мың азаматы жұмыс істейді. Дүниежүзілік банк мәліметіне қарағанда, Тәжікстан ішкі жалпы өнімінің 20 пайызын, ал Қырғызстан ішкі жапы өнімінің 10 пайызын Ресейдегі еңбек мигранттарының ақша аударымдары құрайды.
Тәжікстандағы сарапшы Парвиз Муллоджановтың айтуынша, Ресей экономикасы құлдырайтындықтан, аймақтағы елдердің экономикасы да күрт төмендейді. Рубль әрі қарай құнсызданса, аймақ елдерінің валютасы да құнсызданады.
Аймақтағы басшылар сепаратизм мен басқыншылықтың алдын алу үшін сыртқы саясатты өзара үйлестіріп, халықаралық келісімдерге сай ортақ стратегия әзірлеуі қажет.
Қырғызстанның бұрынғы экономика министрі Еміл Үметәлиевтің пікірінше, "аймақтағы басшылар сепаратизм мен басқыншылықтың алдын алу үшін сыртқы саясатты өзара үйлестіріп, халықаралық келісімдерге сай ортақ стратегия әзірлеуі қажет".
АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университетінің Орталық Азия бағдарламасының директоры Марлен Ларюэль аймақтағы ойыншылар Мәскеудің шешіміне "наразы әрі Ресейдің әрекетінен қорқады" деп есептейді.
"Орталық Азия елдері Ресейді агрессор көреді, бірақ Батыс та әсіресе НАТО-ны кеңейтуге келгенде [Ресейді] тым қатты қыспаққа алды деп санайды" деп жазады Ларюэль.
Зерттеушінің ойынша, Украинамен соғыс Ресейге деген сенімге селкеу түсіреді. "Енді режим бұрынғыдан бетер репрессияшыл әрі авторитар саналары анық" дейді ол.
"ОРЫС ТІЛІН СЫЛТАУ ЕТЕТІН" МӘСКЕУ ЖӘНЕ "ПУТИН ТҮСІНІГІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАН"
"Қазақстан билігі елді Путин қалауындағы мемлекетке айналдыруға ұмтылып жатқандай әсер қалдырады". Сарапшы Ақас Тәжуітовтің Eurasia review сайтындағы мақаласында осындай ой айтылады.
Тәжуітов украин журналисі Павел Казариннің liga.net басылымына шыққан "Мәскеу орыс тілін аннексия мен басқыншылықтың сылтауына айналдырды" атты мақаласын талдаған. Казариннің ойынша, Кремль орыс тілін "империяға адалдық" пен "Ресей нұсқасындағы тарихты тықпалауға" мүмкіндік беретін тауар көреді. Сондықтан Мәскеу шетелдегі "орыс мектептерін" "өз мемлекетінің тарихы мен тілін қабылдамайтын" "орыс адамдарын" жасап шығаратын фабрика ретінде қолданады. Сөйтіп, мұны болашақта өзге елдің ішкі ісіне араласуға мүмкіндік беретін тетік ретінде пайдаланады.
Тәжуітов Украинадағы жағдай бұл пікірдің негізі барын көрсетті деп есептейді. Бұл ретте "Қазақстандағы жағдай қандай?" деген сұрақты алға тартқан автор публицист Сергей Дувановтың "Қазақстан толықтай Ресейдің ақпарат кеңістігінің ықпалында" деген пікірін келтірген. Дувановтың пікірінше, осының кесірінен "халықтың жартысы Батысқа қарсы ұстанымда, НАТО-дан қорқады, Путиннің империялық реваншизмі тұрғысынан ойлайды, демократияны сынап, либерал құндылықтарды жек көреді". Сондықтан "Путин ертең Қазақстанды аннексиялағысы келсе, бұл адамдар қуана келіседі".
Дувановтың ойынша, бұл ретте Қазақстан Ресей телеарналарын жапқан Украинадан үлгі алып, елдің ақпараттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін Ресей пропагандасын жоюы керек. Алайда публицист "Ақорда Кремльге тәуелді болғандықтан, мұндай қадамға бара алмайды, сондықтан Путинмен арада конфликт туса халыққа арқа сүйей алмайды" деп есептейді.
Тәжуітов елдегі ақпараттық қауіпсіздік мәселесін шешу үшін Ресей телеарналарын жабу жеткіліксіз, тіпті тиімсіз шешім болуы мүмкін дейді. Оның орнына автор Армения тәрізді шет тілдерінде хабар таратуды реттейтін заң қабылдауды ұсынады. Арменияның "Аудиовизуал ақпарат құралдары туралы" заңы бойынша, шет тілдерде таратылатын ақпарат армян тілінде дубляждалады немесе армян тіліндегі субтитрлермен беріледі.
Постсоветтік мемлекеттердегі ақпараттық қауіпсіздік тіл мәселесімен байланысты екенін айтқан Тәжуітов Казариннің "Ресей басқыншылығынан қорғанғыңыз келсе, барлық ұлттардың біртұтастығын, бір тілде сөйлеуі мен тарихты бір көзқарас тұрғысынан қабылдауын қамтамасыз етуге ұмтылыңыз" деген пікірін келтіреді.
Бірақ бұл ретте автордың ойынша, Қазақстанда тілге қатысты проблема бар, оның үстіне елді "қазақ тілін жетік меңгермеген және сол тілде еркін сөйлей алмайтындай әсер қалдыратын" президент басқарып отыр. "Ол көпшілік алдында сөйлегенде де негізінен орыс тілін қолданады... Министрлер, басқа да жоғары лауазымды тұлғалар мен депутаттардың орыс тіліндегі сұхбаттары мен мәлімдемелері көбейіп кетті". Автор Қазақстанды "толық мағынадағы орыс тілінде сөйлейтін мемлекет" деген Путин осы факторды ескергендей дейді.
Ал жақында Ресейдегі билік партиясының депутаты Бексұлтан Хамзаев "Қазақстанды "тарихи отаны" – Ресеймен қосу" бойынша референдум өткізуді қолдайтынын мәлімдеді. Оның ойынша, Тоқаевтың өз мәлімдемелерін орыс тілінде жасауы "Қазақстан [әу бастан] Ресей жері екенінің көрсеткіші".
Тәжуітов осы жағдайда "билік Қазақстанды Путин түсінігіндегі Қазақстанға айналдыруға ұмтылып жатқандай әсер қалдырады" деп қорытады.
ENRC БРИТАН ЖУРНАЛИСІНЕН СОТТА ЖЕҢІЛДІ
Ұлыбритания жоғарғы соты қазақстандық ENRC корпорациясының Қазақстандағы жемқорлық туралы кітап жазған Financial Times басылымы журналисі Том Берджестің үстінен түсірген шағымын қанағаттандырмады. Бұл туралы британдық Financial Times басылымы хабарлады.
Бірнеше қазақстандық олигарх негізін қалаған ENRC "Клептократия: "Лас ақша" әлемді қалай жаулайды?" атты кітаптың авторы мен оны шығарған баспа HarperCollins-ті "жала жапты" деп айыптап, былтыр қыркүйекте сотқа берген.
ENRC өкілі 2 наурыздағы сот отырысында кітаптың екі тарауында корпорация "өз беделін қорғау үшін үш ер адамды өлтірді" деген түсінік қалыптастыратын тұстары бар екенін, бұл компанияға жала жауып, беделіне нұқсан келтіргенін айтқан.
ENRC-дің бұрынғы екі қызметкері Геррит Стридом мен Джеймс Бетел 2015 жылдың мамырында АҚШ-тағы қонақ үйде өлі күйінде табылған. Ал геолог Андре Беккердің мүрдесі 2016 жылы Оңтүстік Африкада өртеніп кеткен көліктің ішінен табылған.
Геррит Стридом мен Джеймс Бетел Ұлыбританияда ірі алаяқтыққа қарсы күрес агенттігі (Serious Fraud Office) ENRC-дің үстінен жемқорлық бойынша қозғалған істің куәгерлері болатын.
Істі қараған судья Мэтью Никлин 2 наурызда "адам өлімі тәрізді қылмысты компания емес, жекелеген тұлғалар жасайтындықтан", ENRC шағымының негізі жоқ деген шешім шығарды.
Кітапты бастан-аяқ оқып шыққанын айтқан судья кітапта корпорацияға қарсы айыптаулар жоқ екенін жеткізді.
HarperCollins "сорақы сот ісінің аяқталғанына" қуанышты екенін жазды. Ал журналист Том Берджес: "Бостандыққа төнген ең үлкен қауіп – клептократияның тамыр жаюы туралы кітап жаздым. Клептопияға цензура қою әрекеті сәтсіз аяқталғанына қуаныштымын" деді.
Ал ENRC өз мәлімдемесінде кітаптағы тұжырым "түгелімен жалған әрі компания беделіне әлі де нұқсан келтіріп жатыр, бүгінгі шешімнен кейінгі іс-әрекетімізді ойластырып жатырмыз" деп қайырды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Ресейдің Украинаға шапқыншылығы Орталық Азияға да қатты тидіРесей Украинаның жікшіл аймақтарын қолдады. Орталық Азияның болашағы не болмақ?"Көп жерімізден айырылдық". Путин "Ресейдің сыйлығы" жайлы тағы айттыЖемқорлық кітабы үшін сотқа тартылған британ журналисі және Кенесарының басы