Назарбаевтың сыры кетіп, сынығы көрінген "алтын дәуірі"

Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) президент болып тұрғанда "Көшпенділер" көркем фильмі түсіріліп жатқан алаңда отыр. 17 ақпан 2004 жыл.

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев кейінге қалдыратын мұрасына қатты алаңдайтынын көп жылдан бері байқатып келді. Тарих оқулықтарында өз есімі сүйіспеншілікпен аталуы үшін көп еңбектенді. Бірақ өткен жылы отставкаға кеткен Назарбаевтың бұл бейнесі көз алдында көмескіленіп барады.

Авторитар басшы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды 30 жылға жуық уысында ұстап басқарғаннан кейін президент қызметінен бас тартқанына әлі жыл да толған жоқ. Ол қызметінен 2019 жылы наурыздың 19-ы күні кетті. Назарбаев отставкаға кету туралы өтінішке қол қойған сәттен бастап, одан кейінгі жағдайдың бәрі алдын-ала ойластырылған сценарий бойынша өрбитіні белгілі болды.

Бұл сценарийдің маңызды тұстарының бірі – Назарбаев мұрасын дәріптеу еді.

"ЕЛБАСЫ"

2010 жылы мамыр айында Қазақстан парламенті 1989 жылы Совет одағы тұсында билікке келіп, елді 20 жылға жуық уақыт демократиядан ауылы алыс деспот басшы ретінде басқарған Нұрсұлтан Назарбаевқа "елбасы" немесе "ұлт көшбасшысы" мәртебесін берген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тұңғыш президент - Елбасы". Мемлекет үшін маңызы қандай?

Оған осындай мәртебе беруді ақтай сөйлеген депутаттардың бірі "Нұрсұлтан Назарбаев [АҚШ-тың бірінші президенті] Джордж Вашингтон, [қазіргі Түркияның негізін қалаған] Мұстафа Кемал Ататүрік пен [Үндістан тәуелсіздігінің көшбасшысы] Махатма Ганди сияқты ұлы тұлғалармен тең тұрады" деп түсіндірді.

2019 жылы наурыздың 23-і күні, бұрынғы президент отставкаға кеткен соң төрт күннен кейін, Назарбаевтың өзі таңдап, орнына қалдырған мұрагері Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет астанасының атауы бірінші президенттің құрметіне Нұр-Сұлтан деп өзгеретінін хабарлады.

Осы хабарламадан кейін көп ұзамай жарияланған Қазақстанның Венадағы елшілігінің мәлімдемесінде "Астана атауының бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне өзгертілуінің өз заңдылығы мен тарихи реттілігі бар" делінген. Мәлімдемеде АҚШ мысалы үлгі ретінде көрсетілген: "1790 жылы шілде айында АҚШ Конгресі Потомак өзенінің жағасына ел астанасын салуды мақұлдайтын резиденция туралы заң қабылдаған. 1791 жылы қыркүйек айында жаңа астананың құрылысын бақылауға жауапты өкілетті тұлғалар қаланы АҚШ-тың бірінші президенті, сол кезде билікте болған Джордж Вашингтонның атымен атауды ұсынған. Джордж Вашингтон жаңа ұлт құрылу кезеңіндегі көпқырлы билігі үшін ұлт әкесі атанған".

Президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) өз орнына қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Астанадағы (Нұр-Сұлтан болып өзгертілді) Наурыз мерекесіне арналған шарада жүр. 21 наурыз 2019 жыл.

Нұр-Сұлтан қаласындағы халықаралық әуежай Назарбаев атымен аталады. Ел астанасындағы теміржол вокзалының аты "Нұр-Сұлтан" болып өзгерген. Қалада Назарбаев университеті бар. Бұрынғы президенттің аты көп көше мен басқа да нысандарға берілген.

Назарбаев пен шенеуніктер "елбасы" имиджін Қазақстанды гүлдендіріп, халықаралық деңгейдегі беделді мемлекетке айналдырған, халық үшін қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнатқан жомарт көшбасшы бейнесінде қалыптастырған.

Кейбір нәрсе солай болып көрінеді, бірақ шындық Назарбаев пен маңайындағылар сеніп жүргеннен әлдеқайда басқаша.

Қазақстан астанасындағы Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежай.

"БИЛІКТЕ СОЛАР ӘЛІ ОТЫР"

Назарбаев кеткеннен кейін қоғамда басталған наразылықтардың бірнеше себебі бар. Қарсылық акцияларына қатысушылар аз қамтылған отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдем көлемін көбейтуді талап етті, Қытай ықпалының артуы мен Шыңжаңдағы мұсылман халықтарының тағдырына байланысты алаңдаушылық білдірді және ел басқаруда шынайы өзгерістер болмағанына наразы болды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаевтың даулы жарлығын Ақорданың түсіндіруіне тура келді

Назарбаев президент қызметінен кеткенімен, Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде жүргізетін ықпалы бұрынғы билігінен мысқал кем емес деуге болады (үкімет пен бизнестегі маңызды қызметтер Қауіпсіздік кеңесі мүшелерінің қолында). Өзі президент болып тұрғанда қабылданған заңға сай, Назарбаев Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығына ие.

Астана атауын ауыстыру кезінде халықтың пікірін сұрауды қажетсінбеді. Тоқаев – президент, ал Назарбаевтың үлкен қызы Дариға парламент сенатының спикеріне айналды. Конституцияға сәйкес, Тоқаев белгілі бір себептермен өз міндетін атқара алмайтын болса, мемлекет билігі сенат спикерінің қолына көшеді.

"НАЗАРБАЕВ, КЕТ!"

Рұқсат етілмеген наразылық акцияларына қатысушыларды "Шал, кет!" деп айғайлауға мәжбүр еткен қоғамдағы наразылықтың түп-тамыры – Назарбаевтың қалауымен іске асқан авторитарлы іс-әрекеттерде жатыр. Наразылар "Шал, кет!" деген ұранында кімді меңзейтіні айтпаса да түсінікті.

Нұр-Сұлтанда полиция ұстағандар "Шал, кет!" деп айғайлады. 16 желтоқсан 2019 жыл.

Your browser doesn’t support HTML5

Нұр-Сұлтанда полиция Ақордаға бармақ болғандарды ұстады


Наразылық акцияларына бірнеше жүздеген адамнан артық жиналған емес. Бірақ демонстрациялар Алматы мен ел астанасында ғана емес, Шымкент, Ақтөбе, Атырау сияқты ірі қалаларда да жиі өтеді. "Шал, кет!" деген үндеулер аталған қалалардың әрқайсысында айтылады.

Халық наразылығының үкіметті құлатуы екіталай, бірақ Назарбаевтың жылдар бойы тыраштанып жиған мұрасына шынымен қауіп төніп тұр.

Назарбаевтың ортаншы қызы Динараның Швейцариядан сарай сатып алғаны немесе бұрынғы президенттің інісінің қыруар қаржы жұмсап, сән-салтанатпен өткізетін той-томалақтар туралы жаңалықтар билеуші отбасының елден қанша ақша шығарғанын халықтың есіне салады.

Ақпан айының соңында оппозициялық белсенді Дулат Ағаділдің астаналық тергеу абақтысында қаза табуы Назарбаев президент болған кезден бері орнығып алған жүйенің әділетсіздігін тағы бір паш еткендей болды.

Белсенді Дулат Ағаділді ақтық сапарға аттандыру. Талапкер ауылы, Ақмола облысы, 27 ақпан 2020 жыл.

Your browser doesn’t support HTML5

Белсенді Дулат Ағаділді ақтық сапарға шығарып салды

Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан-ақ Назарбаевтың аты ғасырлар бойы өшпейтін президент имиджін қалыптастырғысы келетіні белгілі болған. Ол өзін "ұлт әкесі", кемеңгер, дана көшбасшы, қамқор президент деп атаған шенеуніктердің өзінің сөзін қолпаштап, тоқтаусыз қол соққанын ризашылықпен қабылдайды.

Назарбаев қазір өзі туралы халықтың бір бөлігі не айтатынын біле ме екен? Ол жағы белгісіз. Назарбаевтың төңірегіндегілер оған наразылардың ұрандарын жеткізбей, жасырын ұстауы да мүмкін. Ал мемлекеттік ақпарат құралдары елдегі наразылықтар туралы мүлде тіс жармайды.

Желі толастамайтын Нұр-Сұлтаннан бірнеше километр жерде көлемді кесене тұрғызылып жатыр. Назарбаев сүйікті көшбасшы және қазіргі Қазақстанның әкесі ретінде уақыты жеткенде сол жерге жерленеді деген сыбыс бар. Бірақ соңғы жылдары оның беделіне зор нұқсан келді, мұны наразылық акциялары дәлелдейді. Кей азаматтар, әсіресе, жастар Назарбаевты мемлекеттің негізін қалаушы емес, елдің дамуына тұсау болып отырған адам деп санайды.

(Блог авторының пікірі Азаттық радиосының көзқарасын білдірмеуі мүмкін.)