"ҚЫЗЫМ МӘСКЕУДЕ ОҚЫП ЖАТЫР"
Ақтөбе тұрғыны Гүлжан Сәбенованың қызы Ақтөбедегі мектептерге орамалмен кіре алмаған. Осыдан кейін ол қызын Мәскеудегі жеке меншік мектептердің біріне ауыстырған.
- Қызым жалпы орта мектепте оқып жүрген. Кейін мұғалімдер мектепке кіргізбей қойған соң жеке меншік мектепке ауыстыруға мәжбүр болдық. Жеке мектеп алғашында "оқушыларымыз еркін формамен жүреді" деген. Кейін биліктің ықпалымен орамалымызға тисе бастады. Қазір қызым Мәскеу қаласындағы жеке мектепте 7-сыныпта оқып жүр. Ай мен күннің аманында жер ауып кеткендер аз емес. Осыдан кейін орамал дауы шешілді деп қалай айтамыз? - дейді өзі де хиджаб киетін Гүлжан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Хиджабқа тыйым: кемсіту ме, әлде мәжбүрлі шара ма?Қалалық білім басқармасының дерегінше, биылғы оқу жылы басталғалы Ақтөбеде 10 оқушы мектепке бармай отыр. Олардың алтауы – қаладағы №31 мектептің оқушысы. 2018 жылы қыркүйекте Ақтөбе қалалық мамандандырылған әкімшілік соты үш әкені "мектеп формасы ережесін сақтамаған балаларын мектепке күшпен кіргізбек болды және мұғалімдерге қоқан-лоқы көрсетті" деп айыптап, үш тәуліктен бес тәулікке дейін қамауға алған. Жазаланған үш тұрғынның қыздары №31 мектепте оқыған. Мектеп әкімшілігінің айтуынша, бұл тұрғындардың қыздары қыркүйектен бері сабаққа келмеген.
№31 мектептің бұрынғы директоры Сәуле Баймағамбетова "орамал дауынан әбден қажып, қызметінен кетуге мәжбүр болғанын" айтады. Ол қазір осы мектепте физика пәнінен сабақ беріп жүр.
Биыл 22 қаңтарда Ақтөбе облысында "орамал дауына" байланысты балалары мектепке бармай отырған екі ата-анаға 12 мың 625 теңгеден (бес айлық есептік көрсеткіш) айыппұл салынды. Олардың балалары Ақтөбе қаласындағы №8 және №60 мектепте оқиды.
Ақтөбе облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, облыс аудандарында "орамал дауы" шешіліп, тараптар мәмілеге келе бастаған. Мұғалімдер орамалды оқушылардың ата-аналарын райынан қайтару үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, сотқа шағымданған.
- Жүздеген оқушыдан он баланың қалуы – кешенді жұмыстың нәтижесі, - дейді Ақтөбе қалалық білім бөлімінің өкілі Гүлназ Мырзағалиева.
ФЕРДАУСИДЕГІ ЖАҒДАЙ
Түркістан облысында орамал тағатын ондаған оқушының ата-анасы әкімшілік жауапқа тартылған. Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, биылғы оқу жылының басында 461 оқушы орамал тағып келген. Олардың 286-сы – Мақтарал ауданындағы мектептердің оқушысы.
Білім басқармасының дерегінше, биылғы оқу жылында Түркістан облысында 51 ата-ана әкімшілік жауапқа тартылған, олардың 23-іне ескерту беріліп, 28-іне айыппұл салынған. Білім басқармасы "қазір Түркістан облысында мектепке орамал тағып, сабаққа қатысып жүрген оқушылар жоқ" деп хабарлады.
2018 жылы 5 қыркүйекте Мақтарал ауданындағы Фердауси атындағы мектептің 127 оқушысы орамалын шешуге қарсы болып, ата-аналарымен бірге мектеп алдында наразылық танытқан. Мектепке орамалын шешіп барудан бас тартқан 13 оқушы қыздың ата-анасына 12625 теңге айыппұл салынған. Түрлі себеппен 15 оқушы басқа мектептерге ауысқан. Білім басқармасы қазір Фердауси мектебінде оқушылардың барлығы міндетті мектеп формасына көшкенін хабарлады.
Фердауси атындағы мектептің директоры Жанар Мамырованың сөзінше, оқушы қыздар мектеп есігіне дейін орамал тағып келіп, есік алдында орамалын шешеді.
Сабақ аяқталған соң, мектептен шыққан мезетте орамалын тағады. Бастысы мектептің ішкі тәртібіне бағынып отыр. Оларға көшеде, үйінде орамал тақпа деп айта алмаймыз.
- Сабақ аяқталған соң мектептен шыққан мезетте орамалын тағады. Бастысы мектептің ішкі тәртібіне бағынып отыр. Оларға көшеде, үйінде орамал тақпа деп айта алмаймыз. Бұл мәселе бойынша әлі де болса жұмыс істеу керек, - дейді директор.
Білім басқармасының хабарлауынша, Фердауси атындағы мектептегі орамал дауы кезінде теологтар, психологтар, полицейлер, облыстық дін істері басқармасы, ішкі саясат басқармасы және білім саласын бақылау департаменті бірге жұмыс істеген.
2016 жылы қаңтарда білім және ғылым министрлігі бірыңғай мектеп формасы ережесі туралы №26 бұйрықты қабылдады. Бұл ереже Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы кейбір мектеп пен ата-аналар арасындағы дау-дамайға себепші болды. Қабылданған ережеге сай, мектеп оқушылары пиджак, кеудеше, жейде, шалбар, классикалық жейде (қыс кезінде қалың кеудеше, сарафан) киюі керек. Мектеп формасына қатысты бұл талаптарды меншік нысанына қарамастан елдегі жалпы білім беру мекемелерінің барлығы бірдей орындауға міндетті.
Мектеп пен басқа да оқу орындарында хиджаб пен өзге де діни киім түрлерін киюге қатысты түпкілікті шешім билік діни экстремизм проблемасына алаңдай бастаған кезде қабылданды. Қазақстан билігінің ұстанымы – "мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды". Ал ел конституциясы бойынша "демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет" деп сипатталады. Елдегі ең жоғарғы құндылық адам мен оның өмірі, құқығы және еркіндігі екені жазылған. Конституция азаматтардың діни наным-сенім бостандығына да кепіл береді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) исламда шариғат талабы бойынша ата-анасы кәмелеттік жасқа толмаған қызына орамал таққызып, жалпыға ортақ білім алуына тыйым салмауы тиіс екенін айтады. Діни басқарма орамалға қатысты 2013 жылы пәтуа шығарған. ҚМДБ ата-аналарды қыз баланың міндетті зайырлы білім алуына көбірек көңіл бөлуге шақырады.
Жаңаөзен мектептеріндегі орамал дауы. 11 қыркүйек 2017 жыл.
Your browser doesn’t support HTML5