"Бәрінің өмір сүру құқығы бұзылды". Қаңтар оқиғасын зерттеген құқық қорғаушылардың есебі

Қаңтар оқиғасы кезінде Республика алаңына әлеуметтік теңсіздікке наразылық білдіріп шыққан адамдарға қару кезеп жүрген сарбаздар. Алматы, 6 қаңтар, 2022 жыл.

Қазақстанның жаңа тарихындағы ең ірі қантөгіс болған Қаңтар оқиғасының жай-жапсарын зерттеген құқық қорғаушылар "Ескертусіз қасақана оқ ату" атты есебін жариялады. Қаңтарда адам құқықтары өрескел бұзылған деген тұжырым жасаған олар адам өлімі туралы тоқтатылған және "құпия" деп танылған істердің бәрін ашуды және бейбіт халыққа заңсыз күш қолданған құқық қорғау органдары өкілдері мен әскери қызметкерлерді жауапқа тартуды талап етті.

Ресми дерек бойынша, 2022 жылғы қаңтарда кемінде 238 адамның өмірін қиған оқиғаның жай-жапсарын Қазақстандағы адам құқығын қорғайтын үш коалиция мен жеті үкіметтік емес ұйым бірігіп, былтырдан бері зерттеген. Баяндама авторларының айтуынша, олар жалпы ұзақтығы мың сағаттан асатын бейнежазбаларды қарап шыққан. 10 мыңнан астам құжат бетін ақтарып, сот процестерін бақылаған және Қаңтар оқиғасына қатысқан адамдармен, адвокаттармен, куәлермен сөйлескен, 600-ге жуық адамды қамтитын сауалнама жүргізген.

Нәтижесінде Қаңтар оқиғасына қатысты 600 істі құжатқа түсіріп, хронологиясын түзген, биліктің іс-әрекетінің адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкестігіне қатысты баға берген.

Your browser doesn’t support HTML5

Құқық қорғаушылар "Ескертусіз қасақана оқ ату" деп аталатын есепті жариялады

"ҚАЗАҚСТАНДА ӨМІР СҮРУ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУДЫҢ СЕНІМДІ ТЕТІКТЕРІ ЖОҚ"

Құқық қорғаушылар 174 кейсті зерделей келе, Қазақстан ратификациялаған халықаралық құжаттар мен келісімдер бұзылған деген тұжырым жасаған. Оның 99 пайызға жуығында Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің ережелері, ал 22 пайызға жуығында Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенция талаптары бұзылған дейді құқық қорғаушылар.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина (оң жақта) Қаңтар оқиғасы туралы "Ескертусіз қасақана оқ ату" баяндамасын көпшілікке таныстырып отыр. Алматы, 5 маусым, 2023 жыл.

Баяндамада қаза болғандардың барлығының өмір сүру құқығы бұзылған деп көрсетілген. Марқұмдардың 36,3 пайызының еркін жүріп-тұру құқығы, 8,8 пайызының бейбіт жиынға қатысу құқығы тапталған.

Оқиғадан кейін жауапқа тартылғандардың жартысынан көбінің істі әділ және жария қарау құқығы бұзылған, 36,4 пайызының бейбіт жиынға қатысу құқығы аяқасты болған.

Баяндамада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қаңтар оқиғасы кезінде елдегі күш құрылымдарына "ескертусіз оқ атуға" берген бұйрығы халықаралық құқық талаптарына сәйкес емес екені айтылған.

БҰҰ-ның қылмысты болдырмау және құқық бұзушылармен жұмыс істеу туралы құжатының 9-пунктінде: "Құқық қорғау органдары өзінің немесе басқа біреудің өміріне тікелей қауіп төнген кезде және ауыр жарақат салатын қылмысты болдырмау үшін немесе қоғамға қауіп төндіретін адамды тұтқындау кезінде құзыретіне қарсы шыққан адамды қарумен ата алады" деп жазылған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар (солдан оңға қарай) Бақытжан Төреғожина, Евгений Жовтис, адвокат Ғалым Нұрпейісов, азаматтық белсенді Рысбек Сәрсенбай Қаңтар оқиғасы туралы "Ескертусіз қасақана оқ ату" баяндамасын көпшілікке таныстырып отыр. Алматы, 5 маусым, 2023 жыл.

Қазақстандағы Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның жетекшісі Евгений Жовтистің сөзінше, Қазақстан заңдарындағы оқ атуға құқық беретін нормалар негізгі қағидадан ауытқиды және нақты нұсқаулық жоқ. Қаңтар оқиғасы кезінде ешкімге тікелей қауіп төндірмесе де, көшеде кетіп бара жатып оққа ұшқан адамдардың өмір сүру құқығы бұзылды деп есептейді ол.

Қазақстанның құқық қорғау қызметі туралы, ұлттық қауіпсіздік органдары туралы, қорғаныс және қарулы күштер туралы және төтенше жағдайлар туралы заңдарында атыс қаруын қолдану шарты туралы жазылған 12 пункт бар.

"Бірақ өте бұлыңғыр жазылған, тіпті негізгі принципке сәйкес келмейді" дейді Жовтис.

Назарбаев даңғылы бойында көп оқ тиіп, талға соғылып тоқтаған жеңіл автокөлік. Алматы, 7 қаңтар, 2022 жыл.

Мысалы, "Құқық қорғау қызметі туралы" заңның 59-бабына сәйкес, қоғамға қауiп төндірген әрекеттерді тоқтату, оны жасаған адамдарды ұстау және құқық қорғау органдарына жеткізу мақсатында атыс қаруы мен өзге де қаруды, арнаулы құралдарды және күшті қолдануға болады. Заңның 61-бабына сәйкес, қоғамдық тәртіпті қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызмет борышын атқарып жүрген қызметкерлер мен адамдарға жасалған шабуылға тойтарыс беру кезінде атыс қаруын және өзге де қаруды қолдануға рұқсат етілген.

Ал осы заңның 61-бабының 2-бөлігінде әйелдерге, кәмелетке толмағандарға, мүгедектігі бар адамдарға қару қолдануға тыйым салынған. Осы топтағы адамдар қарулы шабуыл жасаса, қарулы қарсылық көрсетсе және көлік құралын немесе әуе кемесін басып алуға шабуыл жасағанда ғана қару қолдануға рұқсат етілген.

"Ескертусіз қасақана оқ ату" атты баяндамада "президент Қасым-Жомарт Тоқаев "ескертусіз оқ ату" бұйрығын "қарулы қарақшыларға" қарсы бағытталған деп түсіндірді. Бірақ өлгендердің құжатына қарасақ, күш құрылымдары "бәріне бейберекет оқ ата берген". "Терроризмге қарсы" операцияны адамдардың өмір сүру құқығын қорғау үшін мұқият жоспарлауға болатын еді. Бірақ әскери қызметкерлер мен полиция адамдарға өз еркімен берілу және тірі қалу мүмкіндігін бермеді" деп жазылған.

Авторлар Қаңтар оқиғасына қатысты құжаттарды зерттей келе, "Қазақстанда өмір сүру құқығын қорғаудың сенімді тетіктері жоқ, билік осы құқықтың бұзылуын болдырмау шараларын қабылдауға дайын емес" деген тұжырым жасаған.

Қаңтар құрбандарын еске алып, наразылық митингісіне шыққан адамдар. Алматы, 13 ақпан, 2022 жыл.

Президент Тоқаев осыдан тура бір жыл бұрын, 2022 жылғы 5 маусымда Қаңтар оқиғасының жай-жапсарын зерттеуге халықаралық сарапшыларды шақырудың қажеті жоқ деп мәлімдеген еді. "Құзыретті органдар тергеу жүргізіп жатыр. Бәрі жіті зерделеніп, тексеріліп жатыр. Барлық материалды Бас прокуратура жариялап жатыр. Қоғамнан жасыратын ешқандай құпиямыз жоқ. Біз бәрін ашық және жоғары кәсіби дәрежеде жасап жатырмыз. Сондықтан халықаралық сарапшыларды шақырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Осы уақытқа дейін Қаңтар бойынша 23 адамға [сот үкімімен] түрме жазасы берілген. Осының өзі оқиға мұқият тергеліп жатқанынан хабар береді" деген Тоқаев.

Алайда Қазақстан президентінің уәдесі орындалмады дейді баяндама авторлары.

"Билік, соның ішінде мемлекет басшысы, өкілетін асыра пайдаланған әскери қызметкерлер мен полицияның іс-әрекетіне мұқият тергеу жүргізбеді. Бейбіт адамдардың өліміне қатысты қозғалған істердің көбі "құпия" тергеліп, артынан тоқтатылған. "Құпия іс" болғандықтан, өлген адам қалай, не үшін қаза тапқанын туыстары да, қорғаушысы да біле алмайды" деді олар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Кім оқ атты? Бұйрық берген кім? Сот пен тергеу қалай өтті? Қаңтардың басты сұрақтарына әлі жауап жоқ

"Ескертусіз қасақана оқ ату" кітабынан үзінді:

Бақыт Жазықова, Алматыда қаза тапқан Еділ Сейдахметтің жесірі: "Ол митинг дегенге алғаш рет барған, бұрын мүлде қатысып көрмеген. Оқиға сағат 14.00-15.00 кезінде болды. 16.00-ге дейін балаларға қоңырау шалып, бәрі жақсы екенін, тыныш екенін, 16.30-да үйге қайтатынын айтты. Содан кейін телефон тұтқасын көтермеді. Балалар мазасыздана бастады. Сағат 17.28-де ұлымның телефонына ауруханадан бір әйел хабарласып, күйеуім қаза тапқанын естіртіп, жеке куәлігін алып келуімізді өтінді".

Еділ Сейдахметтің өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы ("адам өлтіру") бойынша іс қозғалды. Кейін іске "құпия" мәртебесі беріліп, "қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына" байланысты тоқтатылды.

Құқық қорғаушылар "құпия істер" қайта қаралуы керек деп есептейді. 5 маусымда Алматыда баяндаманы көпшілікке таныстырған жиында "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина қазіргі таңда 39 "құпия" іс барын, тағы 40-қа жуық осындай іс тоқтатылғанын айтты.

– Әсіресе өлгендерге қатысты істер де солай тоқтап қалған. Не себепті екені айтылмады. "Сізге қатысты іс тоқтады" деген хат жіберген, бітті. Марқұмдардың жақындары, балалары кім атқанын, не үшін атқанын білуге құқылы емес пе? Олар ақталуға құқылы. Сондықтан бұл істер қайта қаралуы керек деп есептейміз, – деді құқық қорғаушы.

ОҚИҒА КУӘЛЕРІ КӨРГЕН ЖАЙТТАР

Баяндама авторлары 600-ге жуық адамға (542 ер, 37 әйел) сұрақ қойып, сауалнама жүргізген. Солардың берген жауабына сүйеніп, Қаңтар оқиғасын талдап, шолу жасаған.

"Ескертусіз қасақана оқ ату" кітабынан үзінді:

Шымкент: "4 қаңтар күні сағат 22.00 шамасында "Колос" аялдамасының жанындағы тоғызқабатты үйдің алдында адамдарға күш қолданылды, бәрін жаппай ұстады және оларды бейбіт митингіге қатыстырмау үшін автозактарға күштеп мінгізді. Олар үйіне қайтып бара жатқан адамдарды да ұстады, қолдан жасанды шу шығарды. әл Фараби алаңында 1500-ден астам адам болды".

Ақтөбе: "7 қаңтар таңғы сағат 4.00-де жарылыстан ояндық. Екі рет қатты дыбыс шықты. Күйеуім терезенің жанына барып, "Адамдар әлі де сонда жүргені ме?" деп сұрады. Содан кейін 20 минут бойы автомат дыбысы естілді. Кейін бәрі басылды".

Атырау: "Әкімдіктің жанынан өтіп бара жатып, түтін шашатын құралдарды көрдім. Ешқандай террорист көрген жоқпын, алаңда ешкім қорқытпады, наразылар "неге ҰҚШҰ-ны шақырады?" дегенін естідім".

Семей: "5-6 қаңтарда сағат 11.00-ден бастап аяғына дейін митингіде болдым. Митингіге қатысушыларды әскери киімдегі адамдар қоршап алды. Біреу қазір адамдарды ұстау басталатынын айтып қалды, "бастаймыз" деген сөзді естіп қалдым. "Әкіммен келіссөз жүргіземін" дегенімді естіп, мені қоршаудан босатты. Бір кезде жаппай ұстай бастады, автоматтың, жарылған гранатаның дыбысы естілді. Ең өкініштісі, алаңда жазықсыз адамдар қалды".

Your browser doesn’t support HTML5

Қаңтарда жұлынына оқ тиген белсенді өзін атқан адамды тапқысы келеді

Қызылорда: "14 жасар ұлыммен бірге Қазақстанның жалауын ұстап, бағаның көтерілуіне наразылық білдіруге митинг болып жатқан жерге бардық. Ондағылар ынтымақтасып, бағаның өсуіне наразылық білдіргісі келді. Митинг "Магнум" сауда орталығының алдында өтті. Наразыларға жақындаған кезде жалауша ұстағандар жақтан оқ атыла бастады. Біз жүгіріп, пана іздеп кеттік. Олар сол жерде қалып, кейін ғана үйіне қайтты. Бізге оқ тиген жоқ".

Your browser doesn’t support HTML5

"Оқ баламның төбесіне тиді". Қаңтарда ұлынан айырылған шаңырақтың зары

Құқық қорғау альянсы жинаған ақпарат Қазақстанның жаңа тарихындағы ең көп адам қазасына апарып соққан Қаңтар оқиғасының ауқымын көрсетеді. "Митингіге қатысқан бейбіт адамдар да, ол жерге кездейсоқ тап болғандар да зардап шекті. Оқиға кезінде арандатушылар болғаны айқын. Адам құқықтары мен еркіндіктері аяқасты болып, Қазақстанның қолданыстағы заңдары мен өзіне алған халықаралық міндеттемелері бұзылды" деген тұжырым жасаған баяндама авторлары.

БИЛІК ЖАУАПСЫЗ ҚАЛДЫРҒАН СҰРАҚТАР

2022 жылғы Қаңтар оқиғасының жай-жапсарын зерттеп, құжатқа түсіру барысында альянс мүшелері Қазақстан басшылығы мен құқық қорғау органдарына бірнеше сұрақ дайындаған.

  • Қаңтар оқиғасына байланысты өлгендердің толық мәліметі: аты-жөні, туған жылы, өлген күні, өлім себебі, жай-жапсары, мәйіт табылған жер қашан жарияланады?
  • Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырған, мүлікті қиратқан, ғимараттарды басып алып, азаматтарды қорқытып-үркіткен, бірақ ешбір талап қоймаған топ кімдер? Олар неге ұсталмады, өз әрекеттеріне неге жауап бермеді?
  • Әскери қызметкерлер мен күш құрылымдарының жанында қолына қару ұстап, бейбіт адамдарды көздеп атқан жай киімдегі адамдар кімдер??
  • Қаңтар оқиғасына байланысты ішкі істер министрлігі, ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттері мен бөлім бастықтарының қайсысы жауапқа тартылды?
  • Жаппай тәртіпсіздікке және адам өліміне жол берген облыстардың әкімдері неге жауапқа тартылмады?
  • Полиция департаменттеріндегі қаруды таратқан ішкі істер министрлігі басшылығы неге жауап бермейді? Олар кісі өлімі мен абақтыдағы азаптаулар үшін неге жауапқа тартылмайды? Қаңтар оқиғасы кезінде адам құқығының жаппай бұзылуына жол берген Бас прокуратура басшылығы неге жауапқа тартылмайды?
  • 2022 жылғы 5 қаңтардағы дерек бойынша, ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Кәрім Мәсімов жұмыстан босатылып, кейін қамауға алынған кезде бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бірқатар жақын туысы мен жоғары лауазымды шенеуніктер чартерлік рейспен елден кетіп қалғаны туралы ақпарат тарады. Самат Әбіш, Нұрлан Нығматулин, Асқар Мамин және басқалар жұмысынан босатылды. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілмендіктен, кейбірі елге оралды. Бұл адамдардың Қаңтар оқиғасындағы рөлі анықталды ма?
  • Бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қаңтар оқиғасындағы рөлі анықталды ма?

Қазақстанның ресми орындары бұл сұрақтарға әлі жауап берген жоқ дейді "Ескертусіз қасақана оқ ату" атты баяндама авторлары.

Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай наразылық акциясына шыққан жұрт тұғырынан құлатқан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішінің жоғарғы бөлігі жерде жатыр. Алматы облысы, Талдықорған, 5 қаңтар, 2022 жыл. Фото авторы - Сандуғаш Дүйсенова.

– Бүгінге дейін мемлекет құқық қорғаушылардың шағымынан кейін 15 азамат пен олардың отбасыларынан заңсыз қуғындағаны немесе өмірінен айырғаны үшін кешірім сұрады, – деді құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 5 маусымда Алматыда өткен жиында.

"Қаңтар кезінде өлген 12 адам кездейсоқ құрбан ретінде танылған, бірақ шын мәнінде одан әлдеқайда көп" деді ол.

Қазақстан құқық қорғаушылары 2022 жылғы Қаңтар оқиғасының құрбандары мен оған бейбіт қатысушыларды ақтау туралы заң қабылдау қажет деп біледі. Және де Қаңтар оқиғасына байланысты халықаралық тергеу жүруге тиіс деп есептейді.

– Қолымыздағы көп құжатты халықаралық сарапшыларға береміз. Олар содан өз қорытындысын жасап, ұсыныстарын айтады. Яғни билік оларды ресми түрде жібермесе де, біз мәліметтерімізді БҰҰ-ға, ЕҚЫҰ-ға және Еуропа парламентіне береміз, – деді Төреғожина.

Қаңтар оқиғасы туралы "Ескертусіз қасақана оқ ату" баяндамасын көпшілікке таныстыру жиынына қатысып отырған адамдар. Алматы, 5 маусым, 2023 жыл.

Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасында 238 адам қаза тапқан. Құқық қорғаушылар 256 адамның (10 әйел) құжатын жинаған. Олардың жетеуі – кәмелетке толмағандар (екеуі қыз бала). Тоғыз адам хабар-ошарсыз кеткен. Құжаттау барысында 5 қаңтарда 80 адам, 6 қаңтарда 72 және 7 қаңтарда 65 адам қаза тапқаны анықталған. Алматыда 103, Талдықорғанда алты, Шымкентте 29, Атырауда бір, Өскеменде үш, Қызылордада 20, Таразда 15 адам көз жұмған. Сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан, Израиль және Ресей елдерінің алты азаматы да осы оқиғалар барысында қаза тапқаны тіркелген. Қаза тапқандардың 98 пайызы – қазақтар. Есепте барлығы 600 адамның құжаты жинастырылған. Онда өлгендермен қатар жарақат алғандар, азапталып, қамауға алынғандар, сотталғандар да бар.

Құқық қорғаушылар баяндамада "2022 жылғы Қаңтар оқиғасының құрбандары мен оған бейбіт қатысушыларды ақтау туралы" заң қабылдау қажет екенін айтты.

  • 2022 жылы қаңтардың басында Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың күрт қымбаттауы халық наразылығына себеп болды. Кейін наразылық ауқымы кеңейіп, өзге аймақтарда да жаппай шеруге шыққан жұрт қымбатшылық, жұмыссыздық, кедейлік пен жемқорлыққа наразылық білдіріп, "билік отставкаға кетсін", "елде еркін әрі әділ сайлаулар, саяси және экономикалық реформалар болсын" деген талаптар қойған. Наразылық кейін бірқатар қалада тәртіпсіздіктерге ұласып, мемлекеттік және жекеменшік нысандар қиратылып-бүлінді, тоналды. Алматыда қала әкімдігі мен президент резиденциясы өртенді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "елге сырттан террористер шабуылдағанын", күш құрылымдарына "ескертусіз атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді. Ақорданың сұрауы бойынша Қазақстанға ҰҚШҰ әскері енгізілді.
  • Қаңтар оқиғасы кезінде "тәртіпсіздіктерге қатысы бар" деген айыппен бірнеше лауазымды тұлға қамалды. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көп жылғы серіктерінің бірі, ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов те тұтқындалып, кейін ол "мемлекетке опасыздық жасады", "билігін асыра пайдаланды", "билікті күшпен басып алмақ болды" деген айыппен 18 жылға сотталды. Бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектанов "қызметін асыра пайдаланғаны" үшін 12 жылға түрмеге қамалды.
  • Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасын біржақты тергеді, қаза болғандар мен азаптауға ұшырағандар ісі әділ қаралған жоқ деп мәлімдеген. Ресми Астанада бұл тұжырымға келіспейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Жазықсыз өлтіргені аздай, кінәлі етті". Қаңтар оқиғасында мерт болған бесеудің соты"Күйеуім қаза тапқан кезде жүкті едім". Қаңтар құрбандарының жесірлеріКөзден аққан қан. Қаңтаршылардың Өскемен түрмесінде көрген азабыБҰҰ комитеті Қазақстаннан Қаңтарда қаза тапқандар мен азапталғандар туралы барлық деректі жариялауды талап етті"Қамаудағыларды үтік, инемен азаптаған". Amnesty Қаңтарда адам құқығы көп бұзылғанын айтады