Тоқаев өзін "реформатор" деп атады. Халықаралық БАҚ не дейді?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы аптада шетелдік БАҚ Қазақстанда өткен сайлау туралы көп мақала басты. Халықаралық БАҚ-тың басым бөлігі биліктің бейбіт наразылық шараларына қарсы әрекетін сынап, Тоқаевтың шынайы реформа жүргізе алатынына күмән келтірді.

СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ ТҰНШЫҚҚАН ҚОҒАМ

Британдық Economist журналында жарық көрген "Қазақстандағы жасанды сайлаудың сценариі бұзылды" атты мақалада маусымның 9-ы күнгі сайлау туралы былай жазылған:

"Қазақстанда халықаралық бақылаушылар еркін әрі әділ өтті деп бағалаған сайлау ешқашан өтіп көрмеген. Бұл жолы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) "сайлау демократиялық стандарт құрметтелмейтінін көрсетті" деп мәлімдеді. Саяси науқанда режимді сынайтын кандидат болғанына қарамастан, биылғы сайлау алдыңғыларынан тек сырттай ғана өзгеше көрінеді".

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Заң бұзудан" және кандидаттан көңілі қалғандар

Басылым өзін "оппозиция өкілімін" деп таныстырған Әміржан Қосановтың сайлауға қатысуын басқа кандидаттарды саяси науқанға тек бәсеке көрінісін қалыптастыру үшін ғана қатыстыратын "дәстүр қалдығы" деп атады. Мақала авторының жазуынша, кейбір Қазақстан билігін сынаушылар "Қосанов - демократияның бетпердесі ғана" деп қауіптенеді.

"Ресми тіркелген оппозициялық партиясы жоқ, тәуелсіз БАҚ пен азаматтық қоғамның үні тұншықтырылған елде басқаша болуы мүмкін бе?" деп жазды Economist.

Басылым Қазақстандағы биліктің ауысу процесін "постсоветтік кеңістікте әлі сынақтан өтіп көрмеген тәжірибе" және "билікке көз тірісінде өзі таңдаған мұрагерді әкелуге талпыныс" деп атады.

"Кейбіреулер Тоқаев мырза бұдан да күрделі схемада уақытша президент міндетін атқарып отыр деп санайды. Назарбаев қазір сенат төрайымы қызметін атқарып жүрген қызы Дариғаның ақыр соңында президент болғанын қалайды деген сыбыс та бар" деп жазды басылым.

Сенат спикері Дариға Назарбаева әкесі Нұрсұлтан Назарбаевқа "құрметті сенатор" атағын беріп, құттықтап жатыр.

Мақала авторы Тоқаевтың Ресей мен Қытай сияқты мықты көршілермен қарым-қатынастағы дипломатиялық қасиеттерін мақтап, жаңа президентті "ең үлкен мәселелер үйінде күтіп отыр" деп жазады.

"Режим адамдарды еркін сайлау өткізу талабы үшін тұтқындап…, бейбіт наразылықтың "шекарасын" сызып берді. Бұл қудалаулар кері әсер беріп, наразылықты күшейтті".

Осылайша Economist халықтың жартысына жуығын құрайтын қазақстандық жастар "режимнің өзгеше ойлыларға төзе алмаушылығына қарсы күрес бастады" деп "Oyan, Qazaqstan" қозғалысын мысалға келтірген. Мақала авторының жазуынша, кейбіреулер қозғалыс жетекшілерін "хипстерлер" деп атайды, бірақ соған қарамастан олардың тоғыз бөлімнен тұратын саяси платформасы жеткілікті дәрежеде анық.

Қарай отырыңыз: Саяси жүйенің өзгергенін қалайтын жастар "Oyan, Kazakhstan" қозғалысын құрды.

Your browser doesn’t support HTML5

"Саяси жүйенің өзгергенін қалайтын" жастар қозғалыс құрды

Басылым Тоқаевтың "реформаторлық" қабілетіне күмән келтіреді.

"Барлық іске араласатын Назарбаев мырза тұрған кезде Тоқаевтың реформа жүргізу қабілеті шектеулі, Назарбаев өзі құрған жүйенің бұзылғанын қаламайды" деп жазды Economist. Автор мақаласын "Ескі мәселелер – жаңа шешімдер" деп жазылған Тоқаевтың твиті мен оған жауап жазған экономист Қасымхан Қаппаровтың "Ескі мәселелер және сол мәселелерді туғызған ескі адамдар" деген жазбасымен аяқтаған.

"ЖҮЙЕ ӨЗГЕРГЕН ЖОҚ"

Америкалық New York Times басылымында жарияланған "Қазақстанға жаңа көшбасшы келгенімен, билік ескі жүйенің қолында қалды" деген мақала өткен сайлау мен соңғы күндері болған наразылық акцияларына арналған.

NYT Қазақстандағы бейбіт шеру кезінде полицияның наразыларды ұстап, елде әлеуметтік желілерге кіру қиындағанын жазған. Сайлау нәтижесіне тоқталған басылым "бұлай боларына ешкімнің күмәні болмаған еді" деп тұжырымдады.

"Бақылаушылардың сөзінше, сайлаудан бұрын Тоқаевтың қандай көрсеткішпен жеңіске жеңетіні және оның нәтижесі 2015 жылы 97,7 пайыз дауыс жинаған Назарбаев көрсеткішінен қаншалықты төмен болатыны ғана белгісіз болды" деп жазды мақала авторы.

Сайлаудан кейінгі наразылық: Алматы полициясы жүздеген адамды ұстады. (Видео. 12 маусым 2019 жыл).

Your browser doesn’t support HTML5

Алматы полициясы жүзден астам адамды ұстады

Назарбаевтың басқару ерекшелігі мен елдің дамуына қосқан үлесін талдаған NYT "қоғамдағы өзгеше ойлайтындарға төзбейтін Назарбаев мырза 2016 жылы қайтыс болған Ислам Каримов (Өзбекстан) және 2006 жылы дүние салған Сапармұрат Ниязов (Түркіменстан) сияқты басқа ортаазиялық диктаторлар қолданатын жүйелі түрдегі қатаңдықтан бойын аулақ ұстаған. Ол сонымен бірге елдегі тұрақтылықты сақтап, мұнайдан түскен табыс арқасында Қазақстанды кедей советтік елден гүлденген өңірлік ойыншыға айналдырғаны үшін көп қазақстандықтың шынайы қолдауына ие болды" деп жазады.

"[Сайлау] нәтижесі және полицияның бейбіт шеру қатысушыларына қарсы қатаң әрекеті елдің ардагер басшысы президенттіктен кеткенімен 28 жыл бойы құрған ескі жүйесі қалғанын дәлелдеді" деп түйіндеген.

Нұр-Сұлтанда қауіпсіздік шаралары күшейтілген шақ. 12 маусым 2019 жыл.

"ОРЫНДАЛМАҒАН ҚОҒАМДЫҚ СҰРАНЫС"

Америкалық Wall Street Journal жариялаған "Қазақстанның жаңа сайланған президенті өзін "реформатор" деп атайды" атты мақалада Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалар жүргізудегі әлеуеті мен елдегі наразылық көңіл-күйдің шығу себептері талданған.

Мақалада Тоқаевтың саяси жүйе мен әлеуметтік-экономикалық мәселелерге наразы азаматтарға өз пікірін айтуға мүмкіндік беретін кеңес құру туралы бастамасы айтылған. Онда Қазақстан президентінің Wall Street Journal-ға берген сұхбатынан үзінді де берілген. Тоқаев онда "Мен - реформатормын, сондықтан қалыптасқан жағдай өзгереді. Саяси өзгерістер болмай Казақстан жетістік үлгісіне айнала алмайды. Саяси реформаларсыз экономикалық реформаларда ілгерілеу болмайды" деген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сайлау жайлы сарапшылар пікірі

"Оппозицияға өз шағымдарын айтуға мүмкіндік берілсе, бұл биліктің сирек ұсыныстарының біріне айналады. Соңғы наразылық кезінде шамамен мың адам тұтқындалған, бұл оқиға жаңа үкіметті ойға қалдырған сияқты" деп жазады Wall Street Journal.

WSJ мақалаға АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі және Вашингтондағы Rand Corp. үкіметтік емес ұйымының аға ғылыми қызметкері Уильям Кортнидің пікірін қосқан: "Билік сайлаудың соңы келіспеушілікпен аяқталады деп ойлаған жоқ. Бұл олар күткен жол емес. Бұл биліктің қоғаммен диалогты жоғалтып алғанының белгісі болуы мүмкін".

WSJ берген сұхбатында Тоқаев наразылықты экономикалық мәселелер мен ұлттық валютаның құнсыздануымен байланыстырған. Қазақстан қоғамы мен экономикасын ашық қылуға ынталы екенін жеткізіп, мәселенің тігісін жатқызуға тырысқан.

Мақалада Карнеги қорының халықаралық бейбітшілік бағытындағы Ресей мен Еуразия бағдарламасының аға ғылыми қыметкері Пол Стронскидің де пікірі бар. Оның пікірінше, "диалог қажеттігі" туралы айтылса да, бұл бастаманың қандай нәтиже беретіні әзірге белгісіз.

"Қазақстан халқы бұл диалогты бұрыннан бері талап етіп келген. Үкіметтің үнемі елді өзгертуге қатысты үлкен жоспарлары болғанымен, шын мәнінде бұл жоспарлар толық орындалған емес" дейді Стронски.

Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев "Барлық наразылықтың түп-тамырында әділетсіздік жатыр. Мәселе билікке деген сенімнің түбірімен жоғалуында болып отыр. Бұл Назарбаев билігі тұсында басталған" дейді.

Қарай отырыңыз: Сайлау күнгі ұстаулар (9 маусым 2019 жыл).

Наразылық себептері мен өткен сайлау туралы америкалық Foreign Policy журналы да жазды.

"Транзит процесі және оның ізінше басталған [сайлауалды] науқан белсенділер мен билікті сынаушыларды оятып, жемқорлық, саяси құқықтардың тапталуы және өзге де мәселелердің сыртқа лықсып шығуына түрткі болды. Ұйымдасқан саяси оппозиция мен тәуелсіз БАҚ-қа өмір сүруге мүмкіндік бермейтін қатаң басқарылатын елде наразылықтың өршуі сирек кездесетін құбылыс" деп жазады Foreign Policy.

Гарвард университетіндегі Орталық Азия бойынша сарапшы Наргис Қасенова басылымға берген сұхбатында өткен сайлау "қоғам өзгеріп жатқанын", "ал елді басқарып отырғандар халықтан қаншалықты бөлініп қалғанын көрсетті" деген.

Мақалада Human Rights Watch қызметкері Мира Ритманнның "Бұл ел билігі тарихтың жаңа парағын ашатын сәт болуы мүмкін еді. Бірақ біз оның орнына бәріне таныс репрессиялық әдісті көріп отырмыз" деген пікірі бар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Foreign Policy де Тоқаевтың дипломатиялық қасиеттерін мақтағанымен, оның ел ішіндегі ықпалына күмән келтіреді. Бұл тұста басылым АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Кортнидің пікірін берген. Америкалық дипломаттың пікірінше, "Қазақстанның ашық емес элитарлық саясатында" Тоқаев "жоғары қызметте отырғанымен, барлық билік қолында болмағандықтан шектеліп отыр".

"Басқа мемлекеттер Тоқаевпен сыпайы қарым-қатынас құрғанымен, оны шешім қабылдайтын тұлға есебінде көрмейді. [Ресейдің премьер-министрі Дмитрий ] Медведевпен болған жағдайдағы сияқты, Тоқаев та тәуелсіз билігі бар тұлға ретінде қарастырылмайтын болады" дейді Уильям Кортни.

Мақалада "Көп сарапшылар Тоқаевты түбінде билікті Назарбаевтың шынайы мұрагері – үлкен қызы Дариға Назарбаеваға немесе оның отбасындағы басқа ықпалды тұлғаға табыстайтын уақытша қойылған сенімді адам көреді" делінген.

Foreign Policy саясаттанушы Досым Сәтпаевтың "Билікті шынайы табыстау [Назарбаевтың] өлімінен кейін ғана басталады. Ешқашан басқа Назарбаев болуы мүмкін емес. Оның болашақ мұрагері Назарбаев сияқты басқаруды жалғастыра алмайды" деген пікірін берген.​