"Билік елді бұл қиындықтан алып шығуға дәрменсіз"

Your browser doesn’t support HTML5

Әкежан Қажыгелдиннің Азаттық журналисі Нұрбек Түсіпханға берген сұхбаты.

Қазақстанда коронавирус тарап, елде төтенше жағдай жарияланғалы биліктің жәрдеміне көңілі толмайтын не жәрдемсіз қалған адамдардың наразылығы әр жерден жиі естіледі. Індетпен бетпе-бет күресіп жатқан дәрігерлердің мәселесі де ушығып тұр. Оппозиция өкілдері карантиндегі биліктің атқарып жатқан ісін "шала, жеткіліксіз, дағдарысқа дайын болмады" деп сынайды. Кейбірі өз жоспарын, бағдарламасын да ұсынып жатыр. Олардың арасында Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, 1998 жылы шетелге кетіп қалған Әкежан Қажыгелдин де бар. Оппозициялық саясаткер Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстандағы экономикалық дағдарыс, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев, үкіметтің дағдарысқа қарсы саясаты туралы ойын бөлісті.

Азаттық: Коронавирус карантині кезінде қазіргі биліктің, яғни президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Асқар Мамин бастаған үкіметтің халыққа жәрдем көрсету, дағдарыстан шығу жоспарына қандай баға бересіз?

Әкежан Қажыгелдин: Жоспар деген оңай нәрсе. Бір жапырақ қағазға былай істейміз, олай істейміз, ақша да бөлеміз деп жазып, он шақты істі айтты. Ең бірінші мәселе – халықты сақтау. Ол үшін дәрігерді сақтау керек. Бүгінгі статистиканы (сұхбат 1 мамырда алынды - ред.) қарайтын болсақ, ауырып қалған үш мыңнан астам адамның 820-сы дәрігер. Осы түрмен қайда барамыз? Барлық ауыртпашылыққа дайын емеспіз. Комиссия даяр емес. Қаржы бөлген-бөлмегенін білмейміз. Не тест өткізе алмайды, не ауруханалары дайын емес. Мына жағдайдан аман шықсақ ол үкіметтің әрекеті емес, құдайдың сақтағаны болар еді. [Президент] Қасым-Жомартқа Тоқаевқа басқаша қарап жүрген адаммын. Үш жарым жылдай қызметтес болдық. Талай елді араладық. Мына түрімен, бүгінгі көзқарасымен ол жігіттің (Тоқаевты айтады - ред.) келешегі жоқ. Бұл - жалғыз Тоқаевқа ғана емес, халыққа да, мемлекеттік органдарға да, бәрімізге де үлкен сынақ. Одан қалай шығамыз? [Биліктің] тірлігі жарамайды.

Азаттық: Қазақстан билігі төтенше жағдай кезінде Алматы мен Нұр-Сұлтанды карантинге ертерек жапты. Кейін өзге ірі қалаларды да жауып тастады. Бұл індеттің алдын алуға жасалған құптарлық әрекет деп есептемейсіз бе?

Әкежан Қажыгелдин: Бұрын да айттым, бүгін де айта алам. Карантин ретінде қабылдаған шешімдері өте дұрыс. Халық үйде отыруы керек. Ауруханалар, үкімет, құзырлы органдар дайын болуы үшін халық сабыр сақтап үйде отыруы керек. Бірақ қанша отырады? Төрт аптадан асып кетті. Ешқандай қимыл жоқ. Мәселе сонда ғой. Халық өмір сүруі керек. Күнделікті азығы бар, балалары, дәрі-дәрмегі бар. Жарыққа, жылу мен суға, телефонға төлеу керек. Қаржы керек. Қаржы бермей жатыр. Көбі қызметсіз, жұмыссыз қалып қойды. Бюджет қызметкерлері де үйде отыр. Иә, оларға төлеп жатыр. Бірақ кәсіп істеп жүргендердің жайы не болады? Жалғыз ғана карантинмен ештеңе шеше алмаймыз.

Коронавирусқа қарсы дезинфекция жасап жүрген адамдар. Орал, 18 сәуір 2020 жыл.

Азаттық: Биліктің коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерге тағайындаған қосымша үстемақысына не айтасыз?

Әкежан Қажыгелдин: Біз де бүгін дәрігерлерге кепілдік беруіміз керек. Ертең біреуге көмектесіп жүріп, өзі осы аурудан қайтыс болса балалары, отбасы, қартайған ата-анасы – бәрі көмексіз қалады ғой. Соның бәрін бүгіннен бастап заң қабылдап, айтып тастау керек. Ақша бар. Қаржы жетеді. Бірақ қайда жатқаны белгісіз, халық білмейді. Нұрсұлтан Назарбаев (Қазақстанды отыз жылдай басқарып, былтыр наурызда президенттіктен кеткен, бірақ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде билікке әлі ықпал етіп отыр – ред.) әртүрлі қорда 90 миллиард доллар бар деді. Дәл қазір қолдану керек. Бұл – халықтың қаржысы. Халық 30 жыл шыдап, жыл сайын жұмыс істеп, қызмет атқарып, салық төлеп жинады.

Азаттық: Әлеуметтік желіге сіздің атыңыздан "Оппозицияның шетелдегі бюросы" деп аталатын сайтта жарияланған 24 тармақтан тұратын дағдарыстан шығу жоспары сіздікі екені рас па?

Әкежан Қажыгелдин: Ол 24 тармақта жазылған қағаз синопсис деп аталады. Бағдарламаның өзі өте үлкен. Оның бірнеше бөлімі бар. Бір топ адамның жұмысы. Топты мен басқардым. Оны қосымша хатпен жуықта Қасым-Жомартқа [Тоқаевқа] қайта жолдадым.

Азаттық: Бағдарламаны ма?

Әкежан Қажыгелдин: Иә, бағдараманы жібердім. Оның идеясын жібердім. Бағдарламаның өзін олардың қолына беруге болмайды. Қабылдай ма, жоқ па - ол әлі белгісіз. Қабылдаса қай жолмен жүреді, оны да білмеймін. Әрбір жақсы нәрсені быт-шытын шығарып, жаман жаққа да қолдануға болады. Екінің бірінде көлік айдайтын құқық бар. Бірақ бірі жақсы жүргізуші, екіншісі нашар. Өмірде де сол сияқты. Мына жүйеде ол бағдарламаны іске асыратын үкіметті көрмей тұрмын. Бұл - бір. Екінші, үкіметтен бөлек, бағдарламаны іске асыратын комиссияны бөлек ұстау керек.

Азаттық: Мына карантин кезінде, дағдарыс уақытында халыққа нақты қандай бағдарлама ұсынар едіңіз? Үкімет жұртқа көмек ретінде 42 500 теңге (95$) төлеп, "Нұр Отан" партиясы 50 мың теңгеден (117$) беріп жатыр. Осы көмектің орнын алмастыратындай, бұдан да тиімді, пайдалы жоспарыңыз, осынша ақша жұмсалады дейтіндей бағдарламаңыз бар ма?

Әкежан Қажыгелдин: Ең алдымен мына аурудың бірінші толқынынан қалай шығамыз және екінші толқыны бола ма, одан қалай қорғанамыз, соны ойлауымыз керек. Соған қарағанда біздің жоспарымыз 12 айдан 24 айға дейін ұзаруы мүмкін. Қанша миллион азамат жұыссыз, айлықсыз қалды? Соны санау керек. Олардың айлық, жылдық керегін санау қажет. Қосымша құн салығын, басқа салықтың бәрін тоқтату керек. Одан басқа ешқандай салық үкіметке түспейді. Оны білу керек. Қордағы қаржыны бөліп, халықты сақтауға даяр болу керек. Басқа шетелде тығылып жатқан қаржыны қайтарып, санап, оны жинаған соң келесі бағдарламаны ойластыру керек. Біз ұсынып отырған бағдарламаны іске асырып, қабылдаса, келесі жылдан бастап мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Вирус пен девальвация соққысы". Қазақстан төтенше жағдайға дайын болды ма?

Азаттық: Мысалы, сізге жұмыс істеуге рұқсат берілсе осы бағдарламаңызды іске асыра алатын сенімді адамдарыңыз бар ма?

Әкежан Қажыгелдин: Бұл бағдарламаны президент басқару керек. Себебі, халық алдында жауапкершілігі мол бағдарлама. Шақыратын болса, біз команда жинаймыз. 1992 жылы ешкім білмейтін жас адамдар келді де үкіметте бұрыннан жүрген, Совет одағынан қалған шенеуніктермен бірге реформадан өткенбіз. Қазақстанда жоқ емес, маман көп. Олар үкіметке, Тоқаевқа хат жазады. Бірақ хаттары жетпей жатады. Маман жеткілікті. Бізге керегі бағдарлама және "ал бастадық" деген шешім.

Азаттық: Қасым-Жомарт Тоқаев президент болғалы ол кісімен сөйлестіңіз бе?

Әкежан Қажыгелдин: Жоқ.

Азаттық: Қанша рет хат жаздыңыз?

Әкежан Қажыгелдин: Мынау екінші хат.

Азаттық: Демек, екі рет хат жаздыңыз. Жауап берді ме?

Әкежан Қажыгелдин: Жоқ. Бүгінге дейін келген жоқ жауап. Мүмкін болмайтын да шығар, мүмкін ерекше хабарласатын шығар. Оны білмеймін. Бұл - жалғыз Тоқаевқа емес, халыққа арналған хат.

Мен көп жыл бұрын Нұрекеңмен (бұрынғы презиент Нұрсұлтан Назарбаевты айтады – ред.) бірге қызмет бастағанда жақсылық болсын, жамандық болсын, қандай жағдай болса да өзіне айтып тұрам деп келіскенбіз. Оппозицияға кеткенде де ол кісімен хабарласып тұрдым. Бірнеше рет кездестік те. Ол кісіге соңғы рет 2016 жылы күзде жазып жібердім. Еуропада елшілікте жүрген азамат арқылы. Үш жыл бұрын Дариға Назарбаеваның (бұрынғы президент Назарбаевтың қызы. Саясаткер әңгіменің бұл тұсында Назарбаева мен оның ұлы Нұрәли Әлиевтің Лондондағы жылжымайтын мүлкіне байланысты сотты меңзеп отыр - ред.) осындай жағдайға душар болатынын айттым. Сыртта жатқан ақшаны қайтарыңдар, айырыласыңдар деп жаздым.

Назарбаева мен Әлиевтің қымбат үйлері жайлы сотта не айтылды?

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаева мен Әлиевтің қымбат үйлеріне қатысты сотта не айтылды?

Азаттық: Демек, Назарбаевтың айналасына, туыстарына байланысты мүлікті сіз өзге ел тартып алуы мүмкін екенін алдын ала айттыңыз ғой?

Әкежан Қажышелдин: 2016 жылдың қараша айында жазып жібердім. Ол қағаз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолына жетті. Оны білем.

Азаттық: Бұл Назарбаевтың айналасындағы туыс-жақындарына көмектесу емес пе?

Әкежан Қажыгелдин: Жоқ, мен оған жасыр деген жоқпын ғой. Мен оған ақыл берген кезде былай жасыр, былай ақта деген жоқпын. Оған қаржыны сақтай алатын жалғыз ел – Қазақстан екенін айттым. Біріккен Араб әмірлігі, не Еуропа, Швейцария немесе АҚШ емес. "Амнистия жасаңдар, ақшаны қайтарыңдар, билікте қалатын болсаңдар халыққа, елдің келешегіне жұмсаңдар, шетте жасыратын болсаңдар айырыласыңдар" дедім.

Азаттық: Назарбаев сізді тыңдады ма? Жазған хаттарыңызға жауап беруші ме еді?

Әкежан Қажыгелдин: Ол кісі маған "жазғаның дұрыс емес" деп бір рет айтпаған.

Азаттық: Демек, жауап келеді ғой?

Әкежан Қажыгелдин: Кейде ауызша келеді. Мен қолдаған жігіттерге ренішін білдіреді. Ұрсады. Бірақ біреуін де қызметтен қуған жоқ. Себебі менің айтып отырғанымның дұрыс екенін біледі.

Азаттық: Сіз Нұрсұлтан Назарбаевпен бірнеше рет кездестім дедіңіз. Бұған дейін де осыны айтып жүрсіз. Кездесулер қай жерде болды? Нақты не айтылды?

Әкежан Қажыгелдин: Ең елеулі кездесу былай болды: Нұрекең маған амандасқан соң ең бірінші айтқаны "біздің саған қарсы жасап жүргеніміз қателік, кешір" деді. Мен оған "өткенді айта бермейік, келешекті ойлайық" дедім. Ол кісі сол кезде алды-артына біраз жалтақтап жүрген. Бірақ кейін біреулер бәрін сатып аламыз айтқан болу керек. Кейін шу болды, іс қозғалды ("Қазақгейт" ісін меңзеп отыр - ред). "Биліктен кетсең жөніңмен кет" деп бір сағат бес минуттық аудио жазып жібердім. "Реформа жасау керек" дедім. Бір кезде ол кісінің өзі де "парламентті күшейту керек" деп айта бастады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Коронавирус ушыққанда Назарбаев пен Қауіпсіздік кеңесі қайда кетті?

Азаттық: Әкежан мырза, сұрағыма нақты жауап бермедіңіз. Назарбаевпен қанша рет және қай жерде кездестіңіз?

Әкежан Қажыгелдин: Сіз билікте жүрген үлкен адаммен кездесіп, оны келесі күні жариялайтын болсаңыз, ол – дұрыс емес. Ешкім сізбен кездеспейді. Өтірік болса Нұрекең шығып айтсын. Оған көп адам куә.

Азаттық: Бұл сауда емес пе? Сіз өзіңіз айтып отырғандай, Назарбаевпен емін-еркін бірнеше рет кездесесіз. Тоқаевқа қайта-қайта хат жазасыз. Мұның астарында саяси ойын, саяси сауда жатқан жоқ па? Көптің ойында міндетті түрде осы сұрақ туады ғой.

Әкежан Қажыгелдин: Жұрт менен "сен жаман деп айта берме, өз қолыңнан не келеді, не ұсынып отырсың?" деп сұрайды. Сол себепті мен қолымнан келген құжатты жіберіп отырмын. Шіркін, Қазақстанда еркін телевидение болса, сол арқылы айтатын едім. Ондай жоқ, сондықтан хат жазам. Мен ол жерден қызмет сұрап отырған жоқпын. Назарбаевпен солай болды, Қасым-Жомарт Тоқаевпен де солай болып жатыр.

Азаттық: Сізді 2001 жылы қыркүйекте сырттай соттаған. Сот кескен мерзім өтіп кетті. Қазір Қазақстанға келуге қандай кедергі бар?

Әкежан Қажыгелдин: Мен сізге айтайын, осы жылдары Қазақстанға екі рет келіп кеттім. Әрине, ресми емес, жасырын бардым. Қазақстанда нағыз армия да жоқ, шекараны бекітіп ұстайтын күштер де жоқ. Кез келген адам ертең-ақ Қазақстанға шекара арқылы баратын жағдайы бар. Бұл – мен үшін саяси мәселе.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Он жыл бұрын сырттай сотталған

Азаттық: Келсем тағы қуғындалам, қамалам, сотталам деп ойлайсыз ғой?

Әкежан Қажыгелдин: Жоқ, мәселе онда да емес. Бірнеше мемлекет, оның ішінде Ұлыбритания маған виза беру үшін, 2010 жылы паспорт беру үшін құзырлы органдар Қазақстаннан менің ісімді сұрады. Барлығын, куәлердің не дегенін, қандай дәлелдер бар, бүкіл құжатты бірнеше рет сұрады. Соңғы рет Италия жоғарғы прокуроры 2016 жылы сұрады. Қазақстан бір де бір рет істі сол сұратқан үкіметтерге берген жоқ. Неге? Оның себебі – шикі, саяси іс. Ал қай күні Нұрекең не өзі шешіп кетеді, не биліктен толық кеткен күні мен елге барам.

Азаттық: Сіз сияқты Қазақстан билігін сынайтын, тіпті ымыраға келмейтін десе де болады, шетелде тұрып жатқан оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов бар. Қазақстанда жүрген жас саясаткер Жанболат Мамай бар. Ол екі азаматтың осы дағдарысқа арналған жоспарын көрдім. Мұхтар Әблязов 42 500 теңгенің орнына ай сайын елдегі әр адамға 50 мың теңге берсін дейді. Мысалы, бір шаңырақта бес адам болса, олар 250 мың теңге, алты адам болса 300 мың теңге алады деген сияқты. Ал Жанболат Мамай әр шаңыраққа 200 мың теңге берілсін дейді. Осыдан өзге де ұсыныстары бар. Билікті сынап жүрген осы адамдардың жоспарына қалай қарайсыз? Қайсы ұтымды деп ойлайсыз?

Әкежан Қажыгелдин: [Жанболат Мамай] демократиялық партияны тіркететін болса, мына жаңа толқын, Жанболаттың өзі немесе партияда болмаса да онымен қатарлас, жеке келе жатқан үкіметтік емес ұйымдардың лидерлері, солардың қолынан келуі мүмкін. Демпартия бағдарламасының жаны бар. Оны орындауға болады. Мұхтар Әблязовтың ұсынып отырғаны да дұрыс. Үкіметтің қолында қанша қаржысы барын Мұхтар біліп отыр. 50 мың теңге деген бүгін түк емес. Ақша жоқ емес, бар. Бірақ ол қайда жатыр? Қалай қолданып жатқанын халық білмейді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де білмейді-ау деп қорқам. Ол кісі билікке әлі кірген жоқ.

42 500 теңге көмектің артында жұмыссыздарды азайтып көрсету саясаты тұр ма?

Your browser doesn’t support HTML5

42 500 теңге көмектің артында жұмыссыздарды азайтып көрсету саясаты тұр ма?


Азаттық: Жанболат Мамайдың айтып жүрген мемлекеттік құнды қағаздарды шығарып, сату туралы ұсыныс сіздің де жоспарыңызда бар екен. Екеуі қатты ұқсас. Бұл келісіп, ақылдасып алып, айтып отырған ұсыныс емес пе?

Әкежан Қажыгелдин: Менің онымен келісіп, ақылдасып отыратын жағдайым жоқ. Хабарласып жүрген адам емеспіз. Онымен жуырда эфир арқылы жүздескенмін. Мен жалғанда Жанболатпен кездескен жоқпын. Бірақ сырттай бақылап жүрмін. Ол – Қазақстанға керек лидерлердің бірі. Бұлардың қатарында айтыскер ақын Ринат Зайытов бар. Бірақ оның қазір не істеп жүргенін білмеймін. Ол да халықты ерте алады. Макс Боқаев шығатын болса, ол да қаншама адамды жинауы мүмкін. Халықты жинай алатын азаматтар бар.

Азаттық: Мұхтар Әблязов кейінгі бірнеше жылда Қазақстанда қарсылық жиындарын көп өткізді. Жақтаушылары Әблязов шақырған жерге жиналып, оны қолдайтындарын ашық айтып жүр. Бірақ оппозиция өкілі бола тұра сіздің атыңыздан, сіз көтеріп жүрген лозунгтарды айтып, сізді қайтаруды, ақтауды талап етіп алаңға шығып жүрген адам көрмейміз. Бұл нені білдіреді?

Әкежан Қажыгелдин: Ол менің біреуге сөзімді сөйлетіп отырмағанымды білдіреді. Ал өзім жұртты митингіге шақырсам, оған өзім де қатысуым керек. Шетте отырып "анда барыңдар, сендерді сабайды, үйтіңдер-бүйтіңдер" деп айта алмаймын. Оған тілім бармайды.

Азаттық: Сұхбатыңызға рахмет.