Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері арасында сары-көк түске боялған СССР туы, Кремль макетінің тұманды бейнесі, болашағы бұлыңғыр ауылдағы бос қалған және жартылай бұзылған үйлер маңындағы мыңдаған жылдық тарихы бар тастар. Бұл - Жұмағұлов туындысында қолданылған символика мен метафоралардың кішігірім бөлігі ғана. Аталған фильм – ақынның кинематография саласындағы екінші туындысы (Жұмағұловтың бірінші "Кітап" деп аталатын көркем фильмі Пусанда өткен халықаралық кинофестивальдің "Азиялық киноға терезе" секциясында көрсетілді). "Сорос-Қазақстан" қорының қолдауымен түсірілген "Слух камней. Опыты деколонизации" фильмінің тұсаукесері әлі өткен жоқ. Оның авторы Азаттық тілшісімен әңгімеде фильмнің идеясы, деколонизация мәні мен қазіргі Қазақстандағы саяси процестер туралы ой-пікірін білдірді.
"БОДАНДЫҚ ҚАМЫТЫ"
Азаттық: Фильмде бұрынғы мәнін жоғалтып, жаңасын таба алмағанымызды меңзейтін белгілер мен символдар көп. Бұл Қазақстан отарсыздандыру жолына түсуге тырысып, жолайрықта қалып қойғанын білдіре ме?
Ербол Жұмағұлов: Дұрыс аңғарғансыз. Режиссер ретінде мен тек суретпен ғана сөйлей аламын. Сондықтан фильмде кадр сыртындағы дауыс жоқ. Мәселе жаңа мағына жоғында тұрған жоқ (жақсылап іздесеңіз, табасыз), бодандық қамытының кесірінен жаңа мағынаға терең бойлай алмай отырмыз, мәселе сонда. Шын мәнінде мағынасы қарапайым: құл болу – оңай, азат болу – қиын. Ал бірақ еркіндік дегеніміз жеңіл өмір емес, жауапкершілік. Осыны түсінбейінше, жолайрықта қала береміз. Фильмде тәуелсіз Қазақстан туының түсінде жасалған СССР туы көрсетілген. Бұл біздің қазіргі жағдайымызды көрсетеді. Картина авторы — [суретші] Рашид Нұрекеев — осыны дәл түсінді.
Азаттық: Фильм көрерменге тым ауыр емес пе?
Ербол Жұмағұлов: Ауыр шығар, бірақ бұл жерде ештеңе өзгерте алмаймын. Мәтінді қолдануға қарсылығым жоқ. Кейде мәтін де керек. Бірақ қазіргі деректі фильмдер фильм емес, құдды берілген тақырыпқа жазылған бейнереферат сияқты. Фильмде көпшілікке қызық он тұлға сөйлейді, олардың әрқайсысы маңызды дүниелер туралы айтады. Егер оған тағы да өз ойымды мәтінге түсіріп қоссам, "ботқа" болар еді.
Азаттық: Фильмде режиссер, жазушы, кәсіпкер, саясаттанушы сияқты әртүрлі адамдар пікір айтады. Неге дәл осы адамдарды таңдадыңыз?
Ербол Жұмағұлов: Пікірлердің алуан түрлі болғанын қаладым. Ақсақал Мұрат Әуезов пен "ұлтшыл" Данат Намазбай, белгілі кинорежиссер Дәрежан Өмірбаев пен Қарағанды облысында мемлекеттен қаржы алмастан, Абай тігін фабрикасының жұмысын жолға қойған жас кәсіпкер. Бұған қоса, жазушы Дулат Исабеков пен фильм продюсерлерінің бірі, саясаттанушы Досым Сәтпаев сөйлегенін қаладым. Олар фильмде өздерін ғана емес, қоғамды толғандыратын тақырыптарды қозғап, деколонизация туралы пікірлерін ортаға салды.
Азаттық: Фильмде пікір білдіргендердің бірі "70-жылдық совет тарихы Қазақстан үшін жақсы тәжірибе, одан кейінгі кезең советтік дәуірден де жаман болуы мүмкін" дейді. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?
Ербол Жұмағұлов: Бұл пікірмен мүлде келіспеймін. Біздің ата-бабамыз колонизацияға, кейіннен пролетариат диктатурасына қарсы күрескенде, олар пікірдің кез келген түріне еркіндік берілетін, тіпті бір-біріне қарама-қайшы көзқарастар да қатар өмір сүре алатын қоғам орнату үшін күресті.
"ҚАЗАҚСТАН БАСШЫЛЫҒЫ КПСС ШЕКПЕНІНЕН ШЫҚҚАН"
Азаттық: Отарсыздандыру тақырыбына неге дәл қазір назар аударып отырсыз?
Ербол Жұмағұлов: Отарсыздандыру мәселесін журналист ретінде бұрын да көтергенмін. Науқас адамның ыстығын өлшеп көргім келді. Одан бөлек, Кенесары ханнан (19-ғасырдағы қазақтардың Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық қозғалысының басшысы – ред.) басталған отарлауға қарсы күрес 1986 жылы Алматыда өткен Желтоқсан оқиғасына (жастардың Қазақ ССР басшылығына Кремль ұсынған адамды тағайындау туралы Мәскеу шешіміне қарсы көтерілісі – ред.) дейін жалғасады.
Азаттық: Сіздің ойыңызша, Қазақстанның қазіргі билігі отарсыздандыру идеясын қолдай ма?
Ербол Жұмағұлов: Олар бұл идеяны өз мақсатына пайдаланғысы келеді. Өздеріне тиімді болған кезде қолдаған сыңай танытады. Тиімсіз болса, қолдамайды. Бірақ биліктің өзі толықтай Совет одағының коммунистік партиясы (КПСС) мен бүкілодақтық Ленин атындағы жастар одағы (комсомол) шекпенінен шыққан. Сондықтан одан шынайы отарсыздандыруды күтудің қажеті жоқ.
Азаттық: Балтық елдері мен Украина билігі мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің архивін кез келген адам қол жеткізе алатындай ашық жүйеге көшірді. Қазақстанда да осылай жасауға бола ма? Бұл қажет шара деп ойлайсыз ба?
Ербол Жұмағұлов: Кез келген террор қандай болғанына қарамастан сыналуы керек. Артықшылығын да, кемшілігін де айтқан дұрыс. "Коммунистік жобаға" қатысқаны үшін халық көп бөлігінен айрылды. Мұндайды ұмытуға құқығымыз жоқ. Оның үстіне, біз әлі де бар шындықты білмейміз. Менің ойымша, архивтерді ашу керек. Бұл өте маңызды. Шындықты бәрі білуі керек. Бұл - біздің тарихымыз, онсыз алысқа бармаймыз.
"АҚПАРАТТЫҚ КЕҢІСТІГІМІЗ - БІР КӨРШІГЕ, ЭКОНОМИКАМЫЗ ЕКІНШІСІНЕ ТИЕСІЛІ"
Азаттық: Сіздің фильміңізде саясаттанушы Досым Сәтпаев "Қазақстан неоколониализм дәуірінде өмір сүріп жатыр" дейді. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе? "Неоколониализм" ұғымын қалай түсінесіз?
Ербол Жұмағұлов: Досыммен келісемін, біз неоколониализм қақпанына әлдеқашан түсіп қалғанбыз. Ақпараттық кеңістігіміз бір көршімізге, экономикамыз екіншісіне тиесілі. Мәдени тұрғыдан, әлемның ең шалғай нүктесінде қалып қойған сияқтымыз. Мен пессимист емеспін. Жағдайды өзгертуге болатынына сенемін. Димаш Құдайберген (қазақстандық әнші) сияқты таланттардың шығуы— осы бағыттағы қадамдардың бірі. Қазақтарға өздеріне деген құрметті қайтару керек. Сонда өзімізді құрбан көруді қойып, алға жылжимыз. Алдымызда ұмтылар биік көп.
Азаттық: Фильм күздің соңында, қыста немесе ерте көктемде түсірілген сияқты. Суық, қар мен жаңбыр. Соңғы кадрларда ашық аспан мен айналаның көгере бастағаны байқалады. Фильмді жылы бояумен, оптимистік көңіл-күймен аяқтауды алдын-ала жоспарладыңыз ба?
Ербол Жұмағұлов: Алғашқыда жобаны бес айға жоспарлағанбыз. Бірақ жоба он айға созылды. Біз кинокамераға түсіреміз деп шештік, сондықтан өндіріс процесі көп уақыт алды. Түсірілім күзде басталды. Біз көбіне ғимараттардың ішінде түсірдік. Қысқа таман табиғат аясында түсірдік. Суық ауа-райы қажет атмосфераны қалыптастырды. Бәрі ойлағанымдай болды. Қосымша түсірілімдер мен фильмнің соңғы бөлімін көктемде түсірдік. Суықтан жылы маусымға өту үмітті білдіреді. Пессимистік туынды жасағым келген жоқ. Ештеңеге қарамастан оптимистік фильм түсіргім келді.