"Халық билікке талабын орындатқыза алатынын көрсетті"

Азаматтық белсенді Макс Боқаев үкіметтің жер реформасына қарсы шеруде сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Осыдан үш жыл бұрын, 2016 жылы мамырдың 17-сі күні атыраулық белсенді Макс Боқаев қамауға алынған. Жер митингісі кезінде көзге түскен Боқаев 2016 жылы қарашада "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңын бұзды" деген айыппен бес жылға сотталды. Ақтөбеде түрмеде отырған белсенді Азаттыққа сұхбат беріп, қазіргі жағдайы, елдегі саяси өзгерістер туралы айтты.

Ақтөбедегі КА-168/2 түрмесінде жазасын өтеп жатқан Макс Боқаев мамырдың 16-сы күні Азаттыққа телефонмен хабарласты. Бұған дейін Азаттық белсендіге бірнеше сұрақ қойып, түрмеге хат жіберген еді.

Макс Боқаев әңгімесін "сәуірдің 26-сы күні жіберген хатыңызды мамырдың 9-ы күні кешке әкеліп берді. Бізге бейсенбі күні телефонмен сөйлесуге рұқсат береді. Сондықтан телефон соғуға бүгін (мамырдың 16-сы күні – ред.) ғана мүмкіндік болды. Сізбен сөйлесуге он минут уақытым ғана бар" деп бастады.

Азаттық: - Елде президенттің ауысқанын, қазір сайлауға дайындық жүріп жатқанын білетін боларсыз. Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілетін тоқтатып, орнына Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Назарбаевтың президенттіктен кеткенін қайдан естідіңіз? Сол сәтте қандай ойда болдыңыз?

Боқаев пен Аян

2016 жылы сәуірдегі жер шеруінен кейін атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деген айыппен бес жылға сотталған. 2018 жылы сот Талғат Аянның түрмеден уақытынан бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырып, оның жазасын шартты түрге алмастырған. Макс Боқаев "қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын" айтқан. Ал 2019 жылы шілдеде Атыраудағы №2 қалалық соты Талғат Аянды жазадан толық босатты.

Макс Боқаев: - "Президент кетеді", "билік транзиті болады" деп 2005 жылдан бері айтылып келе жатыр. Бірақ ұзаққа созылып кетті. Сол күні (19 наурыз – ред.) телеарналар мен радиодан "сағат жетіде президент Назарбаевтың айтатын шұғыл хабары бар" деп хабарлады ғой. Сол не радиодан, не телеарнадан естідім. Шынымды айтсам, қуанып не аса бір көңілім бұзылды деп айта алмаймын. Себебі, бұл баяғыдан бері айтылып келе жатқан әңгіме.

Оған қоса, былтыр Конституцияға өзгерістер енгізілгенін, Қауіпсіздік кеңесінің рөлін күшейткенін бәріміз білеміз. Сондықтан Назарбаевтың ешқайда кетпейтінін, билік тетіктері қолында қалатынын білдік. [Назарбаев] сахна сыртынан жіп тартып отырады. Жалпы елде экономикалық, саяси-әлеуметтік дағдарыс болып, барлығы қиындап кеткенде авторитарлық билік пайдаланатын тәсіл - "декорацияны өзгерту". Жұртты алдағандай болады. Декорацияны өзгертсе басылады деп ойлайды. Көп балалы аналар наразылығы да әсерін тигізді деп ойлаймын.

Бірақ [Назарбаев] биліктен айырылғысы келмейтін адам, сондықтан ол, қалай болса да, Конституцияға өзгеріс енгізіп, әйтеуір билік тізгінін қолында ұстап қалатыны баяғыда белгілі болған.

Your browser doesn’t support HTML5

Макс Боқаев Қазақстандағы "билік транзиті" жайлы

Азаттық: - Биліктің Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерткен шешімі жайлы не айтасыз?

Макс Боқаев: - Қажеті жоқ еді. Назарбаевтың өзі "міне, мен жаңа астананы көтердім", "тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасы", "үлкен қала" деп мақтанып жүрген. Сол Астана атауы қалуы керек еді. Тарихта "Нұрсұлтан Назарбаев көтерген қала" деп қалар еді. Шынымды айтсам, көзі тірі адамның есімін қалаға беру – ерсілеу.

Макс Боқаевтың "жер шеруінде" сөйлеген сөзі. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Your browser doesn’t support HTML5

Макс Боқаев "жер мәселесіне" қатысты талап қойды

Азаттық: - Жер митингісінен кейін үш жыл өтті. 2016 жылы Атыраудағы наразылықты көзбен көрдіңіз. Қалай ойлайсыз, митингіде қойған талаптарға қол жеткізе алдыңыздар ма?

Макс Боқаев: - 2016 жылғы митингіге шығып, ой-пікірімізді айтуымыз керек болды әрі орынды болды. Оған қоса, Конституцияда "Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық" деп жазылған. Сол халық өз пікірін айтып, билікке жеткізді. 100 пайыз болмаса да, талаптарының 70-80 пайызын жеткізіп, айтқанын істетті. Ол өте маңызды деп ойлаймын.

Атыраудағы "жер сатуға қарсылық" жиыны. 24 сәуір 2016 жыл.

Your browser doesn’t support HTML5

Атыраудағы «жер сатуға қарсылық» жиыны

Бізде билік халықтың ешқандай пікіріне құлақ түрмейді. Сондықтан сол кезде наразылыққа шығу керек деп ойладым. Митинг тек Атырауда емес Ақтөбе, Семей, Алматы мен Қызылорда қалаларында да болды. Сол кезде халық талабын билікке айтып, мәжбүрлеп орындатқызуға болатынын көрсетті. Сол жағынан алып қарағанда, маңызды болды деп ойлаймын.

Your browser doesn’t support HTML5

Макс Боқаев "жер шеруі" туралы

Азаттық: - Чехияның бұрынғы министрі Жәмила Стехликова Азаттыққа берген сұхбатында 2016 жылғы наразылықтар елдегі азаматтық қоғамның оянғанын, енді кері қайтар жол жоғын айтты. Бұл пікірмен келісесіз бе?

Макс Боқаев: - Ішінара келісемін. Оянғаны шын. Ал енді "кері қайтуға жол жоқ" дегені… Қытайдағы Тяньаньмэнь алаңындағы болған оқиғаны (1989 жылы Пекинде болған наразылық шарасын айтады – ред.) тарихтан білеміз. Бейбіт митингіге шыққандарды танктермен басып, өлтіріп, бетін қайтарды. Бізде де билік халыққа оқ атып, танк шығарып, жұрттың бәрін түрмеге қамаса, тоқтата алады. Одан сақтасын. Бірақ оянғаны шын. Дегенмен енді қантөгіс, жамандық болмайды деп үміттенемін.

Your browser doesn’t support HTML5

Қамаудағы белсенді Макс Боқаев азаматтық қоғам туралы


Жаңаөзен оқиғасының (2011 жылы Жаңаөзендегі наразылықты айтады – ред,) өзі неге тұрады. Ондай жағдай қайталанбайды деп ойлаймын. Оған қоса, біздің халықтың жауапкершілігі де бар. Сыртқа қару алып шығып жатқан ешкім жоқ, билікке талаптарын тек бейбіт түрде жеткізгісі келеді. Сондықтан демократиялық процесс басталса тоқтамайды деп үміттенемін.

"Жер шеруінен" кейін қылмыстық айыппен жауапқа тартылған азаматтық белсенділер Макс Боқаев (сол жақта) пен Талғат Аян сот залында. Атырау, 28 қараша 2016 жыл.

Азаттық: - Халықаралық құқық қорғау ұйымдары сізді "саяси тұтқын" деп танып, Қазақстан билігінен бірнеше рет сізді босатуды талап еткен. Жазаңызды жеңілдету я мерзімінен бұрын босату туралы әңгімелер болды ма?

Макс Боқаев: - Ақтөбенің түрмесіне екі рет келіп кетті. Қай органнан екенін білмеймін. Түрмеде ондайды "тамырды басып көру" дейді. "Жағдайыңыз қалай?", "егер жазсаңыз шығаруға көмектесеміз", "бірақ шықсаңыз не істейсіз, қандай іспен айналысасыз" деген әңгімелерді айтып кетті. Шын айтсам, ол бір таң қалатын жайт емес қой…

Осы тұста Макс Боқаев "мына жақта уақыт болды дейді" деп, телефонмен сөйлесуге берілген он минуттың аяқталғанын меңгезді. Азаттық тілшісі қамаудағы белсендіге соңғы сұрағын қойып үлгерді.

Your browser doesn’t support HTML5

Макс Боқаев мерзімінен бұрын босау мүмкіндігі туралы



Азаттық: - Адвокатыңыз Айман Омарова бір жыл бұрын журналистерге сіздің мерзімінен бұрын босап шығуға сұранбайтыныз жайлы айтқан. Уақытынан бұрын босап шығу туралы өтініш жазасыз ба?

Макс Боқаев: - Әзірше [өтініш] берген жоқпын. Алдымызда не болатынын білмеймін. Жазайын деп дайындалып та жүрген жоқпын.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет.