Accessibility links

Омарова: "Боқаев мерзімінен бұрын шығуға сұранбайды"


Азаматтық белсенді Макс Боқаев сот залында тұр.
Азаматтық белсенді Макс Боқаев сот залында тұр.

Адвокат Айман Омарова өткен аптада Павлодардағы түрме ауруханасында емделіп жатқан Макс Боқаевқа заңдық көмек көрсету үшін барып, кездесіп қайтқанын айтты. Ол Боқаевтың денсаулығының нашарлай түскенін, бірақ оның мерзімінен бұрын шығу туралы мәселені қараудан бас тартқанын хабарлады.

Айман Омарова Макс Боқаев жазасын өтеп жатқан Петропавлдағы ЕС-164/3 мекемесінің лауазымды тұлғаларының қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін биылғы наурызда қозғалған қылмыстық іске қатысты заңдық көмек көрсету үшін Павлодарға барғанда бірсыпыра заңсыздықтарға тап болғанын қынжыла мәлімдеді. Адвокаттың сөзінше, сотталушының туысы әрі заңды қорғаушысы бола тұра Жанаргүл Боқаева қамаудағы белсендімен кездесе алмапты. Олар Павлодар облыстық прокуратурасының қылмыстық жазасын өтеушілер мен сотталушылардың құқығын қорғауға бақылау жасау жөніндегі басқарма бастығы Жомарт Мұңсызовқа шағымданғандарын айтты.

- Біз ол жерге аз уақытқа барып тұрған соң шағымымызды жедел қарауды сұраған едік. Бірақ бізге «шағымдарыңызды қалдырып кетіңіздер, белгіленген мерзімде жауабын береміз» деді, - дейді Айман Омарова.

Оның сөзінше, Макс Боқаев өзіне жіберілген сәлемдемелерді де бірден ала алмай жүр. Азаматтық белсенді қазір Павлодарда уақытша емделуде жатқандықтан, жазасын өтеп жатқан ЕС-164/3 мекемесіне келген хат-хабар кері қайтарылған.

Оқи отырыңыз: Қазақстандық құқық қорғаушылар саяси тұтқындар тізімін түзді

- Оған жуырда анасы жіберген корреспонденциялар кері қайтып келіпті. Адресат орнында болмағандықтан, әрине. Ол (Макс Боқаев – ред.) Петропавлда жазасын өтеп жатыр ғой, ол жерде (Петропавл түрмесінде – ред.) уақытша ғана жоқ, - дейді адвокат.

Айман Омарова, адвокат
Айман Омарова, адвокат

Павлодар облыстық прокуратурасы Азаттық тілшісінің Макс Боқаевтың жағдайына қатысты сауалдарына телефон арқылы жауап беруден бас тартып, сұрақтарды жазбаша жіберуді сұрады.

Адвокат Павлодарда Макс Боқаевпен тек бір сағаттай уақыт қана сөйлесуге мүмкіндік туғанын айтады. Омарованың сөзінше, Боқаев денсаулығына қатысты ашық шағымдануды ұнатпаса да, халінің нашар екені байқалған.

- Оның денсаулығында кінараты көп, остеохондроз бен омыртқа арасындағы грыжа аяғын еркін басуына мүмкіндік бермейді. Басқа да ескі сырқаттары бар. Соған қарамастан ол маған «мерзімінен бұрын шығу туралы мәселені талқыламаймын да, сұрамаймын да» деп қатаң ескертті, - дейді Айман Омарова.

Оқи отырыңыз: "Қазір түрмеде отыру өкінішті де, ұят та емес". Боқаевпен сұхбат

Ол Талғат Аянның мерзімінен бұрын уақытша бостандыққа шығатыны туралы ақпаратты «қатты қуана қабылдағанын» да жеткізді.

- «Өте жақсы болған, оның балалары бар ғой» деді. Мені де халықаралық сыйлық алуыммен құттықтады. Бұны этаппен әкеле жатқанда көліктегі радиодан естіп біліпті, - дейді ол.

Макс Боқаев биылғы наурыздың соңында денсаулығына байланысты Павлодардағы түрме ішіндегі АП-162/2 ауруханасына емделуге жіберілген болатын. Ол денсаулығына байланысты 2017 жылдың қазан айында да колонияның санитарлық блогында емделген.

Көре отырыңыз: Атыраудағы "жер сатуға қарсылық" жиыны

Атыраудағы «жер сатуға қарсылық» жиыны
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:26 0:00

Атыраудағы аса ауқымды жер реформасына қатысты митингілерден соң Макс Боқаев пен Талғат Аян 2016 жылғы мамырдың 17-сі күні қамауға алынған еді. 2016 жылғы 28 қарашада Атырау қалалық №2 соты Макс Боқаев пен Талғат Аянды бес жылға соттаған. Сот Боқаевтың жазасын Атыраудағы УГ 157\9 мекемесінде өтеуді белгілегенімен, 2017 жылғы 27 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164\3 мекемесіне жөнелтті. Содан бері Макс Боқаев та, оның туыстары да бұл ауыстырумен келіспей, бірнеше мәрте арызданғанымен шағымдарының ешқайсысы қанағаттандырылмады.

Макс Боқаев өзін Солтүстік Қазақстан облысындағы түрмеге жіберген Қылмыстық атқару комитетінің шешіміне наразылық ретінде былтыр жазда аштық жариялап, бірнеше апта бойы астан бас тартқан болатын. Боқаев түрмедегі адам құқықтарының сақталуын талап етуіне орай бес мәрте тәртіптік жазаға тартылған. Түрме қызметкерлері оған «екінші дәрежелі теріс мінез-құлық көрсетті» деп баға берген. Прокурор оның екеуіне қатысты наразылық келтірген.

Оқи отырыңыз: Жерге қатысты заңда толқу талабы орындалды ма?

Боқаев пен Аянның жақтастары мен құқық қорғаушылар белсенділерге қарсы үкімнің «саяси астары бар» деп санайды. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері Боқаев пен Аянға шығарылған үкім Қазақстанның адам құқығы саласында алған халықаралық міндеттемелеріне қайшы келетінін айтып, Астананы оларды қамаудан босатуға шақырған.

2016 жылғы сәуір мен мамыр айларында Қазақстанның көптеген қалаларында өткен үкіметтің жер реформасына қарсы жаппай митинг пен наразылық акцияларынан соң президент Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексіндегі резонанс тудырған заң баптарына мораторий жариялаған. Оған шетелдіктерге жерді жалға беру туралы заң баптары да қосылған. Одан кейін үкімет жанынан жер реформасын халықпен бірге талқылау үшін арнайы комиссия құрылған. Комиссияның құрамына шақырылған Макс Боқаев пен бірнеше белсенді оның жұмысына қатысудан бас тартқан.

Көре отырыңыз: Азаматтық белсенді Макс Боқаев жер реформасына наразылар туралы

Азаматтық белсенді Макс Боқаев жер реформасына наразылар туралы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:16 0:00

2018 жылғы сәуірдің 20-сында Қазақстан парламентінің сенаты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдап, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қол қоюына жіберді. Осы заң арқылы Жер кодексіне және Жер кодексіне байланысты өзге де көптеген нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізіледі. Алайда Макс Боқаев бұл заңда Атыраудағы митингіде қабылданған қарардағы екі мәселе, атап айтқанда ауыл шаруашылығы жерлерін иеленуші фирмалардың тізімін толық жариялау және шетелдік әскери полигондарды Қазақстанда орналастыруға тыйым салу туралы талаптар енбеген деп санайды.

XS
SM
MD
LG