Нұр-Сұлтан қаласында бес айдан астам уақыт үйқамақта болған, тіркелмеген "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләш (құжат бойынша – Бияш) тамыздың 16-сы күні Алматы қаласы Әуезов аудандық сотында ісі қаралған соң босап шықты.
Әуезов аудандық сотының Facebook-тегі парақшасында жарияланған ақпаратта сот үкімімен Серікжан Бияштың [Біләш] Қазақстан қылмыстық кодексті 174-бабының 1-бөлігі ["көпшілікке жария түрде және БАҚ-ты пайдала отырып ұлтаралық алауыздықты қоздыру"] бойынша айыпты деп танылғаны және прокурормен процестік келісімге келуіне байланысты оған бас бостандығынан айырудан өзге жаза қолданылғандығы жазылған.
Тамыздың 16-сы күні сот ғимаратынан шыққан сәтінде Серікжан Біләш өз ісінің "президент кеңесшісінің араласуымен ерекше жағдайда шешілгенін" және сот үкімімен өзіне 110 мың теңге (шамамен 288 доллар) айыппұл салынғанын айтқан болатын. Оған дейін Біләштің адвокаты Айман Омарова прокурордың Біләшқа айыбын мойындап, процестік келісім жасасуды ұсынғанынан хабардар етіп, өзінің мұндай келісімге қарсы болғанын мәлімдеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сот Біләшті қамаудан босатып, айыппұл салдыСоттан кейін белсенді Серікжан Біләш Азаттық радиосына сұхбат берді.
"ҚАЖЕТТІЛІКТЕН БОЛҒАН КЕЛІСІМ"
Азаттық: Сот аяқталды. Процестік келісімге келгеніңіз рас па? Сіз бұған дейін "Қанша соттаса да өз ісімнен бас тартпаймын" деген едіңіз. Мұндай қадамға баруыңыздың себебі неде? Шынымен бәрі аяқталды ма?
Серікжан Біләш: Бұл - өте күрделі, ұзақ әңгіме. Кейін арнайы тоқталармын деп ойлаймын. Қазір қысқа сөзбен түсіндіріп кету мүмкін емес. Сонда да бір ғана нәрсені айта кетейін. "Мен жеңемін" деп ұрандай бергеннен адам үнемі жеңіске жете бермейді. Соғыс кезінде де тактика өзгеріп тұратын еді ғой. Яғни мұндай келісімге адам қажеттіліктен ғана барады.
Азаттық: Дегенмен сіздің қорғаушыңыз Айман Омарова Алматыдағы сот отырысынан шыққанда сіздің ісіңіздегі келісімді "заңсыз" деп атап, "Серікжан процестік келісімге келетіндей негіз жоқ" деді. Және ол сот аяқталмай кетіп қалды. Сол сәтте өзіңізді жалғыз қалғандай сезінбедіңіз бе?
Серікжан Біләш: Егер Қазақстанда бір адам құрметке лайық болса, оған сеніп, оны мойындау керек болса, сол адам Айман Омарова дер едім. Алайда кей мәселеде Айман екеуміздің көзқарасымыз сәйкес келе бермеуі мүмкін. Сондықтан менің ісімде ешқандай заңсыздықтың жоқ екенін көргеннен кейін, көзі жеткеннен кейін ол адвокат ретінде процестік келісімге келуден бас тартты.
Ал мен белгілі бір себептерге байланысты қорғаушыма "келісейік" дедім. Ол кісі өзінің негізгі мақсатынан айнымайтынын айтты. Соңынан мен Айман Омаровадан бас тартып, өзіме қорғаушы ретінде Шынқуат Байжановты алатынымды жазып бердім.
Азаттық: Сотқа дейін немесе сот кезінде әрқандай бір қысым болған жоқ па? Осындай пікірлерге сіздің жауабыңыз қандай?
Серікжан Біләш: Қысым болған жоқ. Өйткені мені ешкім де қысым жасау арқылы көндіре алмайды.
ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІНІҢ КЕҢЕСІ
Азаттық: Соттан кейінгі көп алдындағы сөзіңізде бұл іске "президент кеңесшісінің" араласқанын айтып қалдыңыз?
Серікжан Біләш: Менің ісім туралы ақпарат президенттің құлағына жеткен. Сол кісінің тапсыруымен Мақсат Ысқақов деген адам маған Нұр-Cұлтанда үйқамақта отырғанда төрт рет келген болатын. Осында, Алматыға келгеннен кейін үйге тағы бір келіп кетті. Соттың алдында тағы бір келді. Қысқасы өзінің ісімен, сөзімен мені иландырды.
Азаттық: Қалай сендірді?
Серікжан Біләш: Менің мақсатым Қазақстан билігімен шайқасу емес. Президент бұл істі өз бақылауына алып, көмекшісін арнайы жіберіп отырса, неге келіспеске?! Екіншіден, мен өз миссияма жеттім. Қытайдағы қазақтарға қысым жайлы әлемдік деңгейге дейін жеткіздім. Апаратын жеріне апардым.
Азаттық: Яғни сіздің келісімге келуіңізге осы мәселе себеп болғаны ғой?
Серікжан Біләш: Тағы да қайталап айтамын, менің негізгі мақсатым Қазақстан билігімен шайқасу емес, Қытайдағы қазақтардың мәселесін шешу болатын. Сондықтан егер билік бұл мәселені бұдан әрі өзі шешетін болса, келісейін дедім.
Қытайда ата-анасы қалған балалардың өтініші. "Атажұрт еріктілері" кеңсесіндегі кездесу (2 қараша 2018 жыл):
Your browser doesn’t support HTML5
"ҰСТАЛАТЫНЫМДЫ БІЛДІМ"
Азаттық: Жарты жылға жуық өз үйіңізде емес, Нұр-Сұлтанда үйқамақта отырдыңыз. Осы кезде өзіңізді қалай сезіндіңіз? Өткенге өкінген кезіңіз болды ма?
Серікжан Біләш: Өкінген жоқпын. Себебі ұсталатынымды 2018 жылдың көктемінен бастап білдім. Өткен жылдың көктемінде Алматы қалалық прокуратурасынан төрт рет "шу шығармау" туралы ескерту қағаз алдым. Өзім тұрып жатқан үйге полицейлер 15-16 мәрте келіп, есігімді тоқпақтаған болатын. Кім екенін сұрасаң, аты-жөнін атамайды. Кейде қылмыскерді іздеп жүрген болады, бірақ көршілердің есігін қақпайды. Менде бірнеше үй бар екені белгілі. Тіпті солардан қашып тұрғылықты мекен-жайымды ауыстырып та көрдім. Бәрібір тауып алады.
Бір мәрте Алматы облысы Іле ауданының орталығы Өтеген батыр кентіндегі полиция бөлімшесінде маған видеокамера алдында заңды түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қағаздарға қол қойдым. Қала сыртындағы ауылдарға шықсам, үнемі артымнан белгісіз біреулер еріп жүретін. Сондықтан күндердің күнінде өзімді қамауға алатынын сездім. Бірақ қолға алған ісімнен бас тартпадым.
Азаттық: Алдағы беталысыңыз қалай? Қытайдағы қазақ мәселесі тағы да ушығып жатса, олардың ісімен айналысуды жалғастырасыз ба?
Серікжан Біләш: Енді Қытайдағы қазақ мәселесімен жеті жылға дейін айналыса алмаймын. Бірақ мен айналыспағаныммен, "Атажұрт еріктілері" ұйымының Алматы мен Астана және Өскемен қаласында кеңсесі бар. Сонда істейтін жігіттер менен де жақсы жұмыс жасайтындарын көрсетіп жатыр. Екіншіден, билік менің аузымды жапқанымен, туыс-туғаны арғы бетте қысым көріп жатқан барлық қазақтың аузын жаба алмайды. Олардың арызын тоқтата алмайды.
Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.