"Реформатор" Тоқаевтың "қайшылықты ұстанымы" мен "реформалар пакеті"

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанның екінші президенті өзі саяси реформа деп атаған шараларды өзіне дейінгі басшы құрған жүйеде қалай жүргізіп жатыр? Бұл жүйе пандемияға қарсы не істеді, қандай "осал тұстары" байқалды? Азаттық осы және өзге де жайттар жайлы Қазақстанның адам құқықтары бюросының директоры Евгений Жовтиспен сөйлесті.

Тура бір жыл бұрын Қазақстанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен азаматтық қоғаммен диалог орнату үшін "қоғамдық сенім кеңесі" құрылып, құрамы жарияланды. Тоқаев қоғаммен диалог орнату керегі жөнінде жаппай наразылыққа шыққан азаматтардың көбі ұсталған сайлаудан кейін айтты.

Содан бері өткен бір жыл ішінде "сенім кеңесінің" саясаттанушылар, экономистер, блогерлер мен қоғамдық пікір қозғап жүрген адамдардың қатысуымен үш жиыны өтті. Бірқатар бастама көтеріліп, олардың бір бөлігі "саяси реформалар пакеті" деп аталды. Жақында Тоқаевтың кеңесшісі аталған "реформалар пакеті" "толықтай жүзеге асты" деп мәлімдеді. Азаттық "реформалар пакеті", "қоғамдық кеңес" пен саясаттағы қазіргі процестер туралы белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтиспен сөйлесіп көрді.

"ТАҒЫ БІР КЕҢЕС ҚҰРЫЛДЫ, БІРАҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ ОРНАҒАН ЖОҚ"

Азаттық: Жовтис мырза, сіз былтырғы сайлаудан кейін құрылған "қоғамдық сенім кеңесіне" кірген жоқсыз. Неге? Бұл органның жұмысын қалай бағалайсыз?

Евгений Жовтис: Қазақстанда бұрын да үздіксіз жұмыс істейтін жиын, қоғамдық палата, демократияландыру мәселелері жөніндегі комиссия сияқты әртүрлі құрылымдар болған. Қоғам мен билік арасындағы диалогты белгілі бір институтқа айналдыруға әртүрлі талпыныс жасалған.

Президент сайлауынан кейін Тоқаев мырзаның айналасындағы азаматтардың арасында да дәл осындай идея туды. Мен әуелден "Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі" деген атауға күмәнмен қарадым. "Ұлттық кеңес" тіркесіне қатысты мәселе жоқ, бұл – қоғамның өзгерістер туралы талабын ескеріп, президентке кеңес беру үшін мемлекет басшысының жанынан құрылатын консультативті-кеңесші орган. Бірақ маған "қоғамдық сенім" деген сөзі оғаш көрінді. Бұл мағынадағы сөз қолданылғанда, жаңа құрылымға жүктелетін міндет те еселене түседі. Міндет артқан сайын, жаңа бастамадан күтілетін деңгей де жоғарылайды.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

Біздің қоғам Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінен көп нәрсе күтті. Қоғамның либералды, демократиялық бөлігі салмақты саяси реформалар жүріп, сөз бостандығы, жиын өткізу еркіндігі, оппозицияның саяси процестерге қатысу белсенділігі, азаматтардың саяси көзқарастарын білдіру мүмкіндігі артады, ары қарай авторитаризмнің орнына демократия орнайды деп үміттенді. Қоғамның жемқорлық пен күш құрылымдарының бассыздығынан шаршаған басқа бөлігі билік сот жүйесінде тәуелсіздік пен әділдікті сақтауға мүмкіндік беретін өзгерістерді қолға алып, құқық қорғау органдарын түбегейлі реформадан өткізіп, жемқорлыққа қарсы шынайы күрес жүргізеді деп ойлады. Жемқор жүйеден қысым көрген шағын және орта бизнес өкілері туралы да осыны айтуға болады. Халықтың қазақ тілінде сөйлейтін патриот бөлігі тіл мәселесі көтеріледі деп сенді. Тағы бір азаматтар тобы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер болады деп күтті, өйткені қоғамда ашық теңсіздік пен әлеуметтік әділетсіздік бары анық көрінеді. Этникалық азшылық өкілдерінің де көкейінде өз арманы болған шығар. Ендеше қоғам бір жылдан кейін не нәрсеге қол жеткізді?

Бір жылдан қарасақ, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі әлгіндей өзгерістер болады деп күткеннен аспай, президенттің жалғасына айналғанын көреміз. Егер қорытындылап, баға берер болсақ, "тағы бір ұлттық кеңес құрылғанымен, қоғамдық келісім тағы да орнаған жоқ" деуге болады.

"ПРЕЗИДЕНТ УӘДЕСІНІҢ ОРЫНДАЛҒАНЫН КӨРСЕТУ" ЖӘНЕ "ЖОҚ НӘРСЕ ТУРАЛЫ ЗАҢ"

Азаттық: Қазақстан президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин парламент демалысқа шықпас бұрын "қоғамдық сенім кеңесінің" аясында ұсынылған "саяси реформалар пакеті" "толықтай жүзеге асқанын" мәлімдеді. Осыған тоқталсақ. Аталған "саяси реформалар пакетіне" биыл көктемде қабылданбай тұрып, даулы құжатқа айналып үлгерген бейбіт жиындар туралы заң да кіреді. Жаздың басында бұл құжат заңға айналды. Билік оны демократиялық деп есептейді, ал қарсыластары мұнымен келіспейді. Сіз осы тақырып бойынша тәуелсіз сарапшы ретінде жоба қаралып жатқан кезде билікпен әріптес болдыңыз. Жаңа заңға қандай баға бересіз?

Евгений Жовтис: Заң халықаралық стандарттарға сай емес. Бұл менің ғана пікірім емес, халықаралық сарапшылардың, оның ішінде БҰҰ-ның бейбіт жиын еркіндігі бойынша арнаулы баяндамасын дайындайтын маманның қорытындысы.

Жаңа заңның түпкі мағынасы жиын өткізуді қолдайтын презумпция принципіне қайшы келеді. Бұл заңда кімге қандай құжаттар өткізіп, қайда, қашан, қанша адам болып жиналуға болатыны туралы талаптар бар.

Мұнда кері принцип – қауіп презумпциясы жұмыс істейді, яғни, бейбіт жиын мемлекет пен саяси режим үшін қауіпті саналады.

Қазақстанда бейбіт жиын заңы қалай қабылданды?

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстанда бейбіт жиын заңы қалай қабылданды? Заңның кемшілігі қандай?

Полицияның іс-әрекетіне немесе сот шешімдеріне, парламентте қабылданған актілерге немесе президент қызметіне қарсы наразылық акциясына шыққан адамдар аталған мемлекеттік органдардың алдына барады. Бұл органдар салық төлеушілердің ақшасына жұмыс істейтінін атап өту керек. Мемлекет "Жоқ, қай жерге барып наразылық білдіру керегін өзіміз белгілеп береміз" деу арқылы маңызды халықаралық стандарттарға күмәнмен қарайтынын көрсетеді. Өйткені наразылық акциясын азаматтардың талабы бағытталған аудитория "көретін және еститін аумақта" өткізу принципі бейбіт жиын құқығының маңызды бөлігі саналады.

Жаңа заң пикет, жиын мен митингіге қатысты ескерту тәртібін енгізді. Бірақ бұл рұқсат беру шарасына көбірек ұқсайды, өйткені ескерту бірден наразылыққа шығу дегенді білдірмейді. Наразылықтан бес күн бұрын ескертіп, үш күн күтіп, содан кейін ғана акция өткізуге болады. Азаматтарға акция өткізуге рұқсат берілмеуі де мүмкін (заңда бұған кемінде он негіздеме бар). Бұл тәртіп азаматтарды ешкім күтпеген қоғамдық маңызы бар оқиғалар не қайғылы жағдайлар кезінде бірден реакция білдіріп, аяқ астынан бейбіт жиналу құқығынан айырады. Акцияға бес немесе он жұмыс күнінен (онда да шеру немесе демонстрациялар болса ғана) кейін ғана шығуға болады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаев қоғам сынаған митинг жайлы заңға қол қойды

Бұл заң ешқандай маңызды мәселені шешкен жоқ. Құжат көбіне президент берген уәделер орындалғанын көрсету мақсатында насихат үшін ғана жасалғандай әсер қалдырады.

Азаттық: Биліктің басқа уәделеріне келсек, саяси партиялар туралы заңға өзгерістер енгізілді. Партияны тіркеуге қажет мүше саны қысқарды. Бұл қаншалықты маңызды?

Евгений Жовтис: Партия тіркеу үшін қажет мүше саны 40 мыңнан 20 мыңға азайды. Болды.

1990 жылдардың басында Жоғарғы кеңестің 30 пайызға жуығын шынайы оппозиция құрайтын. Қазір оппозицияны мүлде көрмейміз: "жоғарыдан" ұсынылған заңның бәрін қолдап дауыс беретін партияларды "шынайы оппозиция" дей алмаймыз ғой.

Партия тіркеуге қажет мүше санын қысқарту ештеңені шешпейді. Бұл көрсеткішті мың адам деп белгілесе, бізде мың жаңа партия пайда болады деп ойлайсыз ба? Олай емес. Кей елде саяси партияны міндетті тіркеу мен мүшелер санына қатысты талап мүлде жоқ. Онда бәрін таңдау, яғни, халықтың қай саяси топты, қандай көзқарас, концепция мен идеяны қолдайтыны шешеді. Мемлекеттің басты міндеті — саясатпен айналысқысы келетін азаматтарға тиімді жағдай қалыптастыру, 50, 40 немесе 20 мың деп санмен ойнамай, азаматтарға ұйымдасып, сайлауға қатысуға мүмкіндік беру үшін тіркеу шараларын жеңілдету.

Қазір оппозицияны мүлде көрмейміз: "жоғарыдан" ұсынылған заңның бәрін қолдап дауыс беретіндерді "шынайы оппозиция" дей алмаймыз ғой.

Бізде мүше санын мыңға дейін азайтса да, бәрібір партияңызды тіркей алмайсыз. Бұған Демократиялық партияның үлгісі мысал бола алады: оларға тіпті съезд өткізуге де мүмкіндік бермеді. Бірнеше жыл бойы мұқият дайындалған тізімін өткізіп, тіркеуден өте алмаған "Алға" партиясы есіңізде ме? Ал 2012 жылы Жаңаөзен оқиғасынан кейін бұл партияның қызметіне тыйым салынды. Мұндай жағдайда мүше санын 40 мыңнан 20 мыңға азайту туралы айтудың мәні де жоқ. Бұл санды екі есе қысқартып, демократия жолында екі есе алға жылжыдық па? Бос әурешілік!

Азаттық: Сайлау туралы заңға саяси партиялардың сайлау тізімінен әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота беру туралы өзгеріс енгізілді. Құжатта "парламенттік оппозиция институты" деген ұғым пайда болды. Бұл іс жүзінде құрыла ма?

Евгений Жовтис: Жоқ нәрсе туралы қалай заң қабылдауға болады? Біздің парламентте саяси оппозиция жоқ. Саяси оппозиция, әйелдер мен жастар әртүрлі тақырып болып көрінгенімен, олар өзара байланысты. Енді сайлауға назар аударайық. Сайлау дауыс беру мен бюллетеньдерді қалай санау туралы емес. Алдыңғы сайлау қорытындысы жарияланған күннің ертеңіне жаңа сайлау басталады. Сайлауды адал әрі әділ өткізудің дауыс беру процесін ұйымдастыруға қатысы жоқ. Бәрі электоралды кезеңдер аралығында (өткен сайлау мен алдағы саяси науқан арасындағы уақыт) оппозицияға қандай саяси мүмкіндіктер берілгеніне байланысты. Мұндай мүмкіндіктер қатарына өз ұйымын құру, барлық сайлау шарасына қатысу үшін тіркелу, электоралды кезең аралығында сайлаушымен байланыста болу, мемлекеттік және ұлттық ақпарат құралдарын қоса алғанда, кез келген медиада ақпарат жариялау, билеуші партия немесе билік өкілдерімен пікір таластыру, өз көзқарасын білдіру, азаматтарға саналы таңдау жасауға жол ашу жатады. Бұл мүмкіндіктерді мемлекет береді. Мемлекет Конституцияға сәйкес, теңдік пен плюрализмге кепілдік беретін заңдарды бұлжытпай орындап, саяси белсенді азаматтарға бірдей қарағаны дұрыс. Оппозиция болатынын немесе болмайтынын билеуші партия шешпеуі керек.

"ҚУЛЫҚҚА БАСУ" НЕМЕСЕ "АРАЗДЫҚ" ТУРАЛЫ БАПТЫ ЖАРТЫЛАЙ ӨЗГЕРТУ

Азаттық: "Жала жабу" бабын қылмыстық кодекстен әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекске ауыстырды. Бұл декриминализация деп аталды. Халықаралық ұйымдар бұл талапты Қазақстан билігіне бұрыннан қойып келе жатыр. Мұны декриминализация деп атауға бола ма?

Евгений Жовтис: Мұны белгілі бір сақтықпен "позитивті қадам" деп атауға болады. Әлі де бұл бапты қылмыстық кодекстен әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекске ауыстыру мәселесі болмауы керек еді деп ойлаймын. Менің ойымша, бұл бап жала жабылған адамға өтемақы төлеумен байланысты мәселе ретінде азаматтық заңнамаға өтуі керек еді.

Әлемнің көп елінде біз әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексі деп атайтын құжат пен "әкімшілік құқықбұзушылық" деген түсінік жоқ. Онда бұл қылмыстар қылмыстық кодекстің шағын заңбұзушылықтар мен қылмыстарды қамтитын бөліміне кіреді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаев тұсындағы "болмашы өзгерістер" және Шыңжаңдағы қысым куәгерлерінің күнделігі

Осы мағынадағы декриминализацияға келгенде, бұл бапты қылмыстық кодекстен мүлде алып тастап, азаматтық кодекске ауыстыруды қолдаймын. Бізде кішкене қулыққа басып, бапты қылмыстық кодекстен әкімшілік кодекске ауыстыру арқылы жазаны жеңілдеткендей көрсетіп отыр. Бұрын қылмыстық заңнама негізінде салынатын айыппұл енді әкімшілік кодекске сәйкес төленеді. Бәрібір жала жабуға азаматтық-құқықтық қатынас сияқты қарап, моральдық шығын өтеумен салыстырғанда, әкімшілік кодекстегі бап белгілі бір құқықбұзушылық жасағаны үшін берілетін жазаны білдіреді. Бұл жағдайда айыппұл мемлекетке төленеді.

Бірақ, әрине [жала жабуды декриминализациялау] алға ілгерілеушілік саналады. Бұл қадамнан белгілі бір позитив байқағанымды атап өтіп, қышқылдау тисе де кей жайтты айта кетейін. Жала жабуды алып тастаған қылмыстық кодексте ақпаратпен байланысты бірнеше "қылмыс" түрі қалды. Бұл жерде бірінші президенттің немесе президенттің абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру, депутаттың ар-намысын қорлау немесе билік өкіліне тіл тигізу (белсенді Әсия Төлесова осы бап бойынша сотқа тартылып жатыр) сияқты баптарды меңзеп отырмын. Иә, жала жабуды алып тастады, ал өзге баптар қылмыстық кодексте қалып қойды. Бұл "биліктегілер өзін қарапайым азаматтардан артық қорғау шараларымен қамтамасыз ете алмайтыны туралы халықаралық стандарттарға қайшы келеді.

Азаттық: Тағы бір өзгеріс: қылмыстық кодекстің отандық және шетелдік құқық қорғаушылар белсенділер мен билікті сынаушыларға қарсы жиі қолданылады деп сынайтын 174-бабындағы "Араздық қоздыру" тіркесі енді "Алауыздық туғызу" болып өзгерді. Билік сөзді өзгертумен ғана шектелмейтінін айтып отыр. Енді аталған бап бойынша айыппұл қолдану мүмкіндігі туады. Мұны демократизация мен гуманизация деп қабылдауға бола ма?

Евгений Жовтис: Билік бейбіт жиын туралы жаңа заңдағыдай бұл саладағы халықаралық құқық дамуының стандарттары мен тенденцияларын зерттеп, негізге алған жоқ. Әсіресе, Hate Crime және Hate Speech, жек көрініш сезімі негізінде жасалған қылмыс пен ғадауат тілі немесе зорлық насихатын қарастырмады. Бұл – өте маңызды концепциялар және ол тек терминологияны ғана білдірмейді.

Мен орыс тіліндегі "разжигание" ("қоздыру") және "рознь" ("алауыздық") сөздері – incitement of hatred деп түсіндірілетін ұғым емесін көп рет айтқам. Өйткені халықаралық құқықта тура аударғанда "жеккөрінішті қылу мен қастық сезімін туғызу" деген тіркес қолданылады. Сонда бұл екі термин де этимология жағынан "араздық қоздыру" дегеннен әлдеқайда мықты, нақты және қатқыл естіледі. Өйткені "араздық туғызу" нақты белгілеп көрсетуге қиын ұғым болып қалып отыр. Бұл сөзді айыптауда оңай қолдануға болады, бірақ өзіңді ақтап алу қиын.

"Қоздыру" сөзін "туғызу" деп ауыстырды, ал "араздық" сөзін "жеккөрініш" немесе "қастық" сөзіне ауыстырған жоқ. Мысалы, қылмыстық кодекстің 54-бабында аталған екі термин де қолданылады. Сондықтан бұл қадам жартылай жүзеге асты деуге болады.

ПАНДЕМИЯ: "НАЗАРБАЕВ КАДРЛАРЫНЫҢ ЖЕҢІЛІСКЕ БАСТАЙТЫН ӘРЕКЕТІ"

Азаттық: Тоқаевтың президенттігіне келсек. Сайлаудан кейін Тоқаев өзін реформатор деп таныстырды. Одан кейін де өзіне дейінгі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бағыты мен реформаларды үйлестіру керегі жөнінде бірнеше рет айтты. Тоқаев бір жылдан астам уақыт президент болған тұста не өзгерді?

Евгений Жовтис: Тоқаев барынша қайшылықты жағдайда қалып отыр деп ойлаймын. Бір жағынан, ол Назарбаев құрған жүйенің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сақтауы керек. Бәрінен де өзі және айналасындағылар (Назарбаев пен оның маңындағылар да) бұл жүйенің тұрақсыздығы мен күйреуінен қорқады. Сондықтан олар қандай да бір элементтерге тиісуден қауіптенеді. Өйткені олардың көзқарасы бойынша, биліктің басты міндеті – тәртіп пен тұрақтылықты (өздерінің түсінігі бойынша), билеуші элитаның қауіпсіздігін сақтап, қолда бар құралдармен олардың өз ішінде пайда болған кикілжіңдерді шешуге тырысу.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен ол бұл қызметтен кеткенде орнына қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаев "Нұр Отан" партиясының съезінде. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.

Басқа жағынан алғанда, Тоқаев мемлекет пен қоғам дамуының халықаралық тенденциясын жақсы білетін көзі ашық адам ретінде жүйені реформаламай қиындықтарды жеңе алмайтынын түсінеді. Бізде әлеуметтік-экономикалық сипаттағы мәселелер бар. Мұнай бағасының түсуіне экономикаға едәуір әсер еткен, алдағы уақытта да салдары көрінетін COVID-19 пандемиясы қосылды. Құқық саласында бұрыннан келе жатқан әділетсіздік пен жүйелі жемқорлық мәселесі бар. Бұл мәселелердің өршуі жүйенің оларға қарсы дұрыс әрекет ете алмайтынын дәлелдеді. Ескі, вертикалды, қатаң әрі тиімсіз жүйе бұған дайын емес. Пандемия мұны ашып көрсетті. Сондықтан Тоқаевта таңдау көп емес, ол қайткен күнде де, бәрібір реформалар жүргізуі керек.

Қазір билік насихат мақсатында "біз саяси реформалар жүргіздік" деп, бірнеше көкейкесті мәселе бойынша айтылған халықаралық сынға жауап берді. Бірақ объективті тұрғыдан алғанда, жағдай шынайы реформалар жүргізуге итермелейді, ал бұл бағыттағы қозғалыс жүйеге бәрібір әсер етеді. Өйткені қазіргі жүйе басқа принциптерге негізделген. Сонда дилемма туады: реформа жүргізсе, Назарбаев құрған жүйеден бас тарту керек, бірақ бұл билеуші элита үшін қауіпті; ал реформа жүргізген кейіп танытып, шын мәнінде ештеңе өзгертпесе, қазіргі және болашақта туатын мәселелер жүйенің әлсіздігі мен шарасыздығын көрсететін болады.

Азаттық: Соңғы кезде Нұрсұлтан Назарбаев сахна сыртында қалып, Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам алдына жиі шығып жүргендей көрінеді. Пандемия кезінде билік орталықтары арасында өзгеріс бар деп ойлайсыз ба?

Евгений Жовтис: Бұл жерде қандай да бір негізделген қорытынды жасау қиын деп ойлаймын, өйткені біздегі "жоғары" саясат жабық. Үнемі тексерілген ақпаратқа негізделмеген болжамдар мен сараптамаларға сүйенуге тура келеді. Соған қарамастан, білімім мен қоғамдық-саяси тәжірибеме сүйеніп, олардың әрқайсының алдында тұрған міндеттерді түсіну керек деп ойлаймын.

Назарбаев элитаның мүддесін қорғап, оларға берілген кепілдіктерді сақтауға жауапты деп алсақ, оның Қауіпсіздік кеңесінің басшысы, бүкіл басқарушы элитадан тұратын "Нұр Отан" партиясының төрағасы екенін ескеріп, бірінші президенттің белгілі бір деңгейде негізгі кадрлық процесстерді бақылауда ұстап, стратегиялық шешімдер қабылдайтынын түсінуге болады. Ол – қазіргі элитаның мықты ресурсы. Бүкіл құрылымның тұрақтылығын сақтайтын, тепе-теңдікті реттейтін ауыр салмақтағы монументі.

Басқа қырынан алғанда, Тоқаевқа жедел басқарумен айналысуға тура келіп отырғаны анық, себебі кездескен қиындықтарға реакция білдіріп, белгілі бір шарамен жауап беруі керек.

Сондықтан олардың [Назарбаев пен Тоқаев] әрқайсысы өз алаңында бірінші кезекте өз мүддесі үшін дамуға ұмтылуға тырысады. Мұнда биліктің ара-қатынасын есептеп шығару қиын, өйткені бір жағынан, олардың міндеттері әртүрлі, екінші жағынан бірі – екіншісінің ізбасары.

Назарбаев кадрларының коронавирус пандемиясы кезіндегі жеңіліске бастайтын қадамдарына келсек, бұл толықтай тиімсіз жүйенің салдарын көрсетеді. Бұл басқару жүйесі жеке адамға адалдыққа, вертикалды билік пен топтық-әкімшілік сипатқа құрылған.

Барлық жағынан алғанда Тоқаевтың шынайы реформалары әлі алда. Осы тұста "Ол реформаны жүзеге асыруды қолға ала ма, әлде керісінше, реформалар президентті күтпеген салдарға әкеп соға ма?" деген өте қарапайым сұрақ туады.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.