Accessibility links

Тоқаев тұсындағы "болмашы өзгерістер" және Шыңжаңдағы қысым куәгерлерінің күнделігі


Полицияның арнайы жасағы наразыларды ұстауға жүгіріп барады. Алматы, 6 маусым 2020 жыл.
Полицияның арнайы жасағы наразыларды ұстауға жүгіріп барады. Алматы, 6 маусым 2020 жыл.

Осы аптада халықаралық ақпарат құралдарында Израиль компаниясының Қазақстанның «автократ және репрессивті» режиміне азаматтарды аңду технологиясын сатқаны туралы материал жарық көрді. Шетелдік баспасөз құқық қорғаушылардың парламент қарауынан өткен «жала жабу» бабын декриминализациялау туралы заң жобасына реакциясын талдап, Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және өзге ұлт өкілдеріне көрсетілген қысым туралы жазды.

ИЗРАИЛЬ САЯСАТКЕРІНІҢ «АВТОРИТАРЛЫ РЕЖИММЕН» ӘРІПТЕСТІГІ

Осы аптада Орталық Азия мемлекеті туралы аз жазатын израильдік басылым Қазақстан туралы жазды. Негізінен ағылшын тілінде жазатын Times of Israel онлайн-ресурсы елдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың “Ликуд” партиясының мүшелері қоғамдық қауіпсіздік министрі қызметіне ұсынған Галь Хирш туралы көлемді зерттеу жариялады. Басылым «Хирштың қолындағы байлық қайдан келгені және оның авторитарлы режим өкілдерімен ықтимал байланысы туралы» сұрақтарға жауап іздейді. Times of Israel Хиршпен байланысы болуы мүмкін авторитарлы режимдердің қатарында Қазақстан билігін де атаған.

Хиршты министр қызметіне ұсынған соң, оған қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Оған «шетелдік шенеуніктерге пара беріп, ақша жымқырды» деген айып тағылған. Басылым «Ашық деректерге сүйеніп, Хирштың соңғы 15 жылдағы қызметін зерттесек, “ол министр қызметіне лайық па?” деген сұрақ туады” деп жазады. Times of Israel «Хирш министр болса, Панама архивіне (Панамадағы көлеңкелі нарықта жұмыс істейтін құқықтық фирма мен корпоративті қызмет көрсететін Mossack Fonseca компанияларының 11,5 миллион құжаты жарияланған даулы оқиға) енген Израильдегі бірінші полиция басшысы болар еді" деп топшылайды.

Басылым Хирштың Defensive Shield фирмасына зерттеу жүргізген. Мақала авторларының айтуынша, компанияның ресми сайтында «Defensive Shield миссиясы — қалауыңызға сай шешімдер ұсыну. Біз кемеңізді жылдамдығы жоғары қайыққа айналдырып, қызметкерлеріңіздің қолына заманауи қару мен технология беріп, оларды асау ағынды су бетінде кемені басқаруға үйретеміз» деп жазылған. Басылым дерегінше, бұл компания «қару сатып, Грузия, Қазақстан және өзге де авторитарлы режимдерге азаматтарды аңду технологиясын жеткізіп, технология қолдануды үйреткен".

Компания «аңду технологияларын адам құқығы нашар қорғалатын елдерге» сатып келген. Басылым дерегінше, хакерлік шабуылдың арқасында көпшілік назарына ұсынылған іскерлік хаттарда Defensive Shield қызметкерлері компания Қазақстан, Әзербайжан, Түркіменстан, Түркия сияқты мемлекеттерде қорғаныс және ішкі істер министрлігі сияқты органдармен белсенді жұмыс істейтінін айтқан.

Компания сайтындағы архив парақшасынан 2013 жылдың тамызында Қазақстанның Израильдегі елшісі Ғалым Оразбақовтың «жақын кеңесшілерімен бірге» Defensive Shield кеңсесіне барғанын көруге болады. Басылым оқырмандарына «Қазақстан — тәуелсіз баспасөз бен саяси оппозицияны ұнатпайтын автократ және репрессивті режим» деп түсіндіреді.

Хирш Times of Israel басылымына жіберген ресми хатында Қазақстан, Әзербайжан, Түркіменстан мен Түркияға аңдуға арналған технология сатқанын жоққа шығарған. Defensive Shield компаниясының маркетингтік материалдарында кәсіпорынға еншілес Nirtal Security Guides and Weapons Development компаниясы аңду технологияларын сатуға маманданғаны жазылған. Times of Israel дерегінше, Defensive Shield сайтында 2014 жылы Nirtal компаниясы «Орталық Азия мемлекетіне арнап, ВИП-жоба дайындады» деген ақпарат бар.

Орталық Азияға Қазақстанды қосқанда бес мемлекет кіретінін еске салған басылым «Defensive Shield 2016 жылдың тамыз айында Израильдің корпоративті реестріне өткізген құжаттарында» компанияға түсетін қаржы көздерінің арасында Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің «ел президентін қорғаумен айналысатын» «Арыстан» арнаулы бөлімшесі де барына назар аударады.

Times of Israel дерегінше, Хирштың компаниясы «Грузияға 2008 жылдың тамыз айында басталған Ресеймен соғысқа дейін әскерін қаруландырып, дайындауға көмектескен» және 2007-2008 жылдары Давит Кезерашвилидің тұсында болған қорғаныс министрлігінен қаржы жымқыру оқиғасына қатысы бар деген күдікке ілінген. Басылым ондаған миллион шекель (миллиондаған АҚШ доллары) қаржы Грузияның қорғаныс министрлігінен Израильдегі және шетелдегі Defensive Shield компаниясына қатысы бар шоттарға аударылғанын жазады. Мақала авторларының айтуынша, компания Израильдің салық органдарынан жалтару үшін қаржысын оффшорлық шоттарда сақтаған. Times of Israel «Осының бәріне қарап, Хирштың байлығы мен оның Грузия мен Қазақстан сияқты елдерде қандай адамдармен байланысы болғанына қатысты сұрақ туындайды» деп жазады.

ТОҚАЕВ БИЛІГІ: «КОСМЕТИКАЛЫҚ СЫЛАП-СИПАУ»

Ағылшынтілді Eurasianet.org сайтындағы «Қазақстан: парламент жала жабу бабын декриминализациялап, жазаны күшінде қалдырды» деген мақалада жала жабу туралы бапты Қылмыстық кодекстен Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекске ауыстыру туралы жазылған. 11 маусым күні парламент заңға енгізілген өзгерістерді қабылдап, құжатты президентке қол қоюға жіберді.

Жала жабу бабын қылмыстық кодекстен алып тастау туралы бастаманы былтыр желтоқсан айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген. Бірақ Тоқаев заңға өзгеріс енгізу барысында «тыныштықты бұзатын» адамдардың әрекетінен қорғайтын шараларды қалдыру керегін ескерткен.

Қазақстан көп жыл бойы белсенділер мен билікті сынаушыларды «жала жабу» бабын пайдаланып, қудалап келгені үшін халықаралық ұйымдардың сынына қалған. Жаңа өзгерістер күшіне енсе, «жала жабу» айыбы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылғандарға 556 мың теңгеге дейін (1400 доллар) айыппұл төлеу немесе 25 тәулікке қамау жазасы қолданылады.

Баспасөз құқығын қорғаушы «Әділ Сөз» ұйымының басшысы Тамара Калеева заң жобасына «жартылай және болмашы өзгеріс ғана енгізілді» деп есептейді. Ол «жала жабу» бабы бойынша қозғалған істерді бұрынғыша бас прокуратура қарайтынын, көлемді айыппұл мен бас бостандығынан айыру шаралары күшінде қалса, «бұрынғы заңға жеңіл-желпі ғана өзгеріс енетінін» айтады.

Калеева «жала жабу» бабын азаматтық кодекске ауыстырып, бұл істерді жеке сот шағымдары арқылы шешу керек деп санайды. Eurasianet.org Калееваның «сонда сот әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексте көрсетілген нақты және бейімдеуге келмейтін жазалардың орнына өз алдына әлдеқайда жеңіл айыппұл салуға мүмкіндік алар еді» деген пікірін берген.

ЕҚЫҰ-ның ақпарат құралдары мәселесі жөніндегі Еуропадағы өкілі Арлем Дезир мамыр айында мәжіліс заң жобасын мақұлдаған кезде, жала жабу бабын декриминализациялау бастамасын қолдаған. Бірақ ол қазіргі заңда сөз бостандығын шектейтін басқа салалар да барын айтқан. Дезир Қылмыстық кодекстегі «Көрінеу жалған ақпарат тарату», «Бірінші президентті қоғам алдында қорлау немесе оның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру» (бұл бап бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның туыстарын сын-пікірден қорғайды), «Президенттің абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру» және өзге де баптарды мысалға келтірген.

Бас прокуратураның дерегінше, 2019 жылы «жала жабу» бабы бойынша 84 қылмыстық іс қозғалған.

«Тоқаев Назарбаев билікте болған отыз жылмен салыстырғанда, көп дүниеге қол жеткізді. Eurasianet.org әлі де сахна сыртындағы ықпалын сақтап отырған бұрынғы президенттің 2011 жылы Washington Post газетінде жарияланған мақалада өзі басқаратын үкімет "әлемнің үздік тәжірибесіне сүйеніп, сөз бостандығын қолдау үшін диффамацияны қылмыстық істер қатарынан шығарып, азаматтық іске айналдыратынын» айтқанын еске салады.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) және қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) және қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.

Тамара Калееваның пікірінше, Қазақстанның ресми тұлғалары заңға өзгеріс енгізу кезінде халықаралық стандарттарды сақтау және либерализация жөнінде мәлімдеме жасайды. «Бірақ заңға үңіліп қарасаңыз ондай ештеңе жоғын көресіз», — дейді ол.

ШЫҢЖАҢ ЛАГЕРЬЛЕРІНДЕГІ «ҚЫЛМЫСЫН МОЙЫНДАТУҒА» МӘЖБҮРЛЕУ ШАРАСЫ

Германиядағы Deutsche Welle (DW) ақпараттық агенттігінің «Қытай Шыңжаң лагерьлерінде ұйғырларды жалған айыппен сотқа тартып жатыр» деген мақаласында Қазақстанға көшкен, бұрын Қытайдың «саяси тәрбиелеу лагерінде» болған ұйғырлардың әңгімесі жарияланған. Мақала кейіпкерлері жабық мекемелерде өздерін қытай тілін үйренуге, теледидардан президент Си Цзиньпинді мақтайтын бағдарламаларды сағаттап қарауға мәжбүрлеп, сыбырлап әңгіме айтқан немесе ережені сәл бұзған адамды ұрып-соғып, қатаң жазаға тартқанын айтады.

Бұрынғы тұтқындардың сөзінше, оларды билік құрған тізімнен қылмыс түрін «таңдауға» мәжбүрлеп, сол бойынша сотқа тартқан. Бұл тізімде шетелге бару, басқа мемлекетте тұратын адамдармен байланыста болу сияқты бір қарағанда жеңіл көрінетін «қылмыстар» да болған. Бірақ тізімде көбіне дін ұстанып, намаз оқу, орамал тағу сияқты "қылмыстар" кездеседі.

DW «тұтқын қылмыс таңдағаннан кейін адвокатсыз жалған сот процесі өтеді, оларды ешбір дәлелсіз және құқықтық ережелерді сақтамай сотқа тартады» деп жазады.

Басылым 2017-2018 жылдары бірнеше ай тұтқында болған екі әйел және екі ер адаммен сөйлескен. Олар өздеріне қысым көрсетіп, қол қойғызған құжатта 70-ке жуық «қылмыс» болғанын айтады.

«Бұрынғы төрт тұтқын да Қазақстанда тұратын туыстары бұл мәселені қоғам назарына шығарып, ел үкіметі дипломатиялық күш салғаннан кейін көшіп келген. Нәтижесінде Қытай үкіметі Қазақстанда тұрғылықты мекенжайы, [қазақстандық] төлқұжаты мен елде туыстары бар азаматтарды босатты» деп жазады DW.

<

Дегенмен Қытайдан тыс жерде байланысы жоқ адамдар Шыңжаңдағы репрессия мен биліктің бақылауынан құтыла алмай отыр.

«Түрмеге қанша адам қамалғанын нақты айту қиын. Қолда бар дерекке қарағанда, Шыңжаңда тұратын 10 миллион ұйғыр мен қазақтың бір миллионы түрмелер мен лагерьлерге жабылған», — деп жазады DW.

Шыңжаңдағы туыстарын іздеген азаматтар Нұр-Сұлтандағы жиын кезінде. 27 қараша 2019 жыл.
Шыңжаңдағы туыстарын іздеген азаматтар Нұр-Сұлтандағы жиын кезінде. 27 қараша 2019 жыл.

Кей тұтқын сот процесінен кейін біржола жоғалып кеткен: біреулерді түнде көзі мен аяғын байлап, екіншілерін күндіз оқу кабинеттерінен әкетіп отырған. Әдетте намаз оқып немесе бейресми имам болғанын мойындағаны үшін ұзақ мерзімге түрмеге жабылғандар жоғалып кетеді. Мұны билік діндар деп тапқан адамдарын «тәрбиелеуге келмейді» деп, ондаған жылға түрмеге жіберетінін жазған зерттеушілердің еңбегі де дәлелдейді.

DW сөйлескен бұрынғы тұтқындардың барлығы дерлік посттравматикалық күйзеліске ұшырап, жартылай есін жоғалтып, ұйқысыздық дертіне шалдыққан. Бір әйел бірнеше ай бойы әр түн сайын шағын бөлмедегі тұтқындарды душқа апаруға мәжбүр болғанын еске алады. Ол өзі душқа ертіп апарған әйелдермен сөйлесуге қорыққанын, бірақ оларға күзетшілер зорлық көрсеткеніне сенімді екенін айтқан. «Қайта тәрбиелеу лагерьлеріндегі» сексуалды зорлық туралы осыған дейін ұйғыр белсенділері де хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG