Мамырдың 27-сі күні өткен жиында Өкілдер палатасының 413 мүшесі заң жобасын қолдаса, тек бір мүшесі қарсы дауыс берді. Бұл заң жобасын мамырдың 15-і күні Сенат бірауыздан мақұлдаған.
Конгрестегі Трамптың жақтастары – Республикалықтар "президент заң жобасына қол қояды" деп үміттенеді. Бірақ Трамптың көмекшілері Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысым жайлы заң жобасына президент қол қоятыны я вето жариялайтыны жайлы қандай да бір пікір білдірген жоқ.
АҚШ-та талқыланып жатқан бұл заң Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарға қысым жасағандарға қарсы санкция салуды көздейді. БҰҰ есебінше, Шыңжаңда миллионнан астам мұсылман лагерьге қамалған.
АҚШ Қытай коммунистік партиясының Шыңжаңдағы хатшысы Чэнь Цюаньго "адам құқығын өрескел бұзды" деп санайды.
"Конгресс Қытай билігінің әрекеті жауапсыз қалмайтынын анық білдірді" деді Республикалық сенатор, заң жобасын ұсынушылардың бірі Марко Рубио.
Кейінгі уақытта Трамп Қытай билігін коронавирус пандемиясының тарауына тікелей айыптап, екі ел арасы одан әрі суып кетті. Заң жобасы Вашингтон мен Пекин арасындағы жағдай ушыққан тұста талқыланып жатыр.
Трампқа кеткен заң жобасы Шыңжаңдағы АҚШ компанияларына мәжбүрлі түрде жұмысқа жегілген адамдардың күшімен жасалған тауарларды пайдаланбауға шақырады.
"Екі партиялы заң шығарушы орган – Конгресс бұл заңды қабылдау арқылы Пекиннің ұйғырларға қарсы жасаған қорқынышты әрекеттерімен күреске үлкен қадам жасады" деді Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси.
ШЫҢЖАҢДА НЕ БОЛДЫ?
Шыңжаңдағы қазақтар мен ұйғырлардың қысым көріп, лагерьге қамалып жатқаны туралы алғашқы ақпарат 2017 жылы көктемде тарай бастаған. БҰҰ мен адам құқығын қорғау ұйымдары Қытай билігі Шыңжаңдағы миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін елдің солтүстік-батысындағы "саяси тәрбие лагерьлерінде" ұстап отырғаны туралы мәлімдеген.
Басында мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атаған.
Вашингтон бұған дейін де Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысым жасаған Қытай компанияларына, шенеуніктеріне бірнеше рет санкциямен шектеу қойған.
Мәселен, 2019 жылы қазанда АҚШ сауда министрлігі "Шыңжаңда ұйғырлар мен қазақтарға және басқа да мұсылмандарға қысым жасауға қатысы бар" Қытайдың 28 компаниясы мен фирмасына санкция салды. Министрлік "санкция салынған компаниялар Қытайдың ұйғырларға, қазақтарға және басқа да діни азшылық топтарға қарсы репрессия науқанына, жаппай ұстауға және оларды жаңа технологиялармен аңдуға атсалысқан" деген.
АҚШ санкция салған компаниялар арасында Қытайдың 20 қоғамдық қауіпсіздік бюросы, видео бақылау жүргізетін Hikvision фирмасы, адам жүзін анықтау құрылғыларын дайындайтын Sense Time және Megvii Technology компаниялары бар. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қыркүйекте Пекинге барған сапарында Hikvision компаниясының штаб-пәтерін аралап, бұл компанияның бейнебақылау камераларын мақтаған.
Жақында, мамырдың 23-і күні АҚШ Шыңжаңда "ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман топтарға қысым жасағаны үшін" Қытайдың ондаған компаниясы мен ұйымына да санкция салды.
2019 жылы Қытай билігі постсоветтік елдерден, Араб елдерінен және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен өкілдер шақырып, Шыңжаңды аралатқан. Олардың арасында Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің өкілі де бар. Шыңжаңға барған дипломаттардың көбі "тәрбиелеу орталықтарын" мақтаған. Бірақ Пекин Шыңжаңға АҚШ-тың, Батыс елдерінің және БҰҰ өкілдерін кіргізбей отыр.
Шыңжаң лагеріндегі "бақытты өмір" және "халал тамақ". 7 қаңтар 2019 жыл.
2019 жылы шілдеде Жапония, Австралия, Ұлыбритания, Канада, Франция, Германия, Швейцария бастаған 22 елдің БҰҰ-дағы елшілері ұйымның Адам құқығы кеңесіне хат жазып, Шыңжаңдағы діни азшылықтар қамауда отырған лагерьлердегі қысымды айыптаған.
Артынша 37 елдің БҰҰ-дағы елшілері де Адам құқығы жөніндегі кеңеске хат жолдап, Пекиннің Шыңжаңдағы саясатын қолдайтынын мәлімдеді. Олардың қатарында Ресей, Сауд Арабиясы, Беларусь, Тәжікстан, Түркіменстан бар.
"Жақындарымыз лагерьде қамалды" деген ондаған қазақстандықтар 2017 жылдан бері Алматыда, Нұр-Сұлтанда түрлі жиын өткізіп, халықаралық ұйымдардан және Қазақстан билігінен көмек сұрап келеді.
Ресми Нұр-Сұлтан Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін басында "Қытайдың ішкі ісі" деп атаған. Бірақ кейін сыртқы істер министрлігі Шыңжаңдағы қазақтар мәселесі дипломатиялық жолдармен шешіліп жатқанын хабарлаған еді.
Қазақстан президенті Тоқаев 2019 жылы желтоқсанның басында германиялық Deutsche Welle телеарнасына берген сұхбатында "[Шыңжаң жайлы] Халықаралық ұйымдар ұсынып жатқан көптеген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қалай болғанда да этникалық қазақтарға қатысты осы тақырыптың айналасында әдейі шу шығарып жатқан сияқты. Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу орталығында бірен-саран ғана қазақ отырған болар" деген.
Тоқаевтың бұл сөзі "туысымыз Шыңжаңда қысым көріп жатыр" деген қазақстандықтардың ашу-ызасын тудырған.
ПІКІРЛЕР