Белсенді өлімі. Жауапсыз сұрақтар

Қарағанды облысындағы Атасу ауылының кіреберісі.

Қоғам белсендісі Ғалы Бақтыбаевтың өмірден өткеніне бір ай толды. Оны Қарағанды облысы Атасу ауылында белгісіз біреулер қастандықпен өлтіріп кеткен. Марқұмның туыстары кінәлілер табылар деп үміттенетін айтады. Ал полиция қылмыстық іске қатысты ақпарат бермей отыр.

«ҚЫЛМЫСКЕР ТАБЫЛАР ДЕП ҮМІТТЕНЕМІЗ»

Жаңаарқа ауданының «қоғамдық қорғаушысы» болған 59 жастағы Ғалы Бақтыбаевтың өлімі Қарағандыдан 200 шақырым жердегі Атасу ауылын дүр сілкіндірді. Азаттық тілшісі сөйлескен белсендінің туыстары мен жергілікті тұрғындар Бақтыбаевтың өліміне күдіктілердің ұсталғаны туралы ақпарат алмағандарын айтады. Бақтыбаевты өз үйінің табалдырығында басынан атып кеткен.

Ғалы Бақтыбаевтың жақындары қастандық жасаған адам осы үйдің бұрышында жасырынып, белсендінің келуін күткен деп күдіктенеді. Атасу, 1 маусым 2019 жыл.

Ғалы Бақтыбаевтың жақындары қайғыдан кейін өздеріне келу үшін үйде жөндеу жұмыстарын бастаған. Отбасы мүшелері үйді ақтап, сырлап жүр. Одан үлкен жөндеу жұмыстарына жағдайлары жетпейді. Марқұмның қырқы өтетін уақыт таяп қалды. Алдағы демалыс күндері Ғалының туыстары зиратын тұрғызады.

Марқұмның жақындары Азаттық тілшісіне «ауылда болған оқиғадан кейін полицияда біраз адамның басы кетіпті» деген әңгімелер тарағанын айтты. Бірақ бұл сөз ресми түрде расталмаған.

— Осы аптада полицияның белсенділігі артты. Жұмыс жүріп жатқаны, іске бұрынғыға қарағанда басқаша қарай бастағандары байқалады. Тергеу жүргізу үшін Қарағанды, Астана, Приозерск пен Қостанайдан қызметкерлер келді. Бізден «сіздерді ешкім мазалап жүрген жоқ па?» деп сұрады. Полиция басқа аймақтардан осы істі тексеруге келген үздік қызметкерлер атып кеткен адамдарды таппай қайтпайтынын айтып, уәде берді. Қылмыскер табылар деп үміттенеміз. Осыған дейін бұл қылмыс ашылатынына сенбей келгенбіз. Көп уақыт өтті ғой. Соңғы кезде полиция бізбен жиі байланысқа шығып, Ғалының жақындары мен көршілерін бөлімшеге шақырып, қосымша сұрақтар қойып жүр. Сол түні біреу бірнәрсе көрген дегенді естідік, — деді белсендінің әпкесі Зәуре Бақтыбаева.

— Бізге бірнеше күдікті бар деді. Бірақ олардың кімдер екенін әлі білмейміз. Өзіміз күдіктенетін адамдардың атын атап, тергеушіге айтқанбыз. Кісі өлтірген адам ұсталады деп үміттенеміз, — дейді әкесінің өлімінен кейін анасының арқасүйері боп қалған Ғалының ұлы Елдар Бақтыбаев.

Ғалы Бақтыбаевтың ұлы Елдар Бақтыбаев пен Зәуре Бақтыбаева. 1 маусым 2019 жыл.

Марқұмның туыстары Ғалының өліміне кімнің қатысы болуы мүмкін екенін білмейді. Бірақ күдіктері де жоқ емес. Олар полиция «үйден әкеткен құжаттарды мұқият қарайды» деп үміттенеді. Ғалы Бақтыбаев екінші топтағы мүгедек болғанына қарамастан, қоғамдық істермен белсенді айналысқан. Туыстарының айтуынша, ауданның әкімшілік орталығында тұратын Ғалы Бақтыбаевқа жан-жақтан көмек сұрап келетіндер көп болған. Жақындары Азаттық тілшісіне Ғалы Бақтыбаев өз көмегі үшін ақы алмағанын, ауыл тұрғындарына құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес беріп келгенін айтты.

Атасу.

ЖАҢА АҚПАРАТ ЖОҚ

Полиция тергеу барысы туралы жаңа ақпарат бермей отыр. Мамыр айының аяғында тараған ақпаратқа сәйкес, қылмыстық істі Қарағанды облыстық прокуратурасы мен полиция департаментінің басшылығы өз қадағалауына алып, Жаңаарқа аудандық полиция бөлімшесі мен департаментінің тәжірибелі қызметкерлерінен тергеу-оперативті топ құрған.

Белсенді өлімінің қоғамдық резонанс тудыруына байланысты Азаттық полиция департаментіне ресми хат жолдап, «белсенді тапсырыспен өлтірілген болуы мүмкін бе, күдіктілер анықталды ма, ұсталғандар бар ма?» деп сұрады. Полиция Азаттық сұрақтарын жауапсыз қалдырды. Маусымның 28-і күні Азаттық тілшісі қылмыстық іс бойынша қандай ақпарат барын білмекке полиция департаментіне тағы да хабарласты.

— Жаңа ақпарат табылса, біз бұл туралы міндетті түрде бұқаралық ақпарат құралдарына хабар береміз. Өйткені бұл іс қоғамда қызу талқыланды. Қазір тергеу жүріп жатыр, — деді Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ғалы Бақтыбаев ұлымен.

Ғалы Бактыбаевпен жақын араласқан адамдардың сөзінше, оған белгісіз біреулер 2017 жылдан бастап қоқан-лоқы көрсете бастаған. Бұл кезде белсенді аудандағы жемқорлық және алаяқтықпен байланысты бірқатар іске қоғамдық зерттеу жүргізумен айналысып жүрген.

Биыл ақпанда Бақтыбаевқа қастандық жасалған. Кешқұрым бетперде таққан екі белгісіз адамбелсендінің бетіне газ шашып, оны үйінің алдында ұрып-соғып кеткен. Осы оқиғадан кейін Ғалы Бақтыбаев ауруханаға түскен. Марқұмның туыстары бұл оқиғаға кінәлілер сол күйі табылмағанын айтады. Олардың сөзінше, бұл оқиғаға дейін де пневматикалық мылтықтан атылған оқ белсенді үйінің терезесін сындырған. Кейінірек Ғалы айналаны жарықтандыру үшін қойған көше шамын белгісіз біреулер сындырып кеткен.

Ғалы Бақтыбаевтың үйі. 1 маусым 2019 жыл.

Ғалы Бақтыбаевты мамырдың 28-і күні өлтіріп кеткен. Туыстарының айтуынша, оны қосауыз мылтықтан атқан. Мамырдың 30-ы күні марқұмды жер қойнына тапсырды. Осы күні Transparency Kazakhstan қоғамды қоры Қазақстан билігін белсенді өліміне қатысты істі объективті, сапалы және ашық түрде зерттеуге шақырып, мәлімдеме жасады. Ұйым өкілдері «Қазақстан билігі белсенді өліміне жол беру арқылы азаматтар құқығына немқұрайлы қарайтынын көрсетіп отыр. Елде құқық қорғаушыларға төнген қауіп күн санап артып келеді» деді.