АУЫЛ АЙНАЛАСЫНДАҒЫ БӨГЕТ
Бірнеше мәрте тасқын қаупі төнген ауылдардың айналасы қазір топырақ жалмен қоршалған. Жергілікті биліктің ойынша, мұндай амал өзен арнасынан шыққан суды бөгеп, үй-жайларды тасқыннан қорғауы тиіс. Кей жерлерде әлгіндей жал тұрғын үйлерге өте жақын орналасқан.
Биыл тасқын басталғалы бері үйлерді су басқан жоқ. Бірақ қауіп әлі сейілмегендіктен билік тасқыннан қорғанудың қосымша шараларын қолға алды. Шенеуніктердің айтуынша, биылғы тасқын кезінде бұрын су шайып кеткен жерлер мен апаттан аман қалған ауылдардың "осал тұстары" байқалған. Жоспар бойынша, топырақтан бөгет тұрғызудан бөлек су өткізетін құбырлар тартылып, арналар салынбақ.
Осыған дейін тұрғындары су астында қалудан қауіптеніп, өздерін басқа жаққа көшіруді сұраған Садовое және тасқыннан бірнеше рет зардап шеккен Чкалово ауылдарында тасқынға қарсы шаралар жоспарланған. Бұл ауылдардағы үйлердің көбі 2015 және 2017 жылдары болған су тасқынынан кейін әлі қалпына келтірілмеген және толық кепкен жоқ дейді тұрғындар.
ТҰРҒЫНДАР ШАҒЫМЫ
2015 жылы Ғабиден Мұстафин ауылын су басып, ондаған үй бүлінген. Сол кезде комиссия "өмір сүруге жарамды" деп таныған кей құрылыс нысандары әлі кеппеген қалпы тұр.
Қосымша қорғаныс жұмыстарына қарамастан жергілікті тұрғындардың көңіл-күйі көңіл-күйі жабыраңқы екені байқалады: біреулер өзен жағалауынан алыс елдімекенге не Теміртауға көшуді ұйғарса, басқалары қоныс аударғысы келгенімен барар жері мен қаражаты жоғын айтады.
Осы ауылда туып-өскен Виктор Макеевтің барак типтес үйі де тасқыннан зардап шеккен. Ол 2015 жылға дейін ауылда су тасқыны болмағанын айтады: өйткені су далаға жайылып, тұрғындарға қауіп төндірмейтін. Виктордың сөзінше, 2015 жылы туған ауылы мен көршілес елдімекенді бір жарым метрлік су толқыны шайып өткелі адамдар "жандарын шүберекке түйіп" күн кешіп жатыр.
- Бөгетті көтеріп, түбін бекіту керек. Артық суды соңғы сәтте емес, дер кезінде ағызып тастап отыру қажет. 2015 жылға дейін ауылды су басқан жоқ. Биыл су жақын келгенімен, абырой болғанда, үйге кірген жоқ, - дейді Виктор Макеев.
Жергілікті тұрғын Абдулла Бұланбаев қанша тырысса да сыздан арылта алмаған үйінің қабырғалары жарылып тұрғанын айтады.
- Комиссия үйімізді өмір сүруге жарамсыз деп тапты. Мен үйдің іргетасын бекітіп, жөндеу жүргіздім. Соған қарамастан қабырға жарылып, бұрышқа қарай кетіп барады. Үйдің құлауға шақ тұрғаны көрініп тұр. Ары қарай не істерімді білмей отырмын: жөндеу жұмыстарын қайта бастап, қабырғаны сүріп тастайын ба, әлде басқа жаққа көшіп кетейін бе? Қалаға көшетін шығармыз. Өйткені қайтадан су астында қалмасымызға еш кепілдік жоқ. Суды арнасынан шығармай ұстап, мәселенің түпкі себебімен күресу керек деп ойлаймын. Ол жақтағы бөгетті дұрыс жасамаған сияқты. Егер сол жақта бірдеңесі дұрыс болмаса, бізді қоршаудың не керегі бар? Егер су лап берсе мына үйінділерді түгел шайып кетеді, - дейді Бұланбаев.
ҚАУІП АЙМАҒЫНДАҒЫ 17 АУЫЛ
Жергілікті билік ауданның Нұра өзені арнасының бойындағы 17 ауыл су тасқынынан зардап шеккенін айтады.Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Сапар Сатаев жағдайды былай деп түсіндірді:
- Біз Нұра өзені жақтан су келе ме деп отырмыз. Бірақ Тұзды ауылдық округі бойынша су өткізетін құбыр тапшы болғандықтан, су ауыл арасына жайылған. Ауылдағы жасы үлкен адамдардың айтуынша, бұрын бұл көшелерді ешқашан су баспаған. Биыл су, әйтеуір, сол көшелерге түсті. Біз сараптама жасап, қосымша құбыр қоюды ұйғардық. Сосын Көкпекті ауылдық округінің осал тұстары бар. Мысалы, қазір үй салынып жатқан жерлерде су бұратын арна жоқ. Красная Нива ауылында әкім тағы бір су арнасын іске қосты. Өйткені биылғы тасқын кезінде арна бойы кесек мұзға толып, бітеліп қалды. Сондықтан су арнасынан шығып, ауылға қарай жайыла бастады.
Аудандық әкімдік өкілдері соңғы су тасқыны кезінде байқалған "осал тұстардың" барлығы мұқият зерттеліп, су құбырлары тартылатынын мәлімдеді.
- Ботақара, Тұзды ауылдары, Көкпекті ауылдық округінде су өткізетін құбыр тарту жұмысын жүргіземіз. Бұған қосымша биылғы су тасқыны кезінде осал тұстары анықталған Чкалово және Садовое ауылдарын нығайтуға күш саламыз. Жергілікті әкімдер ұсыныстарын білдіріп жатыр. Мысалы, Қызылжар ауылы әкімі топырақ жалды биік жасауға тырысса, Красная Нивада арықтарды кеңейтуге күш салып жатыр, - дейді Сапар Сатаев.
ТӘУЕЛСІЗ САРАПШЫЛАР ПІКІРІ
Бірқатар экологтар тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың сөзіне қосылады. Олардың пікірінше, тасқыннан қорғайтын нысандар "суға төтеп беруге қауқарсыз", ал "билік қабылдаған шаралар жеткіліксіз". "Қарағанды облыстық экологиялық музейі" қоғамдық бірлестігінің сарапшылар тобы су қоймаларын бақылауда ұстап, өзен арнасын тұрақты тазалап, мұзды уақытылы жарып отыру керек дейді.
- Бөгетті су тасқыны болған жерлерге салу керек. Тасқынға қарсы нысандар тұрғызу қажет. Қазір бізде бар нысандар ескірген және жаңа заман талаптарына сай емес. Мысалы, мен Америкада үлкен бос бетон шұңқыр көрдім. Су тасқыны кезінде артық су соған құйылады. Мұндай нысанды ТМД аумағында көрген жоқпын. Одан бөлек, жол құрылысын жоспарлап, салған кезде су тасқынының қазіргі бағытын есепке алу керек. Адамдарды дайындап, жаттықтыру қажет, - дейді Азаттық тілшісі сөйлескен ұйым басшысы Дмитрий Калмыков.
Экологтардың сөзінше, су тасқынына климаттың өзгеруі де әсер еткен. Олар қазір елде экологиялық кодекске өзгертулер енгізу талқыланып жатқанын, ал "Қарағанды облыстық экологиялық музейі" қоғамдық бірлестігі немістің GIZ халықаралық ықпалдастық ұйымымен бірлесіп, энергетика министрлігіне заңға "климат өзгерісіне бейімделу" ұғымын енгізуді ұсынғанын айтады. Сарапшылар мұны бұрыннан енгізілуі қажет және болашақта өзектілігі артатын ұғым деп санайды. Олардың пікірінше, жаңа ұғымды нормативтік актіге енгізу жергілікті атқарушы органдарға тиісті шаралар қарастырып, оларды жүзеге асыруға қажетті қаржы сұрауға мүмкіндік бермек.
Бұқар жырау ауданында елдімекендерді тасқыннан қорғау жұмыстары жалғасып жатыр. Ғабиден Мұстафин ауылындағы топырақ жалдардың ұзындығы екі өзен жағынан есептегенде 3,6 километрге жетеді. Жергілікті билік барлық жұмысты алдағы күзге дейін аяқтауды жоспарлап отырғанын айтады.