АТАСУ ТҰРҒЫНДАРЫН ДҮРЛІКТІРГЕН ОҚИҒА
Қарағандыдан екі жүз шақырым жерде орналасқан Атасу ауылында 14 мыңнан астам адам тұрады. Азаттық тілшісіне мамырдың 28-іне қараған түні осы ауылда атып өлтірілген жергілікті белсенді Ғалы Бақтыбаев тұрған үйді бірден табу мүмкін болмады. Көшеде кездескен адамдар белсендінің үйіне қалай баруға болатынын түсіндіре алмағанымен, Ғалы Бақтыбаевты жақсы білетінін, оның ауылдастарына заң мәселелері бойынша көмектескенін айтып, тезірек кетуге асықты.
- Полиция жұртты тергеп жатыр: бөлімшеде кезек көп, полиция қызметкерлері үй-үйді аралап жүр. Ғалыны көршім әрі өте көп жазатын адам ретінде жақсы білетінмін. Оған көмек сұрап келушілер көп еді. Ғалының қажет орындарға жазған өтініштері жауапсыз қалмайтын, сот болатын, тағысын тағы... Осылай жүріп, біреудің жолын кескен сияқты, сонысы үшін жапа шекті, - деді Азаттық тілшісіне көшеде кездескен, өзін таныстырудан бас тартқан қарт адам.
Ғалы Бақтыбаевтың қазасына байланысты полицияның бірнеше күннен бері ауыл тұрғындарынан жауап алып жатқаны, алайда қылмысқа күдіктілердің әлі табылмағаны Азаттық тілшісіне кейінірек мәлім болды. Бақтыбаевтың үйін көрсетуге келіскен бір тұрғын белсендінің "өте қатыгездікпен өлтірілуі бүкіл ауылды дүр сілкіндіргенін" айтты. Өз аты-жөнін атағысы келмеген бұл тұрғын журналистке іздеген үйді көрсеткеннен кейін кеткенше асық болды.
ҮЙІНІҢ АЛДЫНДА АТЫП ӨЛТІРГЕН
Бақтыбаевтар отбасы 1956 жылы салынған өте қарапайым ескі үйде тұрады екен. Бұл үй Ғалыға әкесінен қалған. Отбасының қарапайым тұрмыс кешетіні көрініп тұр. Ғалы Бақтыбаев екінші топтағы мүгедек болғаны үшін жәрдемақы алып келген. Енді анасына тіреу болатын белсендінің 19 жастағы ұлы жүк тасушы боп жұмысқа тұрған. Ол Азаттық тілшісіне соңғы уақытта әкесіне қоқан-лоқы көрсету жиілегенде, одан бұл жұмысын тоқтатуын сұрағанын айтады.
- Әкем бастаған ісін соңына дейін жеткізетінін айтты. Ол өте батыл әрі жігерлі кісі еді, ешкімнен, ештеңеден қорықпайтын, енді оны өлтіріп кетті. Оларға әкем ғана керек болған, соның жанын алуға ғана келген, - дейді Елдар.
Ғалы Бақтыбаевтың жақындары белсендіге қоқан-лоқы көрсету 2017 жылдың соңынан басталғанын жеткізді. Бұл кезде Ғалы аудандағы салдыр-салақтық, жемқорлық және алаяқтыққа байланысты бірқатар іске қоғамдық зерттеу жүргізумен айналысып жүрген.
- Ол өте әділ, адал, жұмысын жан-тәнімен беріліп істейтін адам еді. Біреудің жемқорлық жасағанын білсе, бірден күреске ұмтылатын. Бірнеше адамның жұмыстан босатылуына қол жеткізді: олардың арасында полиция, аудандық білім бөлімі мен жергілікті колледж қызметкерлері де бар, - дейді жеке басының қауіпсіздігі үшін аты-жөнін көрсетпеуді сұраған Ғалы Бақтыбаевтың досы.
Алғаш рет Ғалыға ескерту жасағандар белсенді үйінің екі терезесін пневматикалық мылтықтан атып сындырған. Біраз уақыттан кейін белгісіз біреу Ғалы орнатқан көшеге жарық беретін прожекторды сындырып кеткен. 2019 жылдың ақпанында Ғалыға шабуыл жасалған: кешқұрым бетперде киген екі адам Ғалының бетіне сұйық газ шашып, оны темір таяқпен ұрып-соққан. Осының бәрі Ғалының үйінің алдында болған. Ол кезде жарық сөніп тұрған. Ғалының туыстары әлгі қылмыскерлердің сол күйі табылмағанын айтады. Бұл екінші ескерту болатын.
Ал мамырдың 28-іне қараған түні ымыраға көнбеген белсендіні ақыры өлтіріп тынған. Алдын ала мәлімет бойынша, белсендіні қосауыз мылтықтан атқан.
- Қылмыскер қоршаудан секіріп өтіп, үй бұрышында тым жақын жерде тығылып отырған сияқты. Байлаудағы итіміз сол жаққа қарап үре берді. Мен үйде едім. Ғалыға қақпаны аштым. Ол аулаға кіріп, қақпаны ішінен құлыптап, үйге енді кіре бергенінде ту сыртынан бытырай ұшқан оқ тиді. Үйдің ішінде, дәлізде, ас үйдегі пештің қабырғасында, есік жақтауында бытыра іздері бар. Әйнектер сынды. Ол жерге етпеттей құлады, мен айғайлап, оны үйге кіргізіп алдым. Есікті жауып, полиция шақырдым, - дейді үйдегі бытыра оқ іздерін көрсеткен Ғалы Бақтыбаевтың жесірі Рабиға.
Оқ іздері шынымен көп екен: қақпада, қоршауда, терезе мен үйдің ішкі және сыртқы қабырғаларында, үй алдындағы ауланы жапқан шатырда қалған. Туыстары Ғалыны өлтіруге кімнің қатысы барын білмейді, олар полиция үйден алып кеткен құжаттарды: шағымдар, хаттар, сот шешімдері мен басқаларын мұқият зерттейді деп үміттенеді.
ҒАЛЫ БАҚТЫБАЕВТЫҢ ІСІ
Жақындарының сөзінше, Ғалы Бақтыбаев жиырма жылға жуық қоғамдық іспен айналысып, ауыл тұрғындарын толғандырған мәселелерді көтеріп келген.
- Қарағандыдан келген полиция қызметкерлері барлық қағаз-құжаттарды алып кетті. Онда Ғалының кімдерге көмектескені, қандай шағымдармен жұмыс істегені анық көрініп тұр. Ол бәрін халық үшін жасады, жемқорлыққа қарсы күресті, - дейді белсендінің әпкесі Раушан.
Полиция әкеткен құжаттар ішінде бір компаниядан "сот шешімімен өндірілген 300 миллион теңге арнаулы ашық шотқа аударылсын" деп қол қойған ауыл тұрғындарының өтініші де болған. Ғалының туыстары мен достарының айтуынша, бұл ақшаны ауылға электр желісін жүргізуге жұмсау жоспарланған. Жобасы да жасалған. Енді белсенді өлімінен кейін Ғалының туыстары мен ауыл тұрғындары "бұл іспен енді кім айналысып, бастаманы соңына дейін жеткізеді?" деп алаңдайды.
Жақындары Ғалының соңғы үш күнде маусымның 9-ы күні өтетін кезектен тыс президент сайлауына түсіп жатқан кандидат Әміржан Қосановтың сайлау штабында ерікті болып жұмыс істегенін айтады.
Белсенді соңғы кезде өз туысына Жезқазғандағы пәтерге байланысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі қайта қозғауға көмектесіп жүрген. Бұл іске бірнеше кісінің араласы бар. Соттың созылып кеткеніне, сот актілерінің түсініксіз жасалғаны жайлы шағым түсірген. Ғалы осы іске қатысы бар адамдарды жауапқа тартпақшы болған.
- Ғалы әртүрлі адамдарға өте көп шағым жазып жүріп, биыл ақпанда алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі қайта бастауға қол жеткізген еді. Бірақ содан бері хабар жоқ. Менің пәтерім басқа адамға тіркелген боп шықты. Ғалының көзі кеткен соң, қылмыстық істі қайта тоқтатып тастай ма деп қорқамын. Бұл іске құзырлы органдардың назар аударғанын қалаймын, - дейді Ғалының туысы Зәуре.
БЕЛСЕНДІ ҚАЗАСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ТЕРГЕУ
Жаңаарқа аудандық әкімдігінде Ғалы Бақтыбаевты өтініш-шағымды көп жазатын, ауданның әлеуметтік мәселеріне бей-жай қарамайтын аса белсенді азамат болған еді деп еске алды.
Жаңаарқа аудандық полиция бөлімшесінде Ғалы Бақтыбаевтың қазасы туралы Азаттық тілшісімен сөйлесуден бас тартып, Қарағанды облыстық полиция департаментіне сілтеді. Бірнеше күн бұрын облыстық департамент "мамырдың 28-і күні оқ тиіп қаза болған Атасу ауылының 59 жастағы тұрғыны табылды" деп хабарлаған. Қылмыстық кодекстің 99-бабы ("Кісі өлтіру") бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Тергеу барысын облыс прокуратурасы мен полиция басшылығы өз бақылауына алды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына ("Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу" - ред.) сәйкес өзге ақпарат жариялауға болмайды" деп мәлімдеді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тұрғындардың айтуынша, Атасу ауылында белсендінің қазасына байланысты тергеу жалғасып жатыр. Оқиға орнынан табылған заттай айғақтарға сараптама тағайындалған. Туыстары тергеуге көмектесетін ақпарат берген адамға сыйақы тағайындалғанын естігендерін айтады. Бірақ әзірге оны растайтын ресми ақпарат жоқ. Тергеу барысы туралы осыған дейін ресми орындар жариялаған мәліметтен өзге ақпарат айтылмайды.
Атасу ауылынан шыға берісте Азаттық тілшісі мінген көлікті жол шетінде тұрған патрульдік полиция тоқтатты. Амандасып, жүргізуші куәлігі мен техника құжатын мұқият қарап шыққан соң жіберді.
Ғалы Бақтыбаевты мамырдың 30-ы күні Атасу ауылына жерледі. Сол күні Transparency Kazakhstan қоғамдық қоры Қазақстан билігін қылмысты ашық, сапалы, әділ тергеуге шақырды. Қоғамдық ұйым белсендінің қазасын "Қазақстанның азаматтық қоғамына соққы" деп атап, "мұндай оқиғалардан кейін адамдар қоғамдағы заңсыздықтар мен мәселелер жайлы ашық айтуға қорқады" деп мәлімеді.