Кеніш маңындағы ауыл тұрғындары көшіруді я өтемақыны талап етеді

Ескі Жәйрем ауылындағы тұрғын үйлер. Қарағанды облысы, 20 мамыр 2019 жыл.

Қарағанды облысындағы Ескі Жәйрем тұрғындары қауіпсіз орынға көшіруді, я денсаулықтарына залал келтіргені үшін өтемақы төлеуді талап етеді. Олардың ауылы полиметалл кен өндіру мекемесінің карьері мен үйінділерінің дәл іргесінде тұр.

Қаңыраған көше, қисайған қақпа, асфальтсіз жол. Бұл – Қарағанды облысындағы Ескі Жәйрем деп алатын шағын кенттің көрінісі. 1200 тұрғынның көбі Жәйрем тау-кен комбинатының карьерлерінде жұмыс істейді. Комбинат – ауыл тұрғындарын асырап отырған жалғыз мекеме. Маңайда одан басқа жұмыс орны жоқтың қасы.

ВИДЕО: Ескі Жәйрем тұрғындарының талабы.

Your browser doesn’t support HTML5

Ескі Жәйрем тұрғындары: Көшірсін я өтемақы төлесін!

Ескі Жәйрем тұрғындары үйлерінен көп шықпауға тырысады. Себебі жел соққан кездері күннен күнге ауылға жақындап келе жатқан полиметалл кенішінен шыққан жағымсыз иіс пен шаңға бөгетіндерін айтады.

Ескі Жәйрем маңындағы жарылыстан кейінгі шаң. Қарағанды облысы, 20 мамыр 2019 жыл.

ТҰРҒЫНДАР ШАҒЫМЫ

Оқтын-оқтын Ескі Жәйремді жарылыстар сілкінтіп тұрады: іргедегі кеніште өнеркәсіптік кен өндіру осылай жүреді.

- Бұрын карьер бізден алыстау, алты шақырым жерде болатын, ал қазір арамыз бір-ақ шақырым. Жарылыстарды естиміз, үйіміз сілкінеді, қабырға жарылады. Міне, шаң басып жатыр, жұтқанымыз – түтін. Бұл бізді улап жатыр, көп ауырамыз. Хат жаздық. Нәтижесін күтеміз. Осында өлмейтін шығармыз, өміріміз – ойыншық емес қой. Комбинаттың жұмыс істегеніне қарсы емеспіз, істесін, кен өндірсін. Билікке де қарсы емеспіз. Тек проблемамызды шешіп берсе, денсаулығымыз бен қауіпсіздігіміз үшін бізді бұдан қауіпсіз, таза орынға көшірсе дейміз, - деді жергілікті тұрғын Бибіжан Байсейітова Азаттыққа.

Ескі Жәйрем тұрғыны Бибіжан Байсейітова.

Ескі Жәйремде болған бір күннің ішінде мұнда тыныс алудың шынымен қиын екенін байқадық. Ауа қоспасы көп, тым лас сияқты сезілді. Тұрғындардың көбі дімкәспіз дейді. Басы ауыратын, аллергиясы бар, қан қысымы көтеріліп, көзі, тісі, тыныс жолдары, жүрегі ауыратын адамдар көп екенін айтады. Олар мұның барлығы карьердің жақындығынан деп санайды.

Кейбір тұрғынның айтуынша, бұрын жарылыстар кезең-кезеңімен жүргізілген, сондықтан қазіргідей қатты сезілмеген. Соңғы кездері сілкініс жиі байқалатын болыпты. Карьер аумағында жарылыс болған кезде тіпті жергілікті мектеп оқушыларын қауіпсіздік үшін сыртқа шығарады.

Ескі Жәйремдегі мектеп. Қарағанды облысы, 20 мамыр 2019 жыл.

Ауыл тұрғындарын алаңдататын тағы бір мәселе – тұрғын үйлерге жақын жерде салынып жатқан қорғасын байыту фабрикасы. Мамырдың 16-сында Ескі Жәйрем тұрғындары бас қосып, кент әкімі мен Жәйрем кен-байыту комбинатының басшылығына хат жазды. Олар кен өндіруге қарсы емес екендерін айтып, бірақ тұрғын үйлерге жақындап келе жатқан кеніштен аулақ, қауіпсіз орынға көшіруді сұрады.

Жәйрем қорғасын байыту фабрикасының құрылысы. Қарағанды облысы, 20 мамыр 2019 жыл.

Хатқа 250 адам қол қойған. Ескі Жәйремде осынша түтін бар. Олардың айтуынша, жарылыстар мен бұрғылау жұмыстарынан адам да, мал да, үй мен қора-қопсы да, бау-бақша да зардап шегіп жатыр. Хатқа қол қойғандар биліктен бес күн ішінде, яғни мамырдың соңына дейін жауап беруді сұрады. Талаптары орындалмаса, әрі қарай астанаға хат жазамыз дейді бастамашылар.

- Кенттің ескі бөлігі тіпті адам төзгісіз. Шаң-тозаң, сасық иіс мүңкіп тұр, ол барит пе, не нәрсе екенін айыру мүмкін емес. Біздің қазіргі басты мәселеміз осы – экология. Не Ескі Жәйремді түгел көшіру керек, немесе денсаулыққа зияны үшін өтемақы төлеуі тиіс, – деді Жәйрем кентінің тұрғыны Любовь Иксанова.

Тұрғын Любовь Иксанова.

БИЛІКТІҢ УӘЖІ

Ескі Жәйрем әкімдігі кенттің өзінен сегіз шақырым жердегі Жәйрем қала үлгісіндегі кентте, яғни Жаңа Жәйремде орналасқан. Әкім Аманғазы Нәукенов тұрғындардың мәселесінен, карьер мен үйінділердің ауылға жақын тұрғанынан хабардар екенін айтты. Тұрғындардың хатынан соң өндіріс мекемесінің басшылығымен кездескен ол тәуелсіз сарапшы-экологтарды шақырып, арнайы комиссия құру туралы уәде естігенін айтты.

- Кен-байыту комбинатының жарылыс пен шаңдату бойынша комиссия құрылатыны туралы хатын алдым. Жарылыс жұмыстары болып жатқанда шағымданған тұрғындардың үйлеріне келіп, жарылыстардың қалай байқалатынын, не болатынын байқаймыз. Бір айдан соң тұрғындармен кездесеміз деп уәде бердік. Егер [жарылыстардың кері әсері] расталса, Жәйрем кен-байыту комбинаты, әкімдер, облыс әкімі бұған назар аударады деп ойлаймын. Бұл – менің құзырымдағы мәселе емес. Жарылыс пен шаңдауыттың шынымен зияны болса, адамдарды көшіреді, - деді кент әкімі Нәукенов Азаттыққа берген сұхбатында.

Ескі Жәйрем ауылының әкімі Аманғазы Нәукенов.

Жәйрем кен-байыту комбинатының басшылығы бұл мәселеден хабардар екенін айтып, қайта хабарласуға уәде берді, бірақ мақала жарияланғанға дейін жауап жібермеді. Жәйрем кен-байыту комбинаты қарайтын «Қазцинк» компаниясы да Азаттықтың сауалдарына әлі жауап бермеді. Жәйрем ауылы қарайтын Қаражал қалалық мәслихатының депутаты ауыл тұрғындарының хаты туралы білетінін айтты.

- Комбинаттың жарылысты тоқтатпайтыны белгілі. Бұл – өндіріс, ол бұрын да болған, әрі қарай да жұмысын жалғастыра береді. Ал тұрғындарға келсек, өткенде мамандар келіп тексеріп, «ешқандай зияны жоқ, тұруға болады» деп кеткен. Тұрғындар көп хат жазды. Жарылыс кенттен 500 метр жерде болады. Жарылыс жасағанда, сілкініс те, қауіп те бар. Қаражал қаласының әкімі де бұл хат жайлы естіді. Мәселе шешіліп жатыр, бірақ, қашан, қалай шешілерін білмеймін, – деді Қаражал қалалық мәслихатының депутаты Нұрғали Өмірбеков.

Ескі Жәйрем маңындағы карьер үйінділері.

Ескі Жәйрем тұрғындары көшуге болатын жерді де нұсқап отыр. Көршілес Жаңа Жәйремде бос тұрған көпқабатты үй көп. Олар жарылыстан, шаң мен у-шудан осы жерге көшіп келуге болар еді дейді. Билік бұл нұсқаны қарастыра ма, жалпы кентті көшіре ме, оны әлі ешкім айта алмайды.

Карьер мен үйінділерге жақын орналасқан Ескі Жәйремдегі үйлер. Қарағанды облысы, 20 мамыр 2019 жыл.

Жәйрем полиметалл комбинаты Қарағандыдан 360 шақырым жерде орналасқан, қорғасын-мырыш, барит-полиметалл және темір-марганец кеніштерін біріктіретін Қазақстандағы ең ірі полиметалл кен орны. Болжам бойынша, оның қойнауында 60 жылға жететін қазба байлық жатыр.