Қарағандыдан Донбассқа соғысқа аттанған екеу кебін киіп оралды

Жекеменшік әскери компанияның кеңсесі ресми түрде ашылғаннан кейін, "Вагнер орталығы" ғимаратынан шығып келе жатқан әскери киім киген адам. Санкт-Петербург, Ресей, 4 қараша, 2022 жыл.

Украинадағы соғысқа Ресей жағынан қатысып, қаза тапқан Орталық Азия елдері азаматтары туралы хабарлар баспасөзде жиі шығатын болды. Дені – бұрынғы еңбек мигранттары, Ресейде сотталғандар. Жазасын өтеп жатқан түрмеден "ЧВК Вагнер" жалдамалылар тобына алынған олар қанды қасапқа тап болып, қырылып қалды. Донбасстағы соғысқа өз еркімен қатысып, ажал тапқан шетелдіктер арасында Қазақстаннан барғандар да бар.

БІРІНШІ ҚАЗА: "РЕСЕЙГЕ БАРАМ ДЕП ЖАНТАЛАСТЫ"

СССР-дегі "дамыған социализм" тұсында мыңдап салынған, бірінен бірі аумайтын бес қабатты панель үйлердің бірі. 36 жастағы Юрий Х. (толық аты-жөні бізге белгілі, отбасына әлдебіреулер қоқан-лоқы жасап жүрмесін деген оймен жарияламауды жөн көрдік – ред.) кеншілер қаласы атанған Қарағандының шетіндегі, пәтерлері шағын осы сұр үйде тұрған. Ол алысқа жүк таситын көлік айдап, автобус жүргізіп, қарапайым тірлік кешкен. Юрийдің өмірі жұрттың көбінікіне ұқсас болды: мектеп бітірген соң армия қатарында азаматтық борышын өтеп келген, жұмысқа орналасып, үйленіп, балалы-шағалы болып, отбасын асыраған. Егер Ресей көрші елге соғыс ашпағанда, әлі де солай ел қатарлы еңбек етіп жүре берер ме еді...

Биыл қаңтарда Юрийді Украинадан Қарағандыға әкеліп жерледі. Ол Донбасста қаза тапты. Айлар бойы кескілескен шайқас жүріп жатқан Бахмут қаласы маңында ажалына кез болған деген болжам да бар. Ол жерде Украина қарулы күштері өлермендікпен ентелеген Ресей армиясы мен "ЧВК Вагнер" тобы жалдамалыларына төтеп беріп, жанқиярлықпен күресіп жатыр. "Вагнер" тобы өз қатарына Ресей түрмелерінде жазасын өтеп жатқандар мен шетелдік жалдамалыларды жинаған.

Украина мен Ресей күштері арасында кескілескен ауыр шайқас жүріп жатқан Бахмут қаласында әуеден түсірілген сурет. Донецк облысы, Украина, 14 ақпан, 2023 жыл.

Бұл жекеменшік әскери компания жантүршігерлік қылмыстарымен, соғысудан бас тартқан я жау қолында тұтқын болып, кейін оралған өз адамдарын асқан қатыгездікпен жазалап өлтіретін қаныпезерлігімен атышулы болған. Ресей президенті Владимир Путинге жақын адамдардың бірі әрі осы топты құрған бизнесмен Евгений Пригожин "ЧВК Вагнер" құрамында шетелдік жалдамалылар барын айтқан еді. Сол жалдамалылардың арасында Қарағандыдан барған Юрий де болды.

25 қаңтар, Юрийді жерлеген күні Азаттық тілшісі соғыста қаза тапқан жігіттің үйінде болды. Анасы мен туыстары марқұмның жаназа асын әзірлеп жатыр екен. Олар Юрийдің жат жерде қаза тапқанын жоққа шығармады. Отбасындағы қайғыдан ес жиғанша мұрсат беруді сұрап, журналиспен сөйлесуге әзірше құлқы жоғын айтты. Әуелде Юрийдің анасы телефон нөмірін берген, бірақ біраздан соң айнып қалды.

– Дәл қазір бұл жайлы сөйлесе алмаймын, онымды дұрыс түсініңіз, – деді ол. Мұнан соң смартфоннан жіберген хаттарымызға жауап бермеді.

Қарағандыда көлік жүргізуші болған жігітті соғысқа не айдап барғанын тап басып айту қиын. Бәлкім, Ресейдің Украинаға басқыншылығын ұлты орыс адамдарды "неонацистерден" (Киевтегі заңды сайланған билікті осылай атайтын) азат ету деп көрсететін, хабарлары Қазақстанда күні-түні емін-еркін таратылатын ресейлік масс-медиа пропагандасының ықпалына түсіп қалған шығар. Юрийге айналасындағы соғысты қолдайтындар әсер еткен болуы да мүмкін.

Юрийдің ресейлік "Одноклассники" әлеуметтік желісіндегі парақшасында алысқа жүк таситын көлік жүргізушілері тобына мүше адамдар жариялаған жазбалармен қатар "ЧВК Вагнер" мен Украинадағы соғыс туралы посттар мидай араласып кеткен. Юрий осы әлеуметтік желідегі "Ресей Федерациясының арнайы әскери операциясына" (Кремль Украинадағы соғысты осылай деп атайды – ред.) арналған топқа да тіркелген. Бес мыңнан астам тіркелушісі бар топта соғыс жайлы мәліметтер мен видеолар, қаза тапқандар туралы хабарламалар жарияланады.

Украинаға шамамен былтыр қараша-желтоқсан айларында аттанып, екі аптадан соң қаза тапқан Юрий Қазақстанға қалай жеткізілген – ол туралы ешкім ештеңе айтпайды. Марқұмның бір танысы "200-жүк" (әскери терминде қаза тапқан адамды осылай атайды) әлдебір себеппен бөгелгенін, соған байланысты жерлеу шарасы басқа күнге ауыстырылғанын хабарлады. Ол кісі аты-жөнін атаудан бас тартты.

Юрийдің отбасы оның қазасын нақты қай кезде естіді, ол туралы да ешкім айтпайды. 15 қаңтарда Юрийдің зайыбы әлеуметтік желідегі парақшасына мұңды сурет қойған соң, жұрт оған көңіл айтып, пікір жаза бастады.

Азаттық үш баласымен жесір қалған әйелмен сөйлеспек болып, оған бірнеше рет хат жолдады. Ол хаттарды оқығанымен, жауап бермеді.

Юрий Қарағанды қаласындағы №25 орта мектепте оқыған. Орта білім туралы аттестатында "қанағаттанарлық" деген баға көп. Осыдан 20 жылдай бұрын бітірген мектебінде оған "қарым-қабілетін толық пайдаланбаған оқушы" деп мінездеме берді.

"Дене шынықтыру сабағын жаны сүйетін. Кез келген істі аяғына дейін жеткізуге тырысатын. Мектептегі шараларға белсенді қатысатын, "Көңілді тапқырлар клубын" жақсы көретін. Артистік қабілеті бар еді, биге икемі болды, жақсы билейтін. Мұғалімдерді сыйлайтын. Сынып оқушылары арасында беделді еді. Юрий елгезек, адал оқушы болды" деді Азаттық сөйлескен мектеп өкілдері.

Азаттық тілшісі Юрийдің әріптестері мен таныстарын да тауып, әңгімелесті. Олар Юрийдің қалааралық автобус жүргізуші болып еңбек еткенін айтты. Алысқа жүк таситын көлік айдаған, кейін автобуспен жұмысшыларды тасыған. Қарағандыдағы жергілікті телеарнаның интернетте жарияланған видеосюжетінде Юрий өзі жұмыс істейтін автопарктің жүргізушісі ретінде аталған.

Бұрынғы әріптестерінің бірі "Юрий Украинадағы соғысқа барғысы келетінін жора-жолдастарына ашық айтатын" дейді.

– Иә, Ресейге барам деп жанталасты. Және де екінші рет талпынғанда сол мақсатына жеткенге ұқсайды. Бірінші рет жазда кетпекші болған, бірақ Қазақстан әлдебір себеппен оны елден шығармаған, соны білем. Жұрттың бәрі оны райынан қайтармақ болды, бірақ ешкімді тыңдамады ғой! Әліне қарамай, тым өркөкіректеніп, бір орнында отыра алмады! Тіпті балаларына да қараған жоқ. Ақша тапқысы келді, "келісімшартпен барсам, бәрің жиналып тапқан ақшадан да көп табыс табам" дейтін. Бірақ ол ешкімді үгіттемеді, бірге барайық деген жоқ. Алысқа жүк таситын жолдастарымен бірге Ресейді, Еуропаны шарлады ғой, сірә, солардың айтқан ақылы шығар деп ойлаймын, – деді Азаттық тілшісіне Юрийдің бұрынғы әріптесі.

ЕКІНШІ ҚАЗА: "СОҒЫС БОЛЫП ЖАТҚАНЫН БІЛДІ"

12 қаңтарда Қарағанды қаласында 30 жастағы Александр И. (оның да толық аты-жөні редакцияға белгілі) жерленді. Ол да Украинада қаза тапқан. Бұл адам жайлы дерек аз. Соғыс болып жатқан аймаққа былтыр күзде аттанған деген болжам ғана бар. Ол да жекеменшік әскери компания қатарына қосылған болуы мүмкін.

Александр мен Юрий өзара таныс болған ба, оларды әскери қызметке жалдаған бір топ па немесе бір адам ба – ол жағы белгісіз. Украинада қаза тапқан Александр еліне қалай жеткізілгені жайлы да еш дерек жоқ.

Азаттық тілшісі Александрдың анасын іздеп тауып, сөйлесуге талпынып көрді. Бірақ ол ұлы жайлы әңгімелескісі келмеді. "Ұлыңыз соғысқа не себеппен кетті?" деген сауалға жауап бермеді. Александрдың әкесі Ресейге көшіп кеткеніне талай жыл болыпты. Онымен байланысудың сәті түспеді.

Марқұмның анасының көршілері "Александр бұрын шешесінің үйіне жиі келетін, бірақ көрінбей кеткеніне бірнеше айдың жүзі болды" дейді.

– Кейінгі кезде Саша сақал жіберіп жүрді. Бұрын күн сайын дерлік осы жерден көретінбіз, жаздан бері көзге түскен жоқ. Қайда кеткенін білмейміз. Түріне қарасаң қарапайым, байсалды жігіт болатын, – дейді Азаттық тілшісіне көппәтерлі үйдің подъезінде кезіккен әйел.

Александр Қарағандыдағы №48 мектепте оқыпты. Ұстаздар оны тіл табыса білетін оқушы болды деп сипаттайды. Дене шынықтыру сабағын ұнатқан, негізгі пәндерден "қанағаттанарлық" деген баға алған. Баскетбол, жеңіл атлетика, шаңғы жарыстарына қатысқан.

"Сыныпта беделді, ұжымның пікірімен санасады, ересектермен сыпайы сөйлесіп, сыныптастарын жақын тартады. Байсалды, ұстамды, іс-әрекетіне жауапты, жанжалдан аулақ болуға тырысады. Өз ұстанымына берік", – деп жазылған мектеп берген мінездемеде.

Мектепті аяқтағаннан кейін Александр Қарағандыдағы кәсіптік техникумға (қазір – колледж) түсіп, техникалық мамандық игерген. Жекеменшік компанияларда жұмыс істеген.

Азаттық онымен бірге оқығандарды және бұрынғы достарын тауып, сөйлесті.

– Сашка үнемі мейірімді, бауырмал, жаны жарқын бала болатын. Көпшілік арасынан суырылып шықпайтын, негізінен сабырлы, бірақ әділетті, зерделі еді. Мысалы, мектепте еңбек сабағында ол өзімізге тапсырылған заттарды өте мұқият, ыждаһаттықпен жасайтын, осы қасиеті кейін есейген кезде де қалды, ол зергерлік шеберханасында әртүрлі бұйымдар жасады, өз ісіне сүйіспеншілікпен қарайтын, – дейді онымен мектепте бірге оқыған досы. Ол аты-жөні жарияланғанын қаламайтынын айтты.

Бұл адам өзі жақын араласқандардан соғысқа кеткен жалғыз Александр емес екенін де айтып берді.

– "Арнайы әскери операция" басталғалы бері, Александрды қосқанда үш жақсы адам қаза тауып, бес кісі ол жақтан тірі оралды. Қазақстаннан Саня ғана. Ол жақтан оралғандардың көңіл-күйі қандай екенін сізге айтпаймын, бірақ онда кеткендердің бәрі бірдей ақша қуып болмаса осы жақтан өз орнын таба алмаған соң барды деуге келмейді. Соғыс болып жатқанын бәрі де білді, – дейді Александрдың досы, өзі бұл соғыста Ресейді қолдайтын сыңайлы.

Қару асынып, арнайы киім киген "ЧВК Вагнер" тобының жалдамалы жасағы соғыс салдарынан қираған ғимараттың қасында тұр. Cоледар, Украина.

Demoscope қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы былтыр наурызда Қазақстан халқының Украинадағы соғыс жайлы пікірін білу мақсатымен сауалнама өткізген. Сұраққа жауап бергендердің 40 пайызға жуығы Ресейді, 10 пайызы Украинаны қолдайтынын, ал 46 пайызы бейтарап ұстанымда екенін айтқан.

Қарашада Demoscope осыған ұқсас сауалнаманы тағы өткізген. Бұл жолы Украинаны қолдайтындар екі еседен артық көбейіп, Ресейді жақтайтындар 13 пайыз болған. Жұрттың көбі (59 пайыз) бейтарап болуды жөн көрген.

– Біз сауалнама өткізген аудиторияның үштен бірі Ресейдің тікелей ақпараттық отарлауына тәуелді болып өмір сүріп жатыр, – деді желтоқсанда Азаттыққа берген сұхбатында Demoscope қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы жетекшісі Әділ Жалилов. Сарапшы әдетте ресейлік телеарналарды көріп, Кремль пропагандасын бойына сіңіріп алған адамдар Ресейді қызу қолдайтынын айтқан еді.

Экономикалық және саяси тұрғыдан солтүстіктегі көрші мемлекетке кіріптар болып отырған билік Қазақстан аумағында ресейлік телеарналардың хабарын көрсетуді доғаруға шақырған азаматтық қоғам өкілдерінің үндеуін елеусіз қалдырып отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Постшындық, өтірікпен улау және лидер бейнесін жасау. Ресей пропагандасы қалай жұмыс істейді?

ҚАРУЛЫ ЖАНЖАЛҒА ҚАТЫСУ ТУРАЛЫ ЕКІ ІС

Былтыр ақпанда Ресей Украинаға қарсы соғыс ашқалы бері Қазақстан билігі елден барып, қарулы жанжалға араласқан деп, бір адамды ресми түрде атаған. Ол – Украина қарулы күштері қатарына өз еркімен қосылғанын әлеуметтік желіде хабарлаған, Арқалық қаласының тумасы Жасұлан Дүйсембин. Бірнеше жыл бұрын Украинаға қоныс аударып, украин әйелмен шаңырақ құрып, екі бала сүйген Дүйсембиннің үстінен Қазақстанда іс қозғалған. Дүйсембин Украина азаматтығын алуға өтініш берген, ол Қазақстанға оралса түрмеге қамалатынын біледі.

Азаттық Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми сауал жолдап, Украинадағы соғысқа Қазақстанның қанша азаматы кеткені жайлы сұрады. ҰҚК қойған сұрақтарымыздың тек біреуіне жауап берді.

"Қазіргі кезде ҰҚК Қазақстан Республикасы азаматтарының Украина аумағындағы қарулы жанжалға немесе соғыс іс-қимылдарына қатысу фактісіне байланысты Қылмыстық кодекстің 172-бабы бойынша қозғалған екі істің тергеуімен айналысып жатқанын хабарлаймыз. Сотқа дейінгі тергеу деректерін жариялауға болмайды" деген жауап жазылған хатқа ҰҚК бөлімшесі бастығы С. Ахметқалиев қол қойған.

ҰҚК хабарлаған екі қылмыстық істің бірі Жасұлан Дүйсембиновтің үстінен қозғалған болуы мүмкін. Екінші іс бойынша кім күдікке ілінгені белгісіз.

"Украинадағы соғысқа Қазақстанның қанша азаматы барғаны, олар кімнің жағында соғысып жүргені белгілі ме? Өлгені қанша? Сотқа жеткен қылмыстық істер бар ма? Олар бойынша үкім шықты ма? Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан аумағында Украинадағы соғысқа адам жалдаумен айналысатындар болуы мүмкін екенін ескере ме?" деген Азаттық сауалдарына жауап берілмеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ресейдің отаршыл держава ретіндегі тарихы әлі жазылған жоқ". Реваншизм, империализм және деколонизация

"Басқа сұрақтарыңызға өз құзыретіміз аясында жауап беретіндей ақпарат қолымызда жоқ" деп жазған ҰҚК.

Қазақстан Қылмыстық кодексінде Қазақстан азаматы "шетелдегі қарулы қақтығыстарға", атап айтқанда, шет мемлекет аумағындағы қарулы қақтығысқа немесе соғыс қимылдарына, жалдамалы болмай, қасақана заңсыз қатысқаны үшін бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылуы мүмкін екені жазылған.

Ресей 2014 жылы өзі қолдайтын сепаратистердің қолтығына су бүркіп, Донбасста қарулы жанжал тұтатқаннан кейін өткен мерзімде, Қазақстан билігі елден жанжал аймағына барған ондаған адамды Қылмыстық кодекстің 172-бабы бойынша жауапқа тартқан. Қазақстан соттары ондай істердің үкімі жөнінде қысқа да нұсқа хабарлама тарататын. 2022 жылғы ақпанда Ресей Украинаға басқыншылық соғыс ашқалы бері жалдамалыларға қарсы сот процесі жайлы хабар түскен жоқ.

Ресми Астана өз одақтасы Ресейдің Украинаға әскери басқыншылығын айыптаған жоқ, қолдау да білдірмеді. Қазақстан билігі Украина жерінің тұтастығын құрметтейтінін бірнеше рет мәлімдеген. Мемлекет Ресей Федерациясы аннексиялап алған Украина аймақтарын Ресейдікі деп мойындамаған, бірақ, бұған қоса, Астана былтыр желтоқсанда Кремльден Украинаға қарсы басқыншылық соғысты дереу тоқтатуды және ол елден күллі әскерін әкетуді талап еткен БҰҰ қарарын қабылдауға қарсы болған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ресей өзгереді дегенге сенбеймін". Әскерден Латвияға қашқан орыс сарбазының әңгімесі