Соңғы бірнеше апта ішінде Қазақстанның ірі қалаларында болған билікке наразылық таныту шараларына жастар көп қатысты. Олардың кейбірін полиция ұстап әкетіп жатты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мереке күні билікке наразылық білдіргендерді ұстадыМамырдың 1-і күні Қазақстанның бірнеше қаласында өткен наразылық акциялары кезінде әлеуметтік-экономикалық және саяси мазмұндағы талаптармен бірге "Шындықтан қашып құтылмайсың!" деген ұран да жиі естілді. Сәуірдің 21-і күні Алматы марафонында осы сөз жазылған баннер ілгені үшін жергілікті белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті әкімшілік сот шешімімен 15 тәулікке қамаған болатын. Мұндай жазалауға қарсы ондаған жас қазақстандық ел ішінде және шетелде арнайы акция ұйымдастырды.
Азаттық Қазақстандағы танымал шығармашылық өкілдерінен белсенді жастардың әрекетіне қатысты пікір сұраған еді.
Мұрат Әуезов, мәдениеттанушы
- Қазіргі жастардың құқықтарын талап етіп, белсенділік көрсете бастауы заңды. Қалай болса да, асыл – тастан, ақыл – жастан шығады. Байқап жүрміз, көп жағдайда үлкендердің, жасы келгендердің өзі бастаған істі аяғына жеткізе алмай, мүмкіндіктері болмай жатыр. Не қабілеті, не ерлігі жетпейді, болмаса пендешілігі басып кетеді. Қоғамда қайшылық өте көп. Ал мені қуантатыны – қазіргі жастар өте ұйымшыл және сауатты. Мысалы, "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген ешкімнің намысына тимейтін ұранмен шығуы олардың деңгейінің өскенін көрсетеді. Яғни, жаңадан келе жатқан толқын қалай да болса, өздерінің алдына қойған мақсатына жетеді. Уақыт пен заман – солардың жағында. Ал күштік құрылым тарапынан жасалып жатқан қысым олардың іс әрекетін тоқтата алмайды, керісінше шынықтыра түседі. Сондықтан ең дұрысы – олармен диалогқа келіп, жастармен тіл табысу.
Асанәлі Әшімов, актер
- Саясаттан хабарым жоқ, мен - өнер адамымын. Ештеңе білмеймін. Және оны айтуға уақытым да жоқ, ауруханада жатырмын.
Дулат Исабеков, жазушы
- Жастардың белсенділік танытып жатқаны – пісуі жеткен мәселе. Қолдаймын. Жастар белсенділігі Алматыдағы [сәуірдің 21-і күнгі] марафон кезінде "Әділ сайлау керек" деп жазған жастарды 15 күнге қамаудан кейін күшейе түсті. Пәленің бәрі содан басталды. "Әділ сайлау өткізейік" деп айтқаны үшін олар неге кінәлі болады? Сонда олардың аузын жабудың ар жағында "Әділ сайлау болмайды" деген сөз тұр ма? Полиция өкілдері өздерінің осы әрекеті арқылы (жастарды ұстау – ред.) провокация жасады. Шындығында оған көңіл аудармай өтіп кететін нәрсе ғой. Өйткені олар үкіметке қарсы сөйлеп жатқан жоқ, "кетсін" деп жатқан жоқ. Тек "Әділ сайлау өтсін" деді. Жалпы билік осылай бейбіт жатқан жұртты түрткілеу арқылы қозғап жатқан секілді. Шындығында күштік құрылым өкілдерінің білместігі, мұндай әрекеттердің арты неге апарып соғарын ойланбайтыны халықтың ашу-ызасын тудырып жатыр.
Ақиқатында осы күнге дейінгі сайлаулардың барлығы әділ өтті деп айта алмаймыз ғой. Жастардың көкірегінде сол әділетсіз сайлаулардың барлығы қалды. Енді осы жолы тағы да сондай болатын түрі бар. Күні бұрын белгілеп қойды, күні бұрын сенатқа тағайындап қойды. Қазір бір елді екі адам басқарып отырған секілді. Міне, бұлардың барлығы жастардың ішкі наразылығын тудырып жатыр
Роза Рымбаева, әнші
- Енді мен кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін айта алмаймын. Қандай да бір әрекетті заңды жасау керек деп ойлаймын. Заңды түрде. Сол кезде ешқандай қарсылық болмайды. Мысалы, Амантай қажының әрқашан да плакаттарын көріп, оқып жүреміз. Бірақ ол кісіні ешқашан түрмеге отырғызбайды. Сондықтан қандай нәрсе жасаса да, заңды түрде әрекет ету керек деп ойлаймын. Ал "Шындықтан қашып құтылмайсың" деп плакат ілгендер туралы естіген жоқпын. Сондықтан ештеңе айта алмаймын.
Тоқтар Әубәкіров, ғарышкер
- Белгілі бір топтың барлығын қолға алып алғанын, оның дұрыс емес екенін жастар түсінді. Мемлекетті басқару үшін, көтеру үшін бүкіл халық кірісу керек. Оның ішінде жастар да болу керек. Үлкендерге қарағанда жастардың тезірек оянуының себебі – олар сырттағы, басқа елдердегі жағдайды, демократиялық ұстанымдарды көріп келді. Жастардың бұлай белсенділік танытуы дұрыс, тамаша. Осылай болу керек. Одан ешкім қорықпау керек. Өйткені бұл – өмірдің, табиғаттың заңы. Ал оған қарсы шығып, оны қамау, ұстау кез-келген билікке тән. Өйткені олар қашан да өздерінің ісін дұрыс санайды. Қазіргі Қазақстан билігінің белсенді жастарға қарсы істеп отырғаны – өздерін қорғағаны. Әрине, бұлай болмауы керек еді. Керісінше, жастарды одан әрі қолдап, оларға дем беру керек еді. Өткенде "Шындықтан қашып құтылмайсың" деп плакат ілген жастарды 15 күнге қамап тастағанына мен өкіндім. Оларды ұстағандарды емес, жастарды қамауға шешім шығарған соттарды қуу керек.
Нұрғали Нүсіпжанов, әнші
- Жастардың қазіргі әрекетін мен құптаймын. Өйткені қоғамда айтсаң ұқпайтын; ұқса да, жартылай ғана түсінетін адамдар толып жатыр. Ескі сүрлеуге түсіп алғанбыз, содан шықпаймыз. Баяғыда мәшине алғаш шыққан кез екен. Бір күні ауылдың бір жігіті көлік алып келіпті. Сол көлігімен келе жатса, жолда арқалаған дорбасы бар бір кейуана келесі ауылға қарай кетіп барады екен. Содан әлгі жігіт тоқтап: "Отырыңыз, жеткізіп салайын" десе, "Жоқ балам, жүре бер. Мен асығып барамын" деп отырмайтын көрінеді. Біздің қоғамның қазіргі кейпі сондай. Баяғы психологиядан арыла алмай жүр.
Жастардың ар жақ, бер жағына қарап, еңсесін көтеріп, күн мен көлеңкені ажырата бастағанына қуану керек. Дәл осы жағдайда оларға ел болып, жұрт болып біздің көмегіміз керек. Елбасының (бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев – ред.) жиі айтатын "өсіп-өнген озық елдердің қатарына енейік" дейтін сөздерін іске асыратын тетіктерді іздеу керек. Ол үшін тағы да жастарға қолдау қажет. Баяғы Қазақстан жоқ қазір. Ол болмайды да. Сондықтан болмысымызбен өзгеруіміз керек.