ӨТІНІШ АЙТЫП, ЖҰМЫСТАН БОСАУ
«Жұмыста басшылық мәселені қолдан жасап, жауапсыз болды. Жұмысшылардың тағдырына немқұрайлы қарағанын көріп, әділдік барынан үмітіміз үзілді». «Қазақмыс» химиялық зертханасы жұмысшыларының Қазақстан президенті және Kazakhmys Holding компаниясы директорлар кеңесінің төрағасының атына жазған ұжымдық өтініші осылай басталады.
Маусымның 3-і күні президент әкімшілігіне жіберілген хатқа 174 адам қол қойған. Хатта жұмысшылар жалақыны көтеру және советтік кезеңнен бастап қолданыста болып, ескірген зертхана жабдықтарын жаңалау туралы талаптарын айтқан.
Ұжымдық шағымның негізгі бөлімінде жұмысшылардың Балқаш қаласындағы орталық химиялық зертхананы аутсорсингке берумен келіспейтіні айтылады. Жұмысшылар «2016-2017 жылдары Балқаш пен Жезқазған өңірлеріндегі зертханаларды жеке ұйымдардың иелігіне беріп, өткен жылы оларды корпорацияға қайтару «бизнес процестердің жақсарғанын» көрсетпеді» деп жазады. Олар аутсорсингке беру жоспарланған Балқаштағы зертханада жоспардан тыс тексерулер жүріп, «қатаң заң бұзушылықтар анықталғанын», осы арқылы адамдарды жұмыстан шығару амалы қарастырылып жатқанын айтып, алаңдайды. Жұмысшылар зертхана аутсорсингке берілгеннен кейін қызметкерлердің біразы жұмыссыз қалады деп қорқады.
Жұмысшылар хатта түрлі қысым бола ма деп қауіптенетіндерін жазып, президенттен алдағы уақытта сол қысымдардан қорғауды сұраған.
«Қазақмыстың» төрт зертханасының жұмысшылары жыл басынан бері жұмыс берушіге бірнеше рет осы мәселемен барғанын, бірақ тиісті жауап ала алмағанын айтады. Олардың сөзінше, кейбір жұмысшылар осы өтініштен кейін «комиссиялық талқылау кезеңі аяқталғанша» қызметтен шеттетілген. Уақытша жұмыстан шыққандардың арасында Нұрқазған байыту фабрикасы зертханасының басшысы Бақыт Әділова, Балқаштағы орталық химиялық зертхана басшысы Айнур Құсайынова, Нұрқазған байыту фабрикасы химиялық зертханасының инженері Әлібек Мұқашев бар.
Корпорация басшылығы жұмысшылар шағымына байланысты құрылған комиссия отырысынан кейін жұмысынан босаған қызметкерлерді бұрынғы лауазымына қайтарған (жұмысшылардың біреуі өз еркімен жұмыстан кетуге бел буған).
— Балқаш пен Жезқазғандағы орталық химиялық зертханалардың жұмысшылары денсаулығына зиянды ортада жұмыс істегеніне қарамастан, еңбек жағдайы жақсы жердегі қызметкерлермен бірдей жалақы алатындарын айтып наразылық білдірді. Олар жалақы көлемін қайта қарауды сұрады, — дейді «Қазақмыс» корпорациясы Нұрқазған байыту фабрикасы зертханасының басшысы қызметіне қайта оралған Бақыт Әділова.
Уақытша жұмыстан шеттетіліп,кейін қызметіне қайта кіріскен Айнұр Құсайынова да «Мен қол астымда жұмыс істейтін қызметкерлерімнің әрі қарай қайда жұмыс істейтінін ойлап, алаңдаймын. Жұмысшыларды толғандырған мәселенің шешілуіне атсалысуым керек» дейді.
Өтінішке қол қойған бірнеше қызметкер Азаттық тілшісіне жалақыны көтеру және еңбек жағдайын жақсарту туралы ұжым талабына қосылатындарын айтты.
Жұмысшылар Нұр-Сұлтанға жіберген хаттарына әлі жауап алмаған. Олардың қолында өтініш Ақордаға кеткенін растайтын электронды анықтама бар.
«ҚАЗАҚМЫС» НЕ ДЕЙДІ?
«Қазақмыс» корпорациясы Азаттықтың ресми хатына жауап беріп, химиялық зертхана жұмысшылары тарапынан басшылыққа ұжымдық өтініш түскенін растады. Корпорация осыған байланысты ұжыммен кездесу өткенін, онда жалақыны көтеру шарттары түсіндіріліп, басшыларға еңбек жағдайын жақсарту бойынша тапсырмалар берілгенін айтты. Бірақ «Қазақмыстан» келген хатта қандай түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нақты қандай тапсырмалар берілгені көрсетілмеген. Компания «Балқаш өңірін дамыту үшін және зертхана салу үшін» қаладағы орталық химиялық зертхананы аутсорсингке бермек. Корпорация басшылығының айтуынша, нысан жаңа зертхана құрылысына тартылған соинвесторға аутсорсингке беріледі.
«Қазақмыс» корпорациясы басқарма кеңесінің бас директоры Бақтияр Крыкпышев Азаттыққа берген жауабында «Балқаш қаласындағы орталық химиялық зертхана жұмысшылары аутсорсинг құрамына өтпеген жағдайда, еңбек заңнамасына сәйкес Қазақмыс компаниясы бөлімшелеріне жұмысқа орналасады» деді.
Корпорация жауабында жалақыны өсіру туралы ештеңе айтылмаған. Бірақ бір жылдың ішінде бұрынғы аутсорсерден корпорацияға өткен қызметкерлердің жалақысы 22,2 пайызға өскені, оларға сыйақы берілгені көрсетілген.
«Қазақмыс» Азаттықтың жұмыс берушіге ұжымдық өтініш білдіргендерді қызметінен шеттету себептері туралы сұрағын да жауапсыз қалдырды. Корпорация «жұмысшылардың ұжымдық немесе жеке жасаған өтініштерін қарау объективті және ешқандай қысым көрсетусіз жүреді» деп жазды.
«ЖОСПАРДАН ТЫС ТЕКСЕРУМЕН КЕЛДІ»
Өткен айда «Қазақмыс» зертханасының жұмысынан босаған қызметкерлері еңбек инспекциясына жоспардан тыс тексеру жүргені туралы шағым жазған. Шағым авторлары денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бұйрығына сәйкес, Балқаш пен Жезқазған химиялық зертханалары жұмысшыларының жалақысын өсіру керегін және зертхананы аутсорсингке берген жағдайда жұмыссыз қалған адамдарды еңбекпен қамту қажетін жазған. Азаттық тілшісі Қарағанды облысындағы еңбек инспекциясы басқармасынан жұмысшылар шағымына қандай жауап болғанын сұрады.
— Біз жоспардан тыс тексерумен бармадық. Жұмысшылар өтінішінде көрсетілген барлық фактілерді тексереміз. Тексеру нәтижесіне қарап қана нақты қорытынды жасауға болады, — деді Қарағанды облысындағы еңбек бойынша бас инспектор Қанатбек Балсариев.
Сәуірде Қарағандыда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен үшжақты комиссия отырысында билік өкілдері Қарағанды облысындағы кәсіпорындарда әлеуметтік қысым, жаппай жұмыстан шығару мен еңбек дауларын болдырмау керегін айтқан. Сол жиында қызметкерлерін басқа ұйымдарға беруге бейім кәсіпорындардың жұмысшылары арасында әлеуметтік араздық тумас үшін аутстаффинг және аутсорсинг институтын реттеу керегі жөнінде де ұсыныс айтылған. Министр аймақта жұмысшылар наразылығына барынша жылдам назар аударып отыру керегін ескерткен.
«Қазақмыс корпорациясы» серіктестігіне «Жезқазғанцветмет», «Балқашцветмет», «Карағандыцветмет» бірлестіктері және бірнеше байыту фабрикалары кіреді. Серіктестік 2014 жылы «Казақмыс» ашық негізде жұмыс істейтін KAZ Minerals PLC (акциялары Лондон биржасында сатылады) және қоғамға жабық «Қазақмыс корпорациясы» компаниясы болып екіге бөлінгеннен кейін құрылды. «Қазақмыс» –Қазақстандағы ірі мыс өндіруші кәсіпорын. Онда мыстан бөлек, алтын мен күміс құймалары, қорғасын өндіріледі. KAZ Minerals PLC мен «Қазақмыс» корпорациясының иесі – Forbes журналыың байлар тізіміне енген ең бай қазақстандық Владимир Ким. Америкалық басылымның есептеуінше, биыл Кимнің байлығы 4,6 миллиард долларды құраған.