Сот сайлау жайлы сауалнама жүргізген сайтты жазалады

Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты "Таңдауыңыз кім?" деген сауалнама жүргізген Exclusive.kz басылымына 75 750 теңге көлемінде айыппұл салды.

Мамырдың 5-і күні Exclusive.kz сайты Youtube парақшасында сайлауға қатысты "Таңдауыңыз кім?" деген сауалнама жариялаған. Сол күні сайт редакциясы "120 адам дауыс берген" сауалнаманың қорытындысын да шығарған.

Осыдан кейін Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрлігі прокуратураға қайырылып, "сайлау алдында сауалнама жүргізген" басылымның әрекетін тексеруді сұрайды. Кейін Алматы қаласы Медеу аудандық прокуратурасы істі әкімшілік сотқа жіберген.

10 МИНУТҚА СОЗЫЛҒАН СОТ

Мамырдың 30-ы күні Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Exclusive.kz сайтын "сайлауға байланысты сауалнама жүргiзу шарттарын бұзды" (Әкімшілік кодекстің 120-бабы) деп айыптады. Әкімшілік соттың судьясы Айым Шаяхметова сайтқа 30 айлық есептік көрсеткіш (75 750 теңге) көлемінде айыппұл салды. Ал басылымның директоры Қарлығаш Еженова сауалнаманы үгіт-насихат науқаны басталмай тұрып, жүргізгендерін айтады.

Қарлығаш Еженова.

- Біздің қателігіміз сауалнаманың қорытындысын жариялағанымызда болып тұр. Асылында, сайлау жайлы сауалнама жүргізу үшін Орталық сайлау комитетін хабардар етіп, олардан рұқсат алуымыз керек екен. Екіншіден, сауалнаманы жүргізетін мекемені көрсетіп, тапсырыс бергендер туралы ақпарат пен сауалнама үшін қанша қаражат алғанымызды көрсетуіміз керек екен. Яғни, әдеттегі әлеуметтік сауалнама өткізуге қажетті барлық талаптарды орындауымыз керек болған. Бірақ біздікі әлеуметтік сауалнама емес, бұл Youtube желісінде жүргізілген онлайн сауалнама еді. Біз оны тегін жүргіздік. Бұған қоса, біз сауалнаманы үгіт-насихат науқаны басталмай тұрып өткізгендіктен, ОСК-мен келісудің қажеті жоқ деп ойладық. Алайда [сот] біздің уәжімізді ескермей, айналасы 10 минут ішінде айыппұл салды, - дейді басылым директоры Қарлығаш Еженов.

Адам құқығы және заңдылықты сақтау бойынша қазақстандық бюроның директоры, құқық қорғаушы Евгений Жовтис Әкімшілік кодексте әлеуметтік сауалнама мен қоғам пікірін білудің ара-жігі ажыратылмағанын айтады.

- Бұл Орталық сайлау комиссиясы айтып жүрген сауалнама емес деп ойлаймын. Сондықтан заңға сүйенудің қажеті шамалы. Біз алдымен әлеуметтік сауалнама мен қоғам пікірі дегенді ажыратып алуымыз керек. Мұны тіпті қоғам пікірі деуге де келмейді. Бұл – Exclusive.kz сайтын оқитын бір топ оқырманның пікірі ғана. Ал осы үшін сотқа тарту біздің авторитарлы мемлекетте тұратынымызды көрсетеді, - дейді Евгений Жовтис.

Exclusive.kz соттың қаулысына қарсы апелляциялық шағым дайындап жатыр. Еженова Сайт редакциясы айыппұлды жақын күндерді төлейтіндерін айтады. Ол "сот шешімін орындамады" деген тағы бір шағым түскенін қаламаймыз. Сондықтан айыппұлды төлейміз" дейді.

ПРОКУРАТУРА ЕСКЕРТУІ

Мамырдың 23-і күні Қазақстан бас прокуратурасы ресми мәлімдеме таратып, сайлау алдында сауалнама жүргізгендер жауапқа тартылатынын мәлімдеген.

Бас прокуратураның дерегінше, мамырдың 17-сі күні "ВКонтакте" әлеуметтік желісінде сайлау жайлы сауалнама жүргізген Алматы қаласының тұрғыны 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (37 мың 875 теңге) айыппұлға кесілген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Сұрқай һәм сүреңсіз науқан". Сайлау жарнамасы жайлы пікірлер

Ведомство хабарында "Facebook" әлеуметтік желісінде жасаған құқық бұзушылығы үшін Алматы облысының тұрғыны тап осындай әкімшілік жауапқа тартылды" деп жазылған.

Мамырдың 21-і күні Қазақстан адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро Талдықорғанда Нұр Итжанов есімді белсендінің сайлау туралы сауалнама жүргізгені үшін 37 875 теңге айыппұлға кесілгенін хабарлаған. Мамырдың 23-і күні бюро апелляциялық сот белсендіге шыққан шешімді өзгеріссіз қалдырғанын жазды.

Әкімшілік кодекстің 120-бабына сай, сайлау жайлы сауалнама нәтижелерін жариялаған кезде бұқараларық ақпарат құралдары сауалнама жүргізген компанияны, ақысын төлеп, тапсырыс бергендерді жариялауы тиіс. Қазақстанда сауалнама жүргізу ережесін бұзған жеке тұлғаларға – 15, заңды тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Қазақстан президенттігіне кандидаттар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Амангелді Таспиховтың сайлау жарнамалары ілінген жерден өтіп бара жатқан адам. Алматы, 13 мамыр 2019 жыл.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Бұл жолғы сайлау елді отыз жылға жуық басқарып, биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткелі отыр. Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:

  • Жамбыл Ахметбеков - "Қазақстан комунистік халық партиясы",
  • Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы,
  • Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысы,
  • Төлеутай Рахымбеков - "Ауыл" партиясы,
  • Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы,
  • Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы,
  • Сәді-Бек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы.

Мамырдың 11-і күні елде сайлау алдындағы үгіт-насихат кезеңі басталған. Үгіт жүргізу жұмыстары маусымның 8-і күні аяқталады.