"Медеу" мұз айдынынан төрт километр қашықтықтағы Алматы маңындағы "Көкжайлауға" курорт салу жобасы 2002 жылдан бері талқыланып келеді. Билік басында шатқалда "тау шаңғысы курорты" салынады деп, жобалық-сметалық құжаттарды, техникалық-экономикалық негіздемені курортқа ыңғайлап әзірлеген.
Жобаны жүзеге асыру үшін Іле-Алатау ұлттық-табиғи саябағынан жер алып, оны қалаға берді. Кейін тауда электрподстанция құрылысын бастады. 2015 жылы билік экономикалық дағдарыс пен қоғамның наразылығын айтып, жобаны тоқтатты.
Бірақ екі жылдан соң билік "Көкжайлау" курортын салу ісін қайта бастап, жобаны сәл қысқарған түрде ұсынды. Курортты бұқаралық туристерге арналған "әлеуметтік жоба" деп атады. Жобаға қарсылар шатқалға кез келген құрылыс салу жергілікті экожүйеге зиян келтіретінін айтады. Ал жақтастары (Алматыдағы тыңдау көрсеткендей, олардың ішінде медиа өкілдері де бар) курорттың пайдасы туралы түрлі дәлел келтіреді.
КУРОРТТЫҢ "ЖАҢА ФИЛОСОФИЯСЫ"
Қарашаның 4-і күні өткен қоғамдық тыңдау бес сағатқа созылды. Жиында екі Қоршаған ортаға ықпал етуді алдын-ала бағалау жобасы талқыланды. Атап айтқанда, курорттың өзі мен кәріз жүйесі және подъезд жолдары сөз болды.
Алматы әкімдігі туризм және сыртқы байланыстар басқармасы жетекшісі Мақсат Қиқымовтың, "ГеоДата Плюс" компаниясының бас директоры Людмила Кузнецова мен "Казахский Промстройпроект" компаниясы өкілдерінің баяндамасынан қатысушылар бұрынғы жобаның орнын басқан "жаңа философия" туралы білді. Курорттың ауқымы, барлық жағынан алғанда, айтарлықтай азайған.
Жаңа жобаға сай, курортқа күніне 10 мың емес, 5 мың адам кіре алады. Шаңғы трассасының ұзындығын 65 километрден 24,5 километрге қысқарған. Қонақ үйлердегі орын саны 6.5 мыңнан 194 орынға азайған.
Әкімдік өкілі: "Бүкіл Алматы бойынша төсек-орын саны – 17 мың. Яғни, біреуге осы орынның 40 пайызын Көкжайлаудағы шағын аймаққа орналастыру туралы идея келген" деді.
Жаңа жоба бойынша, тұрғын үй құрылысы аумағы 208 мың шаршы метрден 19,4 мыңға азайған. Жоспарланған үш жасанды көлдің орнына біреу ғана пайда болады. Ескі жобада жасанды көлдің көлемі 252 мың куб метр болса, жиында ұсынылған жобада "жасанды көлдің аумағы 80 мың куб метр" деп көрсетілген.
Мақсат Қиқымовтың айтуынша, жеке құрылыс және газбен жабдықтауды толықтай алып тастаған. 22 мың ағаштың орнына 1280 ағаш кесілмек. Курорт шығыны айтарлықтай азайған. Бұрынғы есеп бойынша, шығын 1,5 миллиард доллар еді. Енді билік "Көкжайлау" шипажайын салуға 230 миллион доллар бөлуді жоспарлайды.
Билік өкілдерінің айтуынша, тау шаңғысы курорты – Алматы туризмін дамытудағы негізгі бағыт. "Көкжайлаудағы" тау шаңғысы кластері Түргеннен Қаскелеңге дейін созылады. Мәлімдеме бойынша, оған 927 миллион доллар жұмсалады (бұған инфрақұрылым шығыны кірмейді) және 30 мың адамды жұмысқа қабылдайды.
"ҰЙЫҚТАП ОТЫРҒАН" ҚАТЫСУШЫЛАР
Баяндаманы 400 адам сиятын "Қазақстан" қонақүйінің бал залында оқыды. "Көкжайлау" тау курорты жобасына басшылық етуші Almaty Mountain Resorts компаниясының директоры Наил Нуровтың айтуынша, жиынға 700 адам келген.
Пікірталасқа қатысушылардың біразы тыңдау басталуға бір жарым сағат қалғанда қонақүйдің кіреберісіне жастар толып кеткенін, олардың кейін залға кіргенін, шамасы олардың "бұйрықпен келгендерін" айтты.
Курорт салуға қарсылардың қолына қоғамдық тыңдауға келуге тиісті ЖОО өкілдерінің аты-жөні, лауазымы мен байланыс дерегі көрсетілген тізім түскен. Жобаға қарсылардың айтуынша, залда түнеріп отырғандардың көбі – бюджеттік ұйым қызметкерлері мен студенттер. Қатысушылардың "қызығушылығы" ұйықтап отырған түрлерінен байқалды.
Жиында әкімдік ұсынған жобаларды қолдайтын ұйымдар – Алматы әкімдігі жанындағы ардагерлер кеңесінің өкілдері, Қазақстан халықтар ассамблеясының алматылық филиалы, ардагерлері де отырды.
Қоғамдық тыңдауда курортқа қатысты дауыс беру процесі болмады. Төраға, хатшы сайлау мен регламентке ғана дауыс берді. Құрылысты салу-салмауды мемлекеттік сараптама шешеді. Қоғамдық тыңдаудың міндеті - тек қоғамның пікірін жинап беру.
"ҚОЛДАУШЫЛАР"…
Модератор Ержан Сүлейменов пікірталасқа 30 астам адам жазылғанын айтты. Олардың арасында саясаттанушы Айдос Сарым, PR маман Қуат Домбай, белсенді Мұхтар Тайжан, цирк әртісі Мұрат Мұтырғанов, актриса Сая Оразғалиева, тележүргізуші Евгения Краснова, Фима Иванов болды.
Олардың бәрі трибунаға шығып, жобаны қолдайтындарын айтты. Кинорежиссер Ермек Тұрсынов та сөз алды. Ол регламент бойынша сұрақ қою бөлімінде шыққандықтан, тек бес минут сұрады. Бірақ залға келгендердің қарсылығынан, шуынан кейін Тұрсынов трибунадан түсіп кетті.
Астаналық саясаттанушы Талғат Қалиев курортқа қарсылардың саны 19 мың екенін, бұл жалпы тұрғындардың бір пайызын ғана құрайтынын айтты. Қалиевтің сөзіне ашуланғандар көп болды. Ол шулап кеткендерді маймылға теңеді.
Шын мәнінде, Алматы тұрғындарының қанша пайызы курортты қолдайтыны, қанша адам қарсы екені белгісіз. Референдум өткізу былай тұрсын, заң бойынша ол қала мен ауыл деңгейінде қарастырылмаған. Бірақ Facebook желісіндегі сауалнама нәтижесіне сай, шамамен 80 пайыз тұрғын курорт жобасына қарсы.
Турфирма өкілдері "Көкжайлау" курорты оларға керектігін, туристерді қайда апаратындарын білмейтіндерін айтты. Тележүргізушілер, продюсерлер, актрисалар мен блогерлер ата-анасы, балалары "Көкжайлауға" жаяу жете алмайтынын мысалға келтірді.
Тележүргізуші Екатерина Краснова соның кесірінен сегіз жасар қызы екеуі бос уақыттарын сауда орталықтарында өткізетінін айтып, шағымданды.
– Балаларым таза ауада тыныстағанын қалаймын! - деді ол.
Кейбіреулердің "қарт ата-анасы гондолды жолсыз Көкжайлауға көтеріле алмайды". Сондықтан құрылыс салу керек десті. Курорт салуға қарсыларды "өздерінен басқа ешкімнің Көкжайлауға шыққанын қаламайды" деп айыптағандар да болды.
…ЖӘНЕ "ҚАРСЫЛАР"
Әкімдік қызметкерлері келтірген цифрға сай, желтоқсанның соңында Көкжайлауға биылғы жылдағы жүз мыңыншы адам келеді. Жарнамалық агенттік директоры, журналист әрі тау туристі Юрий Дорохов трибунаға шығып:
- Бізде жыл сайын адам ағылып келетін тегін курорт бар, оған қомақты инвестиция салудың керегі жоқ. Қоқыс салуға арналған екі контейнер мен шлагбаум орнату керек, джиптердің кіріп, табиғатты бүлдіруіне жол бермеу керек. Құрылысқа қарағанда бұл әлдеқайда арзан. Менің балаларым Көкжайлауға бес жасынан бастап жаяу көтеріледі, - деді.
Жобаға қарсылар "құрылыс тау экологиясы мен қала экологиясына әкелер шығыны орасан зор. Экономикалық тұрғыда пайдасы аз және тасқынға ықпал етеді. Жасанды көл селге айналуы мүмкін" дейді.
География ғылымдарының докторы Александр Хорошевтің айтуынша, "көл салатын жерде тектоникалық жарық бар. Жер сілкінісі болған жағдайда жасанды көл бұзылып, күшті тасқын болуы мүмкін, қалаға қатер төнеді".
Тыңдауда курортты салуға жауапты компания жетекшісі Наил Нуров ол жерде ешқандай тектоникалық жарылыс жоқтығын айтты. Ал Қоршаған ортаға ықпал етуді алдын-ала бағалау жобасында тектоникалық жарық бар екені көрсетілген.
Журналист Вадим Борейко жобада тасқынға тек бір бет арналғанын сынады. Ал селдің ауқымы бір жарым миллион куб метр болуы мүмкін. Ол "Қызыл кітапқа енген Сиверс алма ағашының орнына гибрид алма ағаштар отырғызуы мүмкін" деп қауіптенеді. Себебі таудағы алма ағашының бәрі – Сиверс алмасы емес, ал әкімдік оларға генетикалық талдау жасауға тапсырыс бермеген.
Ол тыңдауды үш себеп бойынша заңсыз деп тануды ұсынды. Біріншіден, жобаның техникалық-экономикалық нұсқаулығы (ТЭН) ұсынылмады. Екіншіден, жобаның жерге құқығын белгілейтін құжаттары жоқ болып шықты. Үшіншіден, жоба мен ТЭН қазақ тіліне аударылмаған.
"Зеленое спасение" экологиялық қоғамының жетекшісі Сергей Куратов та жобаны сынап, қазақ тіліндегі баннерде – "тау-шаңғылы курорт", ал орыс тілінде "тау курорты" деп жазылғанын айтты. Қазір олардың нені талдап отырғандары түсініксіз екенін ескертті.
- Қоршаған ортаға ықпал етуді алдын-ала бағалау жобасын ең бастапқы кезеңде талқылау керек еді. Ал қазір қосалқы станцияны салып, миллиардтаған қаржы жұмсады. ТЭН құпия құжат емес. Орхус конвенциясы бойынша, барлық құжаттама ұсынылуы керек. Қоғамға барлық ақпарат берілмесе, қоғамдық тыңдауды қалай өткізбек? Біз нені талқылап жатырмыз? Тау курорты ма, тау шаңғылы курортты ма? Таулы курорт тау шаңғысынсыз да болуы мүмкін ғой. Олардың инвестициясы да, қоршаған ортаға ықпалы да әртүрлі болады, - деді Куратов тыңдаудан соң Азаттық тілшісіне.
Қоғамдық белсенді Аружан Саин трибунаға шықпады. Бірақ залда отырып, Facebook арқылы тікелей эфир өткізді. Ол Facebook желісінде дауыс берушілердің 7 пайызы жобаны қолдаған, 93 пайыз адам қарсы дауыс бергенін айтты.
"Кімді алдағылары келеді? Жоба бойынша халыққа ТЭН, шығынды көрсетпейді. Экологтар, сейсмологтар мен Көкжайлауды қорғаушылар тектоникалық жарық пен қаланы сел басу қаупі туралы айтып жатыр" деп жазды ол.
Курортқа қарсылар Көкжайлау шатқалында құрылыс салудың орынсыз екенін, қала мен тау экологиясына қысымның көбейетінін айтады. Жобаға арналған бюджет ақшасын маңызды әлеуметтік және экологиялық проблемаларды шешуге жұмсауды ұсынады.