Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта өтіп жатқан процесті бақылауға Қырғызстаннан айыпталушылардың туыстары, әріптестері келді. Сот залына балаларын ертіп келген кейбір азаматтар кіре алмады.
"Сот ашық өтеді" деп хабарланғанмен процесті ақпарат құралының өкілдері басқа бөлмедегі монитор арқылы қадағалаған. Залға тек операторлар кіргізілді.
Жұма күнгі сот отырысына екі прокурор, 16 адвокат қатысты. Істі судья Бақытхан Бәкірбаев қарап жатыр.
“Шекарадан контрабандалық тауар өткізбек болды" және “трансұлттық ұйымдасқан топқа қатысты” деп айыпталған 12 азаматтың үшеуі қырғыз азаматы. Олар ақпан айынан бері Қазақстанда тергеу изоляторында қамауда отыр.
Бұған дейін айыпталушылардың бірі, қырғыз парламентінің бұрынғы мүшесі Дамирбек Асылбекуулу сот отырысын Қырғызстанда өткізуді сұраған. Бірақ сот өтінішін қабылдамаған еді.
АЙЫПТАУ АКТІСІ
Жұма күні сот басталған кезде айыпталушылар өздері туралы жеке мәлімет берді. Дамирбек Асылбекуулу өзінің 1981 жылы туғанын, ұлты қырғыз екенін айтты.
Бұдан кейін прокурорлар айыптау актісін оқи бастаған. Онда барлық айыпталушының аты аталады.
Тергеу органдарының болжамынша, айыпталушылар жасырын схемаларды пайдалана отырып, жалған құжаттар жасап Қытайдан Қазақстан мен Ресейге заңсыз тауар тасыған. Оларға кеден органдары мен шекара қызметінің өкілдері жәрдемдескен.
Бүгінгі сот отырысына "Қырғызстан" парламенттік фракциясының үш мүшесі де келіп қатысқан. Солардың бірі депутат Руслан Чойбеков бұрынғы әріптесі, айыпталушы Дамирбек Асылбекуулының "заңсыз әрекет жасауы" мүмкін емес екенін айтып, бұған сенбейтінін және соттың әділ үкім шығаратынына үміт білдірген.
Дамирбек Асылбекуулу және бұл іске тартылған 11 азамат 2018 жылы 15-16 ақпан күндері сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы мен Жамбыл облысында өткен арнайы операция барысында ұсталған. Жалпы операция барысында ұсталған 35 адамның арасында кеден органдары, шекара қызметінің лауазымды тұлғалары, брокерлер екені хабарланған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанда ұсталған Қырғызстан депутатыАқпан айында Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Асылбекуулуның қазақстандық паспорты барын айтқан. Асылбекуулуның туыстары бұл мәліметті жоққа шығарып, қамауды біреулердің бұрынғы депутатпен "есеп айырысуы" деп бағалаған.
16 сәуірде Қырғызстанның орталық сайлау комиссиясы “өзге ел азаматтығын алған болуы мүмкін” деген себеппен Асылбекұлын депутаттық мандаттан айырған. Бұған қоса, парламент депутаттары шенеуніктердің қос азаматтығы мәселесін тексеру қажеттігін алға тартқан.
Бұған дейін Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Асылбекуулуның ұсталғанын "ауыр қабылдағанын", "Қазақстан оның ісін әділ тергейді деп үміттенем" деп айтқан. Оның сөзінше, Қырғызстан бұл мәселеде Қазақстанның ісіне араласпайды.
Жамбыл облыстық прокуратурасы бұған дейін Азаттыққа Дамирбек Асылбекуулуның қайда екенін жариялаудан бас тартқан. Облыстық прокуратура Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сүйеніп, бұл қылмыстық іс "қоғамдық пікір тудыруы мүмкін болғандықтан" сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейтінін айтқан.