Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин Қырғызстан министрлер кеңсесінің басшысы Ақылбек Жапаровпен кездесіп, Қырғызстанға жазда қосымша су жібергені үшін алғыс айтты. Ол мұның соңы қандай проблемаға ұласатынын ойламаған да болар.
8 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда өткен кездесуде Асқар Мамин Тоқтоғұл су қоймасынан Қазақстанға су жібергені үшін Қырғызстанға алғыс айтты.
Былтыр жазда Қазақстанда қуаңшылық болып, Қырғызстаннан келген судың арқасында елдің оңтүстігіндегі фермалар мен мал табындары аман қалған.
Бірақ биыл Орталық Азия елдерінің бәрінде қуаңшылық болып, одан Қырғызстан да зардап шекті.
9 желтоқсанда Қырғызстан парламентінің депутаты Дастан Бекешев Қазақстанға жіберілген су туралы толық және нақты ақпарат беруді сұрады.
"[Былтыр жазда] фермерлер жер суаруға су сұрағанда, су жоқ екенін айттық" деді Бекешев.
Ол Асқар Маминнің сөзі жарияланғаннан кейін өзіне ғана емес, басқа депутаттарға да жұрттың хабарласып жатқанын айтты.
"[Адамдар хабарласып], өтірік айттыңыздар деп жатыр" деді ол.
Қырғызстанда биыл дәнді дақылдар өнімі 2020 жылмен салыстырғанда 34 пайыз азайды.
Қазақстан мен Өзбекстан Қырғызстаннан 2021 жылғы вегетациялық кезеңде көбірек су жіберуді сұрады. Үш елдің де ресми өкілдері бұл қадам Тоқтоғұл су қоймасындағы су көлемін анағұрлым азайтатынын біледі.
Қазір Тоқтоғұл су қоймасында 10,8 миллиард текше метр су бар. Бұл өте аз. Қалыпты жағдайда онда 15 миллиард текше метр су болуы керек.
Тоқтоғұл су электр станциясы Қырғызстандағы электр энергиясының 40 пайызын өндіреді. Станция жыл бойы жұмыс істеп, қыста 6-7 миллиард текше метр су жібереді.
Егер қоймадағы су деңгейі 6 миллиард текше метрден төмендеп кетсе, станция турбинасы айналмай қалады.
Қосымша су алған Қазақстан мен Өзбекстан Қырғызстанға электр энергиясын жіберуге келіскен. Бұл шешім Тоқтоғұл станциясын толық қуатпен жұмыс істетпей, қоймада су жинауға септесу үшін қабылданған.
Бірақ су баяу жиналып жатыр. Ал Қырғызстан келісім аясында Өзбекстаннан электр энергиясының бәрін, ал Қазақстаннан біршама бөлігін алып үлгерген.
8 желтоқсанда Қырғызстан ұлттық энергетика холдингі Қырғызстан Қазақстаннан алуға келіскен 900 млн кВт/с электр қуатының 616,4 млн кВт/с қуатын алғанын хабарлады.
Қазақстан Тоқтоғұлдан 330 миллион текше метр су алуы керек болған. Дастан Бекешев бұдан бөлек қосымша қанша су берілгенін сұрады.
10 желтоқсанда Қырғызстан энергетика министрлігі Қазақстанға келісімде белгіленген көлемде ғана су жібергенін мәлімдеді.
Бірақ бұл Қазақстан үшін жомарт қадам болғанға ұқсайды. Егінді сақтап қалғаны үшін Қырғызстанға жария түрде алғыс айтқан Асқар Маминдікі дұрыс болған шығар.
Қазақстан дәнді дақылдар экспорты бойынша әлемде жетекші орындарда тұр. Бірақ биыл қуаңшылық кесірінен өнім 2020 жылға қарағанда 20 пайыз аз болды.
Бірақ Қырғызстан үкіметінің жомарт қадамы ел ішінде мәлім болмағанға ұқсайды. Қырғызстан ұлттық банкі мәліметінше, 2021жылы инфляция 11,8 пайыз болған. Биыл негізгі тауарлар кемінде 15 пайыз қымбаттаған. Халық су бола тұра, "су жетіспегені" үшін азық-түлік өндірісінің азайғанына қуана қоймас.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жем-шөп тапшы, мал арзан". Қырғыз шаруасын құрғақшылық титықтатты