Қырғызстанның әділет министрлігі заңды тұлғалар реестріне өзгеріс енгізіп, Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы жетекшісі ретінде Сағынбек Абдрахмановты көрсеткен. "Атамбаевсыз ҚСДП" қозғалысының жетекшісі Абдрахманов бұл мәселенің партия съезінде шешілгенін айтты. Елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев жетекшілік ететін ҚСДП хатшылығы бұл әрекетті "рейдерлік" деп атады.
"ПАРТИЯ БӨЛІНГЕН ЖОҚ, ТЕК БАСШЫСЫ АУЫСТЫ"
Сәуірдің 18-і күні "Атамбаевсыз ҚСДП" қозғалысының жетекшісі Сағынбек Абдрахманов әділет министрлігінің заңды тұлғалар реестріндегі Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы туралы дерекке өзгеріс енгізілгенін мәлімдеді.
18 сәуір Бішкекте өткен баспасөз мәслихатында ол партияның заңды төрағасы болғанын хабарлады. Ол Атамбаевтан партия жарғысы, мөрі мен өзге де мүліктерін тапсыруды талап етті.
"3 сәуірде Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы 18-съезін жоғары деңгейде өткізді. Съезге осы партияның ұзақ уақыт бойы төрағасы болып келген Алмазбек Атамбаевты шақырған едік. Ол келмей, керісінше бізге қарсы шықты. Нәтижесінде съезд делегаттары мені ҚСДП төрағасы ретінде таңдады. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш, ауыр жүк және сенім. Бұдан соң Алмазбек Атамбаевқа арнайы түрде қайрылып, партия төрағасы ретінде қызметін тоқтатуды өтіндік, партия мүлкі мен құжаттарын, мөрін, штампы мен өзге де заттарын өткізуді сұрадық. Бұдан бөлек, әділет министрлігіне партия төрағасы өзгергені туралы хабарлама жолдадық. Соның негізінде министірлік мені партия төрағасы ретінде көрсеткен. Партия бөлінген жоқ, тек басшысы ауысты. Қолымызға мөр, штамп пен партия жарғысы тигенде партияны қайта тіркеуден өткіземіз" деді ол.
Партия заңгері Муратбек Жапаровтың айтуынша, Қырғызстанның ұлттық банкі және өзге де мемлекеттік органдарына партия есепшотының бұғатталғаны туралы хат жіберілген. Ол "Атамбаев дәуірі аяқталды" дейді.
Қырғызстанның әділет министрлігі де дәл осы күні партия туралы ақпаратқа өзгеріс енгені туралы хабарлама таратты. Министрлік сайтындағы заңды тұлғалар реестрінде ҚСДП төрағасы ретінде Алмазбек Атамбаев орнына Сағынбек Абдрахманов көрсетілген.
Министрлік өкілі Эмир Зулпуев Абдрахмановтан түскен хабарламаға орай партия профайлының өзгергенін айтты. Қырғызстан заңы бойынша, егер заңды тұлға немесе өкілдік басшысы, құрамы өзгертілген жағдайда аталған ұйым 30 күн ішінде тіркеу органына өзгерісті хабарлауы тиіс. Мұндай хабарлама түскен жағдайда министрлік жеті күн ішінде қажетті өзгеріс енгізіп, қажетті мемлекеттік органдарға хабарлауы керек. Нақты жағдайда министрлік дәл осылай жасағанын айтты.
"Атамбаевсыз ҚСДП" қозғалысы 3 сәуірде Бішкекте партия съезін өткізіп, онда Сағынбек Абдрахманов төраға ретінде сайланған. Абдрахманов та, әділет министрлігі де осы съезд шешіміне сүйенеді.
Бұл съезге шамамен 300 адам қатысқан. Олардың арасында Данияр Тербишалиев, Ыргал Кадыралиева, Исмаил Исаков, Абдрахман Маматалиев және жергілікті депутаттар, өзге азаматтар болған.
"ТАҢДАУ ЖӘНЕ ТАҢДАЛУ ҚҰҚЫМЫЗ ТАПТАЛДЫ"
Бірақ бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев жетекшілік ететін ҚСДП саяси кеңесі және хатшылығы бұл съезді "жалған құрылтай" деп атап, 6 сәуірде басқа съезд өткізген. Жабық есік жағдайында өткен жиында партияның саяси кеңес құрамы өзгерген. ҚСДП өкілдері Абдрахмановтың соңғы әрекетін "рейдерлік" деп атайды.
"Біз 11 сәуірде әділет министрлігіне 6 сәуір күні ҚСДП съезін өткізгеніміз жайлы хат жолдадық, онда саяси кеңестің жаңа құрамы бекітілгенін, төраға орынбасарлары сайланғанын жеткіздік. Хатта олардың аты-жөндерін көрсеттік. Сол күні әділет министрінің орынбасары Максатбек Эсеналиевпен кездестім. Оған да үш рет хат жолдағанымызды айтып, заң бұзылмасын деп ескерттік. Ол бәрі заң аясында жасалады деді. Өкінішке қарай мемлекеттік реестрге біздің ақпаратты салмаған, олардың қандай заңға сүйеніп, Абдрахмановты төраға ретінде көрсеткені белгісіз. Осылайша біздің таңдау және таңдалу құқығымыз тапталды, мыңдаған сайлаушының құқығы бұзылды. Егер осындай рейдерлік жолмен біреуге құжат беру мүмкін болса, онда 25 жылдық тарихы бар партияның шамамен 50 мың мүшесінің құқығы қалай болады? Партия басшылығы өзгерді деп айтқан бөтен біреудің қағазы негізінде партия басшылығын өзгертуге бола ма?" деді ҚСДП саяси кеңес мүшесі Нурбек Касымбеков.
ҚСДП өкілі, депутат Ирина Карамушкина Абдрахмановтың артында қазіргі билік тұрғанын айтты. Бұрынғы депутат Мээрбек Мискенбаевтың пікірінше, бұлай жасауға президент Сооронбай Жээнбеков және оның інісі Асылбек Жээнбеков итермелеп отыр.
Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы ішіндегі тайталас бір жыл бұрын басталған. Атамбаев партия төрағасы ретінде сайланғаннан кейін партиядан кейбір депутаттар шығарылған. Кейбірі өз еркімен кеткен. Мысалы, Сағынбек Абдрахманов "Атамбаевсыз ҚСДП" қозғалысын құрып, түрлі аймақта және Бішкекте құрылтай өткізген.
"ӨЗГЕ ПАРТИЯЛАР ҮШІН САБАҚ БОЛУЫ ТИІС"
Сарапшылар және құқық қорғаушылар партия ішіндегі тартыстың күшейгенін әрқалай бағалады. Құқық қорғаушы Динара Ошурахунова соңғы оқиғаларды парламент сайлауы алдындағы "саяси ойын" деп атады.
«ҚСДП - оппозицияда да, билікте де белгілі партия. Әрине, онда әртүрлі дау-дамай болып жатқанын білеміз. Оның артында кім тұрғанын білмеймін, бірақ бәлкім Атамбаев қарсыластары тұрған болар. Егер партия екі лагерьге жарылатын болса, партия беделі түсіп, қоғамнан алшақтайды. Оны Атамбаев не Абдрахманов басқара ма, бәрібір, партия алдағы сайлауға күш жинай алмайды. Дауласушы екі тарап өзге партия да құруға болушы еді, бірақ оны не үшін жасамай отырғанын түсінбеймін. Қалай болмасын, бұл өзге партиялар үшін сабақ болуы тиіс. Мұндай жағдай демократиялық құндылықтар негізінде құрылмаған кез келген партияның басына түсуі мүмкін" дейді Ошурахунова.
Бұл факті бойынша Алмазбек Атамбаев бас прокуратураға шағымданған. Бас прокуратураға жазған шағымында Атамбаев әділет министрлігінің әрекетіне баға беруді сұраған.
Видео: ҚСДП-да қос жетекші пайда болды. (Бішкек, 18 сәуір 2019 жыл).