Нұр-Сұлтан мен Бішкектің "Талибанмен" қарым-қатынасы

"Талибан" үкіметі сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Әмір Хан Муттақи (ортада) және Қырғызстан қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Таалатбек Масадықов (сол жақтан екінші). Кабул, 23 қыркүйек, 2021 жыл.

Қазақстан мен Қырғызстан Ауғанстанның жаңа билігімен байланыс орнатуға асыға қоймады. Бірақ жақында ұстанымын нақтылап, тәліптермен уақытша болса да ымыраға келгендей болды.

Қазақстан мен Қырғызстан тәліптер басқаратын ауған үкіметіне қатысты ұстанымын анықтауға көршілерінен көп уақыт жұмсады.

Екі елдің Ауғанстанмен ортақ шекарасы жоқ. Сондықтан Нұр-Сұлтан мен Бішкек тәліптердің билікке келуіне Ауғанстанның көршілері Өзбекстан, Түркіменстан және Тәжікстанмен салыстырғанда кештеу реакция білдірді.

Жақында Қазақстан мен Қырғызстан үкіметінің ресми тұлғалары тәліптердің өкілдерімен кездесті. Оған дейін бұл мемлекеттер Ауғанстаннан іргесін аулақ салуға тырысып келген.

Қыркүйектің басында Ауғанстан тәліптердің қолына өткенде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Бізге сыртқы тоқырау мен қорқынышты сценарийге дайын болу керек" деп ескерткен.

"Ауғанстандағы жағдай… алдымызға әскери өнеркәсіп кешені мен әскери доктринаны қайта жаңғырту міндетін қойып отыр" деген Тоқаев.

Бірақ 9 қыркүйекте Тоқаев Қазақстанның Ауғанстанмен іскерлік байланыстарға дайын екенін мәлімдеді. 17 қыркүйекте Душанбеде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде Тоқаев Ауғанстанның жаңа билігімен бейресми диалог бастауға шақырды.

26 қыркүйекте сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Ауғанстандағы елшісі Әлімжан Есенгелдиевтің Кабулдың уақытша үкіметінде сыртқы істер министрінің қызметін атқарушы Әмір Хан Муттақимен кездескенін хабарлады.

Тәліптердің хабарлауынша, Есенгелдиев пен Муттақи сауда мәселесін талқылаған. Қазақстан елшісі Ауғанстанға елден бидай, ұн және жанармай экспортталатынын атап өтіп, Нұр-Сұлтанның Кабулға гуманитарлық көмек беруге дайын екенін айтқан.

Қазақстанның Ауғанстандағы елшісі Әлімхан Есенгелдиев (сол жақта) Ауғанстандағы "Талибан" үкіметінде сыртқы істер министрі міндетін атқаратын Әмір Хан Муттақи. Кабул, 26 қыркүйек 2021 жыл.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі Ауғанстанға бидай мен ұн жіберу процесі қайта жанданғанын мәлімдеді.

16 қыркүйекте Душанбеде Ресей басқаратын ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының мүшелері бас қосты.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Ауғанстандағы жағдай ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (Қазақстан мен Тәжікстан да осы одаққа кіреді) мүше елдердің қауіпсіздігіне кері әсер етуі мүмкін деп алаңдаушылық білдірді.

Қырғызстан президенті әкімшілігі жариялаған мәлімдемеде "өңірде теократиялық мемлекеттің құрылуы ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің жағдайына кері әсер етеді" деп жазылды.

23 қыркүйекте Қырғызстан үкіметі қауіпсіздік қызметі төрағасының орынбасары Таалатбек Масадықов бастаған делегациясын Кабулға жіберді.

Масадыков 1987 жылы Ауғанстандағы совет әскеріне аудармашы болып көмектескен. Ол сондай-ақ ғылым академиясынан шақырылған, ауған тайпалары мен шекараларын зерттеумен айналысатын кеңесшілер тобында қызмет еткен.

2002-2014 жылдары Масадықов БҰҰ құрамында Ауғанстан-Пәкістан-Иран аймағында жұмыс істеген.

Масадықов бастаған қырғыз делегациясы Ауғанстанға гуманитарлық көмек жеткізді.

23 қыркүйекте ол "Талибан" үкіметінде вице-премьер қызметін атқарушы молла Абдул Ғани Барадармен және Муттақимен кездесті.

"Талибанның" ресми өкілдері Қазақстан мен Қырғызстанның өкілетті тұлғаларымен кездесуде сауда қатынастарына ерекше көңіл бөлінгенін айтып, "әскери топтардың Ауғанстан аумағын көрші мемлекеттерге шабуыл жасауға пайдалануына жол бермейміз" деген уәдесін қайталады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сауатсыздық, кедейлік және бюрократия. Ауған қазақтарының атамекеніне келмеуіне не себеп?

Қазақстан мен Қырғызстан Орталық Азиядағы басқа көршілерінен Ауғанстанмен ортақ шекарасының болмауынан бөлек басқа да маңызды факторлармен ерекшеленеді.

Ауғанстандағы әскери топтардың құрамында Қазақстан мен Қырғызстанның кей азаматы болғанымен, олардың саны өзбек және тәжік азаматтарынан көп емес.

Негізінен тәжік азаматтарынан тұратын "Ансарулла жамағаты", өзбек азаматтарынан құралған "Ислам жихады одағы" немесе "Өзбекстанның ислам қозғалысы" сияқты топтар туған жеріндегі үкіметті құлатып, билікті өз қолдарына алғысы келеді.

Ауғанстандағы бірде-бір топ Қазақстан мен Қырғызстан үкіметін биліктен тайдырғысы келетінін мәлімдемеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ташкентті тәліптермен тату болуға итермелеген не?

Оның үстіне қазақ және қырғыз үкіметтері Ауғанстандағы қандастарын тарихи отанына қайтаруға әрекеттеніп жатыр.

9 қыркүйекте Қазақстан Ауғанстандағы 35 этникалық қазақты атамекеніне алып келді. Қазақстан билігі оларды елдің бес өңіріне қоныстандырып, бастапқы кезге қаржылай көмек берді.

Қазақстанның жері үлкен, халқы аз. Ел билігі 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін оралмандарға арналған бағдарлама қабылдап, бүкіл әлемнің этникалық қазақтарын атамекенге шақырды.

Ауғанстаннан ондаған қазақты әкелгенімен, ол жақта Қазақстанға көшкісі келетін ауған қазақтары әлі де бар. Саны жүзге таяп қалады.

Тәліптер билікке келген ауған қырғыздарының ешқайсысы Қырғызстанға көше алған жоқ. Шілдеде Ауғанстанның Бадахшан уәлаятында тұратын 345 ауған қырғызы шекараны кесіп өтіп, Қырғызстанға бет алған. Бірақ оларды Тәжікстанның шекара қызметі тоқтатып, Ауғанстанға кері қайтарған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Талибанға" Тәжікстан ғана ашық қарсы шықты. Рахмонға бұл не үшін қажет?


Ауғанстандағы памир қырғыздарының бір бөлігі кейінгі жиырма жылда Қырғызстанға көшіп алған.

Тамыздың ортасында тәліптер Кабулға басып кіргеннен кейін Қырғызстанның денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Жыпар Мәмбетов Азаттықтың Қырғыз қызметіне "Мемлекет Ауғанстаннан 1200 памир қырғызын қабылдауға дайын" деп айтты.

Қазақстанның оралмандарға арналған бағдарламасы сияқты Қырғызстанда да шетелдегі қырғыздарды елге қайтаруға арналған қайрылман бағдарламасы бар.

26 қыркүйекте Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың Ош облысы Чон-Алай ауданында қайрылмандарға арналған жаңа үйдің фундаментін қалап жатқаны көрсетілген. Бұл Қырғызстанның ауған қырғыздарын алып келуге дайын екенін білдірді.

Ауғанстанда өзбектер, әсіресе тәжіктер көп. Бірақ не Өзбекстан, не Тәжікстан Ауғанстандағы қандастарын қайтаруға ниет білдіріп отырған жоқ.

Қазақстан мен Қырғызстан тәліптермен қарым-қатынасында барынша сақ болуға тырысты.

Тағы бір қызығы, Қазақстан сыртқы істер министрлігінің қазақ елшісінің Муттақимен кездесуі туралы мәлімдемесінде "Талибан" сөзі мүлде қолданылмаған.

Енді Қазақстан және Қырғызстан үкіметі мен тәліптердің арасында тікелей байланыс орнады. Қос мемлекет сауда байланыстарын сақтап, гуманитарлық көмек жіберу арқылы Ауғанстандағы кикілжіңнің әсерінен қорғана аламыз деп үміттенетін сияқты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мазасыз көрші. Орталық Азия елдері Ауғанстандағы тәліптер билігін мойындай ма?