"ТАЛАП АЙТҚАН СОҢ ҚЫСЫМ КӨРДІМ"
Қызылорда қаласының тұрғыны Меруерт Әйтімова өткен айда биліктен жәрдемақыны көбейтуді, баспана мәселесін шешуді және көп балалы отбасыларға жеңілдіктер беруді талап еткен аналар наразылығына қатысқан. Өз айтуынша, қала және облыс әкімдерімен кездесуде алғашқылардың бірі болып сөйлеген ол әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындардың ауыр тұрмысын айтып, мәселені басшыларға жеткізуге тырысқан.
Көп ұзамай оған телефон шалған белгісіз біреулер "тынышталуға" және мәселесін шенеуніктерге жеке тәртіп бойынша жолығып шешуге кеңес берген.
Меруерт Әйтімова ақпанның 27-сі күні Қызылорда қаласы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қабылдауынан шығып, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қабылдауына барған кезде оны азаматтық киімдегі бірнеше адам көлікке салып әкеткенін айтады. Меруерттің сөзінше, полиция бөлімшесінде оған қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың алдында сөйлеген сөзінің видеосын және екі баласының суретін көрсеткен. Одан WhatsApp мессенджеріндегі аналар чатын жабуды талап еткен.
- "Біз саған ескерттік. Неге тыныш жүрмейсің? Егер аналық құқығыңнан айырылып, қамалғың келмесе чатты жауып, тыныш қана өмір сүр" деді полицияда маған Аягөз есімді әйел. Мен ешкімді көтеріліске шақырмағанымды, тек көп балалы және жалғызілікті аналардың талап-тілектерін жеткізгенімді айттым, - дейді Меруерт.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Аймақтағы аналар да билікке талаппен келдіОл WhatsApp мессенджерінде "Қызылорда аналары" чатын ашқанын жасырмайды. Онда аналар проблемаларымен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салған. Чатта заңға қарсы ешқандай іс-әрекет болған жоқ деп сендіреді Меруерт Әйтімова.
Ол полициядағы "әңгіме" кезінде полиция киіміндегі әйел оны екі рет бетінен ұрғанын, ол екінші рет қол жұмсаған кезде үстелдің шетіне құлап, аяғы ауыр екенін айтып ауырсына айғайлап жібергенін айтып берді. Бұдан соң оған су әкеліп беріп, тыныштандыруға тырысқан билік өкілдері Әйтімовамен ұзақ сөйлесіп, "ши шығармай" тыныш жүргені өзіне жақсы болатынын түсіндірген.
Меруерт Әйтімова өзін полицияда бес сағаттан артық ұстағанын, телефоны мен сырт киімін алып қалып, суық бөлмеде отырғызғанын айтады.
Бір сағаттан кейін келемін деп екі баласын тастап кеткен келіншектің ұзақ уақыт жоғалғанына алаңдаған көршісі Меруерттің жақындарына телефон шалып, хабарлаған. Полицияда отырған Меруертті бұрынғы күйеуі мен туыстары түнге қарай алып шыққан.
"МҰНДАЙ ФАКТІ ЖОҚ"
Меруерт Әйтімова ақпанның 27-інде басынан қандай жағдай өткені туралы бірнеше күн бойы ешкімге айтпаған. Ол содан бері өзіне бірнеше рет телефон соққан белгісіз біреулер мессенджердегі чатты жауып, белсенділігін доғаруға шақырғанын және "үкіметпен ойнамауды" ескерткенін айтады.
Наурыздың 4-і күні Меруерт Әйтімова Алматы қаласындағы белсенді Құрал Медеуовке хабарласып, болған жайтты баяндаған. Медеуов қызылордалық тұрғыннан естігенін сол күні Facebook әлеуметтік желісіндегі парағында жариялаған.
Көп балалы аналардың билікке талабы (ақпан, 2019 жыл):
Your browser doesn’t support HTML5
Билік өкілдері белсендінің постына жауап қатты. Наурыздың 5-і күні Қызылорда қаласында БАҚ өкілдері үшін ұйымдастырылған жиында Құрал Медеуовтің әлеуметтік желідегі жазбасын сөзбе-сөз қайталап оқыған Қызылорда облыстық полиция департаментінің бастығы Қайрат Мұхитов белсенді таратқан ақпарат шындыққа сай емес деп мәлімдеді.
- Біз тексердік. Мұндай дерек еш жерде орын алмаған. Не облыс әкімдігінде, не басқа жерде мұндай факті жоқ, - деді Мұхитов аймақтық коммуникация қызметіндегі жиында.
Полиция департаменті бастығы Қазақстан заңында "көпе-көрнеу жалған ақпарат таратқаны" үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылғанын ескертті.
Азаттық тілшісі сөйлескен алматылық белсенді Құрал Медеуов Қызылорда тұрғынынан телефон арқылы естігенін жұртқа жеткізуді жөн санағанын айтады.
- Қылмыстық іс қозғайды деп шындықты жасырып қала алмаймыз ғой. Кеше түнде ол келіншек маған хабарласып, өзін полиция бөліміне қамағанын, телефонды есік алдында алып қалып, пальтосына дейін шешіп, желең көйлекпенен бірнеше сағат салқын жерде ұстағанын айтып берді. Ол жайында бүкіл жазбаны телефоныма жазып алдым. Сондықтан енді мұны елдің назарына ұсынуды жөн көрдім. Мұның несі қылмыс? – дейді Құрал Медеуов.
Қызылорда облысы әкімдігі Құрал Медеуовтің Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасына байланысты тексеру жүріп жатқанын, оның нәтижесі кейінірек хабарланатынын айтты.
Наурыздың 5-і күні Қызылорда қаласында өткен брифингіде облыс әкімінің орынбасары Серік Шотаев әкімдік есігі әркімге, солардың арасында баспана, жәрдемақы мәселелері жайлы өтінішпен келушілерге де әрдайым ашық екенін айтты. Әкімдікке түскен арыз-өтініштер қаралып, өкілетті органдарға жолданатын болады деп мәлімдеді шенеунік.